Соғыста болған әңгімесі
11.11.2025
129
0
ТҰТҚЫННЫҢ ТАҒДЫРЫ
Бұл  естелікті кезінде Барлыбай деген азаматтың әкесі айтып, аудиожазбаға түсірткен екен. Мен оны тыңдап, 1941 жылғы соғыстың қиын сәтіне тағы да бір қаныққандай болдым. Сол жылдары  әскери тілші болған К.Симоновтың «Тірілер мен өлілер» романында емеурінмен ғана айтылып кеткен шындық мұнда табиғи қалпында қарапайым тілмен жеткізіліпті. Менің де әкем дәл осы кезеңде тұтқынға түсіп, 1943 жылы 25 мамырда Еуропаның Моат деген қаласында концлагерьде қайтыс болыпты. Әскери тақырыпқа қалам тартқан жастарға бұл естелік таптырмайтын дәлел болар еді деп ойлаймын.
Бексұлтан НҰРЖЕКЕ-ҰЛЫ,  
Қазақстанның Халық жазушысы 
Мен әкем мен шешемнің (Анар апаны айтады, өз анасы Мәуке) тілін алатынмын. Шешемнің қазанын жуып, тезек әкелетінмін. Славный деген ауылда әкеммен бірге мал бағатынмын. Сонда Балпан елінің әйелдері айтатын: «Анардың қызы да – Рысбек, ұлы да – Рысбек» деп. Ешқашан әкем мен шешемнің көңілін қалдырмаушы едім. Лубзаводта жұмыс істедім, одан кейін 1940 жылы әскерге кеттім. Орынбайдың баласы Өксікбай, Қасықтағы Башан бәрімізді бірге Фрунзеден тіке Эстонияға апарды. Полк мектебінде болдық. Бәріміз соғыстан аман қайттық. Башан Қасықта селсебет.
Полк мектебін біткен соң аға лейтенант Патуткин 175-атқыштар полкіне өткізді. Бір-екі айдан кейін соғыс басталды. Полк командирінің орынбасары Литовец еді. Он үш адамды қатардан шығарып: «Сендер тұтқынсыңдар», – деді. Бізбен бірге әскери борышын өтегендер жұдырығын түйді, «коммунистсіңдер» деп. Сөйтсек, бәрі сатқындар екен. Бізді Вильнустің түрмесіне апарып қамады. Үстімізге еврейлерді әкелді. Бір жарым айдан кейін лагерьге айдайтын болды. Бірге әскери борышын өтеп жүрген сатқын менің етігімді тартып алды. Полк мектебінде берген жақсы сары етік болған, соған қызыққан болар. Маған өзінің етігін лақтырды. Оны тар болған соң шылғаусыз жалаң аяққа киіп алдым. Аяғымды қажаған соң, етікті лақтырып жібердім. Бір ұрғанда бас киімім ұшып кетті, атады екен деп алуға батпадым. Түрден түр жоқ!
Старшинаның бір жақсылығы – шинеліңді киіп шық дегені. Менің түрімді көріп суретшілер, фотогрофтар мені суретке түсірді. Құдай біледі Германияда менің суреттерім жүрген шығар. Лагерьде 1000-нан астам адам жиналды. Содан соң жаяу айдады. Жаны ашыған жай адамдар нан лақтырады, соны аламын деп ұмтылғанда, басымнан резина қамшымен бір қойды. Басым дыңылдап, есім ауып қалды. Екінші рет басыма шинель киіп шығатын болдым. Аяғым қанап, дуылдап барады. Қатардан қалғандарды атып тастайды. Бір тоқтағанда дамбалымды шешіп аяғыма орадым, ол түк болмады, содан кейін көйлегімді жыртып аяғыма орадым. Жолшыбай Степнойдың жігітін таныдым. Оның жанында бір жігіт бар екен, таныстық. Баба екен Өмірзақ, Өміртай деген кісілердің інісі Нұрланқұл. Менің шинелімді төсеп түнде жерге жатамыз, мен ортасында жатамын, шинель менікі ғой… Тамақ бір бөлке нан төрт адамға. Бір жолы нан артылып қалды. Немістер қызық көріп, нанды лақтырады. Менің жасым 21-де, бірінші болып нанды басып қалып едім, үстімнен адамдар басып тұншығып өліп қала жаздадым. Бір тоқтағанда шешулі тұрған саптама етікті шылғауымен киіп алдым. Жаным кіріп қалды. Польшаға Сувалки деген лагерьге апарды. Мен тиын ойын ойнап, көп ақша ұтып алдым. Тәртіп онша емес еді. Сол ақшаға Нұрланқұл көйлек, дамбал, шинель, плащ, палатка алды. Үшеуміз бір жүреміз, бір жатамыз сондықтан бізге ешкім батпайды. Қалғандары бір-бірінің нанын, киімін тартып алады.
Күн суығанда көп адам өліп, соларды көмдірді. Менің бетім жалпақ болған соң ба мені мықты деп ойлайтын болу керек. Жылаймын: «Әке-шешем неге менің жүзімді осылай жаратты екен» деп. Маған ордың түбінде өлген адамдарды көп сыйсын деп штабельге жиғызды. Неше мың өлген адамдарды аяғыммен басып тұрдым. Шаршағаннан соң бір күні жұмысқа бармайын деп, дәретхананың жанында, өлген адамдардың жанына барып жаттым. Жаураған соң аяғымды бір-біріне қағып едім, полицей көріп қойып, әбден тепкіледі. Содан кейін жұмыстан қалмайтын болдым.
Бараққа жатқызатын болды. Моншаға апарды. Күзетші теріс қарап тұрғанда, қаштым. 150 метрге барғанда атты, ұрды да қайтадан әкелді. Тапқан амалым, екі ыдысқа екі адамдық сорпа құйып аламын, кәдімгідей нәр. 1942 жылдың көктемінде жұмысқа жарайтын адам азайды. Өлгені бар, көбісі көтерем, сондықтан қосымша тамақ берді. Мамырдың аяғында жұмысқа жарадық. Гродно лагеріне ауыстырды.
Үстімізге тағы 300 адам әкелді. Солардың ішіндегі екі полицейді танып, тұтқын болғандар біреуін тірідей көміп, екіншісін ұрып өлтірді. Сол үшін екі күн тамақ бермей: «Кім өлтіргенін айтыңдар!» – деп қорқытып атты. Одан кейін Шталак деген лагерьге апарды. Ол жерде байлардың картошкасын қаздырды. Олар бір мезгіл тамақ берді. Жиырма адамды Ынтланты деген жерге жіберді. 1943 жылы немістер қолдарына қара лента тақты, сөйтсек, немістің алты армиясын құртыпты. Азалы күн жариялапты. Тилзит деген жерде 11 адамды фермердің жұмысына салды. Ол өзі дәрігер екен, әйелі мен кызы бар. Біз биттеп кеткен­біз. Картошкамен бірге ішкі киімдерімізді суға қайнатамыз…
Одан Гданск деген қалаға апарды. Роман деген Чита облысынан келген жігітпен жолдас болдым. Ол «жалғыз болуға болмайды» дейтін (осы жерде мен әкемді Тахауи Ахтановтың «Боран» атты романының бас кейіпкері Қоспанның тағдырына ұқсатамын). Бірге тұтқында болған Гусеев: «Дұрыс адамның алмайтыны жоқ, бәрін жеңіп шығады» дейтін.
1944 жыл аяқталып қалды, бізбен бірге ағылшын, француз тұтқындарын қоса айдады. Совет армиясы жақындап қалған еді… Германияның Хонкиль лагеріне әкелді. Тұтқында аш жүрдік. Иттің етін жеп көрдік, қалақайды қайнатып іштік.
Ағылшындар келіп 1945 жылы 5-мамырда бізді босатты. Тамаққа тойдырды, оны көтере алмай жеті адам өлді. Бізге бір ай бостандық берді. Немістер қорқатын болды, қолымызда пистолет… Одан кейін жиналу пунктіне әкелді. Штеттен деген қалада құрлыс ба­тальонында жұмыс істедік. Заводтарды бұзып, Волгадонға, Уралға жібердік. Желтоқсан айында союзге үш жүз адамды жіберетін болды. Вагонға қару-жарақ, шөп, сиыр т.б. салдық. Солдаттар бір вагондамыз, орын жоқ. Мен еденге жата кеттім. Капитан: «Неге полда жатырсың?» – деп қалғандарына ұрысты. «Сендер бір адамның баласындай болуларың керек» деді. Капитан өзінің вагонына мені алып келді. От жағушы болдым. «Командирлер тұратын вагонды дайында» деп тапсырма берді. Вагонның қабырғасына ақ қағаз қағып қатырып қойдым. Подполковник 1945 жылы 31 желтоқсанда Жаңа жылды бірге қарсы аламыз деді. «Біз жеткенше бізге көмектес, су әкел, от жақ» деп тапсырды. Өзімнің тамағымды вагондағы көрші татарға бердім. 25-26 күн жүріп Гродно қаласына шекараға келдік. Өзімнің взводыма бардым, өйткені түгендеп анықтайды. Одан кейін, подполковник Подольский взвод командиріне: «Рысбек менің қарамағымда болады» деп бұйрық берді.
Гроднодан Барановичи, Брест-Литовск, поселок Гейчеевич, станция Леснаядан түстік. Соғыс складында болдық. Сиыр сауамын, бес-алты фляг сүттің қаймағын мен жеймін. «Чёрный куда добралься», – деп көре алмайтындар болды, адам баласының табиғаты сол ғой… Подольский маған адамгершілік жасап, жақсы киім, етік тіккізіп, өзінің шинелін берді. «Пьём умираем, не пьём умираем, давай 100 грамм пьём», – деді. Мен адал болдым. Ақшалары шашылып жататын, мен бір тиынына тимейтінмін. Сол үшін мені жақсы көретін. Ол ауысқаннан кейін өзімнің ротама бардым. Тамыздың бірі. Демобилизация. Тамаққа, пойызға 25 күнге талон берді. Екі күн жатып пойызға әрең отырдық. Мәскеу Белорусский вокзалға келдік, одан Казань вокзалы. Орын жоқ болып 7 күн жаттық. Жүк вагонымен Ташкент бағытындағы пойызға отырдық. Арыстан станциясынан түстім. Ташкенттен Фрунзе бағытындағы пойызға әрең міндік. Фрунзеден жүк көлігіне отырып, Жугерскийге (Георгиевка) келдім. Таныс адам кезіге кетті. Ол – Нақан. Қызыл партизанға барып атын алып, маған берді. Өзі алдын ала сүйінші сұрауға кетті. Бұл заман ба, адам ба? Әкем, жеңешем (Анар апа) екеуі Ырғайтыдан бір жарым шақырым жерден қарсы алды. Жеті жыл көрмеген ит те таныды. Жеңешем қырманда қарауыл екен. Көкқапдалға көштік. 1937 жылы Аралбай туылып, маған серік болды. Аралбай мектептің бастауыш сыныбын қайын атам Елшібектің үйінде жатып оқыды, сондықтан Красногорькаға көшіп келдік. Бір-бірімізге өте бауырмал болдық.
Адал жұмыс істеу керек. Шешелерің де жұмыс істеді. Мал бағып, аш болып, жаурап жүрсем де сендерді жеткіздік. Тіл алсаңдар адал жұмыс істеңдер, сонда бәрі болады. Соның арқасында 120 сом зейнетақы аламын. Ренжіп, менікі болсын дегенді қойыңдар. Анамыз – Күншаш. Өмір жастарың ұзақ болсын, бір-біріңді сыйлаңдар.
P.S.:Бұл анамыздың туған күніне жиналғанда магнитофонға мен жазып алған дауысты жазба. Жазуды цифр форматына көшіріп, флешкаға сақтап қойдым. Дауыстарын естимін десеңдер мархабат. Әкемнің әнгімесін ешқандай өзгеріссіз қағазға түсірдім. Ұл мен қыз ата-ананың кадірін тірі кезінде білсе, біз үшін үлгі-өнеге. Балаларына атасының әнгімесін оқып беріңдер, естіртіңдер. Тұтқында болғандардың жағдайын Сергей Бондарчуктің «Судьба человека» деген кинофильмінен интернет арқылы көруге болады.
Барлыбай Рысбекұлы
(Материал қаз-қалпында ұсынылып отыр)
ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір