ҚАЗАҚ СӨЗІНІҢ ҚҰДІРЕТТІ ҚАҒБАСЫ

Ақылбай Абайұлы, Абай Құнанбайұлы және Тұрағұл Абайұлы. Семей. 1896 жыл
Абай – біздің жүрегімізде…
Абай – біздің ой-санамызда…
Абай жырымен әрбір көзі ашық, көкірегі ояу қазақ ұлы дүниенің есігін ашады. Абай жыры өзінің сахарадай кең мінезімен, ерекше жаратылысымен бізді «үйренуге», «жиренуге» үйретеді, жаман мен жақсының арасын анықтайтын критерийлерді тануға, бағалауға бағыттайды.
Абай өлеңдері – өміртануға көмектесетін ойдың, парасаттың дәрісі. Бұл – кез келген буын өкілінің жанына терең бойлайтын мәңгілік дүниенің үзілмес сабағы…
Абай феноменінің бүкіл сиқыры мен жұмбағының кілті де осы мәңгілік дүние хақындағы сабақ пен дәрістің астарында жатыр. Ақын ойы мен жүрегінің тынымсыз күйі дүниелік, өмірлік құбылыстармен бітеқайнасып кеткен… Абай өлеңдерін қайыра оқып, әр сөзіне бойлаған сайын өз кемшілігімізді тауып, әлдебір құдіретті күштің алдында өзімізді емтихан тапсыруға әзірленген әбігерлі студенттей немесе ұстаз алдында өзін-өзі қалай ұстарын білмей дегбірсізденген шәкірттей сезінетініміз рас. Апыр-ай, әлдебір жаңа ойды, тың сөзді таптық па дей бергенімізде, Абай сөзі мен Абай ойлары алдымыздан шыға келеді.
Кеше де солай болған… Бүгін де солай… Ертең де солай болары күмәнсіз…
Өйткені Абай әлемі – құдіреті күшті сөз бен терең ойдың келісті, үйлесімді жаратылысы. Ал өлмес өнер мен сөздің құдіреті «уақыт кеңістігі» дейтін ұғымға бағына бермейді. Ол өзі өмір сүрген заманның ақиқаты мен шындығын арқалап, дәуірлер кеңістігін еркін кезеді. Қасыңда тұрып, жүрегіңе үңіледі, ойыңды сапырады, жаныңды әлемтапырақ етеді. Кестелі сөз, кернеулі ой, кемеңгер пікір өз арнасына салып, тереңіне тартады. Біз білетін ақын әлемі – осындай сыры қалың, жұмбағы мол әлем…
«Қазақ халқы бір кезде адамның өмірін мүшелмен санаған. Ал поэзияның аңыз болған қайнары Әбілхаяттан мәңгі суын татқан жыршы үшін мүшел ғасырлармен өлшенеді. Өзінің еңбегін жете бағаламаған және аз түсінген замандастарын артқа тастап, Абай дәл бүгінгідей біздің қасымызда тұр» деп жазады ұлы суреткеріміз Мұхтар Омарханұлы Әуезов.
Бұл – осыдан жарты ғасырдан астам уақыт бұрын айтылған сөз. Ұлы ақынның дүниеден озғанына елу жыл толған кезде жазылған осынау өрісті сөз, өркенді пікірді қайыра оқып отырып, еріксіз ойға шомасыз.
«Патша – Құдай, сиындым,
Тура баста өзіңе.
Жау жағадан алғанда,
Жан көрінбес көзіме!» – деп, мына екі дүние ақиқатын төрт жолға шебер сыйғызған ұлы ақынның өлмес рухы дәл бүгін қазақ жерінің осынау киелі төрін қайыра кезіп, Шыңғыстау мен Семейді, күллі қазақ жерін бауырына баса, қапсыра құшақтап, ұлылар мен ұландарды өсірген елге, Алаштың айдынды кең байтақ даласына бата-тілегін ағыл-тегіл айтып жатқандай әсерге бөлейді. Ұлысын ұлықтай білген елге алғыстан өзге айтар сөз болмауға тиіс.
Көзі тірісінде бір кітабы баспа бетін көрмеген, бірақ артына өлмейтін сөз қалдырған, қазақ дейтін халықтың рухани ұстазына айналған Абай әлемі он тоғызыншы ғасырдағы Алаш жұртының жүрегін қалай қозғаса, жиырмасыншы ғасырдағы адамзат ойын солай тербеді. Енді, міне… Жиырма бірінші ғасыр ақиқатымен де бетпе-бет келіп, қазақ рухын асқақтатып, «махаббат пен ғазауат майданын» ашып отыр.
Жаңа дәуір, жаңа ұрпақ тұғыры биік, тумысы бөлек кемеңгер ойды таныған үстіне тани түсуде… Абайсыз өткен бір ғасырдан асып жығылар уақыт кеңістігі ақын жанын терең тануға, ақын жанын терең тану арқылы қазақ жанын терең танып-білуге мүмкіндік берді. Күні кеше ғана иығына шапанын желбегей жамылып, мына кең дүниеге, ғалам атты кеңістікке Жидебай төрінен барлай қарап, ойлана көз тіккен ұлы ақын туған елінің махаббатына бөленіп, өкініші мен өксігін, өрлігі мен ерлігін жыр-сөзімен тұмар қып түйіп, мәңгіліктің төріне біржола жайғасты…
Абай ақиқаты аңызға айналды. Абай шындығы жұмыр жерді кезіп кетті. Абай бейнесі қазақтың санасында даналық пен парасаттың өлмес кескіні болып, қалай қалыптасса, әлем жұртшылығының жадына да көрегендік пен кемеңгерліктің далалық үлгісі болып, солай бекіді…
Құдіретті жырдың құдіретті сарыны қазақтың байтақ сахарасын еркін кезді. Қала-қала, ауыл-ауылды аралап, үйді-үйге кірді; мыңдаған ғашық жүректердің сағынышы мен сазына айналып, тойлар мен жиындардың сәнін келтірді. Осыған дейінгі жұмыр бас пенденің арғы-бергі кезеңдерінде өмір сүріп, жерүсті құндылықтарының сапалық тұрғыдан молаюына, баюына үлес қосқан ұлы дүниелер қатарын ақынның ғажайып әндері мен өлмес сөздері еселей толықтырды. Абай дейтін феноменалды құбылыстың тарихы мен тамыры тым әріде, адамзат баласының қалың қатпарлы қойнауларында жатқанын алты құрлық танып, мойындады. Ғарыштан түскен ғажайып сарын ұлтына, ұлысына, жеріне, еліне бөліп жатпай, адам дейтін Алла жаратқан тіршілік иесінің бәрін ортақ өмірлік сауалдар мен жауаптар айналасына үйірді.
Қазақ елі Абайын тану арқылы өзін таныды. Қазақ елі Абайын таныту арқылы әлемге өзін танытты. Тәуелсіздік дәуірінің алғашқы жылдарымен тұспа-тұс келген ЮНЕСКО шеңберінде аталып өткен ақынның 150 жылдық мерейтойы тұсындағы әлемдік деңгейде өткен тарихи шаралар – осы айтқанымыздың тағы бір айғағы.
«Күн артынан күн туар,
Бір күн дамыл еткізбес,
Ой артынан ой қуар,
Желге мінсең, жеткізбес…» – деген бұрауы берік, өрімі мықты классикалық жыр ұлттың мәңгілік қазынасына айналды, ұлтты мәңгілік айдынына алып шықты.
Қасіреті мен қайғысын, мұңы мен зарын атам заманнан өмірдің өзіндей өркенді сөз бен табиғаттың өзіндей таңғажайып сұлу әнге жүгінтіп үйренген қазақтың арғы-бергі тарихында алпыс екі тамырын дәл осылай кезіп, жүрек қылын дәл осылай тербеткен сөз бен саз бұрын-соңды Ұлы дала төсінде мүлде болмады деу, әрине, күпірлік болар еді…
Болған!
Біздің дәуірімізге дейінгі Анарыс, Заратуштра, Майқы билерден бастап, бергі дәуірдегі Тоныкөк, Естеми, әл-Фараби, Құл-Қожа Ахмет Ясауи, Қорқыт ата, Асан қайғы, Шалкиіз, Ақтамберді, Дулат, Махамбет, Шоқан, Ыбырай, Сүйінбай, Жамбыл, Қашаған, Құлмамбет, Құрманғазы, Тәттімбет, Дәулеткерей, Қазанғап, Иманжүсіп, Үкілі Ыбырай, Ақан, Біржан, Мұхиттарға жалғасатын сөз бен ойдың, саз бен күйдің тыңдаушысын ұйытып, таңдайын қақтырар орасан үлгілері осынау далалық мәдениет пен көшпелі өркениеттің бітімін танытар бір-бір айрықша құбылыс екені айтпаса да белгілі.
Мыңдаған жылдардан керуенін тартар қазақтың сөз өнері мен саз өнері ондаған ұлыны тағына қондырып, сандаған сәйгүліктің жалын тарағаны ақиқат. Абай – сондай ұлыларды туған ел мен жердің нәрі мен арынан жаралған алып жаратылыс иесі. Абай – ғасырлар толғағы тудырған, кіндігін өмір ақиқаты кескен ұлттың ұлы ақыны. Абай – ғаламдық тұлға.
Осыдан жүз жылдай бұрын айтылған Ахмет Байтұрсынұлының «Қазақтың бас ақыны – Абай (Шын аты Ибраһим) Құнанбаев. Онан асқан бұрынғы-соңғы заманда қазақ баласында біз білетін ақын болған жоқ» дейтін пікірі сол сөзіміздің айғағы.
* * *
Абай жалпыхалықтық мойындау биігіне көзі тірісінде жеткен. Ибраһим Құнанбайұлымен әңгімелесу мүмкіндігіне ие болған тілі, діні бөлек замандастарының қай-қайсысы да осынау Батыс, Шығыстың өрісі мен өркеніне қанық ғұлама жанмен болған әңгімеден соң Абай турасында ғана емес, Абайды жаратқан әулет, орта, ел, халық хақындағы пікірі өзгеріп, түлеп, жаңарып отырған. Ақынның арғы-бергі дәуірлердегі өмір сүрген әлемнің атақты ойшылдары мен сөз зергерлері хақындағы мол біліміне, олар жайлы бағасы мен көзқарасына таңырқай отырып, таңдай қаққан замандастары қаншама мол болғаны белгілі. Ол туралы деректер көп.
Иә, Абай ойы мен парасатының шуақ, нұры ерекше болды.
«Күңгірт ойым сырласар,
Сұрғылт тартқан бейуаққа.
Төмен қарап мұңдасар,
Ой жіберіп әр жаққа…» – дей келіп:
«Адасқан күшік секілді,
Ұлып жұртқа қайтқан ой…» – деп ақынның өз дәуірі жайлы тереңнен суырып, таусыла сөз айтуы бекер емес. Ол Алланың өзіне берген көл-көсір дарынын айналасына, халқына беруге ұмтылды. Бірақ… Ол ойы көп жағдайда жаңғырығып, межелі жеріне жетпей, орта жолда үзіліп жатты. Ақын-жүрек соны біліп, соны сезіп күйзеледі. Әуезов айтпақшы, дәуірі де, ортасы да ақынын «жете бағаламады, аз түсінді…». «Көзіме жас бер жылайын, шыдам бер, сабыр қылайын» дейтін қайғы мен қасіретке толы ұлы жолдар осындай кезде жазылғаны шүбәсіз.
Орта дегеннен шығады… Ретті жерінде айта кеткен жөн… Қазаққа шекесі торсықтай дара бітімді, дарынды ұлдарды сыйлаған Ырғызбай-Өскенбай-Құнанбай әулеті жайлы бүгінде таратып пікір айтушылар көп. Өз кезінде отаршыл жұрт бір бүтін елді қырық руға бөліп билесе, келе-келе Кеңес Одағының тұсында тегін тергеп, таптық саясат дейтін қып-қызыл өртті қаулатып, оңына да, солына да аямай салған идеологияшыл қоғамның өз ықпалын қалай жүргізгені бәрімізге белгілі. Ғасырлар бойы қалыптасқан ел тізгінін ұстаудың мектептері тас-талқан болып күйреген тұста құрық тек тірілерге ғана түскен жоқ. Құрық ұлттық құндылықтарымызды дәйектер арғы-бергі дәуірлерге де, дәуірлерді өз қолымен құрған ұлт көсемдерінің аруақтарына да ілінді. Бай, кедей дейтін ұранмен ел құлағында болған көсегелі көсемдер мен қызыл тілді шешендердің, сөз бастаған билер мен ел бастаған хан-сұлтандардың барлығы ұлт тарихынан сызылып жатты. Сол сызылудан Құнанбай әулеті де сырт қалған жоқ. Құнанбай әулеті де айдалды, атылды. Азуы алты қарыс, тебінгілі, текті тұқым не көрмеді?! Басынан нендей күндер кешпеді?! Абай балаларынан тараған әулеттің қайғы-шері жетіп-артылады. Ақынның ұлы інісі Шәкәрімнің қолдан өліп, сүйегі отыз жыл құдық түбінде сұраусыз жатуы соның айғағы емес пе?! Айналып келгенде бәрі, ақынның өзі айтпақшы, «Өткен өмір – қу соқпақ, қыдырады, талайды» деп, талайды қан қақсатқан күрделі заман, тауқыметі мол дәуір Абайды да, Абайды дүниеге алып келген қазақ халқын да талайлы тағдырдың сынына аямай салды.
Бірақ Абай да, қазақ та майыспады… Абайдың ұлы болуы, ең әуелі, сол қазақ есімді ұлы халықтың сүйегінен жаралып, сүтін емгені!..
Ақын әлемі тұтас… Абай қуанса да, қайғырса да, шаттанса да, шабыттанса да мол пішілген қазақы болмысымен құшағын жайып, алдан шығады. «Өнер алды – қызыл тіл» санаған, халықтың шешен тілді, көсем мінезді елдің еміренген сәті мен тебіренген тұсының тұңғиығын кезгендей болатынымыз да сондықтан. Мұхиттың түбіндей терең, теңіздің ақ толқындарындай айбынды сөз, асау ой!.. Абайды оқып отырып, әлемді сөзге бағындырып, әлемді сөзге табындырған көшпелі жұрттың жер үстіндегі бірде-бір елге ұқсамайтын патша-кейпін көргендей күй кешеміз… Сөзбен дауды шешіп, сөзбен жауды қайырған, сөзбен бойын жаралап, сөзбен ойын саралаған, сөзбен елін тізгіндеп, сөзбен жерін ұстаған неткен ақылды, неткен кемеңгер еді бұл халық?! Абай әлемі бізді осындай сұрапыл мінезі мен сыр-сымбаты қатар жүретін сөз дейтін сиқырдың қанатына қондырады. Бірде алпыс екі тамырыңды атқақтатып, бойыңды өртесе, енді бірде жауабы қиын мәңгілік сауалдардың қорығына айдап әкеледі… Жүрек-бойыңды тоңдырады.
Қазақы сөз… Қазақы ой… Қазақы таным…
Жер де, көк те, өзен де, көл де, жусанды дала, бетегелі бел де «ұлт ақыны» дейтін ұлы ұғымға сананы жұдырықтай жұмылдырып, жұмыр бас пендеңе кең дүниені кемел қалпында ұғындырып, оқырманын жаңа кеңістікке жетелейді. Ақынның жаны қазақтың жаны болып сөйлеп, кең даланы шексіз ғаламға жалғайды. Жыр жалпыадамзаттық сезіну, түйсіну, бағалау, ой қорыту биігіне көтеріледі.
«Сылдырап өңкей келісім,
Тас бұлақтың суындай,
Кірлеген жүрек өз ішін
Тұра алмас әсте жуынбай.
Тәңірінің күні жарқырап,
Ұйқыдан көңіл ашар көз,
Қуатты ойдан бас құрап,
Еркеленіп шығар сөз…» – дейді Абай-жыр. Әрі қазақы, әрі адамзатқа ортақ көңіл ауаны. Сөйте тұра осыған дейін қазақ ұғымында кездеспеген әлденеше тіркеске көзіміз сүрінеді. «Кірлеген жүрек өз ішін тұра алмас әсте жуынбай…» Қазақ өлеңіне жаңылмай жол салған бейнелі жаңа тіркестер. Бірақ соншама ұғынықты, соншама ұлттық бояу-реңі қанық екі жол сізді еріксіз өзге бір талғам сорабына салып, таным мен талдау айдынына алып шығады. Жырдың құдіреті осындай жаңа, тосын тіркестерден көрінеді. Бір қарағанда, кәдімгі қара орман қазақ жұртының күнде айтып жүрген сөздері. Қолданыста жүрген көненің көзіндей болған ұғымдар. Әлгі қазақ санасына шегелене біткен ескі сөздер бірі мен бірі байланысқа түсу арқылы ұғымы өзгеше, жаңа, бейнелі тіркестерді құраған… «Тәңірінің күні жарқырап, ұйқыдан көңіл ашар кез» дейді Абай! Бірімен-бірі жымдаса қабысқан осындай өрісі кең жыр жолдары ақын жаратылысының даралануына, ой әлемінің төрінен суырылып шығып, ақын сөзінің саралануына қызмет етеді…
* * *
Абай сөзінің астарында адам жанын күрсінте білер қуат пен адам жанын қуанта білер сиқыр бар. Жұмбақ жанның жұмбақ жаратылысы бар.
Сол жұмбақ жаратылыс жер үсті тіршілігімен сырласып, тілдескелі, қайғырып, мұң кешкелі, міне, үшінші ғасырдың жүзі болып отыр. Қайта уақыт озған сайын қанаттанып, күрделеніп, ұлт рухын сақтауға, ұлт мінезін қорғауға, тіл мен діннің тұтастығын бұзбауға, бір сөзбен айтқанда, бүгінгі жаһандану дейтін алпауыт құбылыс қалыптастырып отырған өмір, тіршілік, қоғам ақиқаттарымен тереземізді тең ұстап отырып сөйлесуге үйретеді.
«Досыңа достық – қарыз іс,
Дұшпаныңа әділ бол.
Асығыс түбі – өкініш,
Ойланып алмақ – сабыр сол».
Міне… Жұмбақ жаратылыс иесінің жұртына айтар ғибраты. Қазақ «жауды аяған жаралы» десе, Абай «Дұшпаныңа әділ бол» дейді. «Асығыс түбі – өкініш» дейді. Бүгінгі өмір. Бүгінгі ой. Әуезов айтқандай, «Абай дәл бүгінгідей біздің қасымызда тұр».
«Қарашада өмір тұр, тоқтатсаң, тоқсан көнер ме?» деп басталатын философиялық терең ойға құрылған белгілі жырдың әлгіндей өмірдің ащы шындықтарын қақыратып айтар тұстарын оқып отырып, бүгінгі дәуір, замана ақиқатын аңғарғандай боларымыз анық…
Жұмыр бас пенденің бәріне тән, бәріне ортақ «қызыл түлкі – дүние» алдындағы әлсіздігіне майдан ашқан ақынның:
«Жара басты кеудені,
Жаудан өлді ар үшін», – деп ашына налуына сенесіз немесе ойы тығырыққа тіреліп, жүрегі жалғыздық қорығына қамалып:
«Жүрегім менің қырық жамау,
Қиянатшыл дүниеден», – деп торығуына да нанасыз.
Қазақ жырына өлшем мен түрдің ондаған үлгісін енгізіп, өлең дүниемізде түбірлі реформалар жасаған, қазақ поэзиясын бұрын-соңды көрмеген, білмеген жаңа өріске, жұлдызы жарық жаңа әлемге алып шыққан жаңашыл ақынның:
«Жартасқа бардым,
Күнде айғай салдым,
Онан да шықты жаңғырық,
Естісем үнін,
Білсем деп жөнін,
Көп іздедім қаңғырып.
Баяғы жартас – бір жартас,
Қаңқ етер, түкті байқамас…» – дейтін атақты «Сегіз аяғын» білмейтін қазақ жоқ.
«Сегіз аяқ» – жаңашыл жырдың үлгісі ғана емес, заман, қоғам, адам хақындағы концептуалды терең ойлардың асау тасқыны. «Сегіз аяқ» – ойды мәнерлеп, «алыстан сермеп, жақыннан тербеп» айтудың берісі – қазақ, әрісі – әлемдік поэзияға Абайдың тарту еткен жаңалығы. «Сегіз аяқ» – жалғыздық жыры! «Сегіз аяқ» – адам мен ғалам арасындағы тылсым байланысты тануға шақыратын құдіретті жыр! Кемел сөз! Бұл – ұлы жүректің ұлы шері!.. Әр сөзі қорғасындай салмақты. Әр жолы тас қозғайтын толағайдай сұрапыл. Сөзі мен сазы шып-шымыр болып табысқан, түрі мен сыры ажырамастай қабысқан ұлы жыр!
Осы өлеңді оқып, тыңдап отырып, тіліміздің ұшына әркез жалғыздық деген ұғымның жаңғырығып орала беретіні несі екен?! Бұл рухани қанағатсыздықтан туатын ойдың жалғыздығы емес пе?! Арғы-бергі дәуірлерде ғұмыр кешкен ұлы тұлғалар мен терең ойлы ғұламалардың басында жиі болатын «теріске шығарудың» текті үлгісі емес пе?! Өзі терезесін тең ұстап, иықтасып отырып, қазақ тілінде қапысыз сөйлеткен Пушкин мен Лермонтовтың, Гете мен Байронның тағдыр-талайларын еске салатын Абай жалғыздығы өз заманынан озыңқырап кеткен ұлы жүректің қасіретті, қасиетті жалғыздығы екені шүбәсіз. Төркінінде адамды сүю мен кісіні құрметтеу жатқан Абай жалғыздығы – ғайып берен мінезді ұлы ақынның жалғыздығы! «Ішек бойлап, он саусақ жорғаласа, бейістің үні шығар қоңыр салқын» дейтін екі дүние барына бек сенген жанның Жаһаңмен бетпе-бет келген жалғыздығы!
Иә…
Жер жалғыз…
Ғалам жалғыз…Адам жалғыз…
Қазақ үшін Абай қашан да жалғыз… Жер бетіне Тәңір өзі сыйлаған жаратылыс иесі – адамның орнын асқақтату, ақыл-парасатын төрге шығару хақында толғанудан туған ұлы сезім Абай жырын әлем әдебиетінің төріне көтеріп отырғаны анық.
Ұлы ақынның жалғыздық хақындағы толғанысы бүгін адам өмірі мен санасында өз мағынасын жойды деп ешкім айта алмайды. Өркениеттер кеңістігі мен мәдениеттер айдынын мидай болып араласуға үндейтін жаһандану дәуірі Адам-ата, Хауа-ананың бүгінгі ұрпағын жиі-жиі меңіреу жалғыздықтың тұйығына қамап келе жатқаны жасырып-бүгер сыр емес…
Бұл – бүгінгі күннің ақиқаты.
Бүгінгі қазақ, бүгінгі қазақ тілін қадір тұтатын ұрпақ өз елінің рухани тұтастығы мен рухының асқақ болуын қамтамасыз еткісі келсе, қазақ сөзінің құдіретті қағбасы – Абай дейтін тамырын терең ғасырлардан тартатын ұлт ойының ұлы төріне жиі-жиі бұрылып, халықтық қалыбымыз бен ұлттық тұтастығымыз жайлы толғануы керек. Керек! Сайып келгенде, бұл керек Қазақ елінің мемлекет ретінде іргесінің бекуін, тәуелсіздік дейтін киелі де қасиетті ұғымның тамырын терең жіберуін қамтамасыз етер толып жатқан ұлттық керектердің тағдырын оң шешері анық.
«Қайрат пен ақыл жол табар,
Қашқанға да, қуғанға.
Әділет, шапқат кімде бар,
Сол жарасар туғанға.
Бастапқы екеу соңғысыз
Біте қалса қазаққа,
Алдың – жалын, артың – мұз,
Барар едің қай жаққа?!
Біз айтып отырған ұлттық керектерге алып барар жол жатқан жоқ па осынау өлең шумақтарының төркінінде?! Абай айтар ой мен Абай қояр сауал төркінінде кешегінің ойы мен кешегінің ғана сөзі жатқан жоқ. Бүгінгінің сөзі, бүгінгінің ойы жатыр баққанға. «Алдың – жалын, артың – мұз…» дейді жүректі қылта тұсынан ұстап тұрып ұлы ұстаз.
Бүгінгі қазақ ғана емес, бүгінгі жерүсті өркениеті нағыз «алды – жалын, арты – мұз» дейтін ақиқатпен бетпе-бет келіп отыр. Сол бетпе-беттен абыройлы шығу – ұлтқа сын. Ұлттың рухын сүріндірмей, тарих талқысынан аман өтуде ақын Абайдың да, хакім Абайдың да берері мол, үйретері көп.
Ұлы ақын хақындағы сөзімізді Алаш арыстарының бірі Міржақып Дулатовтың мына бір пікірімен аяқтағанды жөн санадық. Сөз Абайдың дүниеден өткеніне он жыл толуына орай 1914 жылы жазылған. «Зәредей шүбә етпейміз, Абайдың өлген күнінен қанша алыстасақ, рухына сонша жақындармыз. Үнемі бұл күйде тұрмас, халық ағарар, өнер-білімге қанар, сол күндерде Абай құрметі күннен-күнге артылар, «Бірінші ақынымыз» деп қабіріне халқы жиі зиярат етер, халық пенен Абай арасы күшті махаббатпен жалғасар. Ол күндерді біз көрмеспіз, бірақ біздің рухымыз сезер, қуанар…», – дейді Алаш көсемі.
Алаш арыстарының айтқаны келіп, армандары орындалды. Халық ағару биігіне көтерілді.
Енді… Абайды сол биіктен аласартпай, биіктеткен үстіне биіктете беру – парыз…
Өйткені Абай биігі – ұлттың биігі. Абай биігі – қазақ сөзінің құдіретті қағбасы!
Нұрлан Оразалин,
ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері