Жоқ іздесең, Жапонға бар
13.12.2024
208
0

Іссапармен немесе саяхаттап барсам да, «атың барда жер таны, желіп жүріп, асың барда ел таны, беріп жүріп» дегендей, мүмкіндік болып жатса, дамыған елдердің әдет-ғұрып, салт-дәстүрімен танысуды, олардың жақсы жағы болса, ұрпаққа үлгі етуді әдетке айналдырғанмын.

 Бұл жолғы жазбам Жапония жайлы болмақ. Бұйырған біраз елді-жерді көрдім, солардың ішінде, тілін, ділін, әдет-ғұрып, салт-дәстүрін, мәдениетін өте қатаң сақтаған халықтың бірі – жапондар деп санаймын.
Мен өзімді ешқашан халықтан жоғары қойып, асып-тастым деген кезім болған жоқ, әкеміз жиі қолданатын «мал біткен сайын жұмсақ бол, сүтке илеген терідей» деген мәтеліндей, қолымнан келгенше қазақтың әдет-ғұрып, салт-дәстүрін сақтауға, қарапайым болуға, бала-шағамды да солай тәрбиелеуге тырысамын. Ал Жапонияға келген сайын жапон халқының ұлттық ерекшелігін, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрінің беріктігін көрген сайын, үлгі алатын қасиеттерін санама түйіп кетемін.
Бұл жолғы сапарымда Жапония қалаларын, жалпы мәдениетін, әдет-ғұрпын, тілге деген көзқарасын көруге көп көңіл бөлдім.
Менің пайымдауымша, біз соңғы кезде аздап даңғазалыққа бой алдырып, ана тілімізге деген құрметімізді азайтып алғандай көрінеміз.
Бұларда керісінше сияқты.
Жапон халқының қазіргі жалпы саны – 126 миллион. Халықтың 99.4 пайызы – жапондар. Тек Токио қаласының өзінде 14 млн халық тұрады, қала маңындағы аймақтан Токиоға қатынап жұмыс істейтіндерді қосып есептегенде, 38 миллионға дейін жетеді екен.
Діні – буддизм, синтоизм.
Барлық жерде тек қана жапон тілінде сөйлейді. Тіпті туристер көп жүретін мейрамханаларда, қонақүйлерде жапон тілін ғана естисіз. Жапонияға саяхаттау­ды жоспарласаңыз, кемінде ең керекті 10–15 сөзді білген жөн, әйтпесе қиындау болады немесе сол жерде үйренуге мәжбүр боласыз.
Мысалы, Конничива – Сәлеметсіз бе!
Сайонара до – Сау болыңыз! Оригото – рақмет!
Оча – шай, пан то бата – нан мен май, чекку – счёт, кітап – хон т.с.с.
Тым болмағанда, өзіңізге керек осы сияқты негізгі сөздерді жаттап барғаныңыз абзал.
Егер сіз жапон тілінде бір сөз білсеңіз, тіпті оны дұрыс айта алмай тырысып тұрсаңыз, соның өзіне олар сізге құрметпен қарайды және басқа ешқандай тіл сізге көмекке келе алмайды.
Жапондар өте үнемшіл, қанағатшыл халық екен. Оған бір мысал: тойға келетін адамдарға алдын ала шақыру жіберіледі.
Шақырылған адам шақыру билетінде көрсетілгендей не баратынын, не бармайтынын жазып, той иесіне кері қайтаруы керек. Келе алмауының себебін жазу міндетті емес, бірақ келетінін не келмейтінін нақты жазуы тиіс.
Оларда үйлену тойын екі жақ бірігіп өткізеді екен, бір отбасында 4–5 адам болса, екі жақ бірігіп 8–10 адаммен де тойды өткізе береді.
Орта есеппен бір тойға 20–30 адам жиналады. Көп жиналғанда 50–70 адам келеді. Тойға ең жақын адамдар ғана шақырылады және қонақтар ұлттық киіммен келуі керек.
Көп араласпаса да, танымал адамды тойға шақыру, кредитке той жасау, орынсыз шашылу мүлде жоқ. Тойда асаба болмайды, әнші-күйшілер шақырылмайды. Тек бір жауапты немесе ұйымдастырушы адам болады.
Той екі сағатқа созылады. Той кезінде жастар туралы слайд, бейнетаспалар көрсетілуі мүмкін. Той аяқталған соң, қалған уақытты жастар өздері өткізеді. Көп жағдайда той шығынын жастардың өзі көтеруі тиіс. Ол үшін еңбек етіп, қаржысын үнемдеп, алдын ала өзінің тойына қаражат жинауы керек.
Кредитті көп жағдайда жастарды жоғары орында оқыту үшін алуы мүмкін, оның өзінде белгілі бір компания гарант болу қажет. Кейін ол студент сол жерге қызметке тұрады. Ал бұл елде той үшін кредит алу, аста-төк ысырапшылдық мүлде жоқ. Керісінше, адам қайтқанда соңғы сапарына шығарып салуға халық көп жиналады екен.
Арасында менен де: «Сіздер тойға қанша адам шақырасыздар?» – деп сұрады, мен ұялғанымнан: «бізде де сол 70–80 адам, кейде 90–100-ге дейін барамыз», – дедім…
Білім саласына келетін болсақ, мен бұл жолы арнайы жапон мектебіне барып, мектептің тыныс-тіршілігімен танысып қайттым. Олардың мектебіне кіру біздегі министрге кірумен бірдей, тіпті одан да қиын екен. Бала мектепке 6 жастан барады, 12 жылдық бағдарлама. 1–6 жыл – бастауыш, 7–9 жыл – орта, 9–12 жыл – жоғарғы сыныптар. Мектепке телефонмен баруға қатаң тыйым салынған. Мектеп формасын киген сәттен бастап, телефонды ұмытуың керек. Бастауыш сыныптың оқушылары арнайы телефондар ұстауына болады, онда екі ғана контакт бар: әкесі, анасы, үшіншісі – SOS-көмек сұрау. Мектепте барлық сыныпта форма киюді міндеттейді.
Мектеп формасымен дүкен аралап, кинотеатр, мейрамханаларда жүруге болмайды. Оқу жылы сәуір айынан басталады, үш тоқсан, аптасына бес күн оқиды, сенбі күні қосымша сабаққа баруға болады. Жаздық каникул – 40 күн.
Шет тілін 7-сыныптан ғана бастайды, көпшілігі ағылшын тілін таңдайды. Жапония орналасқан құрлықтың жан-жағын мұхит қоршап жатқандықтан болар, мектеп бағдарламасында жүзу пәні бар екен.
Оқушы ортаға бейімделу үшін 12 жылда 12 сынып ауыстыруы мүмкін. Сонымен қатар ұстаздар да 4–5 жылда сабақ беретін мектебін ауыстырып отыруы керек.
Мектеп мұғалімінің жалақысы 2000–3500$, мұның үстіне жылына екі рет бонус алады (екі жалақы көлемінде).
Жоғары оқу орны профессорларының жалақысы – 6000–7000$. Ең жоғарғы жалақы алатындар денсаулық саласының профессорлары – 8000–10000$.
Жапондар – өте қанағатшыл, еңбекқор, тәртіпті халық. Қоғамдық орындарда қатты сөйлемейді, зәулім сарайларға, қымбат дүниелерге қызықпайды, бар болса да, оны көрсетіп мақтанбайды. Затыңызды жоғалтып алсаңыз, табылатынына 90 пайыз сенуіңізге болады. Қала көшелері, жолдары өте таза, жолдың ортасы дөңес, шеттерінде су ағатын арықтар өте жүйелі, ұқыпты жасалған, саңылаулары бар бордюрлер орнатылған, қандай қатты нөсер жауса да, көшені су алмайды… Пойыздары өте жайлы әрі жүрдек, сағатына 280 шақырым жылдамдықпен жүре алады. Жолсеріктері вагонға кіріп-шыққан сайын жас келін сияқты иіліп, ізет көрсетіп тұрады.
Біз Токио мен Киото қалаларының арасындағы 449 шақырымды пойызбен 2 сағат, 10 минутта жүріп өттік.
Бұдан басқа да маған ұнаған Жапония ерекшеліктері жетерлік, санама түйіп, риза болдым.
Пойыздары өте ыңғайлы, тегін уай-фай. Компьютеріңді алып, жұмысыңды жалғастыра беруіңе болады. Әр вагон перронда көрсетілген нөмірінің тура қасына, дәл уақытында келіп тоқтайды, вагоныңды іздеп, соңынан қуудың қажеті жоқ.
Бұл жазбамды әркім өзіне қажетін алар деген оймен жазып отырмын. Абай атам айтпақшы, «… кімде-кім ішінен керекті сөз тапса, жазып алсын, иә оқысын, керегі жоқ десе, өз сөзім өзімдікі…»

P.S. Жапонияға барсаңыз, төмендегі салттарды ескергеніңіз артық болмайды: тамақ ішіп отырып, «өте дәмді» деп бірнеше рет қайталап айтқаныңыз дұрыс. Шайпұл беруге болмайды. Шайпұл қалдыру олардың қызметіне көңіліңіз толмайтынын білдіреді немесе қорлау ретінде қабылданады. Жапондар төрт санын ұнатпайды. Оны сәтсіздіктің белгісі деп санайды.
Олар күніне 14–15 сағаттан жұмыс істейтіндіктен, қоғамдық көлікте ұйықтап отырса, таңғалмаңыз.
Жапонияда тура уақытында бару кешігумен бірдей, дұрысы, жарты сағат ерте барған жөн.
Жауын жауып тұрғанда кез келген мекемеден қолшатыр алып, келесі мекемедегі арнайы сауытта қалдырып кетуге болады.
Жапондар қонаққа шақырғанды аса қаламайды.
Болмайтын дүниені «жоқ» деп кесіп айтпайды, «ыңғайы келмей тұр», «қиындау болып тұр» деп жеткізеді.
Көшелерде қоқыс салатын жәшіктер жоқ. Себебі көшеге қоқыс тастамайды. Қоқысты өзімен үйіне әкеліп, сорттап лақтырады. Қаланың әрбір ауданында және әр қалада, тұрғын мекендерінде қоқыс өңдейтін зауыттар бар, оған көп мөлшерде қаржы бөлінеді. Олар үшін тұрған жерін, табиғатты таза ұстау – басты қағида.
Мен бұл сапарда көптеген әріптестер, достар таптым, соның бірі – мектеп мұғалімі Есидзука. Екеуіміз бір сағаттай пікір алмастық, жоғарыдағы ақпаратты, негізінен, сол азаматтан алдым. Оған үлкен алғысымды білдіремін. Ол да маған көптеген сұрақ қойды, мен де оған сұрақ қойдым, өте мазмұнды сұхбаттасу болды. Сөз соңында мен одан: «Сіздің басты ұстанымыңыз не?» – деп сұрадым. «Менің басты ұстанымым, жалпы жапон халқының басты ұстанымы десем болады, ол – ешкімге қиянат жасамау», – деді.
Олай болса, біздің де ата-бабамыз айтқандай, обал-сауапты түсініп, ешкімге қиянат жасамай, өмір сүргенге не жетсін!

Рақымғали
Құл-Мұхаммед,
баспагер, философия ғылымының кандидаты,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Алматы–Сеул–Токио–Киото 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір