Абайды оқырманнан адастырмайық
21.12.2023
227
1

«Егемен Қазақстан» газеті 4 желтоқсанда «Жан және «Еуропаның жағалауы» атты бір бетті толтырған мақаласын Тұрсын Жұртбай былайша қорытындылайды: «Ендігі жерде абайтану ілімінің жаңа арнасы Фридрих Бенкеден өріс алатыны анық», – депсің. Бұл – миллиондаған қазақ оқырмандарын Абай жолынан адастыру.
Тұрсын мырза, сонда Абайтану ілімінің жаңа арнасы Бенкеге тәуелді болғаны ма? Бұл – масқара тұжырым. Қолында Құраны бар мұсылман, ойшыл Абайды христиан Бенкеге тәуелді ету сау ақылға сия ма?!
Эдуард Бенкені былай қойғанда, Шәкәрім қажы «Үш анық» деген еңбегінде батыста адасу Пифагордан басталған деген тұжырымға келген.
Эдуард Бенке заманы – Еуропаның адасу заманы. Қараңыз, Освальд Шпенглердің «Еуропаның құлдырауы» (Закат Европы) деген еңбегімен танысып па едің?
Хакім Абай өзінің ізденіс арнасын тапқанын білмеуші ме едің?
Он үш жасар Абай:
Физули, Шәмси, Сәйхали,
Науаи, Сағди, Фирдауси,
Қожа Хафиз – бу һәммәси
Мәдәт бер я шағири фәрияд –
демеп пе еді?
Бүгінгі күнде Абай ілімінің жаңа арнасы Еуропада, христиан әлемінде деу нендей түсінікке, ұғымға жатады?
Ендігі абайтану ілімінің жаңа арнасы Эдуард Бенкеден басталады деп, сен Абайды білместігіңді немесе білгің келмегендігіңді жария етіп отырсың.
Христиан ілімінің насихатшысы Эдуард Бенке кім? Мұсылман әлемінің ғұламасы Абай кім?
«Егемен Қазақстан» басылым бетінде осындай білместік сөздің жарияланғаны ұят болған екен.

P.S. Жан – Жаратушының құпиясы, әрі қазынасы. Жанды беруші де, алушы да Алла Тағала. Еуропада жан туралы ешқашанда дұрыс бағытта тұжырым болған емес. Болмайды да. Себебі, Еуропа – христиан әлемі. «Үш анықта» Жан туралы Шәкәрім нақты айтқан. Оқып ал!
Тұрсын мырза, сен философияның нендей білім саласы екенінен хабарсыз екенсің. Айтайын, философия – Еуропада қалыптасқан материалистік, атеистік білім саласы.
Абай философияны білген, бірақ мойындамаған. Абай – ойшыл, дін жолындағы мұсылман.

Ғарифолла ЕСІМ,
абайтанушы, фәлсапашы, академик

ПІКІРЛЕР1
Аноним 22.12.2023 | 20:47

Христиан да, ислам да — Ибрагим діні. Бүкіл Европаны адасты деудің өзі адасқандық. Қонақ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір