Тағылым иесі
Асыл азбайды, алтын тозбайды. Жайсаңның да жадтан өшіп, ұмытылмағы мүмкін емес. Әлімғали Капуов, әне, сондай аяулы досымыз, сырласымыз еді. Ертең жүзі болғалы жатқан марқұм қолыма қалам ұстатып, ойымды сан-саққа жүгіртті. Жатқан жерің жайлы, топырағың торқа болғыр абзал дос тірісінде тыным алмай, туыс-бауыр, ағайын деп шапқылаушы еді. Сол мейірімді, көпшіл, ел десе елпілдеп тұратын марқұм туралы бірер ауыз айтқым келеді.
Қазақстан тәуелсіз ел болып, қалт-құлт етіп кібіртіктеп, күн көрісіміз талонға таңылған кезде Әлімғали марқұм: «Ішіп-жеміміз тапшы болса да той-жиынымызды тастамауға тырысайық. Соңымыздан ерген ұрпақ осалдығымызды көрмесін», – деп достарын жігерлендіріп отыратын. Әлекең қылышынан қан тамған Совет үкіметінің тұсында алшаңдап жүрген әр ұлт өкілдерін мысал қып: «Жігіттер! Неге біз төмен қарап жүруіміз керек. Жоқты бар, барды нар ететін өзіміз емес пе! Өз жерімізде өзіміз өгей болмай, жердің иесі, елдің иесі екенімізді көрсетіп, бірлікте жұмыс қылайық. Елдің еңсесі түспесін» деген сөзіне талай куә болдық. Жоқ жерден басқосу жасап, жиын-талқы өткізіп тұрдық. Елге келген адамды күтіп алдық, шығарып салдық. Тіпті бүгін бағаланбайтын затты әжетке жараттық. «Әлекең туралы айтатындай кім болды бұл?» демес жұрт. Мен өнер адамымын. Ол кісі мені екі кісі бас қосқан жерге бірге баруға өтініш қып, ертіп алатын. Сол үшін де туғандай, бір атаның баласындай боп кеттік. Бір-бірімізді бағаладық, қадірледік.
Әлекеңнің жан жары Шекерханды ерекше атап өткім келеді. Әлекеңнің асын дайындап, бала-шағасына бас-көз болған, мейірімді, жомарт абзал ана. Әулеттің шаңырағындағы әрбір қуанышқа куәміз, бірге, ортасында болдық. Әлекеңнің бар ағайын-туысы, Маңғыстаудан жырақ тұратын достары, құда-жекжаттары болса да бәрімен таныс-біліс болдық. Кейде ол кісілер басқа өңірге қыдырып бара қалса, сол жердің тарихы, салт-дәстүрі, кейбір сирек айтылатын сөздерін бізге айтқанша асығатын. Ауызға ілінер сөздің шырыны болса соны айтып жеткізгенше асығатын. Осындай тумаса да туғандай болып кеткен кісі өмірден өтті дегенде өзекті өрт шалды, көкіректі мұң басты.
Мен Әлекеңнің қызметі, жетістігі, алған атақ-марапаты жайлы емес, қарапайым болмысын айтқым келді. Әйтпесе ол кісі елдің құрметті азаматы да болды, президенттің қолы қойылған «Құрмет» орденін де алды. Басқа да алған атақ, көрген сыйы жетерлік. Әлекең парасатты, ар-ұятын бәрінен биік қойған, елге шамасынша қызмет ете білген тұғыры биік тұлға болды. Адам деген аттың үлкен әріппен жазылар иесі болды. Айта берсем сөз жетпес, рухы пейіште шалқығай. Досым өз дәуіріне үлгі болар азамат, бір рет берілер ғұмырды осылай сүріп шығу да көп адамның қолынан келе бермейді. Жан жары Шекерхан, бала-шағаларына көңіл айтып, жұбатқаннан басқа, қолдан келері бар ма?..
Серікбай Бердияров