Қазақта би болған
Ертеректе Қытайда тұратын қандасымыз биші Әнуар Нүсіпұлы бауырымызбен болған «Қазақтікі деп жүрген «Қара жорға» – моңғолдың биі» деген тақырыпта сұхбаты жарияланды. («Ұлт TIMES» газеті, 2013 жыл) Әрине, алыста жүрген бауырымыздың қазақ өнеріне деген жанашырлығына риза болдым. Алайда би туралы пікірімен келісе алмайтынымды жасырмаймын. Тілшінің: «Қазақта би болмаған дейтін пікірге қосыласыз ба?» деген сұрағына екіұштылау жауап бере келе: «… Қазақ ән мен жырға, күйге, терме мен дастан айтып, жазуға келгенде алдына жан салмайды. Алайда биді айтқанда ойланып қаламыз», – дей келе: «Себебі не?» дегенге келсек, бізде биге арналған музыка болмаған», – деп түйіндейді ол.
«Биге арналған музыка болмаған» деген сөзді ашып айтпаса да, «Қазақта би болмаған» дегенге саяды. Бұған мен келісе алмаймын. «Қазақта би болған, әттең дамымаған» десе, әңгіме басқа. Десек те қазір елімізде қаншама бишілер, би ұжымдары бар екені көңілге медеу. Мен биші емеспін, музыка маманымын. Құлағыма сенбесем де, екі көзіме сенемін. Өткен ғасырдың 60-жылдарының орта шенінде Алматының Құрманғазы атындағы консерваториясында оқып жүрген кезімде, Әубәкір Исмаилов деген суретшімен кездесу болды. Сурет өнері туралы айта келіп, ағамыз би туралы әңгімеге ойысты. «Қазақта би болмаған деген теріс пікір бар. Қазақта би болған» деп, бала кезінде үлкендерден үйренген билерін көрсетті. Санама сіңіп қалғаны «Бүркіт» биі еді. Бүркіттің аспанда ұшып жүргенін, оның жемтігіне шүйілгенін, қоянның секеңдеп қашқанына дейін суретші ағамыз тамаша бейнелеп, қимылдарымен сурет салып бергендей болды. Сонда көрген билерімнің көптеген элементтерін Әнуар бауырымыз «моңғолдың биі» деп кесіп айтқан «Қара жорға» биінен көрдім. Бидің музыкасы қазақтың «Салкүрең» күйінің әуені. Ендеше мен «Қара жорғаны» қазақтың биі деп танимын. Әнуар бауырымыз да: «Санаға «Қара жорға» қазақ биі деп сіңіп жатса, солай кете беруі керек. Одан біз ұтылмаймыз» депті. Бұл – қазақтың рухын көтеретін, біздің бірлігімізді нығайтатын, қанымызды қыздырып, жанымызды толқытатын рухани күш. Сондықтан «Қара жорға» биін төл туындымыз деп қабылдаған жөн. Оны билеу тек әуестік болып қалмауға тиіс, оны ұлттық мақтанышымызға айналдыруымыз керек. Белгілі қоғам, мемлекет қайраткері Мақсұт Нәрікбаев марқұм бүкіл студенттерді ұйымдастырып, өзі бас болып, «Қара жорғаны» билеген еді, үлгі алатын-ақ үрдіс. «Қара жорғаны» билеуге арланбайық, ағайын.
Қазақта би болған дегенге тағы бір дәлел. Естеріңізде болса, «Қазақ Совет энциклопедиясындағы» (ҚСЭ, 3-том, 505-бет. «Алматы»,1973) «Дәулеткерейдің үйіндегі думан» деген суретке назар аударыңыздар. Т.Паулидің 1862 жылы шыққан «Россия халықтарының этнографиялық сипаттамасы» атты кітабынан алынған екен. Төрде Дәулеткерей домбыра тартып отыр. Бір адам сыбызғы (қурай) ойнап тұр. Ортада ер адам билеп жүр. Бұл сурет бұдан екі ғасыр бұрын қазақта би болғанының дәлелі. Сондай-ақ «биге арналған музыка болмаған» деген сөзді де жоққа шығарады. Бұл жерде Дәулеткерей басқа емес, өзінің күйін ойнап отырғаны сөзсіз.
Енді белгілі мемлекет қайраткері, тарихшы, этнограф ғалым Өзбекәлі Жәнібеков ағамыздың сөзіне жүгінейік. «Қанша тырыссақ та қазақта би болмаған деген жалаң пікірден құтыла алмай келе жатырмыз. Қазақтың би өнерінің ерте заманнан қалыптасып, халқымыздың аса бай ауыз әдебиетімен, ән-күйлерімен, дәстүрлі тұрмыс-салтымен біте қайнасып келе жатқандығын еске алған жөн» дей келіп, халықтың тұрмыс салтына қарай «Айқосақ», «Жезтырнақ», «Өрмек би», «Құсбегі», «Бүркіт пен қоян», «Шалқыма», «Ортеке», «Қара жорға», «Тепенкөк» деген т.б. көптеген билердің болғанын атап өтеді. («Уақыт керуені», «Жазушы» баспасы, 1992, 151-бет).
Қазақ күйлері биге лайық емес деп кім айтады. «Кеңес» күйінің әуеніне «Киіз басу» биін билегенбіз. Дәулеткерейдің «Қос алқасы», Құрманғазының «Балбырауыны», Тәттімбеттің «Сылқылдағы» мен «Былқылдағы» биге сұранып тұрған жоқ па? Соны білген қазақ музыкасының тарландары, композиторларымыз А.Жұбанов пен Л.Хамиди «Абай» операсында «Қос алқаны», М.Төлебаев «Біржан-Сара» операсында «Соқыр Ещан» күйін, Е.Рахмадиев «Қамар сұлу» операсында «Дайрабайды», Е.Брусиловский өзінің операларында «Алтынайды», «Былқылдақты» биге лайықтап жазуы тегін болмаса керек.
Қазақта би болмаса, «мың бұралған биші» деген сөз қайдан қалған. Халықтан үйренбесе, ешбір би мектебінен дәріс алмаған Шара апамыз қалай биші болды. Енді Шара апамыз не дейді екен? «Қазақтың халық музыкасының үні өте әсем, мазмұны бай боп келеді. Мысалы: Құрманғазының «Балбырауын» күйін алайық. Күйші осы күйін би ырғағы етіп шығарған сияқты. Ал Тәттімбеттің «Былқылдақ» күйінен де ырғағы жігерлі би музыкасының қимыл-қозғалыстарын көргендей боламыз. «Мерген», «Қара жорға», «Ортеке» және басқа күйлердің мазмұны да биге арналып шығарылған дегенге ешкімнің де дау тудырмайтындығы анық» деп жазады апамыз. («Сымбат», «Өнер» баспасы, 1987, 21-бет).
Әнуар бауырымыз шетте жүргендіктен көп нәрседен хабардар болмауы мүмкін. Ал өз ортамызда өмір сүріп, өнері бағаланған, сол өзі меңгерген өнерінің қазақ топырағында жатқан тамырын білмейтін Б.Аюхановқа не жорық. Оның ойынша, қазақтың биін жасаған Л.Чернышева екен. Рас, өткен ғасырдың 30-жылдары қазақ өнерін өркендету үшін Ресейден өнер шеберлері келе бастады. Олардың қазақ өнеріне үлкен үлес қосқаны да рас. Алайда олар аспаннан ештеңе алған жоқ, халықтың ұлттық дәстүріне сүйенді. Өз туындыларын соның негізінде жасады.
Сол жылдары Ресейден келгендердің бірі – композитор Е.Брусиловский. Ол – тұңғыш қазақ операсының авторы. Өздеріңізге белгілі, К.Байсейітова, Қ.Байсейітов, Қ.Жандарбеков сияқты халық өнерпаздарының көмегімен халық әндері негізінде «Қыз Жібек», «Ер Тарғын», «Жалбыр», «Дударай» операларын жазды. Симфонияларына да халық әндері мен күйлері арқау болды. Ендеше,
Л.Чернышева қазақ биін қойғанда ұлттық би дәстүрін негізге алмады деп кім айта алады.
Биге келсек, қазақ би ансамблі Қазақ филармониясы жанынан 1939 жылы құрылған, оның алғашқы көркемдік жетекшісі жоғарыда атап өткен Ә.Исмаилов ағамыз екен. Кейінірек ансамбльге Н.Тапалова жетекшілік етті. Ал қазақтың ән-би ансамблі 1955 жылы ғана құрылған. Бұл кезде ән деген сөз қосылғаны болмаса, би ансамблі репертуарында қазақтың халық билері бар қалыптасқан ұжым еді. Украинадан келген Л.Чернышева ән-би ансамблін сол жылдан (бұл кезде оның жасы қырықтан асып кеткен) бастап, 1970 жылға дейін басқарды. Әрине, оның еңбегін жоққа шығаруға болмайды. Лидия Демьяновна «Алатау бөктерінде», «Саяхатта», «Аққу қыздар», «Су тасушы қыз» деген билерді қойды. 1968 жылы «Жас балет» атты классикалық және халық билерінің ансамблі құрылды. Оның көркемдік жетекшісі – осы біз сөз етіп отырған Болат Қуатов-Аюханов болатын. Өнер қайраткерінің қазақтың биін Л.Чернышева жасады деуі білместік болды. Халық өнерінің тарихын білмейтін халық артисінің пікірі анау. «Қарғайын десем, жалғызым» деп осындайдан айтқан екен ғой.
Осыны біле тұра, қазақта би жоқ деушілер «қазақтың биін мен шығардым» деп, атақ-абыройға ие болғысы келетін шығар. Бірақ қазақта би болған, ендеше ондайлар биді жетілдіруге, дамытуға, насихаттауға үлес қоссын. Қаңқу сөздерге құлақ аса беруге де болмайды. Дарынды биші қызымыз Шұғыланың биін де «қытайдікі» деп жүргендер аз емес. Халық оның билерін қазақтың төл өнері деп қабылдай қоймағаны өкінішті-ақ.
«Қара жорға» биі моңғол биіне ұқсап жатса, онда тұрған не бар. Бәріміз бір даланың ұландарымыз. Сонау Шыңғыс хан заманында моңғол жерінде қазақтың Найман, Керей, Жалайыр, Қоңырат сияқты рулары болған. Ендеше өнерімізде неге ұқсастық болмасын.
Музыкада да ұқсастықтар болады. Әлемге әйгілі француз композиторы Ш.Гуноның «Фауст» операсында Валентин деген кейіпкер бар. Соның «Бог всесильный, бог любви» деп басталатын каватинасының алғашқы сөйлемінің әуені, сәл ырғақтық өзгешелігі болмаса, «Өрік, мейіз, қант пен шай» деп басталатын қазақтың халық әнінің нотасымен бірдей. Сондай-ақ француз композиторы М.Равельдің «Болеро» биін тыңдасаңыз, қазақ әуенінен аумайды.
Әнуар бауырымыз Н.Нүсіпжанов ағамыз орындап жүрген «Гүлдәурен» әні «өзінікі» екенін айтыпты. Әнші ағамыз орындап жүрген мен білетін «Гүлдәурен» әні Ақтөбелік композитор Қайырғали Қожанбаевтікі болатын. Сөзін Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жергілікті ақын Мұхтар Құрманалин жазған. Ол әнді алғаш рет Ақтөбедегі «Әлия гүлі» ансамблі 1978 жылы орындаған екен. Содан былай бұл ән республикаға тарап кеткен. Қ.Қожанбаевтың Республикалық конкурстарда бірінші орын алған «Қазақстан», «Ризамын тағдырға» деген әндері де бар. «Гүлдәурен» деген аты бірдей, заты бөлек, екеуі екі түрлі ән болуы да мүмкін.
Классикалық музыка өкілі, опера жанрына реформа жасаған көрнекті неміс композиторы Р.Вагнердің «Тангейзер» операсының увертюрасынан қазаққа тән бір әуезді естігендей боламын. Бұл неден болуы мүмкін. Бәлкім, көне заманда арий тайпасының осы қазақ даласында болғанының бір көрінісі болар. Мұнымыз жай қиял ғой. Қаншама орыс композиторларының шығармаларында қазақ әуендері бар. А.Бородин «Князь Игорь» операсына қыпшақ даласының әуендерін ұтымды пайдаланды. Сонау мұхиттың аржағындағы Америкада жатып, С.Рахманинов Американың белгілі дирижері Ю.Ормандиге арнаған «Симфониялық билер» шығармасына А.Затаевичтің жинағынан алған қазақтың халық әні «Япурайды» енгізген. Н.Мясковский де өзінің симфонияларында қазақ әуендерін пайдаланған. Соған қарамастан олар орыс шығармалары болып есептеледі. Ендеше моңғол биінің элементтері бар екен деп, «Қара жорғадан» бас тартпауымыз керек.
«Қара жорға» – қазақтың биі.
Тілеуғазы БЕЙСЕМБЕК,
Қазақстан Жазушылар және
Композиторлар одақтарының мүшесі,
Халықаралық «Алаш» әдеби
сыйлығының лауреаты