Әділ әлеуметтік саясат әл-ауқатты көтеруді көздейді
Қазақстан – ресми түрде әлеуметтік мемлекет. Бұл Ата Заңымыздың бірінші бабында: «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады», – деп көрсетілген. Осы тұрғыда мемлекет азаматтарға тегін орта білім беруді, медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін, жұмыссыздықтан қорғауды, зейнетақы төлеуді және басқа да мүмкіндіктерді қамтамасыз етуге міндеттенеді.
Әлеуметтік мемлекет түсінігі жекелеген топтарды емес, тұтас қоғамды, халықты қорғау мен қолдауды қамтамасыз ететін факторларды қамтиды. Мемлекеттің әлеуметтік сипатын көрсететін бұл факторлар халықтың әл-ауқатын, тұрмыс-тіршілігін жақсарту, мүмкіндігінше барлық азаматтарды әлеуметтік қамсыздандыру, білім беру, денсаулық сақтау, ғылым мен мәдениетті қолдау, кедейлік пен әлеуметтік теңсіздік ауыртпалығын жеңілдетуге көмектесуде маңызды рөл атқарады.
Егемен еліміздің отыз жылдық дамуында әлеуметтік саясаттың жүгін көтерген мемлекеттік бағдарламалар аз қабылданған жоқ. Олар көздеген мақсат-межесіне жетсін, жетпесін, қалай болғанда да қоғамның қажеттілігіне қызмет етіп, әлеуметтің көп сауалына жауап бергені анық. Әлемді жайлаған коронавирус эпидемиясы, жиырма екідегі қаңтар оқиғасы, украин-орыс қақтығысы орын алған соңғы жылдар елдегі іскерлік белсенділік, экономикалық әлеует төмендеп, әлеуметтік теңсіздік анық байқалған күрделі кезең болды. Жұрттың қолына алар ақшалай кірісі экономикалық өсімнің емес, әлеуметтік трансферттің есебінен көбейді, яғни жәрдемақы және зейнетақымен ғана күн көріп отырғандар қатары артты. Ресми мәліметтер бес жылда халықтың жалпы кірісіндегі еңбектен тапқан табысы 80 пайыздан 67%-ға дейін қысқарғанын, ал әлеуметтік трансферттің көлемі 17 пайыздан 29%-ға дейін артқанын көрсетеді. Сондай-ақ инфляцияның өсуі, нарықтағы қымбатшылық пен жұмыс берушілер пайдасының көтеріліп отырғанына қарағанда, номиналды емес, нақты еңбекақының өсуі тым баяу. Халық табысының төмендеуінің тағы бір себебі – басым көпшіліктің өнімсіз жұмыспен қамтылуы. Сарапшылардың мәліметіне сәйкес, елімізде 4,9 миллион адам экономиканың өнімділігі төмен салаларында жұмыс істейді. Бұл жұмыс істейтін халықтың 56,3 пайызы. Яғни осыншама адам өнімділігі аз еңбекпен айналысып, мардымсыз жалақы алады. Бұл, біріншіден, еліміз экономикасында жоғары деңгейдегі кәсіби біліктілік пен дағдыларды қажет етпейтін жұмыс орындарының басым болып тұрғанын көрсетеді. Әрине, мұндай жұмыс орындарында еңбек өнімділігі төмен, соған сай жалақы қоры да аз болмақ. Екіншіден, өндірістік әлеуеті үлкен өңдеу өнеркәсібінің, жоғары технологиялық өнімдер шығаратын кәсіпорындар дамуының кенжелеп қалғандығы. Сондай-ақ өзін-өзі жұмыспен қамтығандар қатары өсіп отыр. Өзін-өзі жұмыспен қамтыған екі миллионнан астам азаматтың 50 пайызға жуығының айлық табысы 100 мың теңгеге жетпейді, ал 3,4 пайызының табысы кедейшілік деңгейінен төмен. Мұның салдарын қарызға батқан, кедейленген адамдар санының көбейе түскенінен көреміз. Жиырма екідегі мәліметтерге сәйкес, 1 миллионға жуық адамның табысы ең төменгі күнкөріс деңгейіне, яғни кедейлік шегіне де жетпеген. Осынау экономикалық күрделі жағдайды ескере отырып, сол жылғы сәуірде Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын тұрақтандыру үшін арнайы бағдарлама қабылданды.
«Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы» азаматтардың әл-ауқатын арттыру, әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында еңбек саласында қолданылып жүрген әдістерді жаңалау үшін қарастырылған кешенді жоспар болып табылады. Бағдарлама халық табысын арттыруды төрт бағыт бойынша қамтамасыз ететін іс-шараларды қамтиды. Атап айтқанда, бірінші – бюджеттен төленетін жалақыны өсіру, екінші – жаңа жұмыс орындарын құру, үшінші – еңбек табысының айырмашылығын қысқартып, халықтың төлем қабілетін арттыру, төртінші – табыс деңгейін көтеру. Экономиканы әртараптандыру, индустрияландыру, кәсіпкерлікті дамыту сияқты ауқымды жұмыстарды жүйелі түрде іске асырмайынша, аталған шараларға қол жеткізу қиын. Сондықтан бағдарлама аясында жаңа өнеркәсіптік кластерлер құру, инвестициялық жобаларды іске асыру, шағын және орта бизнесті қаржылық қолдауды қамтамасыз ету, ірі кәсіпорындар маңында шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына қолайлы жағдай жасау арқылы жаңа жұмыс орындарын көптеп құру көзделген. Агроөнеркәсіп кешені саласында жұмыспен қамтуды арттыру үшін қосалқы үй шаруашылықтарын құру, инвестициялық жобаларды іске асыру және микрокредит беру көлемін ұлғайту және жеңілдету тетіктерін кеңейту шаралары қарастырылған. Сонымен қатар қазіргі уақыт талабына сай еңбекке қабілетті жұрттың кәсіби дағдыларын жетілдіру, жастарды кәсіптік бағдарлау бағытында жасалатын жұмыс негізделген. Басты мақсат – халықты жұмыспен кеңінен қамти отырып, азаматтардың нақты табысын арттыру, жұмыссыздық деңгейін, кедейшілік пен табысы төмен халықтың үлесін азайту.
Межелі міндеттер біртіндеп орындалып келеді. Ұлттық экономика министрлігінің мәліметіне сүйенсек, бағдарлама қолға алынған алғашқы жылдың нәтижесінде бюджет саласының 1,1 миллионнан астам қызметкерінің, атап айтқанда, 74 мың дәрігердің жалақысы орта есеппен 30 пайызға, 600 мың педагог пен мұғалімнің жалақысы – 25 пайызға, 173 мың орта медициналық персоналдың жалақысы 20 пайызға және бюджеттік ұйымдар қызметкерлерінің ішінде басқа да санаттарының жалақысы 20 пайызға өскен. Айта кетерлігі, дәрігерлер мен мұғалімдердің жалақысы жыл сайын өсіп отырмақ. 14 жоба іске асырылып, 9,5 мың жұмыс орнын құру жоспарланған жиырма екінің бірінші жартыжылдығында 6 мыңға жуық жұмыс орны іске қосылған. «Самұрық-Қазына» инвестициялық холдингі қолға алған еліміздің батыс өңірлерін сумен қамтамасыз ету, Алматы энергетикалық орталығын газдандыру және теміржол көлігін дамытуға бағытталған 13 көлемді жобаның іске асырылуымен 10 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Халықтың табысын арттырудың осы алғашқы төртжылдық бағдарламасына кейіннен үкімет қаулысымен өзгерістер енгізіліп, 2029 жылға дейінгі кезеңге арналған жаңа бағдарлама қабылданды. Межелі мерзімі ұзартылғанымен, аты өзгеріссіз қалған жаңа бағдарламаның басты мақсаты да, бағыты да сол бұрынғыша – халықтың табысын арттыру, әл-ауқаты мен өмір сүру сапасын жақсарту. Осы ретте алдағы кезең міндеттері өңірлік жұмыспен қамту карталары шеңберінде экономиканың нақты секторында жұмыс орындарын құру, «Ауыл аманаты» жобасы аясында ауыл халқының табысын арттыру, шағын және орта бизнеске мемлекеттік қолдау көрсету, бюджеттен төленетін жалақыны көтеру және азаматтарды жаңа цифрлық қызметтер арқылы белсенді әлеуметтік қолдау шараларымен қамтамасыз ету бағытындағы іс-шараларды қамтиды.
Өзгерістерге сәйкес, жергілікті атқарушы органдарды кеңінен тарту мақсатында бағдарламаны республикалық және өңірлік деңгейлерге бөлу жоспарланған. Сондай-ақ жалақыны бұрынғыша бюджет пен кәсіпорындар есебінен тікелей арттыру ғана емес, адами капиталды дамыту, мамандардың кәсіби дағдыларын жетілдіру, білім-біліктілігін көтеру арқылы еңбек өнімділігін арттыру, түрлі мемлекеттік қолдауға ие орта және ірі кәсіпорындардың жалақыны арттыру және жұмыспен қамтуды қамтамасыз етудегі ортақ жауапкершілігін көтеруге мән беріледі. Тиімділік пен атаулы көмекті арттыру мақсатында халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдаудың проактивті форматы енгізілмек.
Бағдарламада қарастырылған іс-шаралар еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму міндеттерін жүзеге асыру ісіне жеке сектордың қатысуын жандандыруға, осы тұрғыда мемлекеттік органдардың ашықтығы мен жауапкершілігін арттыруға, соңғы нәтижесінде республикамыздың барлық өңірінде әрбір азаматтың өнімді жұмыспен қамтылып, қолға алар нақты табысының артуына, әл-ауқаты мен тұрмыс-тіршілігінің жақсаруына қол жеткізуге бағытталған. Кешенді жоспарды іске асыру нәтижесінде 2029 жылға дейін 3,3 миллионнан астам адам, оның ішінде 2,3 миллион жас жұмыспен қамтамасыз етіледі, жалпы ішкі өнімдегі жалақы төлеу үлесі 41,1 пайызға дейін ұлғаяды (30,1%-дан), кедейшілік деңгейі 5 пайызға (5,3%-дан), жұмыссыздық деңгейі 4,6 пайызға (4,9%-дан) дейін төмендейді.
Ел экономикасын әртараптандыруға, сан түрлі шаруашылық салаларының жұмыспен қамту мүмкіндігін барынша кеңейтуге және жұмысшы жастарды қолдауға баса мән беріледі. Осы орайда оқу бітіретін түлектерді жұмысқа орналастыру үшін университеттер жанынан карьералық орталықтар құрылатын болады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жаңа бағдарлама аясында алдымен әлеуметтік қолдауға және жұмысқа мұқтаж азаматтар үшін «Ерте анықтау жүйесін» енгізуді жоспарлап отыр. Ал цифрлық карта арқылы әлеуметтік мәртебесі жоқ, қолдауға мұқтаж азаматтардың портреті әзірленіп, олардың нақты қажеттіліктері анықталады. Ведомствоның мәліметіне сәйкес, NEET санатына кіретін жастар үшін «Алғашқы жұмыс орны», түлектер үшін «Жастар практикасы», «Ұрпақтар келісімшарты» жобалары аясында субсидиялау мерзімі мен мөлшері ұлғайтылған. Сонымен қатар, жастарды еңбекке баулу және ынталандыру мақсатында тиісті заңнамаға «жас жұмысшы» ұғымы енгізіледі, жұмысқа тұруға қажетті сынақ мерзімін алып тастайды. Басқа өңірден келген жастар үшін тұрғын үй жалдауға көтерме жәрдемақы төленеді. Бағдарлама аясында көпбалалы және мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасыларды да кеңінен жұмыспен қамту шаралары қарастырылған. Еліміздің барлық өңірінде әйелдерді қолдау орталықтарын құру көзделген. Бұл орталықтарда жылына 20 мыңға жуық әйелге жан-жақты қолдау көрсетілетін болатын.
Жалпы, бағдарлама негізге алған міндеттер еліміздің 2025 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарында қарастырылған «Әділ әлеуметтік саясат» жалпыұлттық стратегиялық басымдығынан туындайды. Олардың бәрі де халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған. Азаматтардың әл-ауқатының жақсаруы, әрине, бірінші кезекте маңдай термен келер еңбекақысына байланысты. Ол үшін өнімді жұмыс, кәсіби біліктілік қажет, яғни үкіметтің бағдарламалық құжаттарында көзделген мақсат-міндеттердің іске асырылуы елдің әл-ауқатының артуынан көрініс табуы тиіс.
Р.КӨКЕНАЙҚЫЗЫ