Мендегі мұң, сіздегіден басқа мұң…
24.01.2024
516
0

Рәтбек САҒИД-УАҺАС

Кеш!.. Қош!..

«Прости! Прощай!..»
(Орыстың ақтық сәт­те айтатын сөзі)

Еске алсаң жаның жылынар,
Өт­ті ғой талай серілік.
Кім кешер,
Және кім ұғар,
Кім жоқтар мені егіліп?!

Ұшырған құсым түспеді,
Ұсынған қолым жетпеді.
Үзіліп кет­ті іштегі
Сезімнің нәзік шектері.

Көгілдір көктем «Қош!» – деді,
Барады жазым қол бұлғап.
Кешіре алсаң,
Кеш мені,
Аңсарым едің ең қымбат!..

Жастық-ай, жастық,
Қош енді!
Жақсы да, жаман өт­ті күн.
Шаңдатар сенің көшеңді,
Шарасыз ғашық жоқ бүгін.

Өзің деп тулап жүрегім,
Көңілден бейнең өшпеген.
Ақырғы құмбыл тілегім –
«Кеш!» деген және «Қош!» – деген.

Жалғаннан жайдай өте алам –
Соңғы рет көктен Күн күлсе…
Дәл осы сөзді екі адам,
Бір-біріне айтып үлгерсе…
* * *
Сен мен үшін жаратылған ұят­ты ең,
Күннен ыстық Темірқазық сияқты ең,
Айсыз түнде адасқанда бағдарым,
Алқынғанда ақыл қосар зият­ты ең.

Ел ішінде ерекшем ең!
Ең, ең бір…
Шын таяныш тапсам деп ем сенен бір.
Тілегімді тыңдамады, қайтейін,
Мені естірде Тағдыр ылғи керең-дүр!

Елжіресем, еске түсіп есімің,
Енді қайта ойламауға бекідім.
Қарлығашым зәу биікте ед, төмен жүр,
Меңзегендей күн бұзылар шешімін.
Осы мұң…
* * *
Жақсы өлеңге жете алмай,
Жаман өлең жаза алмай.
Шылбыр үзіп кете алмай,
Сыңғыр үнін таба алмай.
Бұлдыр-бұлдыр күндерде,
Тұнжыр-тұнжыр түндерде,
Шын жыр іздеп шарқ ұрған,
Ақын деген – мұң кеуде.

Ең бақыт­ты,
Һәм сорлы,
Кімге керек сөзі оның?!
Қалжырады-ау…
Шам сөнді.
Қан жылады-ау,
Сеземін…

Менен де бір арыз…

Жаным күйіп,
Жаратылыс тоздырып,
Күндерімді жатырмын тек оздырып.
Ертең, ертең, ертең, ертең дейтұғын,
Баянсыз бір болашақты созды үміт.
Төріне бір шықпағасын төскейдің,
Болашақты мен бәрібір шешпеймін,
Көрпе көктеп отырған сол шешемдей,
Жетер ме деп сөзімді үнсіз көктеймін.

Парағымды жыртып тұрып ертесін,
Көктеймін сол сөздің үнсіз көрпесін.
Болашаққа менен де бір арыз бар,
Қарайсың ба, қайтесің?

* * *
– Осы саған өлең қалай келеді? –
деп, ағайын, кейде көңіл бөледі.
Ұйқастырып, сөз құраған оларға,
Оңай сынды көрінеді себебі.

– Өлеңімнің келісі ме?
Келісі –
Іштен тынған күндерімнің жемісі.
Елім берген өнегенің өрісі.
Сан тоғысқан сезімдердің желісі.
Бір-ақ сөзбен айтар болсақ егер де,
Өлең – менің тағдырымның жеңісі!

Өмір деген білесің ғой – өр, жазық.
Өлең үшін толып жатыр онда азық.
Ұлыларды қозғамай-ақ қоялық,
Оңай десең, мендей-ақ бір көр, жазып…

Менің тілім –
Күлтегіннің тілі еді

Жасқа малып, тасқа мәңгі қашаған
Тарихымды жарқыратшы, Жасаған!
Мың жылыңа мыңқ етпеген мықты еді,
Тілім неге жәутеңдейді тасадан?

Менің тілім – Күлтегіннің тілі еді,
Осы тілде түркі елінің тілегі
Тәңірінің құлағына шалынып,
Әмірімен жұртым қайта түледі.

Менің тілім – тілі көне түркінің!
Тәуелсіздік кесті-ау деп ем қырсығын
Бірақ бүгін жетім бала сияқты,
Күнін көріп, шыланады кірпігім.

Менің тілім – өлең тілі, сыңғыр үн,
Астарменен жеткізетін шындығын.
Бір-ақ сөзбен даудың отын өшірген
Даналығын бағалайды кім бүгін?

Менің тілім – тілі еді ұлы Абайдың,
Түйсігіне сәуле шашқан талайдың.
Бірақ бүгін көзі неге боталап,
Есігінен сығалайды Сарайдың?
Менің тілім – ұлыдан да ұлы еді.
Ол – Алланың тура түскен нұры еді.
Ол – Тәңірдің күмбірлеген үні еді.
Ол – түркінің қисаймайтын туы еді.
Ол – қазақтың лүп-лүп соққан жүрегі,
Тасқа жазған Күлтегіннің жыры еді!
Бүгінгі ұрпақ соны білсін деген бұл–
Көкейімде көптен жүрген сыр еді,
Айт­тым.
* * *
Сексен алты. Мұз желтоқсан. Қан майдан.
Сан жасауыл келіп жет­ті шалғайдан.
«Аямаңдар, өр кеудесін басыңдар!
Жаныштаңдар, күлін көкке шашыңдар!
Тапқан екен алатынды шаужайдан» , –
деп шашалып, бұйрық берді қалды таз,
Түкірігі шашырап бір таңдайдан.
«Көз жасыма пысқырмады Москва» ,
Алматы да сипамады маңдайдан.

Бозбаланың нақақ қаны шашылған,
Бойжеткеннің ар етегі ашылған,
Алаң осы…
сексен алты – желтоқсан –
Көрінісі келбетімнің ашынған.
Жеңілісі жендетімнің басынған.
«Көз жасыма пысқырмаған Москва» ,
Алматы да сипамаған басымнан.
Жаңғырығы естіліп тұр әлі де,
Қаныпезер жиырмасыншы ғасырдан.
Беу, дүние!

Арнау

Бір жыр арнап көріп едім ағама,
(Болып жүр ме өзі алаң…)
«Ана тақпақ маған жалпы ұнады…
Қат­ты мақтап жібердің бе…» – деді ағам.

Арнап едім, бір жырымды жездеме,
Әпкем дағы созалаң.
Осылардан бір жылы сөз дәметіп,
Қалып едім мазадан.
Ал, ендеше.
* * *
Қарны тойса қанағатшыл тобырдың,
Арасында жүре-жүре қорындым.
Қорындым да, қорқып мына қоғамнан
Қаштым үнсіз…
Ол туралы не білдің?
* * *
Болғанмен біздің осы көп қатеміз,
Адамбыз,
Ағайынбыз,
Септесеміз.
Бесеуін мен өзіме еншілейін,
Сіздің де қалды әнеки, бес қатеңіз.
Оны қайтесіз?

Эпитафия

Келейін деп келді дейсіз бе?
Өлейін деп өлді дейсіз бе?
Берді дейсіз бе бірдеңе
бұл елге мен?!
Айт­қаныңызға көнді дейсіз бе?
Артыңызға үнсіз ерді дейсіз бе?
Көрді дейсіз бе бірдеме…
білем бе мен?!

Жадырап күлгем, алғашқы өнгенде гүлім,
Күмбірлеп еді әуелде кеудемдегі үнім,
Игере алмадым, басыма бергенде білім.
Шегіме жет­ті ақыры, шерменде жырым,
Осында келдім, көзімнен сөнгенде Күнім.
Мен Сізді әйтеу, тым жақсы білемін…
Қызық…
Көрмеген дағы шығармын,
көрген де бұрын.
Жеңе алмай өткен өзінің сол
менмендігін,
Мен көрген сона-у-у азапты
сен көрме, күнім!

* * *
Көз көргеннің көбі кет­ті,
Өмір өт­ті көзді ашып жұмғанша-ақ.
Еңіретіп төңіректі,
Жапырақтар дір-дір етіп тұрған шақ.

Тағы сені есіме алдым,
О, ғажап!
Ұмыта алмай қойғаным-ай, мұңлығым.
Сол азап қой,
Әлі дағы сол азап…
Дәл өзімдей аспан жылап тұр бүгін.

Жә, жарайды,
Кімге керек шындығым,
Күзді күнгі көңілімнің ауаны.
Сырғымайтын жерде талай сырғыдым,
Халің қалай десең,
Осы жауабы.
* * *
Қаңтарда қар ериді тосылсаң да,
Шатырдан тамшы тамар қотыр тамға.
Бәрібір сексен күнсіз көктем жоқ, – деп,
Сауысқан шықылықтап отыр талда.

О, дүние-ай, ұғар дейсің назымды кім!
Қаңқылдап қайтар ма екен қазым бір күн?
Құлаққа сондағыдай естілер ме,
Жаныма жастай сіңген сазы үндінің?

Еритін жылымықтан қарша бірден,
Жылауық нұрсыз күннен шаршадым мен.
Сексен күн енді қашан өтер екен,
Көктемді қашан құшам аңсарыммен?!
* * *
Толтыра алмай мына өмірдің бір кемін,
Басым қатып, байыз тап­пай жүргенім.
Баян іздеп, баз кешіп ем, бәрібір,
Ұзынағаштан басқа жерге сіңбедім.

Болмаса да пәлендей бір жиғаным,
Кешегі өткен жастығымды қимадым.
Аққайнар мен Қарғалым да жат болды,
Ұзынағаштан басқа жерге симадым.

Алпыс белес жолды жүріп тастадым,
Мендегі мұң – сіздегіден басқа мұң.
Еліктірмес Алматы мен Қапшағай,
Бәрі бөтен Ұзынағаштан басқаның,

Қолын созып тұр ғой дейсің кім маған,
Жанымдағы жалғыз үнді тыңдағам.
Бәрі жеріп кеткен кез­де тербеткен
Ұзынағашым, саған арнап жыр жазам!
Ей, Ұзынағаш, мен ғой – сенің шын балаң!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір