ӘДІЛ САЙЛАУ ЖӘНЕ ЖАЗУШЫ ЖАУАПКЕРШІЛІГІ
05.07.2024
84
0

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қазіргі кезде елімізде аса маңызды әрі жан-жақты саяси-әлеуметтік және экономикалық реформалар жүзеге асырылуда. Солардың ең негізгілерінің бірі – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы. Мемлекет басшысы бұл мәселені 2019 жылғы «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында алғаш рет көтерген болатын. Яғни Президент бұл Жолдауында: «Азаматтардың, халықтың барлық өтініш-тілектерін жедел түрде әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру – барлығымызға ортақ міндет. Билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнату арқылы ғана қазіргі геосаяси ахуалға бейімделген үйлесімді мемлекет қалыптастыруға болады», – деп атап көрсеткен еді.

 Президенттің мұндай мәселе көтеруіне не себеп болды? Сөз реті келгенде мына мәселені қадап айтуға тиіспіз. Кезінде Қазақстан Республикасының дүниежүзіндегі ең бай, халқының тұрмысы барынша жоғары, керемет өсіп-өркендеген мемлекет болуына толық мүмкіндігі бар еді. Өйткені біз – жер көлемі жөнінен дүниедегі ең үлкен мемлекеттің біріміз және ол жеріміздің асты-үсті мұнай мен газдан бастап ұшан-теңіз байлыққа толы. Міне, осы ұшан-теңіз байлықты халқымыздың қамын ойлап, шынайы жанашырлықпен барынша әділ, тиімді пайдалана білгенде жағдайымыз бүгінгіден мүлдем басқаша болған болар еді. Бұған араб мемлекеттерінің жағдайы нақты дәлел. Бұл елдердің жер көлемі шағын, бірақ қазба байлыққа, әсіресе, мұнайға өте бай. Соған орай, мұнай өндіруді ешқандай талан-таражға салмай, бірінші кезекте өз халқының мүддесін ойлап, тиімді пайдалана білудің нәтижесінде бұл елдердің тұрғындары ешқандай қиындық көрмей бай да қуатты өмір сүруде. Ал сонда біздің Қазақстанның ол мемлекеттерден қай жері кем?! Ешқандай да кем емес! Тіпті, әлдеқайда артық деуге болады. Өйткені, жоғарыда айтқанымыздай, бізде мұнай мен газдан бастап алтын мен күмістің, көмір мен темірдің, уран мен басқа да қазба байлықтың қоры ұшан-теңіз. Алайда, өкінішке қарай, сол ұшан-теңіз байлық бүкіл халықтың емес, мемлекет басында жүргендер мен олардың туған-туыстарының, жандайшаптары мен ақшадан басқа ештеңе ойламайтын түрлі сумақайлардың үлесінде кетті. Тек ұшан-теңіз қазба байлық қана емес, қазақтың кең байтақ жерінің басым көпшілігі де осындай талан-таражға түсті. Мұндай келеңсіз жағдай билік басындағылардың халықтың үнін тыңдап, соған орай тиісті іс-шараларды жүзеге асыруды мүлдем ұмытып, тек өз бастарының қамын ойлап, ақша мен байлық қуып кеткен тойымсыздығынан туындап еді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекет тізгінін қолға алған сәттен бастап «Халық үнін тыңдайтын мемлекет» мәселесіне айырықша көңіл аударуы осы жағдайды түзеп, реттеу мақсатынан туындады. Міне, содан бері бұл бастама күнделікті өмірімізде нақты іске асырылуда. Мұндай жаңалықтардың арасында «Сайлау туралы» және «Саяси партиялар туралы» заңдарға толықтырулар мен өзгертулер енгізудің қоғамға жасаған әсері ерекше болды. Бұл жаңалықтарға сәйкес саяси партиялардың мемлекеттік тіркеуден өтуіне қажетті мүшелерінің саны 40 мыңнан 5 мың адамға дейін төмендетілді. Сондай-ақ партиялардың Парламент Мәжілісіне өтуі мен сайлаушылар дауысын жинау межесі де жеңілдетілді және әйелдерге, жастарға, мүгедектігі бар жандарға арнайы квота бөлінді.
Міне, осындай жақсы жаңалықтардың нәтижесінде Парламенттегі партиялардың саны бұған дейінгі үштен екі есе көбе­йіп алтыға жетті. Осыған орай, Парламент Мәжілісіндегі депутаттардың қатарында халықтың үнін, мұң-мұқтажы мен өтініш-тілектерін үкіметке нақты жеткізе білетін, мемлекетіміздегі жетістіктермен қатар орын алып отырған олқылықтар мен кемшіліктерді де дер кезінде аңғарып, оларды реттеудің жолы мен мүмкіндіктерін шынайы жанашырлықпен нақты айтып, бағыт-бағдарын дұрыс көрсете білетін депутаттардың қатары бұрынғыдан әлдеқайда толықты. Қазіргі Парламент Мәжілісіндегі түрлі талқылауларға толы хабарларды көріп отырып бұған айқын көз жеткізуге болады, яғни мұндай талқылауларда қазіргі депутаттардың үкімет өкілдеріне қоятын сұрақтары, көтеретін мәселелері халықтың өтініш-тілектері мен олар бастан кешіріп отырған түрлі қиындықтар әрқашан да шынайы жанашырлықпен ашық айтылатын болды. Мұндай жақсы бастама 2022 жылғы ел Конституциясына «Басқарудың суперпрезиденттік формасынан ықпалды Парламенті мен есеп беретін президенттік республикаға өту жөніндегі өзгертулер мен толықтырулар енгізу жөніндегі» референдум өткізілуінің нәтижесінде барынша нығая түсті.
Халқымызды ұзақ жылдардан бері ойландырып, толғандырып жүрген жағдайлардың енді бірі – мемлекеттік қызметке байланысты еді. Яғни мемлекеттік қызметте істейтіндер, әсіресе үлкенді-кішілі басшылықта отырғандар өздеріне жүктелген міндетті қалай атқарады; өз қарауындағы халықтың тұрмысын жақсартуға, жалпы мемлекетіміздің әлеуметтік-экономикалық өсіп-өркендеуіне нақты қандай үлес қосады дегенді әрқашан да бірінші кезекте ойлап, сол үшін шамасы жеткенше жұмыс істеуге тиіс және бұл жөнінде халықтың алдында үнемі есеп беріп отыруы керек. Өркениетті елдердің бәрінде мемлекеттік қызметкерлер осылай жұмыс істейді. Тәуелсіздік алғаннан кейін біздегі мемлекеттік қызметкерлер де өз міндеттерін осылай орындауға бейімделуі керек еді. Бірақ, өкінішке қарай, бізде бәрі керісінше болды.
Президенттің осы бастамасынан кейін елімізде осы айтылған мәселелерге қатысты айтарлықтай оң өзгерістер жүзеге асқанын жұртшылық жақсы біледі. Мысалы, бұрын ауыл, аудан әкімдері өзін тағайындаған жоғарыдағы басшылардың көңілін тапса болды, өз қарауындағы халықтың өтініш-тілектерін жүре тыңдап, тіпті болмаса өтірік уәде мен неше түрлі сылтауларды үйіп-төгіп, тып-тыныш жүре беретін. Ал қазір бұл жағдай айтарлықтай өзгерді, яғни, енді ауыл, аудан әкімдерін сол жердегі халықтың өзі тікелей дауыс беріп сайлайтын болды. Осыған орай, кез келген басшының өзін сайлаған халық үніне құлақ аспай жүре беруі келмеске кететіні анық. Оның үстіне, соңғы уақытта Мемлекет басшысы «Халық үнін тыңдайтын мемлекет» идеясын одан әрі жетілдіріп, «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» қағидатын жүзеге асыру міндетін алға қойды. Бұл қағидат бойынша мемлекеттік қызметтегілер күнделікті жұмысын әділдік, адалдық, мемлекетшілдік сияқты қасиеттерге сүйеніп жүргізуге тиіс. Бұл жөнінде талапты барынша нақтылау үшін алдағы уақытта мемлекеттік қызметке қатысты жаңа заңнамалық актілер қабылдау көзделіп отыр.
Мемлекеттік қызмет туралы сөз болғаннан кейін бұл салаға қабілетті жастарды көбірек тарту мәселесіне ерекше көңіл бөлініп отырғанын айта кеткен жөн. Жақында өткен Президенттік жастар кадр резервінің форумында Мемлекет басшысы мемлекет басқару ісіне ойы ұшқыр, сана-сезімі терең, нағыз отаншыл азаматтар көптеп келуі керегін және оларға үлкен жауапкершілік жүктелетінін нығырлап айтты.
Міне, осы айтылғандарға қарап отырып «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидаты еліміздің болашақ дамуы үшін өте қажет маңызды бағдарламалық құжат екенін анық аңғаруға болады. Осыған байланысты алдағы уақытта бұл құжатта көрсетілген мәселелерді жүзеге асыруға бүкіл халқымыз үлесін қосып, атсалысады деп кәміл сенеміз. Бұл әңгімемізді осындай үлкен сеніммен аяқтасақ та болар еді. Дегенмен сөз реті келгенде, әңгімеміздің аяғына таман өзіміз жазушы болғандықтан әріптес қаламгерлерге арнап бір-екі ауыз ұсыныс-тілек айта кетуді де дұрыс көріп отырмыз. Жоғарыда Мемлекет басшысының тікелей бастамасымен «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» құру мәселесі қолға алынып жатқанын шамамыз жеткенше біраз айттық. Ал енді тарихи маңызы бар осы бастаманың жүзеге асуына жазушылар қауымы да қатысып, өз үлестерін қоса ала ма? Біздің ойымызша, қатыса алады, нақтырақ айтқанда, міндетті түрде қатысуы керек.
Мұның мынадай себебі бар. Бүгінгі таңда халықтың арасынан шығып, үкіметке, басқа тиісті орындарға арнап неше түрлі мәселе көтеріп, ұсыныс айтушылар барынша көбейген. Мұндай белсенділік, әсіресе, әлеуметтік желілерде айтарлықтай кең тарап отыр. Міне, осылардың бәрі бірдей халықтың үні, сондықтан міндетті түрде ескеріліп, жүзеге асуы керек деп есептеуге бола ма? Бұл – ойландыратын мәселе. Өйткені әлгіндей ұсыныстар мен көтерілген мәселелердің арасында қолданыстағы заңдар мен мемлекеттің жүргізіп отырған саясатына сәйкес келмейтіндердің де кездесуі әбден мүмкін. Баспасөз ескерусіз қалуы да мүмкін. Кейбір жақсы ұсыныстардың дұрыс жазылмай, түсініксіз болып, еленбей қалатындары да жасырын емес.Мұндай жағдайлар, әсіресе, әлеуметтік желілерде жиі ұшырасады. Осындай жағдайда қаламгерлеріміздің алдыңғы қатардан көрінуіне толық мүмкіндігі бар. Қолына қалам ұстаған әрбір шығармашылық адам өз мамандығына сәйкес халықтың, елдің жағдайларын, төңірегінде болып жатқан түрлі оқиғалардың себеп-салдарын өзгелерге қарағанда әлдеқайда жақсы біледі және сол білгендеріне дұрыс баға беріп, нақты қорытынды жасай алады. Ең бастысы, осы қорытындыларын кез келген уақытта түсінікті де нақты тілмен ауызша да, жазбаша да жеткізе алады. Осыған орай біздің әріптес қаламгерлеріміз ертелі-кеш тек шығармашылық жұмыспен шектеліп қалмай, ара-арасында халқымыздың ұлт ретінде өсіп-өркендеуіне, мемлекетіміздің әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани салада жаңа деңгейге көтерілуіне қатысты өздерінің көкейде жүрген ой-пікірлерін, ұсыныстары мен өтініш-тілектерін баспасөз бен түрлі жиын, басқосуларда айтып, жазып, жариялап тұрса – өте дұрыс болар еді. Мұндай ұсыныс-тілектерді халық үні ретінде қабылдап, жүзеге асыратын мемлекет бізде қазірдің өзінде қалыптаса бастады деп толық сеніммен айта аламыз.

Бұған өз тәжірибемнен алған бір-екі мысал келтіре кетейін. Мен біраз жылдардан бері Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясының өнертану факультетінде кинотеледраматургия мамандығы бойынша курс жетекшісі болып ұстаздық жұмыспен айналысып келемін. Бұл факультетте бізден басқа театртану, кинотану және жалпы өнертанудың белгілі мамандары мен сыншылары жұмыс істейді. Осыған орай біз күнделікті жұмысымызда тек шәкірттерге білім берумен ғана шектелмейміз, сонымен қатар өз мамандығымызға қатысты бүгінгі таңдағы орын алып отырған өзекті түйткілдер туралы да мәселе көтеріп, баспасөз бен түрлі жиындарда жазып та, айтыпта отырамыз. Сондай жиындардың бірі Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясы мен М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының өткен жылы бірлесіп ұйымдастырған «Отандық драматургия және театр өнері: диалог, үдеріс» атты дөңгелек үстел отырысы. Басқосуға Қазақстан Президентінің Кеңесшісі Мәлік Отарбаев Астанадан арнайы келіп қатысты. Бұл біз үшін айтарлықтай үлкен жаңалық болды. Өйткені театр мен драматургия туралы жиындарды бұған дейін сан рет өткізгенбіз, бірақ олардың ешқайсында мәдениет пен өнерге қатысты ресми орындардың өкілдері төбе көрсеткен емес еді. Ал мына жаңалық бізде халық үніне құлақ асатын мемлекеттің шындап қалыптаса бастағанының айқын дәлелі.
Жоғарыда айтылған жағдайға ұқсас және бір мәселені айта кетейін. Менің туған жерім Сыр бойы – Қызылорда облысы. Жиырма жасқа дейінгі өмірім осы өңірде өтті, әдебиетке де алғашқы қадамымды осындағы белгілі ақын-жазушылар – Асқар Тоқмағамбетов, Қомшабай Сүйенішов сынды асыл азаматтардың қолдауымен жасап едім. Соған орай, кейінгі ұзақ жылдарым алыста, Алматыда өтіп жатса да туған жерден қол үзген емеспін; әсіресе облыстың өзіме жақын әдебиет пен өнер жөніндегі жағдайынан үнемі хабардар болып тұрамын. Осындай байланыстың нәтижесінде соңғы жылдары бұл айтылған салада біраз өзекті мәселелердің байқала бастағанына көзім жеткен. Енді осы мәселені қалай реттеу керек? Мен бұл жөнінде біраз ойланып және бұл жағдайды өзге облыстармен салыстыра отырып, өткен жылдың басында «Қазақ әдебиеті» газетінде «Сыр өңірі: әдебиет және өнер» атты көлемді проблемалық мақала жариялап, оның кеңейтілген нұсқасын облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевқа жолдаған едім. Ұзамай бұл жазғаныма жауап та келді; онда көтерген мәселелерімнің бәрі жүзеге асатыны атап көрсетілген екен. Дегенмен, шынымды айтсам, әуелгіде мұндай жауапқа онша сеніңкіремедім, өз өмірімде жазған мәселелеріме қатысты уәдені үйіп-төккен мұндай жауаптарды талай рет алғанмын, ол уәделердің басым көпшілігінің орындалуы сиырқұйымшақтанып ұзаққа созылып, ақырында ізім-ғайым жоқ болып кететін. Бұл жолы да солай бола ма деп күдіктенгенмін. Бұл жолы бәрі басқаша болып шықты, яғни, уақыт өте мен көтерген мәселелер біртіндеп жүзеге аса бастады. Мен өз мақаламда: «Алматы қаласы мен Ақтөбе, Атырау, Жамбыл облыстарының әкімшіліктері өздерінде тұратын жазушыларға жыл сайын стипендия беріп, басқа да түрлі қолдау көрсетуде; Қызылордада тұратын қаламгерлерге осындай жағдай жасалса», – деген ұсыныс жасаған едім. Ең бірінші кезекте осы ұсынысым жүзеге асты да, төрт-бес ай өткенде Қызылорда облысының ең танымал оншақты жазушысы бастаған әдебиет пен өнердің 20 өкіліне жаңадан «Тұран» сыйлығы тағайындалып, 500 мыңнан сыйақы берілді.
Осыдан біраз жыл бұрын Қызылордада қалалық жастар театры ашылған. Алайда оның әлі күнге басында баспанасы жоқ еді. Мен өз мақаламда бұл жөнінде де қозғап едім. Міне, бұл мәселе де ескеріліп, қазір жастар театрының өз ғимараты бар. Сондай-ақ облыс орталығынан жаңадан зәулім «Өнер үйі» ашылды. Мәдени ескерткіштерді қорғау, жыраулық өнерге айрықша қолдау көрсетілуде. Бір сөзбен айтқанда, менің әдебиет пен өнерге қатысты облысқа жіберген ұсыныстарымның бәрі дерлік біртіндеп жүзеге асып келеді. Ал бірақ мұндай жетістік менің мықтылығымнан, жазғандарымның «кереметтігінен» емес, керісінше облыста халық қолдаған, халқын қолдаған басшылықтың қалыптасқанының айқын көрінісі және мұндай жақсы басшылық тек Сыр бойында ғана емес, еліміздің барлық өңірінде қалыптаса бастағаны анық.
Бұл жақсы дәстүр алда да жалғаса береді деп сенеміз.

Сұлтанәлі БАЛҒАБАЕВ

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір