АБАЙ ТҰРҒАН ҮЙДІҢ ОРНЫ ҚАЛАЙ ТАБЫЛДЫ?
01.09.2023
1452
0

Қазіргі таңда Абайдың қыстауы «Құнанбайдың Ақшоқысы» делінеді. Бұл қате, қажының тұрағы – Бөрілі болған! Таяуда, Абай күні тақағанда Семей қалалық ТВК-6 телекомпания­сының президенті Омарбек Байуақов мырзаға: «Осы қателікті түзесек, ол үшін Ақшоқыдағы Абай үйінің орнын түсіріп қайтсақ қайтеді», – деп өтіндім. Омекең: «О, бұл маңызды мәселе, бірақ дәлелің қайсы?» – деді. Мен: «Сол қыстауда тұрған қария баласына «мынау Абай тұрған үйдің орны, саған аманат!» деп көрсеткен ескі жұрт­ты білемін», – дедім. «А, онда болды, біт­ті, барайық!» – деп келісті. Ақшоқыға ат­танғандағы мақсат – оның егесі Абай мен Ділдә, солардың меншікті қыстауы деген көзқарасты бекіту еді. Мән-жайды рет-ретімен баяндайық.


1860 жылдың жазы, Құнанбай жаңа үйленген Абай мен Ділдәні «сол жер сендерге бөлген еншім» деп Ақшоқыға ат­тандырған болатын. Сонан беріде қарсақ жортпас құладүзде елді мекен пайда болған. Сол мекенде Абайдың отыз үш жыл (1860-1893 жылдар аралығы) қыстағаны ақиқат.
Қыстауында жігіт Абай күз, қыс айларын қалай өткізген?
Абай өлеңдер, аударма, ән шығаруға кіріскен сәт­терді көркем тілмен баяндай келе, Мұхтар Әуезов былай дейді: «Осымен қатар, Абай өзі тілемесе де, ауыр көріп, бойын алып қашамын десе де, еркіне қоймай, бұған масыл болып, асыла жүретін тағы бір міндет, бейнет бар. Ол – ел ішінің дау-шары». Ел жұмысына көп араласқанының ресми дәлелі – 1890 жылдың қыркүйек айында генерал-губернатор барон Таубе аңшылық мылтықты сыйға тарт­ты.
Абайдың өзі туралы айтқандары: «…Көрінгенге қызықтым» («Ойға түстім, толғандым» өлеңінде), «Жасымда албырт өстім, ойдан жырақ, Айлаға, ашуға да жақтым шырақ» («Өлсем орным қара жер сыз болмай ма?»), «Қадірлі басым, Қайрат­ты жасым, Айғаймен өт­ті, амал жоқ» («Сегіз аяқ»). Осының бәрі – қайран жастық шағы, болыстық қызметі, яғни Ақшоқыда өткен өмірі жайлы. Сонымен бірге ғылым сарасын тапқан, ақындық жолға ден қойған, онан соң қара сөз мұрасын жазуды қолға алған, ағартушылықтан хакім биігіне қарай сатылаған кезең-кезеңдері де осы қыстауда өткені хақ.
Сөз болып отырған отыз үш жылда дүниеге келген өлеңдерінің саны – 103. Оған үш поэмасы («Әзімнің әңгімесі», «Масғұт» және «Вадим») мен аудармаларын қосыңыз. Сөйтіп, 1884-1890 жж. көлеміндегі «Абай – жаңа жазба әдебиет­тің атасы» дегізген классикалық өлеңдердің басым көпшілігі Ақшоқыда туылды. Демек, Ақшоқы – поэзия бесігі!
Поэзия бесігі дейтінім, жайлау төсінде қолы жетпеген тыныштықты Абай осы Ақшоқыдан табатын. Әйгілі «Абай жолы» эпопеясының «Биікте» тарауында Мұхаң Ақшоқы тыныштығын былайша сурет­тейді. «Ішінде ой шырағы жанғандай болып, салмақпен қараған көздері қарсыдағы терезеге қадалады. Күн түсіп тұрған қарлы адырға ұзақ-ұзақ қарай түседі. Өзінше бір мығым күшпен, ұғымсыз бір мұңмен жұмырлана бүгілген төбе-төбелер. …Өзімен өзі боп толғана ойланған уақыт­тарында көз алдына көптен-көп оралатын осы адырлар». Көріп отырмыз, Мұхаң қаламы Абайдың жан дүниесін билеген сезім мен шабыт­ты Ақшоқы табиғатынан ажыратпай, бір бүтін қылып сурет­теген. Тұрағұлдың: «Әкем көбінесе өлеңді қыстыгүні жазушы еді», – дейтіні сол.
Семейден Ақшоқыға жеткенше осы жәйт­тер әңгімеленіп, жолымыз қысқарған еді. Тыңдаушының бірі, әріптес інім Ерзат Ерболұлы: «Ағасы, Ақшоқы неліктен Құнанбай ауылы атанды? Қажының музейі Ақшоқыда бой көтеруі соның айғағы емес пе?» – деген сұрақты қойған болатын. Мен: «Оған себепкер Құнанбай қажының Ақшоқыға жерленуі, сонан қорымы осы арада. Демек, қоныс та онікі деген пікір қалыптасты», – дедім. Мысалға белгілі ғалым Тұрсын Жұртбай «Ералы жазығы» деген мақаласында былай дейді. «Батысындағы Ақшоқының етегін Құнанбай қоныстанған. Сол қыстаудың шетіндегі үлкен зиратқа Құнанбай мен оның ұрпақтары жерленген» («Мұхтар Әуезов» энциклопедиясы. – Алматы, 2011, 254-бет). Осы пайымды «Құнанбай қорымы» ат­ты мақаласында профессор Арап Еспенбетов те айтқан. Сол сияқты Абай ауданының екінші хатшысы болған, белгілі шешен Бәт­тәш Сыдықов ағамыз Абайдың 125 жылдық мерейтойында (1971 ж.) Дінмұхамед Қонаев бастаған делегация алдында сөйлеген сөзінде «Құнанбайдың Ақшоқысы» деп атап айт­ты. Демек, қателік Құнанбай зиратына қатысты екендігі анықталып отыр.
Ендігі сөзіміз «Қажы Ақшоқыға неліктен жерленген екен?» деген мәселе төңірегінде өрбіді. Оның мәнісі мынау: «Тобықтыны ел қылған» (Абай) Құнанбай өле-өлгенше «Жер өспейді, ел өседі» деген қағиданы ұстанған. Оған Бөріліге отыз жыл (Нұрғаным Бердіқожақызына үйленген 1855 жылдан қайтыс болған 1885 жылға дейінгі аралықта) тұрақтап, сол өңірді ұрпағына еншілегені айғақ. Атап айтқанда, Тышқан бұлағы (Тышқан деген уақ байының есімі, әуелде бұлақ сонікі болған), Тізесу, Аралтөбе деген жерлер. Құнекең қазасына тура бір жыл өткенде, Абай дайын қонысты алғысы келген Әйгерімнің көңіліне қарамастан Шыңғыстау ішіндегі Әуез қожа ауылын Бөріліге көшіріп әкеледі (Әуездің немересі өзін әлемге танымал етерін Құдай сездірген сияқты). Өткір тілді қарт ақын Байкөкше Абайды меңзеп: «Құнан кет­ті – алдынан жарылқасын, артында алтын қалды ат басындай», – дегенді осы Бөріліде, жаназа кезінде айтқан. Мәйіт­ті Жидебайға апарып, шешесі Зеренің қасына жерлемекші болған. Бірақ жеткізе алмаған. Неге десеңіз, Ақшоқыға жеткенде мәйіт бұзыла бастаған. Бөрілі мен Ақшоқы арасы 60 шақырым. Жидебайға әлі де 70 шақырым, арбалы көшпен аптап ыстықта жеткізіп көр. Міне, қажының Ақшоқыда жерлену тарихы, онда алғашқы бейіт­тің пайда болу жайы осы (қажының 1885 жылы тамыз айының басында дүниеден озғаны Абайдың досы Долгополовқа қатысты ресми рапорт­тан нақты белгілі).
Жол бойына осы әңгімелер шертілді. Сонымен, Құнанбай қорымы (пантеон) маңына жетіп, аруақтарға Құран бағыштадық. Бір тәуірі, қорым маңайы да, қажының музейі де жарқырап тұр екен. Бірақ барша туристер легі осы арадан ат басын кері бұрады екен. Неге? Өйткені, бұл аумақ – Абай ауылы дегенді меңзейтін көрсеткіш жоқ. Ол ол ма, Абай үйіне қарай бастайтын жол түгілі соқпақ та жоқ. Ондаған мың туристер зират маңынан кері қайтатыны анық.
Сенсеңіз, Абай тұрған үйдің орны мен ақынның шығармашылық зертханасы болған дөң (төбе) қол созым-ақ жерде, жарты шақырым да болмайды. Біздер сол төбеге көтерілгенде «ӨЛЕҢ-ТӨБЕ» деген жазуы бар конструкция құлап жатыр екен (мал сүйкеніп құлатқан). Орнына қайта тұрғыздық.
Алдымен «Абай тұрған үйдің орны қалай табылды?» дегенді жеткізейік халыққа. Осыдан он жылдай бұрын Астанада жүрген кезімде «Абай тұрған үйдің орнын білетін кісі бар» дегеннің шет-жағасын естіп қалғам. «Абай үйі­нің орны» деген сөз есімнен кеткен емес, оның елеусіз жатқаны несі деп таңғалумен болдым. Сонан, қойшы, іздеген кісім Ақшоқыдағы шаруашылық қожалығының иесі болып шықты (есімін ұмыт­тым). Ол бірден-ақ Абай тұрған үйдің жұртына алып барды. «Бұл киелі орын, ұмыт қалмасын!» деп қария атам маған аманат­таған еді. «Мынау үйдің сыртында тастан қаланған ықтырма-қорған болған, оның да тастары көп еді, колхоз, совхоздың шаруашылық мұқтажына тасылып бітуге айналды», – деді фермер жігіт.
Енді жаңағы ескерткіш темірге оралайын. Бөрілі қыстауының екі егесі болған: әуелгісі – Құнанбай, екіншісі – Әуез қожа. Демек, бұл қыстауда екі мұражай қатар тұрса еш сөкет­тігі жоқ. Осы пайымды Абайдың 175 жылдық тойы қарсаңында айтып-ақ жүрдім. Бірақ ешкім құлақ аспады. Биліктің назарын қалай аудару керек? Сол үшін өз қаражатыма алдарыңыздағы арнау конструкцияны жасатып, Өлең төбе басына орнатуыма тура келген еді. Оның алдыңғы бетіне екі тас тақта бекітілген еді. Біріншісіне «Бұл – Абайдың классикалық өлеңдері дүниеге келген киелі дөң» деген, екіншісіне «Ақшоқыда туған өлең, өлең мен ән, сан-салалы жырлар көшіріліп, жат­талып, әуендеп толқып тарап жат­ты» (Әуезов) деген сөздер қашалған еді.
Көріп отырсыздар, менің тал­пы­нысым нәтижесіз болды. Өлең-төбеде тұрып әріптестермен арада болған әңгіменің ұзын-ырғасы, міне, осы.
Киелі дөң үстінен айналаға қарағанда, Абай тұрған үлкен үйдің орны, су ішкен құдығы, бір жағы – жұмырлана бүгілген төбе-төбелер, екінші жағы – көсілген дала көз сүйсінтеді. Сонымен қатар ескі жұрт­тың біз қараусыз қалдық, миллиардтаған қаржының бұл жаққа жұқанасы да жетпеді деп мұңайған хәлін де сезінгендей боласыз.
Абайды адамзат­тың Абайы дегізген философиялық өлеңдері мен хакімдік қарасөздері туған мекен – Жидебай! Сондықтан Ақшоқының мәртебесін көтергеннен оның дәрежесі төмендеп қалмасы анық. Ақшоқы қазіргідей тек қорым, зиярат орны болып қалмаса дегендік біздікі. Ұлы ақын отыз үш қысты қыстаған өзге мекенің кәне? Қай жағынан да Ақшоқы – жер шоқтығы емес пе?!
Жә, Ақшоқы мәртебесін не үшін көтеру керек? Дөң үсті әсері керемет, Арқаның самалы кеудені кереді. Міне, «Біз Абайды көргенбіз» дегендей төңкеріліп қойтастар да жатыр. Соның бірінде шапанын желбегей жамылып отырған Абайды көзге елестету қиынға соқпайды.
Әрбір абайсүйер туриске керегі де осы сәт­ті сезіну емес пе? «Абай жолы» эпопеясында Мұхаң: «Ауылда жүргенде қысы-жазы дөң басында өтетін кеш, қазір тағы да бір өзгеше боп серпілтіп, өз қуатын айрықша білдіріп, Абайға қат­ты әсер етеді…», – деп білмесе жазар ма еді. Мысалға, Гете, Бальзак, Пушкин, Толс­той сынды әлем классиктерінің туған жеріне табаны тиген туристер ол жердің зираты немесе аллея, паркіне ғана көз сала ма? Оларға генийдің шабыты шалқыған, шығармасы туылған жер бәрінен қымбат. Міне, Ақшоқы – Абайдың Ақшоқысы екенін мойындап, ұлы ақын үйінің орнына, ең болмағанда, макетін тұрғызу сол үшін керек. Айтпақшы, қыстаудың жайлы қонысқа айналуы – Ділдә ханымның ерен еңбегі (Ақшоқы «үлкен ауыл» аталуына Абай ғана емес, Ділдә бәйбіше де себепкер). Демек, үйінің алды Ділдәнің, ал шоқының үсті Абайдың мүсінімен көркейсе, нұр үстіне нұр. Сол сияқты «Абай оқулары» деген оқушы балалардың дәстүрлі форумы Жидебайда, мазар-кесенеде өткеннен гөрі өлең-төбеде өткені әлдеқайда қайырлы, әсерлі болары хақ…
Жұртшылықтың Ақшоқы қыстауын тек пантеон аумағы деп білуі жеткіліксіз. Абайдың үйі, өлең-төбесі туристер көруге асығатын нысанға айналуы керек! Бұл – әсіресе Абайға қарсы шабуыл үдеген қазіргі таңда өткір мәселе. Мақалада айтылған жәйт­терге Абай атын иеленген облыс басшылығы назар аударады, хакім атамыз отыз үш жыл қыстаған үйдің орны жоғалып кетуіне жол бермейді деп сенгіміз келеді.

Асан ОМАРОВ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір