ТЕРМИН ЖАЙЫН ТЕРЕҢ ПАЙЫМДАҒАН ҚАЛАМГЕР
Ғылым тілін, терминологияны негізінен ғылыми еңбек жазу барысында ғалымдар, сан түрлі арнаулы салаларда еңбек ететін кәсіби мамандар мен осы мәселені зерттейтін тілтанушы, терминтанушылар қалыптастырады. Тіл – халықтың ортақ мұрасы әрі игілігі болғандықтан, бұл іске ұлтының тілін жетік меңгерген өзге де мамандық иелері, білімі мен талғамы жоғары әрбір тіл тұтынушысы араласуға қақылы. Бұл тұрғыдан келгенде жаңа сөздер мен терминдерді жасау мен олардың тілде орнығуына, нормалануына, әсіресе қалам ұстаған қауым – ақын-жазушылар, журналистер мен аудармашылар үнемі атсалысып, өз үлестерін қосып жатады. Оған қазақ әдеби тілі дамуының қай кезеңін алып қарасақ та, көз жеткізіп, көп мысал келтіре аламыз. Арғысын айтпағанда Ыбырай, Абай, Шәкәрімнен бастап, ХХ ғасыр басында оқулық жазып, аударма жасаған Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы сынды Алаш зиялыларының да қаламынан туындаған ондаған, жүздеген жаңа сөздер мен терминдер тілімізді байытты.
Мұхтар Әуезовтің баспа бетін көрген «Қайсысын қолданамыз?» атты ең алғашқы мақалаларының бірі 1917 жылы «Сарыарқа» газетінің 19 қазандағы №17-санында жарық көрсе, осы мақаласының жалғасы іспетті «Ғылым тілі» (научный термин) деген мақаласы 1918 жылы «Абай» журналында жарияланады. Осы мақалаларында ол термин жайын арнайы сөз етті. 1951 жылы жарияланған «Тіл және әдебиет мәселесі» атты мақаласында да академик-жазушы терминология мәселесін көтерді.
Одан кейінгі кеңестік кезеңде де көптеген қазақ қаламгерлері термин, аударма мәселесіне ерекше мән беріп, бұл бағыттағы жұмыстарға қатысты пікір білдіріп, үн қосып отырды. Тәуелсіздік кезеңінде де солай болды. Мәселен, қазақтың қабырғалы қаламгері Әбіш Кекілбайұлы терминком мүшесі болып, ұлттық терминқорды қалыптастыруға атсалысқанының куәсі болдық.
Терминдерді тезге салу жолында ізденіп, термин жайында арнайы сөз қозғаған қалам иелерінің бірі – қазақ детектив жанрының бастауында тұрған жазушы Кемел Тоқаев. Қаламгердің «Заң терминдері хақында» деп аталатын мақаласы «Қазақ әдебиеті» газетінің 1968 жылғы 14 желтоқсандағы №51 санында жарияланды. Баспасөз тілінің мәселелеріне арналған ғылыми-практикалық конференция қарсаңында жазылған бұл мақаласында автор 1962-1964 жылдары қазақ тіліне аударылған «Қазақ ССР-інің қылмыстық кодексі» және «Қазақ ССР-інің қылмыстық істер жүргізу кодексі», «Қазақ ССР-інің азаматтық кодексі» және «Қазақ ССР-інің азаматтық істер жүргізу кодексі» мәтініндегі сәйкессіздіктер, терминдер аудармасы мен қолданысы жайында мәселе көтереді.
Мақала авторы «Заң терминдерін қолдануда елеулі кемшіліктер де жоқ емес. Кейде сөздің заңда қолдануының нақты мәнін білмей, тұспалдап аударушылық бар» дей келіп, бірнеше терминнің қолданысында бірізділіктің жоқтығын, олардың аудармаларының дәл еместігін атап көрсетеді, өз нұсқаларын ұсынады.
Жазушы қылмыстық кодекспен қатар Үкімет жанындағы терминология комиссиясы бекіткен кейбір заң терминдерінің де ұтымды жасалмағанын айта отырып, оларды ұғым мазмұнын дәлірек беретін нұсқалармен алмастыру қажет деп санайды. Ондай тоқтамға келуінің себебін былай түсіндіреді: «Мәселен, «снятие судимости» деген тіркес «сотталғандығын жою», «погашение судимости» деген сөздер «сотталғандықтан арылу» деп алынды. Бұрын қолданылып жүрген терминдерге қарағанда бұл аудармалар орыс тілінің түпкі мағынасына біршама дәл келеді.
Әйткенмен, қандай бір терминді болса да қабылдаған кезде ең алдымен оның қолдануға ыңғайлы жағын қарастырған жөн. Мысалы «сотталғандығын жою», «сотталғандықтан арылу» деп жатқаннан гөрі «соттылығын жою», «соттылығынан арылу» деп айту әлдеқайда ықшамды әрі орыс тіліндегі мағынасына дәл келер еді».
Термин қолдануға қолайлы, қысқа да нұсқа, мағынасы дәл болуы керек деген талаптар тұрғысынан қарағанда автор «сотталғандығын жою», «сотталғандықтан арылу» деген тіркестердің шұбалаңқы екенін дұрыс атап көрсетіп отыр. Сонымен қоса кемшілігін атап көрсеткен терминнің орнына өз тарапынан балама беруді де ұмытпайды. Қаламгер ұсынған «соттылықты жою» термині қазір заң тілінде кеңінен қолданылып жүр. Бұл автор уәжінің көңілге қонымды болып, ұсынысының мамандар тарапынан қолдау тапқанын көрсетеді.
Осы мақаласында К.Тоқаев: «Қазақ ССР-інің қылмыстық кодексі» мен «Қазақ ССР-інің қылмыстық істер жүргізу кодексінің» 1962 және 1964 жылдардағы басылымдарының терминдерінде елеулі алшақтықтар бар», – деп жазады.
Мақалада ондай алшақтықтардың бірнешеуі мысалға келтіріліп, автор тарапынан талданады. Мәселен: «Кодекстің 84-статьясындағы «должностные лица» деген сөздер бірінші басылымында «қызмет иесі адамы» деп, 2-басылымында «лауазым иесі адам» деп алынған. Шынында «қызмет адамы» деп алған дұрыс секілді. Бұл кодексте «отстранение обвиняемого от должности» деген тіркес 1-басылымында «айыпкерді қызметінен шығару», ал екінші басылымында «айыпкерді лауазымынан түсіру» деп алынған. Біздіңше «қызметінен босату» деп алған дұрыс сияқты» – деп, өз нұсқасын мамандар талқысына салады.
Автордың бұл пікірлері де орынды. Ғасыр басында 1927 жылы Ахмет Байтұрсынұлы бастаған Алаш оқығандары шығарған «Пән сөздері» атты сөздікте де «должностное лицо» деген қолданысты – «қызмет адамы» деп беріпті. Қазір «отстранение от должности» тіркесін «қызметінен шеттету», ал «освобождение от должности» дегенді «қызметінен босату» деп қолданып жүрміз. Уақыт өте келе бұл қолданыстардың мағынасы мейлінше нақтылана түскен, тілде соңғысы орныққан. Ахаңдар мен жазушы К.Тоқаев ұсынған нұсқа да қазақы танымға жақын, тілге сіңіп кетуге мүмкіндігі мол ұтымды қолданыстар еді.
«Заң терминдері хақында» атты осы мақаласында жазушы: «Қазақ ССР-інің қылмыстық кодексінің» аудармаларында да елеулі кемшіліктер бар. Мәселен, «венерические болезни» деген тіркес «венерологиялық ауру» деп алынған. «Венерология» дегеніміз тұтас бір ілім емес пе? Ал сонда «венерологиялық ауру» дегеніміз ілімнің ауруы болып шықпай ма?» – депті.
Оның бұл пайымының да дәлелді екенін негіздеп жату артық болар. Бұдан өзге ол «соттың шешімі» (решение суда) және «адамның өз басына ешкімнің қағылмастығы», «адамның өз басына ешкімнің тимеуі» (неприкосновенность личности) сияқты терминдердің жарыса жұмсалуы туралы да өз пікірін білдіреді. Қазір «неприкосновенность» термині қазақ тілінде «қол сұғылмау», «қол сұқпаушылық», ал «решение суда» термині «соттың шешімі» деп қолданылып жүр.
Сондай-ақ ол осы мақаласында әйелдер босанатын үй//босану үйі (родильный дом), бөбектер үйі//бөбек үйі (дом малютки) сияқты тіркестер қолданысы мен осындағы көптік жалғауының дұрыс жалғанбағандығын сынға алушыларға қарата өз пікірін айтады.
Қаламгер 1960-1977 жылдар аралығында Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі «Ведомостарының» бас редакторы болып қызмет істеді. Осы мақаласында ол өзі басқарып отырған басылымының «заң терминдерін бір жүйеге келтіріп, оны жұртшылық арасында кеңінен насихаттауда бірсыдырғы жұмыс істеп келе жатқанын» және аталған «кодекстердің аудармалары редакцияда қаралып, талқылаудан өткенін» атап өтеді. Өзі келтіріп отырған осы деректер мен мақаласында талданған терминдер жазушының Жоғарғы Кеңес «Ведомостарының» бас редакторы болған жылдары заң мәтіндері мен ресми құжаттарды аударумен тікелей айналысып, термин қолданысы мәселесіне арнайы мән беріп, заң мәтіндеріндегі кемшіліктерді түзетуді өзіне міндет санағанын көрсетеді.
«Тегінде бұрын қолданылып, әбден сіңісіп кеткен терминдерді қайта-қайта өзгерте берудің пайдасы жоқ. …Біздің ұлттық асыл қазынамыз – қазақ тілінің кіршіксіз таза болуына, шұбарланбауына ат салысуымыз керек. Сондықтан қазақ сөздерін әлдекімдердің көңіл-күйіне қарап өзгерте беруіне болмайды» дейді қаламгер.
Бұл – өте орынды сөз. Соңғы жылдары терминком әнұран, мұражай, мұрағат, пайыз, сынып сияқты көпшілік жылы қабылдап, тілде кеңінен қолданылып, терминком ресми бекіткен сөздерді осы комиссия жекелеген лауазымды тұлғалардың ықпалымен қайтадан орыс тіліндегі қалпына келтірді. Мұндай әрекет мәртебелі комиссияға да абырой әпермейді, қазақша терминнің қалыптасуына да жол бермейді. Терминді жасауға да, оны бекітуге де басынан аса мұқият болу керек. Ресми бекітіліп, қолданысқа енгеннен кейін оны қайта-қайта өзгерту жұртты шатастырып, қазақ тіліндегі термин шығармашылығына сенімсіздік туғызады. Сондықтан бұл іске өте жауапты қарамаса болмайды.
Жазушы сонау 60-жылдардың аяғында заң терминдерінің қолданысындағы, аудармадағы кемшіліктерді атап көрсетіп, терминдерді біріздендіру мәселесін көтереді. Заң тілі, заң терминологиясы қазір де мінсіз дей алмаймыз. Тәуелсіздік тұсында қабылданған үш мыңнан астам заңымыздың бір-екеуінен басқасы түгелдей алдымен орысша жазылып, содан кейін ғана қазақ тіліне аударылғандықтан қазақша заң мәтіндерінде жарыса қолданылып жүрген, сәтсіз жасалған терминдер, калька тіркестер мен орыс сөйлемінің қалыбынан шыққан, сірескен сөйлемдер өріп жүр. Сондықтан қаламгердің 60-жылдары көтерген мәселесі бүгін де өзекті. Тіпті заң тілінің мәселелері бұрынғыдан да күрделеніп, бұл салада реттеуді, біріздендіруді қажет ететін терминдер саны едәуір арта түсті. Оның бәрін тізбелей берсек, қағаз беті көтермейді. Құқықтық мемлекетте қоғамның барлық саласындағы қатынастар заң арқылы реттеледі. Ендеше қазақ тіліндегі заңдар ең алдымен мемлекеттік тілде, қазаққа түсінікті жатық стильмен, сауатты жазылмайынша қазақтілді қауымның тілдік құқы сақталмайды.
Әрине заң тілі, терминологиясы бір орнында тұрған жоқ. Ол заңтану ғылымымен, заң шығармашылығымен бірге үздіксіз дамып, жаңарып, толығу үстінде. Мәселен, қаламгер К.Тоқаев мақаласындағы 60-70-жылдары қолданыста болған указ, статья, совет деген терминдер тәуелсіздік тұсында жарлық, бап, кеңес деп қазақшаланды. Юрист – заңгер, законодательство – заңнама болып өзгерді. Мұндай қазақшаланған атаулар көп-ақ. Осындай дұрыс жасалған, орнын тапқан атаулар барлық заң мәтіндерінде бірізді қолданылып, ал жарыса жұмсалып жүргендерінің ең ұтымды жасалғандары дер кезінде іріктелініп алынып, ресми мақұлданып отыруға тиіс.
Заң тілінің, оның терминологиясының шешімін таппаған мәселелері қазір де аз емес. Ол жөнінде заңгерлер де, тіл мамандары да жиі сөз етіп келеді. Сол ұсыныс-пікірлер мен мамандар сынын ескерген ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Тіл саясаты комитеті жуырда «Заңнама тілі: біріздендіру алгоритімі» деген тақырыпта республикалық семинар өткізгелі отыр. Онда да талай сөз айтылып, көп ұсыныс жасалар. Бірақ соның бәрі әдеттегідей айтылған жерде қалып қоймай, іс нақты шешімін табуы қажет. Әйтпесе жоғарыдағы мақаладағы осыдан елу бес жыл бұрын көтерілген заң терминдерінің мәселесі ХХІ ғасырда да шешімін таппай, қазақ заңын түсіну үшін оның орысшасына жүгіну әдетінен арылмай отыруымыз мүмкін.
Белгілі қаламгер К.Тоқаевтың заң терминдерінің жасалуы, аударылуы мен қолданысы туралы мақаласы бұл сала терминдерін реттеу, біріздендіру мәселесін осыдан жарты ғасырдан астам уақыт бұрын көтеріп, аудармадағы ақауларды атап көрсетуімен құнды. Қазіргі уақытта 60-жылдармен салыстырғанда қазақ тіліндегі заңдардың саны едәуір артты. Алайда заң мәтіндерінің тілі мінсіз, терминдері тұрақты қолданылады, аудармалары ақаусыз деуге әлі ертерек. Ендеше өткеннің тәжірибесін де ескере отырып, бүгінгі ұлт тіліндегі заң шығармашылығын жолға қою, заң мәтіндерінің тілін жетілдіру, термин бірізділігін қамтамасыз ету өте маңызды.
Шерубай ҚҰРМАНБАЙҰЛЫ,
ҚР ҰҒА академигі,
филология ғылымының докторы, профессор