ҚАЗАҚТЫҢ ЖАЙЫН ҚАЗАҚТАН БАСҚА…
27.05.2016
1834
0

AAEAAQAAAAAAAAKMAAAAJDE2NGY3NTU3LWEyNjAtNDdlNS05MGRjLTFiNTM4NjQ5ZTcwZQБұдан біраз жыл бұрын жаһандану сөзі көп айтылып, қазақтың жаһандануға жұтылып кетпеу мәселесі көбірек қозғалатын еді. Енді бағамдасақ, жаһандану ұлтқа төнген үлкен қауіптен бұрын, ұлттың жігерін жанып, намысын қайрайтын, ұстанымына беріктігін сынайтын үлкен бәйге секілді екен. Бәйге болмаса жүйрік те, шабан да болмайды. Бағзыда өткен жаугершілік  заманның бәйгесінде дес бермеген ұлтымыз бүгінгі ақыл-ойдың, өркениетке жету жолындағы жүйрікті білім арқылы анықтайтын бәйгеде қалай бой көрсетіп жүр? Әлем көшіндегі орнымыз қайсы? Осы төңіректегі сұрақтарымызға бірқатар саясаттанушылар жауап берді.  


– Үлкен ұлт, яғни ұлы мемлекетке атам заманнан айналған ұлттың кішкене ұлттарға көзқарасы мүддеге ғана тәуелді еке­нін бүгінгі тарихи жағдайдан анық кө­ріп жүрміз. Бұл орайда не үлкенге не кі­ші­ге жата қоймайтын қазақ халқының дү­ниедегі орнын қалай сипаттар едіңіз?

расул новиРасул ЖҰМАЛЫ, саясаттанушы:
– Әлемде үлкенді-кішілі, орташа мем­лекеттердің болуы қалыптасқан та­ри­хи шындық. Олар өздерінің мүддесін ба­рынша оңтайлы, ұтымды жүргізуге ты­рысатыны тағы рас. Әлеуеті, шама-шар­қы орташа мемлекеттер міндетті түрде үлкен мемлекеттердің соңында жүріп, олардың қосшысы болуы шарт емес. Оған бүгінгі заман да, бұған дейінгі та­рих  та куә. Бұл тұрғыдан Қазақстанның гео­саяси жағдайы өте күрделі. Қытай мен Ресей секілді ірі мемлекеттердің ара­сында тұр. Дегенмен, тарихқа үңі­ле­тін болсақ, Түрік қағанаты, одан бергі Қазақ хандығы өздерінің сыртқы саясатын оңтайлы жүргізе білген. Демек, кіші мемлекеттің екінші деңгейлі мемлекет болуы қалыптасқан қағида емес. VI-VIII ғасырдағы Түрік қағанатының сыртқы сая­сатына көз жүгіртсек, қағанаттың жауын­герлік әлеуетін ғана емес, идео­ло­­­гиясының, ішкі ұстанымының мықты болғанын көреміз. Мұндай мысал біздің тарихымызда көп. Әлемде Қазақстаннан әлдеқайда әлеуеті төмен мемлекеттер бар. Олар ірі мемлекеттермен байланыс­та өздерінің ұстанымдарын нақты әрі ашық айтып, өз мүдделерін сақтап отыр. Мәселен, территориясы Қазақстаннан әл­де­қайда кіші, халқының саны да аз Моң­ғолияны алып қараңыз, екі жағында Қытай мен Ресей қоршап тұр, десе де өз ұстанымына берік. Біз мемлекет ретінде тек өзімізге сенуіміз керек. Біздің көп­век­­торлы саясатымыз да, экономикалық әлеуе­тіміз де, ішкі саясат та – түптеп кел­генде елдік мүддеге негізделгені жөн. Қан­дай да бір мемлекет өзінің әріп­тес­терінің әлсіз болғанын, белгілі бір дең­гейде өзіне бағынышты болғанын қа­лайды. Қазіргі қазақтың ең басты мүд­десі, тәуелсіздікті сақтап, нығайту, ха­­лықтың игілігін ойлау. Бұл тәуелсіздік жағ­дайында ғана қол жететін нәрсе. Қа­зақтың жайын қазақтың өзінен басқа еш­кім ойламайды. Біздің сыртқы сая­сат­тағы, экономикадағы, қауіпсіздік са­­ласындағы мүдделеріміз Ресейге де, Қы­тайға да, Америкаға да керек емес. Сырт­қы саясаттағы тұғырымыз биік болу үшін, ішкі экономикамыз күшті болуы керек. Сыртқы саясатта тек Ресей мен Қытаймен ғана шектелмей, басқа мемлекеттермен де жақын ара­лас­қа­ны­мыз жөн. Өз мүдделерімізге сай келі­сім­дер­ге ғана қол қойып, жер мәселесінде, эко­номикалық мәселеде тиімсіз келі­сім­дерден бас тарту керек. 1 млн. ғана хал­қы бар Катарды алып қарайық, яки Кувейт, Еуропадағы Бельгия, Швейцария – бұлардың ең негізі ұстанымы өз­деріне деген сенім, ұлттық намысқа деген бе­рік­тік. Меніңше, осы екі ұста­ным мы­ғым болса көп мәселе шешіледі.

TolganaiТолғанай ҮМБЕТАЛИЕВА, саясаттанушы:
–Қазақтар – өзін табысты ұлт ретінде көр­сетіп, әлемдік қауымдастықтан өзі­нің орнын алуға талпынып жатқан жас ұлт. Табанды түрде даму жолына түсіп, әлем­дік елдер қатарына қосылуға ниетті. Әри­не, өзге елдердің барлығы секілді біз­дің де өз тарихымыз бар. Барлық ел өзі­нің тарихын ұлы тарих деп таниды, біз де өзімізді өзгелерге ұлы тарихымыз ар­қылы танытқымыз келеді. Алайда, біз­дің тарихымызды тануымыз үзік-үзік, құ­рақ-құрақ секілді, көлеңкелі тұстарын жа­сырамыз. Дегенмен, мен мұның уа­қыт­ша құбылыс екеніне және еліміздегі та­рих ғылымын нығайту арқылы өткен өміріміз туралы толымды мәлімет аламыз деп үміттенемін. Сонда біз өз хал­қы­мыздың тарихындағы кез келген дерекке құрметпен қараймыз. Саяси тұр­ғыдан алғанда біз ықпалды күштер қа­тарына кірмейміз, еліміздің ролі мен маңызы әлі анықтала қойған жоқ. Біз тек өз амбицияларымызды ғана айтып жүр­міз және әлем бізді сол амбициялар ар­қылы ғана бағалап келеді. Тек айтумен ға­на шектелмей, ауыздан шыққанның нақ­ты іске асқаны жөн болар еді.

Бакытжан БукарбайБақытжан БҰҚАРБАЙ, саясаттанушы:
– Әр елдің, әр ұлттың дамығандығы, ке­мелденгені, ұлылығы оның жалпы адам­зат өркениетінің дамуына қосқан үлес салмағымен белгіленеді. Мәселен, АҚШ ұлы мемлекеттің бірі. Себебі, он­дағы ғалымдар, өнертапқыштар, басқа да ғұламалар ашқан жаңалықтардың же­місін қазір әлем халқы көріп отыр. Мә­дениеті де күллі дүниеге тарады. Бұл мы­салға Оңтүстік Кореяны да қоса аламыз. Ол елдің техникасын пайдалып, кө­лігін мініп жүрміз. Ал шетелге бара қал­­саңыз, Қазақстанның өнімі деп көр­се­тетіндей өнім жоқтың қасы. Осы жер­де кейбіреулер Абайдай ұлы ойшылы бар қазақты ұлы халық  деп айтпауға бол­май­­ды деп қарсы пікір білдіруі мүмкін. Рас, Абай Құнанбаев – қазақ үшін ең басты тұл­ға, ұлы ақын. Оған ешкім шүбә кел­тір­мейді. Ал бірақ ұлттың ұлылығын әлем­дік масштабта қарастыратын бол­сақ, Абай ойшылдығы – ұлылықты біл­ді­ретін көп көрсеткіштің бірі ғана. Әде­бие­т­іміздегі бір тұлғамызды мақтан тұта ала­ды екенбіз, бірақ бұл жеткіліксіз. Екін­шіден, Абай қайтқалы 112 жыл, ол өз заманында ұлылығын дәлелдеп кеткен. Бір ақынмен өне бойы мақтана беру­ге болмайды ғой.

Қазіргі күнге келейік, соңғы бес-ал­ты жылда танылған жастарға үлгі етіп көр­сете алатындай ұлы ақын кім? Ғы­лым саласында кім бар? Қазіргі ғылым саласын дамытуға үлес қоса алатын жас ғалым бар ма?

Жақында ғана АҚШ-та ғалымдар то­бы гравитациялық толқынның бар еке­нін дәлелдеп шықты. Бұндай жаңа­лық­тар жүз жылда бір ашылады және ғы­лым дамуының кейпін түбегейлі өз­гер­теді. Осы ғалымдар тобының арасында қазақтың жас жігіті бар екен. Міне, біз осымен мақтануымыз керек. Осындай жігіттер мен қыздар қазіргі кезде қа­зақтың атын шығарып жүр және олар көп болу керек. Әлемдік деңгейдегі 100 жыл­да бір ашылатын жаңалықтың ашылуы­­на қазақ  азаматының қатыс­қаны біз­­дің халқымыздың қабілеттілігін аң­ғартады. Тек қабілетті шыңдайтын, дамытытын мүмкіндік болмай тұр.

– Шағын ұлттығына қарамай дүниеге аты мәлім тұлғалары болуының сол ұлтқа ти­гізетін шарапаты қандай? Кеңес Одағы ке­зінде қазақ қауымы Шәміл мысалына кө­бірек жүгінетін. Енді қарасақ өз тұл­ға­лары­мызды қаншалықты зерттеп, қанша­лық­ты үлгі тұтуға бейілденіп жүрміз деп ой­­лайсыз?

Расул ЖҰМАЛЫ:
– Кез келген ұлттың әрбір тарихи ке­зеңі тудырған тұлғасы болатыны заң­ды­лық. Біздің тарихымызда да ондай тұл­ғалар бар, әлі де бола беретін шығар. Мә­селе сол тұлғалардың өсиеттерін қан­­­шалықты ұстанып, өнегесін бүгінгі күн­нің жағдайына сай тиімді пайдалана біл­генімізде. Түрік қағанаты, Қазақ хан­да­­рының жолы, бертіндегі би-батыр­ла­рымыз, Алаш қайраткерлерінің жолын ұс­тануды былай қойғанда, ұрпаққа дұ­рыс ұғындыра алмай отырмыз.

Ал  бүгінгі заманда нағыз  тұлғалар­дың ор­нын көбіне жалған тұлғалар, ел аза­мат­тарының орнын кездейсоқ азаматтар ба­сып отырған жайы бар. Бұл Кеңес заманынан келе жатқан келең­сіздіктің сарыны. Бізде ел экономикасын көтерер, рухын жаңғыртар қолынан іс келетін тұл­ғалар жоқ емес, бар. Тек ондай мықты азаматтардың, ойшыл жандардың халық ал­дына шығуына, тізгінді қолға алуына ке­дергі көп. Негізгі түйткіл осы. Тек бұл ғана емес, елдің әлеуетінің кө­те­рілуіне жойдасыз етек алып кеткен жем­қорлық үлкен кедергі келтіріп отыр. Бұл азаматтық қоғамның әлсіздігі мен немқұрайлылығы, сыл­ырттығы, әді­лет­сіздіктерге көз жұмып, немкетті қа­рау. Кез келген елдің эко­номикасының көтерілуі, саяси әл ау­қатының артуы өз­дігінен орын алмайды, оны жүзеге асы­ратын жекелеген тұлғалар. Ондай тұл­ғалар біздің елімізде бар. Бірақ олар өз қабілеттерін мем­лекеттің даму жо­лын­да пайдалана алмай отыр. Бізде би­лік тарапынан да, халық тарапынан да мұндай ірі тұлға­ларды бағалау, қолдау аса байқалмайды.

Толғанай ҮМБЕТАЛИЕВА:
 – Тарихтағы ұлы адамдардың тағ­дыры – ұлттың өткенін жобалаудағы маңыз­ды элемент. Мұндай адамдардың өмірі мен көзқарасы ұлт дамуының қа­лай жүзеге асқанын көрсетеді. Ғылымда биографиялық тәсіл деген ұғым бар, ол же­келеген саясаткердің, тұлғаның био-
г­ра­фиясы арқылы ол өмір сүрген кезең­нің ерекшеліктерін анықтауға көмек­те­седі. Біз­дің  ғылымда мұндай адам­дардың тағ­дыры өте тар ауқымда қарастырылып, жа­лаң түсініп жүрміз. Меніңше, біз мұн­дай ескі жолдан шығып, ұлт  тарихындағы ұлы тұлғалар туралы таным түсінігімізді өз­гертуіміз қажет. Мәселен, біз өзіміздің ірі тұлғаларымызды тек культ ретінде ғана қарастырамыз. Олардың тек жағым­ды жақтары ғана айтылып келіп, жа­ғым­сыз қылықтары күрт анықталған уа­қытта қоғам ыдырап, бағдарынан ада­сады. Бұндай жағдай қайта құру дәуі­рін­де Сталин мен Лениннің тұлғалығына қа­­тысты орын алды. Сондықтан ұлы адам­дардың тұлғалығына тек жағымды қа­сиеттері арқылы ғана қарамай, оларды зерттеуміз керек және оларды культ жа­сап күллі ұлтты екінші кезекке ы­сыру­ға болмайды.

Бақытжан БҰҚАРБАЙ:
– Қазіргі таңда Қазақстан әлем үшін тек шикізат көзі ғана. Елдің ұлылығы са­лыстырмалы түрде танылатын дүние ғой. Егер әлемде тек Қазақстан деген мем­лекет болса, онда ұлылық мәселесі де болмас еді. Әрбір көзі ашық азамат өз елі­нің деңгейін басқа елдермен салыс­тыра отырып бағамдайды. Елімізді да­мы­ған елдермен салыстырсақ, міндетті түр­де өнім өндіру мәселесіне тірелеміз. Яғни біз тек тұтынушымыз. Заманның жаңарғаны сонша, қазақ баласы меңгеруі тиіс, бұрын атын естімеген көп сала өмі­рімізге енді. IT-технология, нанотехноло­гия, әлеуметтік ғылымдардағы жаңа­лық­тар және т.б. Ендігі жерде, тарихи тұлғаларымызбен мақтана бергеннен гөрі жаңа саланы меңгеруге тиіспіз. Та­рихи тұлғалар мен олардың еңбегін на­си­хаттау ғылымның ілгері жылжуына әсер ете алмайды. Мәселен, Шоқан Уә­ли­ханов пен Қаныш Сәтпаев туралы жы­лына оншақты кітап шығарсақ ға­лым ілгерілей ме? Жоқ. Мүмкін бір адам­­ның ғылымға қызығуына әсер етер­міз, алай­да, ол жеткіліксіз. Ғылым­ның дамуы үшін оған мемлекет тарапынан көңіл бөлініп, институционалды тұр­ғы­дан шешімін тапқаны жөн. Ғылым са­ла­сының бүгінгі ауыр халін ескерсек, жас­тардың бұл салаға ықылассыз екені түсінікті. Ал маман жоқ саланың алға жыл­жымайтыны тағы белгілі. Ұлы ел болу үшін ғылым, білім, әдебиет, ме­дици­на, т.б салалардың барлығы қатар дамуы керек. Біз жоғарыда АҚШ-тың өзі­міз тұтынып жүрген техникалық құ­рал­­дарын айтып өттік, одан бөлек АҚШ-та кітап көп оқылады, көп шыға­ды. «Колумбия» университетінің кітап­ха­­насында 25 млн. кітап бар. Алдағы жыл­дар ішінде АҚШ-тың елу штатынан ең үздік қаламгерлерді іріктеу шарасы басталды. Шара аясында ең үздік туынды авторларына сыйақы беріледі, нақты іспен ынталандырады. Одан өзге де мо­тивациялық шаралар бар. Мұндағы мақ­сат Нью-Йоркты алдағы 10-15 жыл ішін­де әлемнің әдеби астанасына айнал­дыру. Сөйтіп, АҚШ әлемнің басқа ел­де­рі­не тек технологиясын ғана емес, со­ны­мен қатар, мәдениетін де экспорт­тай­ды. Міне, елдің ұлылығы дегеніміз осы. Біз­ге де осындай шараларды тек әдебиет са­ласында ғана емес, барлық салада жү­зе­ге асыру керек.

 – Қазіргі жағдайда қазақ ұлты өзін қа­лай ұстағаны жөн?

Расул ЖҰМАЛЫ:
– Бір нәрсе анық. Қазақтың мә­се­ле­сін шешетін, қазақтың мүддесін ойлайтын тек қана қазақ. Ертеңгі ұрпаққа жар­қын болашақ тілесек, бүгінгідей нем­құрайлылықтан, салғырттықтан арылуымыз керек. Әр қазақ өз саласында, өз деңгейінде белсенді бола алса, мей­лі ол экономист пе, шаруа ма, кәсіп­кер ме, мұғалім бе, өз намысын биік ұс­тап, заң жүзінде қазақтың ортақ игі­лі­гіне жұ­мыс істеу керек. Өзгелерге жалтақ­та­май, кішігірім оқиғаларда да тіл мәсе­ле­сінің өз деңгейінде шешілуіне, тек жалған ұранмен емес, қазақ тілінде сөй­леп, қазақ тілінде қызмет көрсетілуін та­лап ету секілді қарапайым заңды­лық­тарды ұстанғаны абзал. Жемқорлықпен кү­рес мәселесінде де азаматтардың бел­сен­ділігі қоғамның дамуына едәуір әсер етеді және көп мәселені шешеді.

Толғанай ҮМБЕТАЛИЕВА:
– Көпірме мәлімдемелерді көп айта бер­мей, әр сөзді іспен дәлелдейтін уа­қыт. Қазір біздің қасбетіміз әдемі, бірақ іші­не үңілсек, ондай әдемілікті көре ал­маймыз. Мәселен, Астананың құры­лы­­­с­ына қаншама күш жұмсалды. Онда өт­кізіліп жатқан сән салтанаты мол фо­румдар мен көрмелерге ше? Тіпті, ау­қатты елдер мұндай форумдарды сирек әрі елге пайдалы болса ғана өткізуге тырысады. Біз­де пиар туралы бағдар ғана бар, ал маз­мұн әлсіз. Еліміздегі жем­қорлық пен ауыл­дық аймақтардың дамымай отыр­ғандығы туралы барлығы біледі. Ірі елдерге біздің Астананы қанша уа­қыт­ты тұрғызғанымыз бен түрлі форум­дар­ды өткізе алатынымыз емес, жем­қорлық пен артта қалып қой­ған аймақтардың мәселесін шешу маңызды. Сондықтан менің ойымша, біз құндылық­тарымыз­дың құрылымын өзгертіп, басым­дық­тар­ды басқаша түзеуіміз қажет. Басты орынға сырт көзге жақсы көріну емес, ішкі мәсе­ле­лерді қоя білгеніміз абзал.

Бақытжан БҰҚАРБАЙ:
 – Барлығын мемлекет атқаруы тиіс де­ген біржақты көзқарастың орныққаны да жөн емес. Халқымыздың дүниеге, бі­­лімге, заманға икемделуге деген көз­қа­расы өзгеруі керек. Мұнайдың бағасы қым­бат кезде біз жаппай тойжарыс өт­кіздік. Бұл тек халық арасында емес, мем­лекеттік деңгейде де біраз асқынды. Бұл әлі күнге дейін жалғасып жатыр, қан­­шама пайдасы жоқ шаралар өтті. Ондай шараларға қанша  ақша жұм­салды, оның бір пайдасы болды ма, жоқ па беймәлім. Мына шарадан соң бізге мы­на­дай инвес­тиция тартылды немесе пә­лен турист келді  деп есеп беріп жатқан ешкім жоқ. Тойға кеткен ақша баланың білім алуына жұмсалса тиімді болатынын түсінетін уақыт жетті. Бұл қазақ үшін дәстүрді ұмытудан бұрын заман кө­шіне ілесетін жол ретінде қа­былдануы ке­рек. Мен қазақты жамандап отырған жо­қ­пын, «итің жаман» дегенге намыстанатын халықпыз. Тойжарыс тоқтамаса, өр­кениетке ұмтылған әлемдік жарыстан қа­лып қоямыз. Қа­зірдің өзінде сол жа­рысқа ілесе алмай отырмыз. Әлемнің бо­лашақ бейнесін ай­қындайтын, енді ғана қалыптасып жатқан салалардағы жарыстардан қалып та қойдық. Жастарға дұрыс үлгі көрсете біл­сек екен. Ертеңгі күні осы той­шыл­дығымыздың есебі бо­лады. Болашақ ұр­паққа ауыртпалық түсірмеу үшін қа­зірден бастап ойлан­ғанымыз абзал. Қа­зір көрші қырғыз бен өзбек халқына Ре­сейде нан тауып жүр деп күле қарап жүр­міз. Алайда, ертең мұнайымыз таусыл­ғанда сол кепті біздің кимесімізге кім ке­піл болады?

Дайындаған Назым ДҮТБАЕВА.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір