БІЗДІҢ ҒАБИТ МҮСІРЕП
27.05.2016
4388
0

Серікқали Мұқашев


Ғабит Мүсіреп1988 жыл. «Тірі классикпен» танысу

 

Шынымды айтайын, заманымыздың заңғар жазушысы Ғабит Мүсіреповпен оқушы кезімде жата-жастана оқыған шығармалары арқылы танысқан менің тағы да бір Ғабит Мүсіреповпен бес жыл бірге оқимын, бірге туған бауырдай біте қайнасып, айнымас жақын дос боламын деген ой, өлләхи, үш емес-ау, төрт ұйықтасам да түсіме кірмепті.

Құдай өзі кешірсін, мектеп оқулығына енген марқасқалардың барлығын әдебиетке еркін бойлай қоймаған оқушының санасымен «о дүниелік» қылып қойған ақымақ басымның жоғары жағын ойып тұрып орналасқан шыққыр көздерім абитуриент кезімде «Өркен» газетінен «Ғабит Мүсірепов, КазГУ-дің студенті» деп қол қойылған ақпаратты алғаш оқығанда бір «шықса», тұңғыш оқу семестрін енді бастаған тұста Жазушылар одағында өтетін әйгілі ақын-драматург Әбділда Тәжібаевпен кездесуге шақыру қағазын көргенде екінші қайтара «шығып» еді…

Оқудың күндізгі бөліміне түскен біздер студент атанудың аптығы басылмастан, алақайлап, ауылшаруашылық жұмыстарына аттанған шақта әзірге бейтаныс Ғабитім «подкурсты» тәмамдап жатыпты. Сөйтіп, сонау Қостанайдағы қоңыр күздің қара суығын жастықтың жалынымен жапырып, ойын-күлкі, ән-жырмен картоп теріп, өте шыққан бір айда бір-бірімізге етене бауыр басып үлгерген «очниктер» қауымы жаздай жайнаған әсем Алматыға жадырай жетіп, білім нәріне бас қойғанбыз.

Аудиторияға қонжиған алғашқы күндердің бірінде деканның орынбасары Әбілфайыз Ыдырысов пен кураторымыз Бауыржан Жақыпов бір топ жігіт-қызды топырлатып ертіп кіріп, оларды дайындық курсынан қосылған курстастарымыз деп таныстырған. Еркінси кірген ересектеу қулардан алғашқыда қасқыр көрген қойдай жиырылып, жатырқай да жақтырмай қарағанымыз рас.

Ол ол ма, олар келе сала топтағы староста, комсорг, профорг сынды лауазым атаулыны өздерінше бөліске сала бастағанда «сельхозкада» жүріп-ақ топбастар ақсақал-көксақалдарымызды анықтап алған біздердің тап бір тұзаққа түскен ұлардай шулап, қасарыса қарсыласқанымыз бар…

Бастапқыда жаудай көргенімізбен, бара-бара жақынымызға айналған бұл мықтылардың ішіндегі Ғабит Желтоқсан жойқынын, Біржан Белғараев Ауғанстан айқасын бастан кешірген, Нұрлан Қалқаев мен Бақытбек Атаев болса Чернобыль қасыретін көзімен көрген майталмандар екенін кейін білдік қой.

Тіпті, кездесіп, танысуға тағат таппай жүрген «тірі классигімнің» тап өзі осынау «подкурсниктердің» бірі екенін «таққа талас» барысында аңғармаппын. Іздеген марқасқамен басымыз бір курста, бір топта тоқайласар деп кім ойлапты? Кейінірек Бауыржан Ғұбайдуллиннің «Әйгілі курстасымыз Ғабит Мүсіреповпен танысып қойыңдар» дегенін ести сала, кешегі «қырғи қабақ» жайына қалып, жанына тапырақтай жетіп, «Шынымен Ғабит, шынымен Мүсіреповсің бе?» деп, ақымақтау сұрақ қойғаным есімде…

Бертіннен тегін Мүсіреп деп өзгерткенімен біз үшін Мүсірепов боп қалған мықтымен таныстығым осылай басталған.

 

Аңыздың ақиқаты

 

Тірі Мүсіреповті университет қабырғасында бір-ақ кездестіріп, естен танып жүрген жалғыз мен емес екенмін. Әйтпесе, жетінші класта жүргенде-ақ сезімі «селкілдеп», аудандық газетке «Сен менің жүрегімді жараладың» деген махаббат оты алаулаған өлеңі шығып, қала берді, союздың сан түпкіріне тарайтын республикалық басылымдарға бұрқыратып мақала жаза бастаған оған «Ғабит ата, гүлденген әлем, Қызылқұмнан сәлем…» сықылды «сәлем хат» жолдаған сарыауыздар да болған екен…

Өзінің айтуы бойынша, Ғабит атанып кетуіне үлкен атасының Мүсіреп есімі себеп болыпты. Әйтпесе, Қарақалпақстанның Тақтакөпір ауданында дүниеге келген мықтының о баста азан шақырып қойған аты – Ғабидолла. Бірақ, кейіннен оның «олла»-сы жолда қалып қойған.

Мәселе былай. Ғабаңның әкесінің аты – Іскендер, оның көкесі – Жәдігер, ал Жәдігер атамыз – өткен ғасырларда өмір өрбіткен Мүсіреп ақсақалдың баласы көрінеді. Сөйтіп, Іскендер әкеміз бен Орал анамыздан тарайтын Әлия, Ғалым, Ғабит, Бауыржан, Нұрлан, Талғат атты Алла берген алты ағайын да тектерін осы үлкен аталарының атынан иемденген.

Осылайша, өзі де болайын деп тұрған торсық шекелі томпақбет ұланды білім табалдырығын алғаш аттағаннан-ақ ұстаз апайы еркелетіп, күллі мектепке бірден Ғабит атандырып жіберген соң оның Ғабит Мүсірепов болмай несі қалсын?

Десек  те, сол атанғаннан бастап салмағы сом-батпан, абыройы асқақ ардақты атты әманда биіктен жарқыратып, лайықты көтеріп жүргені айдай анық.

 

Алшы түсер «алтылық»

 

«6» саны туралы кім не десе о десін, ал  өзіне құт көріп, ырысы мол ырымға балайтынындай-ақ, Ғабиттің өмірінде «алтылықтың» құны алтынмен бағаланатыны рас…

«Атадан – алтау» екендігін жоғарыда айттым ғой – «бір» деп, саусағыңыз жетсе, санай беріңіз.

Өзі, басқа жылы емес, өткен ғасырдың тап алпыс алтыншы жылында орыстың ұлы ақыны Александр Пушкин мен немістің «нобельді» жазушысы Томас Манн туған күндерін тойлаған алтыншы айдың алтысы күні жарық дүниеге жарқ етіпті.

Алты жасында таңдайы тақылдап тақпақ тұрмақ, тарихи дастанды жатқа айтып, жазудың «жанын жарқылдатқан» оның КазГУ-дің журфагына да алуан түрлі себептің арандатуымен алтыншы айналымнан ғана бағы жанып, оқудың жілігін, «подкурсты» қосқанда, алты жыл бойы кемірген.

Басқаны былай қойғанда, Ғабаңның ақылына көркі сай болашақ жарының да Гоголь көшесіндегі Сұлулар институты жатақханасының №6 бөлмесінен кездескенін қараңыз. Тап сол алтыншы бөлмеде екі жастың бастарын біріктірген бастаңғы өтіп, тіпті, торқалы тойдың алғашқы аққайнарының тығыны да сонда «тарс» еткен.

Бұл аз десеңіз, Астанада алғаш қоныс тойын тойлаған үйінің де, одан бұйырған алтын ұясы – пәтерінің де, онда қойдырған телефонның да нөмірлері «алтыдан» басталып, «алтымен» аяқталатындығы тағы бар.

Ал енді тілектің төресін «Асығың алшысынан түссін!» деп айтар қазақтың асығының да алшы түсер қыры «алты» санының бедері екендігін ескерсеңіз, адастырмай алға бастар «алтылықтың» Ғабаңның қомпиған қоржынына әлі талай алтын сақа саларына сеніңіз.

 

Қанмен сіңген қасиет

 

Кейіннен туған елінде болып, қолдарынан дәм тату бақыты бұйырған, тектілік пен бекзаттықтың, қарапайымдылық пен даналықтың үлгісіндей болып есімде қалған Іскендер әкеміз ауданда дәрігер болса, кеудесінде «Құрмет белгісі» ордені мен медальдары жарқырап өткен Орал анамыз өз өмірін туған ауылдың гүлденуіне арнапты.

Ерен еңбектің зейнетінен гөрі бейнетін көп тартса да, осынау ардақты Ата-Ана Тәңірдің теңдессіз тартуы деп білген ұрпақтарына өнегелі тәрбие беріп, жоғары білім алдырып, құтты орындарына қондырған.

Ғабиттің бойына біткен адалдығы мен адамгершілігі, ақ көңілі мен азаматтығы, еңбекқорлығы мен асқан жауапкершілігі, тіпті, өзіне ғана жарасар албырттығы мен аңғалдығы және осы қасиеттерінің барлығын бір арнаға тоғыстыратын кесек мінез – ірілігінің түптамыры да бойындағы бар асылын ұрпағына ұлағаттап өмірден ерте озған анасы мен тірлігінде атажұртқа оралып, туған жерге туын тігіп үлгерген әкесінің тәлімді тәрбиесінен бастау алып жатқаны анық.

Оның ең алдымен туған халқына, жеріне құрмет сияқты түбірлі ұғымдарды жадына берік түйген азамат болып қалыптасуы ұлтына адалдығын ар тұтқан әкесінің тұғырлы ұстанымдарынан дарыса, әдебиетке, жазу өнеріне деген айрықша ынтасы сәби санасына аңыз әңгімелер мен ертегі-дастандарды бала кезінен бастап сіңірген анасының әңгімелерінен оянған көрінеді.

Дей тұрғанмен, қайдан ғана ұрынып жүргенін қайдам, мектепті бітіре сала Ғабаң экономист болуды көксеп, қаңғалақтап жүріп КазСХИ-дың экономфагына құжат тапсырыпты. Құдай оңдап, математикадан оңбай сүрінген ғой, әйтпегенде қазақ журналистикасы осы күнде қаламы қарымды Ғабит Мүсірепке зар болып отырар еді.

 

Бас редакторлардың БАС редакторы

 

Үзеңгісіне неше жыл бойы үздіге жармасып жүріп, ЖОО-ның асау арғымағын тастай табандылықпен тақымдаған Ғабаң білім бәйгесінде шылбырды шынтағына шалып, қос тізгінді қынай ұстағаны анық.

Пән бойынша игерілуге тиіс әдебиеттерден-ақ қауқиған қазанбасымызды көтере алмай жүргенде мүйіздері қарағайдай классиктердің нән томдарымен қоса, көз майын шығындап, сол тұстағы заман лебімен оқырмандарын тапқан сирек дүниелерге жиі шұқшиып жүретін оның оқымыстылығының пайдасы «жан алқымға тірелетін» түрлі жағдайларда қос «локаторымыз» арқылы бізге де тиіп жататын.

Рас, аспандағы періште деген мықтының түрін түстеп, тірлігін түгендеп бере алмайтындықтан, оған теңей алмаспын. Дегенмен, Ленин атамның жалынды бір сөзіне «жиендік жасап», көңілі кіршіксіз, қулық-сұмдық атаулыдан ада Ғабаңды күллі курсымыздың «ақыл-ойы, абыройы, ар-ожданы» һәм айбары болды десем, артық айтты демеңіз.

Өйткені «оттан да, судан да, жылтырақ жез тұрбадан да» тоқырамай өткен қанды көйлек достардың адасқанына – ақылшы, деміккеніне – демеуші, қорыққанына – қорған бола білетін ол талай тығырықтан жол тауып, талай тартыстарда жігерімізді жанып, талай игілікті істеріміздің ұйытқысы болғаны анық.

Сол кезден-ақ оның қандауырдай қаламы мен әділін айтар аталы сөзіне әбден арқа сүйеп алғанымыз соншалық, арамыздан шыққан оннан аса бас редакторларымызбен қоса әлі күнге дейін маңызды деген мәселелерді ең алдымен Ғабаңмен ақылдасып, батасын алмасақ, көңіл шіркіннің көнши қоймайтыны бар.

Ал, айбары демекші, жасыратыны жоқ, жасырақ кезде Ғабиттің «За Мұқашева отвечаю!» деп, ешкіні естен тандыратын дауысымен «гүж» ете қалатыны қарыма қуат құйып, «ажыратушың мықты болса – төбелескенге не жетсін» деп, талай тайталасқа қоқилана қойып кеткен кездерім көп…

 

Саңлақ студенттен білікті басшыға дейін

 

Екінші курсты екпіндей бітіріп, өндірістік практиканы «Өркен» республикалық студент-жастар газетінде өтіп жүргенде жазуға жүйрік, ойлары орнықты, тұшымды тақырыптарға төселіп қалған студенттің ширақ шабысын аңғарған басылымның сол кездегі Бас редакторы, кейіннен белгілі мемлекет және қоғам қайраткеріне айналған Алтынбек Сәрсенбайұлы оны бірден қызметке қабылдаған еді.

Өліара шақта тұрған қоғамның санасына сындарлы ойлар сыналап қана кіріп жатқан сол бір шақта болмысында жастықтың жалыны бар бұл басылымның дүниені дүр сілкіндірердей батыл бағыты Ғабиттің қаламын ұштай түссе, сол қаламнан туған қоғамның қасіреті, жер жайы, ұлт тағдыры, тіл мәселесі туралы тегеурінді дүниелер газеттің ажарын үнемі ашып отырды.

Сөйтіп, үш жыл ішінде өр мінезді «Өркенде» өндірте жазған саңлаққа бесінші курста еңселі «Егемен Қазақстан» есігін айқара ашты. Басқа басылымдардай емес, «Егемендей» аға газетке студенттің бірден «штатқа» алынуы өте сирек болатындықтан, сол уақытта бұл курсымызға ғана емес, қалам ұстаған барша ағайын үшін айрықша оқиға болып еді.

Осылайша, қазақ баспасөзінің қарашаңырағына қатардағы тілші болып келіп, табан төңкерместен он екі жыл атқарған абыройлы еңбегінің арқасында мұндағы аға тілші, шолушы, бөлім меңгерушісі сияқты баспалдақпен байыппен өрлеген ол бас редактордың орынбасарлығына дейін көтерілді.

Алғашқы лекпен Астанаға қоныс теуіп, журналистік жорықпен ТМД елдерінен бастап, Азия мен Еуропа, Америка мен Қытай кеңістігінің түпкір-түпкіріне табан тигізді. Қаншама келелі мәселелерді көтеріп, тартысы мен тағылымы мол талай тақырыптағы өзекті де өміршең, сүбелі де салмақты дүниелерге жан бітірді.

Оған Ғабиттің әр жылдары баспасөз бетінде шыққан жарияланымдары топтастырылған «Рухыңды түсірме, ұлым!» және «Тарихты тұлғалар жасайды» атты жинақтары куә.

Журналистік шеберлігі шыңдалып, тәжірибелі публицист ретінде қалыптасқан ол бұдан әрі «Нұр Астана» газетіне Бас редактор болып, бағлан басылымның қомақты қолтаңбасын күллі республикаға айшықтады.

Бүгінде қоржынындағы түрлі марапат-сыяпаттарынан бөлек, журналистика саласындағы жемісті еңбегі үшін «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығы мен Президент сыйлығын қанжығалауы – мамандығына адалдығынан танбай, қабырғалы қаламгерлер қатарына қосылған біздің Ғабиттің шығармашылығы қоғам алдында жаңа жауапкершілік жүгімен толыққандығын аңғартса керек.

 

Портреттің әлегі

 

Жауапкершілік демекші, 1989 жылдың 1 май мейрамына орай Жаңа алаңда өтетін мерекелік шеруге әр факультеттегі бірінші курстың жүгермектеріне КОКП Орталық комитетіне мүше мықтылардың портреттерін алып шығу міндеті жүктелді.

Портрет болғанда, қолға ұстайтын күректей емес, трактордың алдыңғысындай төрт дөңгелегі бар, темірден құрышталған алып құрылым. Бес-алты адам зорға қозғалтатын зілдей бәле көкке ұшып я жерге сіңіп кетердей-ақ, алғанымызды аманаттап, КазГУ-дің гаражынан бір-бір «дөкөйді» сүйреп шықтық.

О тоба, дәл сол күні ала таңнан қар төпелеп, Алматы ақ мамыққа оранды да қалды. Дымқыл ұлпаның ызғары жаздық лыпа жапсырып үлгерген табанымыздан өтеді.

КазГУ-градтағы, одан шыға Тимирязев, Бейбітшілік көшелеріндегі тегіс те еңіс жердің өзінде қар шеңгелдеп, итшілей итеріп барған «арбамыз» алаңнан «алақайлап» өтіп болған соң, Фурмановпен Әл-Фараби даңғылына қарай өрлейтін тұста, Ғабитше айтқанда, тап-таза «қанды ішті». Аяқ алып жүрудің өзі мұң, қантша езілген жабысқақ қардан дөңгелектері жүруден қалды.

Мұндайды кім білген, әшейінде теледидардан көргенде тап осындай «бәлелер» жұрттың легімен өздері-ақ қаздай қалқып бара жататын сияқты еді.

Шәркейіміз шылқ-шылқ, мұрынымыз бырқ-бырқ, бұттан сорғалаған қара тер балақта жүр.

Діңкелеп Орталық музейдің тұсынан өте бергенде аңғардық, әбден болдырған өзіміздей талай қу жалпия жайғасқан КОКП жайсаңдарының көздерін жәудіретіп, «пәуескелерін» жолдың шетіне қаңтарып кетіпті. Біз де сөйтпек едік, бірақ…

Ертесінде күннің салқынына жүйенің «ызғары» қосылып, оқудан шырылдатып шығарылған көгенкөздердің қатарында кетіп, «апатқа» ұшыраудан сол жолы алдымен Алла сақтаса, содан кейін, күні кеше оқуға «еңіреп» түскенімізді ұмыта қалған біздей бейақыл бозөкпелерге жауапкершілік барын ұқтырып, желкелеуден танбаған Ғабиттің табандылығы қорғап қалған еді.

Ал жүйенің ызғары демекші, содан екі жарым жыл бұрын ғана тап осы алаңды қызыл қанға бояған Желтоқсан қырғынында әділет туын көтеріп жойқын күшке қасқайып қарсы шыққан жалынды жастардың сапында соққыны да, тепкіні де көріп, көңіліне қаяу, жанына жара түскен Ғабиттің сол жылы оқумен де, Алматымен де қош айтысқанын ол кезде білгеміз де жоқ…

Очкидің соры

Қазір «құрғап қалған» көмейлерден «жыр» боп қана төгілетін жұлқынған жастықтың алқынған албырт кезеңіндегі еркелік пен «ерлікке» толы естеліктерін ептеп қана парақтасақ, Ғабаңның бір ғана осал тұсы болған екен. Ол – оның очкиі…

Талайымыз – «төрткөз» болдық, бірақ, қалай екенін қайдам, айдаладан адасып ұшқан доп та, қисық өскен бұтақ та, қылаяғы, әлдекімге ебедейсіз біткен шынтақ та басқаның емес, тап осы Ғабиттің «әшкиіне» қапылыстан қауіп төндіріп тұратын.

Әуелі таспен оны ұрсаң да, тасты онымен ұрсаң да соры қайнап қалатын жапалақ құсап «аламан айқаста» араағайын боп арашаға жүрсе де, күндей күркіреп «көкпарға» кірсе де, «каким-то образом» Ғабиттің көзәйнегі күл-парша болып тынатын.

Тіпті, Құдай қағып, жерге аман-есен түскен күннің өзінде, бір ғана қолапайсыздау қозғалысымен өзі-ақ «бырт» еткізіп, қан қақсап қалатын.

Сол қатерді сезгендіктен, бірде шаттық-шарадан шығып, Санкт-Петербургтегі салтанатқа аттанатын досымның бас бұйымының амандығын ойлап, «терезесін» төсқалтама тығып қойған мен кешке қарай теледидардан Ресей жеріндегі жиында көзі көрмей, қапа боп отырған Ғабитімді көріп, «ойбай» сап, қалтамды қопарғаным бар…

Қалай болғанда да, бүгінде белді де білдей қызметте жүрген курстас қулардың талайы очки мәселесіндегі осалдығынан әлі де айыға қоймаған Ғабиттің коллекциясына бір-бір көзілдірік «қарыз» екендіктерін естеріне салсам, артық болмас.

 «Шурик ауруына» шалдығу

Курстағы қутыңбай қулар қылмиған қыз-қырқынның қақпасын қарауылдап жүрген тұста КазГУ-градты мекен еткен «мен» деген талай ару бітімі кесек, болмысы керім Мүсіреповтен дәмелі болатын. Болса да, «ала жіп» атаулыдан алты шақырым аулақ жүретін бұл мықтының сұлу көрсе-ақ, қимылы аяқ астынан қопал тартып, жұғымнан жұрдай бола қалатын «жыны» бар еді.

Қазір ғой бақыт құсын қолына қондырған Ғабаңның аспай-саспай мағұрлана күлетіні.

Әйтпесе, студент Шурик туралы фильмді көрдіңіз ғой. Сонда күні бойы емтиханға «бірге» дайындалған Лидамен сынақ тапсырып шыққасын ғана танысып, «тынысы тарылатын» кейіпкердің көзәйнегін бір шешіп, бір киіп, қолындағы кітабын ытқытып, қыздың балмұздағын бытқытып, есі шығып, естен танатын қылығы есіңізде болар. Ендеше, дәл осындай жағдайды бастан кешкен әшейіндегі салмақты Ғабиттің асып-сасып, ақыл-есі алқымына тығылып, абдырағандығының жанында Шуригің жолда қалар еді.

Рас айтам, досымның тап бұндай «бейстандарт бейімін» байқаған мен, қасқаның қалқатайға сөз салар «сын сағатына» шындап алаңдап жүрдім. Сөйтсем, бұл қу оқуға түспей жатып-ақ ауылдағы Оразбай балгер қолмен қойғандай ғып болжап берген, өзі айтатындай, «сәл кешігіп жолығатын» жүрек қалауын жаза баспай таныпты ғой…

Екеуміз екінші курстан «қағынып», «Өркен» газетінде бір ставканы қылдай бөлісіп, қатар жүріп қызмет қылдық. Диктофон деген дүние қат болғасын, интервью алу үстінде өзара үнсіз ұғысып, біріміз журналист, екіншіміз «стенографист» бола қоятын тамаша «тәсіліміз» де бар еді.

Бірде жастар арасында абыройы аспандап тұрған газетіміздің ұжымымен ЖенПИ атты сұлулар мекенінде көңілден кетпес қызықты кездесу өтті. Басқосуға біздерді сол кездегі Бас редакторымыз, қазіргі кәсіби дипломат Бейбіт Исабаев ағамыз бастап барып, ой-хой шіркін, құлпырған қызғалдақтармен пікірлесіп-сырласып, өлеңдетіп-жырлатып, бойға тұнған бар өнерді ағыл-тегіл ақтарып қайттық.

Артынша аталмыш ЖОО туралы басылымның айқара бетіне «айқайлатып» материал дайындау бақыты да Ғабит екеумізге бұйырсын.

Сөйтіп, апталап жүріп, «екі жарты – бір бүтін» тәсілімізбен институт жайсаңдарын жайната жазып келіп, сұхбат кезегі жастар ұйымын басқаратын Перизат Сейітқазинаға жеткенде, аяқ астынан күрт «бұзылған» Ғабитім «барымтаға» «жарты» емес, «бүтін» боп жалғыз баруға бейіл екендігін «естіртіп», естен тандырды.

Далбасалап естіртуін естірткенімен, орынды себебінен омақа асып, ойын сабақтай алмай сандырақтап кеткенінен-ақ, досымның сол бір көзайым кездесуде «Шурик ауруына» шындап тұрып шалдыққанын ұғындым.

Содан не керек, таңдауы тәкаппар арулардың нағыз төресіне түскен «асқабағыма» ақыл құяр абызым, «аламандағы» алқаушым, «аш» қалдырмас қолдаушым, жұдырығы «жуан» қорғаушым, әйтеуір, жанында жүрсем «өлмейтініме» өлердей сеніп алған жан жолдасым бірте-бірте бұйдасыз бойдақшылықты доғарып, бақытқа бастар байыпты бағытқа бет бұрды.

Арада айлар өткенде бесінші курсқа аттаған екеуміз енді екі «бүтін» болып келіп, «Егемен Қазақстанның» есігін тағы да бірге ашқанда менің де басымнан бозбалалықтың балдәурені қолжетпес көкке қалықтай ұшып кеткен болатын…

Бір тойы бар болатын

О баста біз білмейтін Ғабаң сезім-шіркінін өлеңмен өрген шайырлар санатынан болғанын жоғарыда айттым ғой. Бірақ, Жұмағалидай жездесінің жетінші кластан «желіккен» балдызының «алаулаған махаббатын» қағытқаны себеп болған ба, жоқ, әлде өлеңі түскірді өркендете қоймасын сезген бе, әйтеуір өзінің дауылды жырға дарынын ерте доғарыпты.

Алайда, оның шабыттана жыр оқығанын көрген де – арманда, көрмеген де – арманда…

«Ой-хой» дерсіз, ондайда әшейінде биязы көрінетін сабаздың қаны құрыштай қайнап, көздері шоқтай жайнап, шар болаттай шамырқанып, шиыршық ата арқаланып кететінін қайтерсіз.

Басқасы – басқа, арыстандай арқырап, маңдай тері бұрқырап айбарлы ақын Айбергеновтың «Бір тойым барын» төгілтіп бір кеткенде, Құдай-оу, аспанда алай-дүлей жасын ойнап, күн күркіреп, нөсер құйып… артынша қара бұлт қаққа жарылып, шайдай жарқырап күн шыққандай күй кешеріңіз хақ.

Ғабаңның әр тыңдауымыз алғашқы боп табылатын ақжолтай жыры – «Бір тойсыз» біздің тойлардың көркі кіріп, көрігі қызған да емес.

Бірақ, тап осы өлеңді алты жүз алпыс алтыншы рет оқып тұрса да, арасында тамағын ақыра қырнамақ ниетпен «тежегішті жалт басып», шумақтарды шалт шашып, оқыстан «омбылап» қалатыны бар.

Ондай-ондай «форс-мажорда» Перизат апай бастап, біз қостап, арнайы жаттамасақ та, қалқиған құлағымызға өзінен құйып алған жыр жолдарын жамырай жалғап жатамыз. Сөйтіп, шайырға «суфлёр» болуға жарағанымызға марқайып, бөгде жұрттың алдында әлдеқандай боп шәнтиіп қалатынымыз да бар.

Енді, міне, «Бір тойым болатыны сөзсіз менің» деп, жиырма сегіз жыл бойы «қорқытып», «бірақ дәл қай күні екенін айта алмай» дүдәмалдап жүретін торқалы тойының алдына да, Алла жазса, жеткен сияқтымыз.

Екі жақсы қосылып…

 Ғабаңның жанарына нұр, құшағына гүл толтырған сағынышты сәттеріне шағын ғана шолу жасасам, «махаббаттың құдірет күші әлдилеп», әсем Алматының қақ төрінде дүрілдеп өткен той есте. Қалқатайынан екі елі ажырамай қаңғалақ қаққан күйеу жігіттің «беташарда» қалыңдығымен қосылып, «сәлем салып» жібере жаздағаны есте…

Көтеруге жағалай таласатын кішкентай кіндік қызымыз Шәрбаттың тәп-тәтті қылығына жүз айналып, маужыраған ұйқысына мың толғанып, жатақхананың аядай тап-тар бөлмесіне топырлайтынымыз да есте…

Ғылымды дөңгелентіп әкеткен «атқамінер» Перизат апайдың бала тәрбиесіне келгенде, бесіктің арғы жағын Алтынсарин, Байтұрсынов, Жұмабаевпен, бергі жағын Ушинский, Сухомлинский, Макаренко деген мықтылармен «матап» тастайтыны да есте…

«Алыс та бейтаныс» Ақмолаға авангард топпен тонға оранып аттанғанда «жылап-сықтап» шығарып салсақ та, сенбі сайын Алматыдағы үйінен табылатын досымызды жексенбі сайын вокзалға жетектеу әдетке айналғаны да есте…

Елордаға қонған құтты қоныс қуанышын еселеп, жарық дүниеге келген ақмаңдайға азан шақырылып, елде жоқ Астанай деген асқақ аттың тұңғыш рет қойылғаны да есімізде…

Бүгінде, міне, Ғабаң шаңырағының шырайы Перизат Байтешқызы –педагогика ғылымдарының докторы, арамыздан шыққан алғашқы профессорымыз. Мектепті озат тәмамдаған Шәрбатымыз болса – бакалавр мен магистрліктің мемлекеттік грантын қатарынан олжалап, үздік үлгерімімен Президент стипендиясына қол жеткізген мақтанышымыз. Ал талабы қатаң Назарбаев зияткерлік мектебіне емтихан тапсырған Астанайымыздың оқуға бірден қабылданып, айды аспанға бір-ақ шығарғаны да отбасындағы тәрбие мен жүйелі білімнің нәтижесі болса керек…

Кейде осы Бақыт, Байлық, Береке деген шіркіндердің қалай қонып, қайда тұрақтайыны жайлы пәлсапаның тиегі ағытылғанда, небір ақылды сөздер сусылдап, тілге ғана тәтті теңеулердің түр-түрі тізбектелетіні бар.

Мен болсам осынау баға жетпес үш қазынаның бүгінгі мекені – қол ұстасып негізін қалаған алтын ұяларының іргесін берік бекітіп, еңсесін биік көтеріп, ішін тек татулықтың нұрына ғана толтырып, бар асылдарын балапандарының болашағына арнаған Ғабит пен Перизаттың саялы отауы дер едім.

Артық сөз жоқ, «азға – қанағат, барға – тәуба, жоққа – сабырдың» шынайы қадіріне жеткен текті атаның ұрпағы құрған бұл шаңырақтағы бар бақуат адал еңбек пен терең білім теңізінен олжаланған.

Міне, жарты ғасырдың мәуелі бағына байсалды енген ағайын-досқа ардақты, ұжым-ортасына салмақты, қоғам игілігіне қосқанынан қосары мол Ғабит досымның өмірлік ұлағат-ұстанымының арифметикасы мен баянды бақытының қарапайым ғана философиясы осындай!

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір