«Сыр елінің рухани бастамасы басқа өңірлердің қолдауына лайық»
6 қыркүйек күні Алматы қаласындағы Қызылорда облысының мәдениет және өнері күндері аясында Ұлттық кітапханада, Қазақстан Жазушылар одағының 90 жылдығына және Халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің туғанына 100 жыл толуына орай, «Кітап және қаламгер» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті. Сыр елі зиялы қауымының арнайы делегациясын Қызылорда облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мира Қазбекова бастап келді. Конференцияға ақын-жазушылар, зиялы қауым және баспасөз өкілдері, кітапханашылар қауымы қатысып, сөз сөйледі.
Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының Төрағасы Мереке Құлкенов қос мерейтойдың қатар келіп отырғанында ерекше мән бар екеніне тоқталды. Төраға кезінде мемлекет астанасы болған Қызылорданың қазақтың рухани өміріндегі, мәдени ошақтар мен шығармашылық ұйымдардың құрылып, қалыптасуындағы бірегей рөлін атап өтті. «Қазақ әдебиеті өңірлердегі әдебиетпен мықты, ол жанды байланыс ешқашан да үзілмеген», – деген Мереке Әбдешұлы осындай игі шараны Алматыда өткізіп отырған Қызылорда облысы әкімдігінің бастамасы басқа өңірлерге де өнеге болуы тиіс екенін айтып, өңір басшылығына өз ризашылығын білдірді.
Жиынға қатысқан Қазақстанның Еңбек Ері, жазушы Дулат Исабеков өз сөзінде қазіргі әдебиеттің өзекті проблемаларына, соның ішінде қазақ әдебиетін әлем жұртшылығына таныстыру мәселелеріне кеңінен тоқталды.
Конференция аясында көпшілікке «Жыр-әннің елі, Тұранның төрі – Сыр елі» атты кітап және архив құжаттарының көрмесі, белгілі фототілші Сайлау Пернебаевтың архив қорындағы белгілі қаламгерлердің образдары бейнеленген фотокөрме таныстырылды.