Тағзым мен тағылым тоғысқан тағдырлы жоба

Алматы – ел руханиятының алтын бесігі. Бұл киелі шаһардың қойнауында халқымыздың тарихына өшпес із қалдырған ұлы тұлғалар мәңгілік тыныс тапқан. Олардың әрқайсысы – бір-бір шежіре, ұлтымыздың ар-намысы мен санасының шамшырағы.
Сол асыл есімдерді жаңғыртып, өшпес рухтарына тағзым ету мақсатында жүзеге асқан «Алматының тарихи жады» жобасы – өте өзекті, мазмұны терең, форматы заманауи бірегей бастама деп білемін.

Жоба аясында біздің Мұхтар Әуезов, Дина Нұрпейісова, Қаныш Сәтпаев, Ахмет Жұбанов сияқты ұлыларымыз мәңгілік ұйқыда жатқан Райымбек көшесінің бойындағы Орталық қорымда, Кеңсай-1 және Кеңсай-2 зираттарындағы 400-ге жуық көрнекті тұлғалардың мәліметтері үш тілде әзірленіп, 2GIS жүйесіне енгізіліпті. Әр бейітке арнайы QR код орнатылып, зиярат етушілерге аудио-бейнематериалдар арқылы толыққанды ақпарат алу мүмкіндігі жасалғаны – шынында жан жадырататын шарапатты іс. Енді Алматыдағы қандай ұлыларымыздың, қандай туған-туыстарымыздың зиратын іздесек те қиналмай табатын мүмкіндікке ие болдық деп қуана айтамыз. Сонымен қатар бұл жобаға тарихи ғимараттар мен ескерткіштер де енген.
Мұндай жанашырлықпен жасалған еңбек – тарих алдындағы жауапкершілік, ұрпақ алдындағы аманат. Ұлт тағдырын өз тағдырынан биік қойған тұлғалардың рухын дәріптеу – біздің мәңгілік парызымыз.
Рухты тірілткен тағылымды жобаның бастамашысы болған Алматы қаласының Мәдениет басқармасының басшысы Ғани Айдарұлы Майлыбаев бастаған ұжымға ерекше алғысымды білдіремін. Қасиетті мұраға жанашырлықпен қарап, ұлттық жадымызды заманауи тәсілдермен жаңғыртуға мүмкіндік жасаған бұл қадам – шын мәнінде, үлкен мәдени жауапкершіліктің айғағы.
Бұл – жай жоба ғана емес, жүрекпен жасалған рухани ескерткіш. Игілікке бастар істеріңіз еселеніп, ел мен ерді ұлықтаудың осындай үлгісі көбейе бергей.
Мереке Құлкенов,
Қазақстан Жазушылар одағы
Басқармасының төрағасы