Қазақтың қара сөзінің айбары
18.02.2025
233
0

Қазақтың қара сөзінің айбары, ұлттық рухтың ту ұстаушысы болған кемеңгер қаламгер Мұхтар Мағауиннің дүниеден озғанына 40 күн болды. Осы уақыт ішінде классик жазушының көзін көрген, қызметтес болған танымал жандар мен қалың оқырман тарапынан редакциямызға келіп түсіп жатқан хаттар легі толастаған емес. Біз бүгін редакция қоржынына түскен хаттардың бір тобын оқырмандар назарына ұсынғанды жөн санадық.

Төлен ӘБДІК:

– Француздың ұлы жазушысы Бальзак қайтыс болғанда, қабірінің басында тағы бір ұлы жазушы Виктор Гюго сөз сөйлепті дейді. Сол сөзінде «Заман өзгерді, бұл өмірдің басты тұлғалары қазір билеушілер емес, ақыл-ой иелері» десе, сондай-ақ «талант­тардың өлімі – көптің қайғысы, ұлылардың өлімі – бүкіл халықтың қайғысы» деген екен. Біз бүгін сондай үлкен қайғының үстінде отырмыз. Қазақ руханиятының алып бәйтерегі Мұхтар Мағауин дүниеден озды, бұл – халқымыз үшін орны толмас ауыр қаза. Бірақ артында елі бар. Ел аман болса, алыптар өмірі үзілмек емес. Алаш арыстары о дүниелік болған зұлмат жылдарда бұлардың аты тарихтан өшті деп ойлаған болар біреулер. Жоқ, ел бар болса, сол елі, жері үшін құрбан болған ерлердің ісі де, аты да өшпейді. Тарих таразысы өз бағасын береді. Сондықтан Мұхаңның артындағы елі аман болсын деп тілеймін. Мағауин елін шексіз, шартсыз сүйген, бүкіл өмірін перзент­тік махаббатпен, адал жүрекпен еліне арнаған азамат еді. Жақсы дос болдық, отбасымызбен араластық. Ниетіміз адал, арман-тілегіміз бір болатын. Ке­йін ол шетелге кет­ті. Қаншама дүниені жазып қалдырды. Ол еңбектері арқылы қазақтың ұлт­тық санасын қалыптастыруға еңбек етіп кет­ті. Міне, пәленбай күн болды, теледидарды ашып қалсаң, радионы басып қалсаң, Мұхтар Мағауин есімін естисіз, яғни халық өзінің жақсыларын бағалап, қастерлей біледі. Бүгінгі асқа халықтың мұншама жиналуының өзі соның бір айғағы. Өйткені Мағауиннің арманы – халықтың арманы. Соған жетейік, артында қалған мұралары ұлтымен бірге жасасын. Артында қалған ұрпағы аман болсын, өсіп-өнсін.
Өзі де айтыпты ғой кітабының соңында: «Мен өлген күні аруаққа айналамын», – деп. Қазақ – аруаққа сенген, аруақ­ты сыйлаған халық. Сүйегі сол жақта жатқанымен, Мұхаң қазақ халқының жүрегінде. Аруағың ел-жұртыңды қолдасын, қош, қадірлі Мұха, жатқан жерің жарық болсын!

(Мұхтар Мұқанұлы Мағауинді еске алуға арналған 7 күндік аста сөйлеген сөз. Астана қаласы).

Ол енді оралмайды

Мен Мұхтар ағаны кітаптары арқылы таныдым. Аралас-құраласым да болмаған. 2004 жылы түлен түртіп, мемлекет­тік сыйлыққа номинант болдым. Комиссия мүшелеріне кітаптар тапсыру керек деген соң, Жазушылар одағына келгенмін. Сол жерде Тұрсынбек Кәкішев пен Мұхтар ағаны кез­дестірдім. Кербез, кірпияз, кінәз сияқты көрінгенмен, Мұхтар ағаның көңіл күйі жоғы сезіліп тұрды. Екі ағаға кітаптарымды сыйладым да, ауылыма қайт­тым.
Сол кез­дерде басталған мемлекет­тегі кризис (ол кез­де айтылмайтын) етек алып, көпшілік психологиялық өзгерістерге душар болып, әдет­тегі жүрісінен жаңылып, интригалар мен бір-біріне өшіге, жауыға қараудың алғашқы симптомдары көрініс тауып, материалдық, рухани-ішкі байлық ыдырап, мизантропиялық қоғамға қадам басталған.
Мен мұны әдеби ортадан алшақтау, елде жүрсем де, Мұхтар ағаға бағыт­талып атылған кесектердің көптігін ішкі интуициямен аңғардым. Дәл сол кез­де менің де жағдайым мәз емес еді. Мұхаң көрген теперіштің мини көрінісі басыма түскен. Өз ауылымның қасқасы бар, басқасы бар, көп иті де, көк иті де шабаланып үріп, қоғамнан ысырып тастағысы келген уақыт еді. Осындай дәрменсіз кезеңде, менің қорғаушым да, қолдаушым да өлеңдерім болды.
Дос дегенім – жасауыл,
Шегінеді сенгенім.
Көңіл деген асауым,
Күйін кешті, пенденің…
немесе:
Не деген сен, өлермен ең, арман-ән,
Нәзік жіптей үмітімді жалғаған.
Қарғалардың қара тобы, жабылып,
Шұқығанда, көзімнен көз қалмаған.
… Маздап едім, ошағында отын боп,
Енді маған көк аспаннан жақын жоқ.
Көзі соқыр самұрықтай самғадым,
Қайта жерге оралуға қақым жоқ!.. –
деп жазыппын.
Иә, «өлең деген туады қайшылықта!» Бұл өлең – Мұхаңның сол кез­дегі көңіл күйін дөп басқандай. Күнәнің үлкен-кішісі болмайтынындай, қайғы мен мұң да солай екен. Мұны рух үндестігі десе болады.
…Өткен жылдың маусым айының соңында менің 75 жасқа толуым шағын дастарқан басында тойланып жат­ты. Тілеулес дос-жарандар құт­тықтай келіп, отбасында мәре-сәре болып отырғанбыз. Мұндай кез­де телефонның босамайтын кезі ғой. Бәріне сыпайы жауап беріп отырғанмын. Мына қоңыраудың әсері ерекше болды. Орнымнан атып тұрғанымды өзім де сезбей қалдым. Бұл – Мұхтар Мағауин еді.
«Жетпіс бес те – бір белес. Құт­ты болсын! Саған беретін сыйлығым Алматыда, өзіңді күтіп жатыр – шығармаларымның толық 26 томдығы. Балалар жеткізіп берер.
Мен қазір Түркиядамын. Кемер деп аталатын курорт­ты аймақ. Демалушылар көп. Қазақтар да бар дейді. Жолың түсіп келетін болсаң хабарлас!» – деп, жылы қоштасты.
Маусым аяқталып, шіліңгір шілде де өте шықты. Тамыздың орта шенінде Шымкент­тен Анталияға ұштым. Ұшақтан түскен бойда, күтіп тұрған автокөлікке отырып, әп-сәт­те Кемерге ат басын тіредік. Орналасып алған соң, бірден теңізге бет­теп, Ақтеңізге ақжем болғанша түстік. Рақат!
Ертеңіне ағаға телефон соқтым. Күтіп отырғандай, үні қуанышты естілді. «Иә, мен осы Кемердемін ғой. Сен тұрған жерден 15-20 минут­тық жол». Қазір ұлым Едіге барып, үйге алып келеді.
…Қош, сонымен, көлік те келді ғой. Ары кеткенде жарты сағат­тың о жақ, бұл жағында, үш қабат­ты, еңселі сары үйдің қақпасының алдына келіп тоқтадық. Сәулет­ті үйдің кең сарайдай қонақ бөлмесіне ендік. Ағамен сәлемдесіп, нұсқаған төр жаққа жайғастық. Сексен бес деген жастың ернеуіне жақындаған ағаның денсаулығының сыр бере бастағаны байқалды. Бірақ, қарт тәнді, асау рух қолдап тұрды. Жайлап басып, үстел басына отырғанында жанарындағы мұздаған оты, күлімсіреген жүзіне әр беріп, баяғы «кінәз» қалпына оралды.
Дастарқан үстінде баяу, қоңыр үнімен бәрімізді баурап алды. Әрбір айтылған сөз – біз үшін ғибрат, сабақ. Ел жаңалығын сұрады. Білгенімізді айт­тық. Маған тіктеп қарады да:
– Додаға түсіп жатқан көрінесің, ақжол болсын, – деді.
Менің Кемерге кеткенімді естіген адамдар, тіптен Мұхаңның өзі де, қолдау дәметіп келіп отыр деген ойдың бірден келетіні рас. Уақыт созбай өзім баяндай бастадым:
– Иә, аға, додаға түсіп жатқаным рас. Бірақ сізден қолұшын созу жөніндегі дәмеден аулақпын. Олай болуы мүмкін де емес. Өткен жолғы конкурста бір әріптесімізге көмектескеніңізді білемін. Біле тұра, сізге өтініш айту – буынсыз жерге пышақ ұру емес пе? Ондай ойдан аулақпын! – деп көңілдегі дүдалсалдықтан бірден арашалап алдым. Мұхаң, сол жағында отырған маған үңіле қарады. Пенделерден шайлығып қалған таза қалып, таза көңіл шындығы ма дегендей барлай қарағанын, жүзімнен жасандылық көрмеген соң, жайдарлана түсіп, жіпсіген маңдайын сүрт­ті.
Айт­қаным, шыным еді. Көңілі толқып: «Тек, өзіңе сен, қарағым», – деген бір ауыз сөзде, «мақсатқа ұмтыл, жеңбесең де жеңілме, мұратыңа жет!» деген, сенім мен үміт тұрғанын іштей сездім. Ойы жүйелі, әңгімесі ғибрат­ты жанның қасында өзіңнің қалай байланып қалғаныңды сезбейді де екенсің. Сөз арасында Бақытжамал апамыз екеуміз әңгімеге арагідік қосылып қоямыз. Апай да терең жан екен. Ұнағаны – апаның Мұхаңмен ойының бір жерден шығатыны, жүрек лүпілі де бірге соғатыны. Ұлы тұлғаның әлемге танылуына өлшеусіз үлес қосқан, жақсы жар, айтулы ана, мейірімді әже, өнегелі ене бола білген асыл жанға тілегеніміз тек амандық.
Әдемі отырыстың әсерлі сырларымен отырып, түннің қоюланып кеткенін де байқамаппыз.
– Аға, бізге рұқсат болсын, сізді де шаршатпайық, – дедім.
– Қарағым, риза болдым. Бүгінгі шай – «сәлем шай». Арнайы сыбағаң бар. Бұйырған дәмнен ауыз тиіп кетерсің. Екі күннен ке­йін, Едіге інің барып, алып келеді, – деді.
Айналдырған он күннің екі күнін ғұламаның дерге­йінде өткіздік десем болады. Әңгіменің барысында, ағамыз: – Келесі жыл басында 85-ке толамын. Америкада өткіземіз деп жатыр, балалар. – Келесің ғой, – деді.
– Түркия мен Алматыда өтсе ғой!– дедім.
Әңгімеге Едіге араласты.
– Алматыда да өткіземіз деп отырмыз, – деп ағаға бір қарап қойды. Аға үндемеді. Бірақ сол үнсіздіктің астарында мақұлдаған сыңай жатыр еді.
Қыркүйек айында Америкаға оралатынын, онда өзін бақылауда ұстайтын білікті дәрігерлердің бар екенін жеткізді.
Қоштасар кез­де, «Ұлтқа қызмет» деп аталатын кітабын қолтаңбамен тарту ет­ті. Әдет­те, кез­десудің әсері мол болғанымен, қоштасудың қиын екенін білеміз ғой. «Әлі де отыра түссе екен» деген ой ағаның көзінде тұнып тұрды. Кітапты сөмкеме сала бергенімде, «бере тұршы, бір сөзім қалып қойды», – деді. Кітапты ұсындым. Ол жазған қолтаңбасының соңына «Мен сені жақсы көремін!» деген сөз қосты.
Бұл Қазақ­станда жасайтын барлық жазушы әріптестеріме арналғандай. Бір-бірімізді жақсы көрейік, аға­йын!
Қаңтар айының басында күннің суығынан да суық хабар келіп жет­ті. Қазақ елі өрт тиген ормандай теңселіп бірінен- бірі асып жоқтады. Бүкіл ақпарат құралдарының беті азалы хабарға толып кет­ті.
Өзім танитын ұлы Едіге мен жары Бақытжамал апайға бір ауыз жұбату сөзін жаза да, айта да алмай, іштей тоқырауға ұшырадым. Ол маңымдағыларға аян.
Рухтас едік қой. Менің де рухым өлді ме? Өлген болар…
Жаназабынан Бақытжамал апайдың өзі шығарып алды. Қаңтардың 24-жұлдызы күні сонау Америкадан телефон соғып, ағаңның арты қайырлы болсынды айт­ты ғой. «Босама!» – деді ғой…
Бұл не деген көрегендік, неғылған сұңғылалық! Екеуі бір адам болып кеткен екен ғой… Әлде аға аян берді ме екен?
Абыз ағаның, аңыз ағаның жанында жай күн өткізбеген екен да? Алла берген дарынынан ке­йінгі, жазуға деген мүмкіндіктің мыңдаған атрибут­тарын жасаған да, орындаған да осы апамыз екен ғой. Жазушы жарының көрер жарығы ұзағынан болып, отбасының амандығын тілеймін. Құрмет­ті оқырманым, осы естелікті жазу үстінде жыладым да, қамықтым да, күйіндім де!.. Артық эмоцияға беріліп кетсем, сөге жамандамаңыздар.
Жан дауысы ғой!

Ханбибі Есенқарақызы

Келешектің кемеңгері

Сырт­тай шығармаларына тамсанып, бір көруге құмартып жүрген «Қобыз сарынындағы» түлкі тымақ, қасқыр ішік киген, қияқ мұрт­ты «нағыз қазақпен» жаңылмасам, 1976 жылы жүздестік. Жай дидарласып қана қойғамыз жоқ, Мұхтар аға сол жылы Қазақтың Абай атындағы Педагогика институтына оқытушы болып келді де, бізге «Жыраулар поэзиясы» және «Қазіргі қазақ әдеби сыны» деп аталатын екі арнайы курсты қатар жүргізді.
Сырт­тай алған әсеріміз дәріс барысында күшеймесе, бәсеңсіген жоқ. Жыраулар поэзиясын желпінте отырып жатқа айт­қанда, аузымыздың суы құритын…Ол кісінің өлең оқу мәнері де ерекше бөлек еді. Мектеп қабырғасында атын да естімеген жыраулар шығармашылығы біз үшін мүлде жаңа әлем болып ашылды. Жас ұстаз тап бір сол жыраулардың ортасынан келгендей ағылып-төгіліп сөйлеп, бізді сонау Алтын Орда, Ноғайлы, Қазақ хандығы дәуіріне алып кететін…
Екінші арнайы курсты да қызық етіп өткізетін. Сол кезеңдегі қазақ әдебиетінің тарихы мен сыны жөніндегі еңбектердің ешқайсысына асыра ілтипат жасамайтын. Бірақ әрқайсымызға мерзімді басылымдар мен әртүрлі жинақтардағы сыни материалдарға шолу жасататын, кейбір еңбектерді мақтай бастасақ, қарсы сұрақтармен қайырып отыратын. Өзі тұстас сыншылардың өзін «сынайтын». Әдебиет­тегі коммунистік сүреңге, ұраншылдыққа, жасандылық пен жалғандыққа, совет­тік саясат­ты тілге тиек етіп сыпыра мақтау­ға жаны қарсы болатын. Жалпы әлем әдебиеті мен қазақ әдебиетінің келешегі жөнінде тосын әңгімелер айтып, біздің ойымызға келе бермейтін толғамдар мен болжамдар жасап отырушы еді.
Менің несібеме қарай, институт­ты бітіретін жылы Мұхтар аға диплом жұмысымның кеңесшісі болды. Жетекшім профессор Нығмет Ғабдуллин еді. Тақырыбым «М. О. Әуезовтің «Қилы заман» туындысы болатын. Көп жылғы қапастан ке­йін шығарманың Ш. Айтматовтың алғы сөзімен жарыққа шыққанына көп болмаған. Сол жылдары «Қазақ әдебиеті» газетіне профессор Рымғали Нұрғалиевтің «Қилы заман қандай туынды?» деген мақаласы да жарияланды. Мен диплом жұмысымды қорғап тұрып, сол мақала жөнінде көбірек айтып кетсем керек, Мұхаң тоқтатып: «Ел ішінен мақала жазатын «тентектер» табылады. Сен сол мақаланы жариялаған жетекшің туралы айтпайсың ба?» – деп жанында отырған Нықаңа қараған. Ол кісі баяғы сол биязы қалпында әсем жымиды да қойды. Мен ол кез­де газет­тің бас редакторының «ерлігі» жөніндегі мәселенің байыбына бара қойған жоқпын. Ке­йіннен Мұхтар ағаның «Мен» романындағы естеліктерінен ғана Нығмет ағаның азамат­тық келбеті жөнінде біраз мәселені байыптағандай болдық. Арагідік дәріс кез­дерінде, орайы келген әңгімелерде Серағаңның (Қирабаев), Нығмет ағаның, Мұхтар ағаның шығармашылық жөніндегі әртүрлі кеңестерін тыңдап жүрдік. Солардың ішінде, Мұхтар ағаның: «Шығармашылықпен айналысам деген адамның Алматыдан кетпеуі керек» деген сөзі есімде қалыпты. Бірақ өмір адамның ойлағанындай бола бере ме?! Сол кеңеске құлақ қоя отырып, мен Алматыда қала алмадым. Ауыр дертке ұшыраған анамызға қараймыз деп, алыстағы ауылымызға кет­тік. Содан жеті жылдан соң, Алматыға әрең жет­тік. Ол кез­де бізге құшағын жайып тұрған қала бар ма?! Аспирантура бітіріп те жұмыс таба алмай біраз сергелдеңге түстім.
Ол кез­де Мұхаң «Жазушы» баспасының бас редакторы болатын. Тұрсынжан Шапай, Талас Әсемқұлов сияқты талант­ты шәкірт­терін қасына алған. Айналсоқтап соларға барам. Ақыры олар мені үгіт­теп ұстазымызға кіргізіп жіберді. Көрмегелі көп жыл болды, қалай болар екен деген күпті көңілді Мұхаң бірден сейілт­ті. Жақсы қабылдады. Жағдайымды сұрады. «Қазақ жігіт­терінің бәрі осы жолдан өткен, саған да табандылық керек», – деп бір қайырды. Мен аспирантура бітіргенімді, ғылыммен айналысқым келетінін айтып едім: «Академияның нанын біз де жеген­біз. Ол – тұйықтау жер, қаламыңды ұштап, стиліңді қалыптастырып, елге танылу үшін баспасөздің қазанында қайнағаның дұрыс», – деді. Ол кез­де менде жұмыс таңдайтындай жағдай жоқ еді. Көңілімнің пәс екенін байқады ма, өзінің шәкірт­терінен бастап, аймақтардан шақырып алдыртып, өзі жәрдемдескен біраз адамдарды атап, солардың барлығының қазір қанат­танып кеткенін айтып, мені жігерлендіріп қойды. Содан ұстазым хатшы қызы арқылы бірер адамды шақырды. Алдымен, өзінің орынбасары Асқар Егеубаев келді. «Мынау Мәтіжанов (бұрыннан солай атайтын) деген жігіт – менің шәкіртім. Саған өмірде де, әдебиет­те де іні болады. Қазір қиналып жүр екен, көмектесейік», – деді. Асекеңді бірінші көруім, маған қарап, суықтау жымиып, бас изеді де қойды. Одан ке­йін келген баршын тартып қалған екі кісіні ағаларың Төлек Тілеуханов және Нұрахмет Төлеупов деп таныстырып, оларға да мені талант­ты шәкіртім деп нығарлап айтып, табыстады. Ке­йіннен осы екі ағам маған барынша көмектесті.
Мұхаң «Жұлдызға» бас редактор болып барғанда да мені назарынан тыс қалдырған жоқ. Арнайы тапсырыстар беріп, өзі жақсы білетін академияның қолжазба қорынан материалдар алдыртатын. Бірде Мұхаңа «Балқожа бидің Кенесарыға» жазған хатын апарып едім, риза болып, бірден нөмірге салғызды. Бірде қызық болды. Журналдың кезекті санына Жамбылдың «Сыздық төреге» арналған атақты өлеңі басылды. Өлең жұртшылық арасында біраз дүрбелең туғызды. Шығарма соңына «мұрағат­тан тауып әкелген
К.Матыжанов» деген түсінік жазылыпты. Шындығында, өлеңді Мұхаңның тапсырмасымен тауып әкелген Тұрсынжан Шапай еді. Ұстазымыз жадынан жаңылды ма, әлде өзінің қызметкерінен гөрі академияда жүрген менің атымды жазуды жөн көрді ме, әйтеуір, сол «олжаны» менің қанжығама байлап жіберді. Ке­йіннен естеліктерінде де дәл солай жазды. Бұл да ұстазымыздың көңіл түкпірінде жүргеніміздің бір белгісі болса керек.
Бірде Мұхаңды Орталық ғылыми кітапханада жолықтырдым. Кітапхана жабылатын кешқұрым уақыт. Жаздың басы болатын. Қолжазбаға шұқшиып отырып бір-бірімізді байқамаппыз. Шыға берісте кез­десіп, амандасып, жүре сөйлестік. Сол жылы Шәкәрім Құдайбердіұлының ақталып жатқан кезі (1988). Мұхаң соған материалдар қарап жүр екен. «Қажының өлеңі» деп маған бір өлеңді жатқа оқып берді.
Бірер айдан соң, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, ұстазымыз Серік Қирабаевтың кабинетінде отыр едім, үстімізге ойда- жоқта Мұхтар ағамыз кірді. Мен ұшып тұрып сәлем бердім. Сол баяғы еркін қалпы, бірден төрге озып, Серағаңмен қол алысып амандасып: «Сераға, мынау – Шәкәрім», – деп, ақ қағазбен оралған кітаптың орауын жазып ұсынды. Кітаптың шымқай қара мұқабасына аппақ етіп Шәкәрімнің бейнесін салыпты. Ақынның қара түнекті жарып шыққан рухы! «Тамаша шығарыпсың, Мұхтар. Біз де дайындап жатырмыз. Сен бұрын қимылдапсың», – деп директорымыз ризалығын білдірді. «Басқа шаруам жоқ», – деп Мұқаң маған көз қиығын тастады да шығып кет­ті. Бұл – Шәкәрімнің ақталғаннан ке­йінгі шыққан алғашқы кітабы және сапалы, үлкен білімділікпен, мұқият дайындалған жинақ. Өз басым Шәкәрім шығармашылығына байланысты одан озған еңбекті әлі оқи алғаным жоқ. Жалпы, Абай, Шәкәрім шығармашылығы жөнінде ол кісінің білетіні, ой-толғамдары өте көп еді. Солардың барлығын жазып үлгірмеді-ау деймін.
Оның ғалымдығы мен жазушылығын таразы басына салсақ, қайсысының басатынын болжау қиын. Екеуінің де мехнатын тартқан қаламгер «ғалымдықтың жолы ауыр» дегенді айтады. «Ғылымның жөні өзгешерек. Азабы он есе. Жазушылық еңбек пен ғылыми жұмыстың қайсысы қиын десе, мен ғылым әлдеқайда ауыр дер едім» деген тұжырым жасайды. Өзінің көркем шығармаларынан гөрі, ғылыми-тарихи еңбектерінің бәсін жоғары қояды. Осыған орай, Мұхаң ке­йінгі бір сөзінде: «… көңілдегі ақиқат шынымды айтайын: Егер біздің ғұмыр бойы жасаған және жасамақ көркем шығармаларымызды таразының бір жағына түгел үйсе, соның бәрін «Қобыз сарыны» мен «Алдаспан» антологиясы оп-оңай басып кетер еді. …Мәселе менде емес. Біз дүниеде болмасақ та, бүгінгі қазақ әдебиеті өз дәрежесінде жұртының қажетін өтеп жатар еді, озық, іргелі
әдебиет саналар еді. 1932 жылғы ашаршылықта, 1941–1945 жылғы кәпірлер қасабында алаштың қаншама ұлы жазушысы өмірден өшті екен, қайсысының орнын іздеп жатырмыз! Ал Доспанбет, Шалкиіздің жөні басқа. Бұлардың әрқайсысы – бір адам, жай ғана ұлы тұлға емес, әрқайсысы бір ғасыр, алаштың өткен өмірінің, үлгілі рухани тарихының, биік санасы мен көркем ойының көрсеткіші. Осы ұлы жыраулардың арқасында қазақ сөз өнері орта ғасырларда әлем поэзиясының асқар биігіне шықты», – деп ағынан жарылады. Шындығында, осы екі еңбегімен де Мағауин тарихта мызғымай тұратын еді! Бірақ оған Тәңірім мықты денсаулық, телегей талант, алапат қуат, ұзақ шығармашылық ғұмыр беріпті. Ол қырық жасында «Аласапыран» ат­ты классикалық тарихи туындысын оқырманға тарту ет­ті. Онымен де тоқтамады, қаншама әңгіме-хикаяларын былай қойғанда, «Сары қазақ», «Шақан-Шері», «Жармақ» сияқты сүбелі романдарының әрқайсысы қазіргі қазақ әдебиетіндегі ірі құбылыс болды деуге болады. Жетпістің желкесіне желдіртіп жетіп, «Шыңғыс хан» тетрологиясын, сексеннің сеңгіріне шыққанда «Алтын Орда» танымдық тауарихын тамамдады. Өзі меңзегендей, Тәңірім талмайтын қуат, жасымайтын жігер, жазудағы бабынан жаңылмаған қажырлы еңбектің берекетін берді. Дауылпаз талантын, бар күш-жігерін, өлшеулі ғұмырын көрегендікпен өлшеп-пішіп, төкпей-шашпай туған халқына татаусыз қызмет етуге арнады. Ар-ожданының, ақиқат­тың алдында адал болды, ештеңеден тайсалмады, бұра тартып, бұқпантайлаған жері жоқ. Артына өлмейтін мұра, өшпейтін асқақ рух қалдырып, көзі жұмылғанша сөзінен жаңылмай, қаламын қолынан түсірмей қаһарман қалпында дүниеден өт­ті.
Көзі тірісінде бір ауыз жылы пікір білдіре алмаппыз, оны ол кісі қажетсінген де емес. Тағы да өзі айтады: «Шынайы кемеңгер тұлғалар өз бағасын біледі» деп. Мұхаң да өз бағасын білген және оны жасырмай, жеріне жеткізіп жазып кеткен адам. Одан асырып айту келешектің еншісінде болар.

Ханбибі Есенқарақызы

Дара тұлға

Мұхтар Мағауин үлкен эпикалық үлгідегі шығармаларымен қазақ әдебиетінің дамуына зор еңбек сіңірді, қазақ әдебиетін бұрын-соңды болмаған жаңа көркемдік-эстетикалық құндылықтармен байыт­ты. Жазушының «Аласапыраны» – тарихи роман жанрының жаhандық кеңістігіндегі биік шыңдарының бірі.
Жазушы еңбегінің өнбегі мол болды: қазақ әдебиетінің түрлі жанрында, қазақ әдебиет­тануының тарихында, әдебиет сынында, көркем аудармада, көсемсөзде үлкен жетістіктерге жет­ті. Ел бірлігі, жекетұлға тағдыры, ұлт­тық рухани құндылықтар қаламгер романдарының зияткерлік негізін ұстаған айбынды ұстынына айналды.
Бір романын жазу үшін қажет­ті дайындық жұмыстарына өмірінің жиырма жылын арнауға Мұхтар Мағауиннен басқа дүниеде бір де жазушы тәуекел ете алған жоқ. Бір роман жазу үшін он романның көлеміндей дерек пен мәлімет жинау, оны ғылыми және көркемдік сүзгіден өткізу екінің бірінің де, көптің бірінің де қолынан келмеген. Мұхтар Мағауин көптің де, екінің де бірі емес. Мұхтар Мағауин – дара шығармашылық тұлға.

Жанғара Дәдебаев

Не дермін, халқым, не дермін!?
Кімге ақыл не деп берермін?!
Он сегіз мың Ғалам мен
құл-пенденің тағдыры қолында
Құдай шебердің

«Кел, – десе Аллам, – ақылға!»
Мен идім басты «Мақұлға»…
Морт сынып Емен,
Тау құлап жатқанда,
мынау сор маңдай не сын бар біздей
пақырға?!

Етбет­теп түсіп құлармыз!
Еңіреп келіп жылармыз!
Бұғауын үзіп кете алмай,
құс болып ұшып, жете алмай,
тағдыры түсіп талқыға,
қиянда қалған халқына,
жалбарынып-жалынып,
Алладан медет сұрармыз!

Ілімнің мініп пырағын,
білімнің жағып шырағын,
қаталап отқан қауымның
қандырған шөл мен құмарын
Мағауияұлы Мұхтардай
жанкешті жанның,
ия, Аллам, жеңілдетіп сынағын,
мақпалдай етіп тұрағын,
мәңгілік жатар мекеннен
бұйырта көрші Жұмағын?!
Бұйырта көрші Жұмағын?!!
…Бет бар ма жұртқа қарардай?!
Сүйекте дақ боп қалар ма-ай?!
Ел болып, сірә, не керек?!
Маңдайға біткен жалғыз ұл –
Мұхаңа туған төрінен
бір орын жүрдік таба алмай?!
Шығарып соңғы сапарға:
«Бауырым-аулап!» – қаумалап,
қарымызға ақтық таға алмай,
Арманда қалдық қалың жұрт,
Ата да Баба салтымен,
«Жәннат­тан болсын жаның», – деп,
бір іліп, топырақ сала алмай!!!

* * *
Қонысы бөтен, тегінде,
Әмериканың елінде,
басынан ешкімді ат­татпай,
бір жанға рухын таптатпай,
жатады Мұхам теңіз боп,
қазақтың байтақ жерінен
үзіліп түскен Аралдай!!!

Саған да не сын, беу, халқым,
түртінектейсің бағыт пен бағдарыңды
таба алмай,
лапылдап бойда жалының
жарқырап көкте жана алмай,
Арқаға біткен архар мен
жөңкіліп көшкен маралдай,
Ғайыптан түскен
Ғасырдан еншіңді жүрсің ала алмай!!!
Еншіңді жүрсің ала алмай!!!

Айсұлу ҚАДЫРБАЕВА

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір