Ғабит БАЗАРҒАЛИЕВ, алаштанушы: «ТАРИХТЫ ТҮГЕНДЕУ – ҰЛТ ПАРЫЗЫ»
Мемлекет басшысының «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы» Жарлығына сәйкес, елімізде арнайы өңірлік комиссиялар құрылған болатын. Мемлекеттік комиссия жазықсыз жазаланғандарды, күштеп елден аластатылғандарды, діни, ұлттық және саяси құқығы бұзылғандарды ақтау жолында жұмыс істеп келеді.
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің Педагогика кафедрасының қауымдастырылған профессоры, педагогика ғылымдарының кандидаты, Халелтану зерттеу орталығының меңгерушісі, алаштанушы Ғабит БАЗАРҒАЛИЕВПЕН әңгіме барысында алаш ардақтылары, Алаштану саласында зиялы қауым бірлесіп зерттейтін ғылыми шешімін күтіп отырған мәселелер туралы әңгіме қозғалды.
– Ғабит Бақытжанұлы, алдымен, әңгімені Батыс Алашорда жұмысына қатысқан атыраулық мұғалімдерден бастасақ. Алашорданың батыс бөлігінде қазіргі Қызылқоға ауданының аумағында жұмыс істеген Қаракөл, Қарабау, Кермеқас «Қызылүйлерінің» мұғалімдері туралы қандай деректер бар?
– Атырау облыстық мұрағатының №334 қорының 1-тізбегі 26-ісінде «Ерекше құпия» айдарымен 1937 жылдың 13 сәуірінде Гурьев округтік атқару комитетінің төрағасы Орынбаевтың Гурьев округтік оқу бөлімінің бастығы Цаллаговқа жазған хаты сақталған. Сол хатта Гурьев облысында жұмыс істейтін мұғалімдердің арасындағы «кеңестерге қарсы өзге элементтердің» тізімі жолданып, оларға қатаң шаралар қолдану жіті тапсырылған. Онда қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Өмірзақ Есмурзин, Аманғали Өстеміров, Адамбек Ұйықов, Мұқамбетжан Шонбасов, Қадырбай Есмағанбетов, Тәжіғали Таңкыбаев, Құсайын Муньянов, Қазмұқаш Ибрашевқа «бұрынғы алашордашылар» деген айып тағылған. Аталған мұғалімдердің арасынан Қазмұқаш Ибрашев пен Өмірзақ Есмурзин 1937–1938 жылдары «үштіктің» шешімімен атылды. Тізімде көрсетілген Қадырбай Есмағанбетов пен Тәжіғали Таңқыбаев алашордашыл жасақтарды басқарған. Ол жөнінде «Алаш» энциклопедиясында жазылған. Алашорда үкіметінің жұмысын әсіресе Есбол «Қызылүйінің» түлегі, өңірдегі бірқатар мектепте ұстаздық еткен, кейін Қазақ ССР-нің Халық комиссары дәрежесіне дейін көтерілген Асфендияр Кенжин ерекше еңбек сіңірген еді. Ол да репрессия құрбаны болды. Сонымен қатар біздің білетініміз, 1937–1938 жылдары «халық жауы» деп айыпталғанға дейін Алашорданың батыс бөлімінің белсенді мүшелері Өмірзақ Есмурзин, Қазмұқаш Ибрашев, Құсайын Муньянов, Мұқамбетжан Шонбасовтар облыс мектептерінде еселі еңбек етті. Мысалы, Қазмұқаш Ибрашев Гурьев қаласында 1920 жылы ұйымдастырылған мұғалімдер білімін жетілдіру курстарының меңгерушісі болса, Өмірзақ Есмурзин округтік оқу бөлімінің инспекторы ретінде өлке мектептерінің жай-күйін тексеру ісіне белсенді араласқан. Бұл жөнінде облыстық мұрағаттың 131-қорының №13 ісінде материалдар сақталған. Ал Құсайын Муньянов 1937 жылы Гурьев қаласында ашылған О.Исаев атындағы қазақ орта мектебінде жұмыс істеп, болашақ академик С.Зимановқа сабақ берген. Мұқамбетжан Шонбасов 1887 жылы Қарабау ауылында туған. 1910 жылы Орынбор мұғалімдер семинариясын бітіргеннен кейін 1948 жылға дейін облыс мектептерінде ұстаздық етті. 1918–1920 жылдары Алашорданың батыс бөлімі жұмысына араласып, Сағыз уезін басқарған. Кейін осы қызметі өзіне пәле болып жабысып, 1937–1939 жылдары Кеңестік басқару жүйесі тарапынан қуғындалып, мұғалімдік жұмыстан біраз уақытқа аластатылды.
Сол бір зұлмат жылдары жазықсыз құрбан болғандардың арасында қазақ интеллигенциясының өкілдері көп болды. Сондай жазықсыз жалаға ұшыраған мұғалімдердің бірі – Атырау облысының Тайсойған өңірінде туып-өскен, өмір бойы мұғалім болған Қойшыбай Есембаев. Ол 1890 жылы Қызылқоға ауданында дүниеге келді. Оқытушылық гимназияны бітіргеннен кейін ұзақ жылдар бойы Қарабау, Тайсойған өңірінде қазақ мектептерінде сабақ берді. Қойшыбай Есембаев, 1916 жылы Орал қаласындағы дәрігерлік-фельдшерлік арнайы курста оқып, куәлік алды. Бұл куәлік бойынша оған өзі қызмет істейтін жерінде ауырған адамдарды емдеуге толық құқық берілді. Сол бір сүзек пен шешектің, оба мен басқа да қатерлі аурулардың өршіп тұрған кезінде ол қолынан келгенін аямай, талай адамды ажал аузынан арашалап қалды. Атақты Халел Досмұхамедовпен біраз жыл қызметтес болған екен. Халық ағарту ісіндегі ұзақ жылдар бойы атқарған еңбегі үшін 1949 жылы Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталып, сол жылы «Қазақ ССР-не еңбегі сіңген мұғалім» атағына ие болды. Алайда 1951 жылы нақақ жаламен «халық жауы» деген айып тағылып, он жылға сотталды. Бұл кезде орденді мұғалім 61 жаста еді. Жазықсыз жала кеудені күйдіріп, оған қоса Ақтөбе түрмесінде көрген қорлықтан көп ұзамай қайтыс болды. Кейін әділеттік жеңіп, 1962 жылы, 29 наурызда Қазақ ССР-нің Жоғарғы соты Қойшыбай Есембаевты толық ақтап шығады.
Бір кездері бүкіл Атырау-Ақтөбе аймағы ерекше ыстық ілтипатпен атаған Аяпберген Науанов, Ғадылша Науанов есімдері сталинизмнің құрбандары болғандықтан, көп жылдар бойы сыбырлап айтылып келді. 30-жылдарда Ойыл, Қызылқоға, Ақтөбе өңірінде беделі жөнінен ағартушылар әулеті Науановтарға тең келетін адамдар болған жоқ. Олар үш ағайынды Аяпберген, Жолдыбай, Жолдас Науановтар еді. Олардың ішінде, шығыстық білімді Түркияда алған, Қызылқоға өңірінде төте жазу мектептерін төңкеріске дейін ашып, бала оқытқан Аяпбергеннің өзі де, ұлы Ғадылша да кейін репрессияға ұшырап, өлім жазасына кесілді. Әрине, Атырау мұғалімдерінің Алашорданың батыс бөлімінде атқарған жұмысы туралы толықтай зерттелді деуге әлі ерте.
– Алаш қайраткерлерін кеңінен зерттеуге елдегі архив қорындағы деректер қаншалықты мүмкіндік береді?
– Бүгінгі таңда әкімшілдік-әміршілдік кеңес жүйесінің көбесі сөгілді. Кезінде тарихшыларымыз бір ауыз сөз айтуға бармайтын бүкіл кезең, дәуір тарихы қайта қаралып, тарихтағы ақтаңдақтардың орны толтырылуда. Дегенмен де, әлі де болса шынайы тарихи бағасы беріліп, тың деректердің негізінде қайта объективті зерттеуді талап ететін бүгінгі күннің өзекті де күрделі мәселесі – Алашорда үкіметі мен Алаш партиясының қоғамдық-саяси қызметі. Сол тұстағы қазақ қоғам қайраткерлерінің қызметі мен қайғылы тағдырлары. Архивтер ашылып, құпия қорлардағы құжаттарды қайта ой елегінен өткізіп, саралау жұмыстарын жүргізу кемшін, тың мәліметтер құпия қорларда сақталуда.
Алашорданың мемлекеттік, азаматтық тарихы жөнінде зерттеу еңбектер және ғылыми мақалалар тәуелсіздік жылдары ғана жазылып, көпшілік қауымға беймәлім тарихи оқиғалар, Алашорда көсемдері мен мүшелерінің өмір деректері туралы айтыла бастады. Алашорда мүшелерінің саяси-қоғамдық, әлеуметтік-экономикалық бағыттағы қызметтерінің тарихы әлі толық зерттеліп болмағаны тарихшылар үшін алдағы уақытта тың деректер мен шаң басқан архив қорларын ақтару сияқты орасан зор игі істер атқаруына тура келетіндігі – бүгінгі күннің бұлтартпас айғағы.
Астрахан, Орынбор, Мәскеу, Санкт-Петербург, Омбы, Саратов, Уфа, Ташкент қалаларының архивтерімен бірге еліміздегі қорлар да назардан тыс қалмауы керек.
– Алаш қозғалысының, Алаш қайраткерлерінің ағартушылық қызметін зерттеп-зерделеу ісінде қандай атап өтер тұстар бар?
– Зерттеулерде жаңа мұрағат деректеріне талдау жасау арқылы авторлар «Алаш – қазақ даласындағы алғашқы ұлтық партия» деген пікірге келеді. Мәселенің зерттелуіне «алаш» зиялыларының шығармаларының қайта басылып, қалың бұқараға жеткізілуі де әсер етті. Әдебиеттерге жасалған шолу тек қана Қазақстанның тәуелсіздік алған жылдарынан кейін ғана Алаш партиясы мен Алашорда үкіметіне байланысты зерттеулердің назарынан сырт қалған жоқ. Солардың ішінен америкалық зерттеуші Марта Олкоттың 1957 жылы Стэнфорд университеті баспасынан ағылшын тілінде жарық көрген «Қазақтар» атты көлемді монографиясы бірінші кезекте атауға лайықты. Осы еңбектің «Революциялық және Кеңестік Қазақстан» атты үшінші бөлімдегі 1917–1920 жылдарға арналған тарауында 1917 жылғы революциялар, Азамат соғысы жылдарындағы Қазақстандағы қоғамдық-саяси өмірге талдау жасалып, өлкеде құрылған әртүрлі бағыттардағы саяси қозғалыстар мен партиялардың қызметтеріне баға беріп, Алаш партиясы мен Алашорда қозғалысының тарихының әртүрлі кезеңдеріне, 1917 жылы өткен бірінші және екінші жалпықазақ съездерінің жұмыстарына шолу жасайды. М.Олкотт Алаш партиясын қазақ зиялыларының партиясы деп бағалап, олардың большевиктік үстемдікті Қазақстанда болдырмау мақсатында Алаш автономиясын жариялап, оның Үкіметін құрғандығын айтады. М.Олкотт Алашорда үкіметі 1917 жылдың желтоқсанынан 1917 жылдың ортасына дейін Қазақстанды басқаруға саяси қозғалыстың қоғамдық дамудағы алатын орнына сәйкес емес деп есептейді. М.Қозыбаев Алашқа либералды ұлттық интеллигенцияның партиясы деген анықтама бере отырып, оның идеологиясы отаршылдыққа қарсы бағытталған ұлтшылдық болды деген қорытынды жасады.
Алаш интеллигенциясы жаңа көзқарас қарастыруда ашық та батыл пікірлер айтып, дәлелді тұжырымдар жасауда М.Қойгелдиев пен Т.Омарбеков еңбектері ерекше ықпал еткенін айтап өткен жөн. Қос ғалымның пайымдауы бойынша, Алаш қозғалысының көш бастаушылары, негізінен, екі мақсатты – қазақ елін отарлық езгіден азат ету мен қазақ қоғамын ортағасырлық мешеуліктен өркениетті әлеуметтік-экономикалық және мәдени даму жолына алып шығу міндеттерін көздеді. Сондықтан алаштық интеллигенцияны «ұлттық-демократиялық интеллигенция» деп, ал Алаш партиясын «ұлттық-демократиялық партия» деп атаған дұрыс.
Алаштану саласында зиялы қауым бірлесіп зерттейтін ғылыми шешімін күтіп отырған мәселелер жеткілікті. Алаштың әлеуметтік, саяси және экономикалық бастау көздері, партияның XX ғасырдың алғашқы жиырма жылындағы Қазақстанның қоғамдық-саяси өміріндегі алған орны мен атқарған рөлі, 1917 жылғы екі революция аралығындағы Алаштың басқа партиялармен өзара қатынасы мен байланысы, партияның дамуындағы ішкі қайшылықтар, Алаш қозғалысының көрнекті қайраткерлерінің көзқарас эволюциясы, Алаш қайраткерлерінің саяси қуғындалу қасіреті, Алаш қозғалысы және оның Орта Азия мен Еділ бойының түркітілдес халықтарының саяси партиялары мен қоғамдық қозғалыстарымен байланысы, Алаш қозғалысы мен оның қайраткерлері идеяларының бүгінгі Қазақстан жетістіктерімен тарихи сабақтастығы мәселелері әлі де зерттеуді қажет етері сөзсіз.
– Аталған тақырып аясында біз нені ескермей жүрміз? Бұл мәселе өз деңгейінде зерттеліп, келер ұрпаққа ұсынылуы үшін қандай қадамдар жасалуы керек?
– Алаш қозғалысына қатысты архив құжаттары мен «Алаш ісі» сот процестері материалдарын көптомдық түрінде жариялау ісін қолға алу керек. Сондай-ақ ұлықтау негізінде Астана, Алматы, Семей, Қарқаралы, Қарағанды, Атырау, Ақтөбе және Түркістан қалаларының орталық көшелерінің біріне Алаш есімі беріліп, салтанатты түрде ескерткіш немесе тақта орнатылса, Алаш аты уақыт өткен сайын өз құндылығын жарқыратып көрсетер еді.
Сұхбаттасқан
Рита ӨТЕУҒАЛИ,
Атырау облысы