ӘДЕБИЕТ, ТЕАТР ЖӘНЕ МЕН
27.05.2016
2459
0

DSCN0004Жазушы, драматург Сұлтанәлі Балғабаевпен сұхбатымыз әдебиет пен театр төңірегінде өрбіді. Жазушылыққа деген замандастарының талпынысы жайлы әңгімелеп, әдебиетке ерекше іңкәр болған уақыттың тамырын басқан Сұлтанәлі Балғабаев: «Үлкен жолға шыққанда маған ілтипат білдіріп, қолдау көрсеткендер көп болып еді. Олардың әрқайсысы да ұмытылмауы тиіс», – дейді…


– Жазушы, драматург және қоғам қай­­­раткері ретінде таныс тұлғасыз. Әңгі­ме­­мізді осы төңіректе өрбітсек…

– Жақсы! Бірақ алдымен мына бір мә­селеге келісіп алайық. Жаңа өзің айт­қан­дай, мен қоғамдық қызметте де, шы­ғармашылық салада да жан-жақты жұмыс істеп келемін. Мысалы, жиырма бес жылға жуық Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының орынбасарымын. Он бес жылдай болды, шетел қа­зақтарына арналған «Алтын бесік» жур­налын шығарамын.

Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясындағы ұстаздық қыз­ме­тім бар, профессормын. Ал жазушы жә­не драматург ретінде де ортаға салатын біраз ойларым бар. Бір әңгімеге мұ­ның бәрін сыйғызу мүмкін емес. Сон­дықтан бүгінгі сұхбатымызды әдебиет пен театр төңірегінде ғана өрбітсек  дей­мін.

– Ендеше, жалпы шығар­ма­шы­лы­ғыңыз туралы сыр ақтара отырсаңыз…

– Әдебиет әлемінің есігін өлең­мен аштым. Алғашқы өлеңдерім «Көктем тынысы» атты жинаққа кірді. Жеке өлең­дер жинағым «Тұңғыш» деген атпен жа­рық көрді. Сосын журналистикаға кет­тім. Спортшылар туралы «Жұлдызың жан­сын!» деректі повестер мен әңгімелер жинағын шығардым. Бұдан кейін біраз жыл таза проза жанрында қалам тарттым. Соның нәтижесінде оннан астам кі­таптарым басылып шықты. Яғни 1979 жы­лы «Алтын сағым», 1982 жылы «Құм мен қызғалдақ», 1984 жылы «Шөл», 1988 жылы «Дала мен дария» атты кітаптарым жа­рық көрді. 1992 жылы орыс тілінде «Крас­ная гармонь» атты жинағым шық­ты. 2009 жылы «Сырдария кітапханасы» серия­сы бойынша «Сыр мен Сарысу», «Ғажайып көктем» деген атпен екі том­дық таң­дамалы шығармалар жинағым ба­сыл­ды.

Ал жазған пьесаларым туралы сәл кейі­нірек жеке айтсам деймін.

– Жазушы болу бала жастан аңсаған арманыңыз ба еді?

– Шешем Балшай ән айтатын, өлең шығаратын, аздап айтысқа  да қатыса­тын, нағашыларымның біреуі атақты ақын болған көрінеді, міне, сөз өнері солардан маған да дарыса керек. Сөйтіп, мек­теп­те жүріп өлең жаза бастадым.Бе­сін­ші сыныпта оқып жүргенде пио­нер­лердің аудандық слетына, қазіргі тілмен айт­қан­да, өнер байқауына барып, жас ақын ретінде жүлдегер атандым. Осындай шы­ғармашылық талпыныстарым үшін 1962  жылы, 9 сынып оқып жүргенде сол кездегі аудандық комсомол ко­митетінің хатшысы, қазір белгілі ақын Надежда Лушникова қол қойған мақтау қағазын ал­дым. Сөйтіп, мен өзімнен болашақта ақын-жазушы шығатынына кәміл сене­тін болдым. Осылай жүріп он бір жыл­дық мектепті қалай бітіргенімді білмей де қалыппын.

– Сөйтіп, Алматыға бет алдыңыз…

– Жоқ, Алматыға бірден келгенім жоқ. Өйткені, ол кезде жазушы болғысы кел­­ген адам университеттің жур­на­лис­ти­­ка факультетін бітіру керек деген түсінік бар еді. Ал бұл факультетке түсу үшін міндетті түрде екі жыл еңбек өтілі қа­жет болатын. Соған орай мектеп бітір­ген соң ешқайда бармай, әкем Базар­бай­дың таяғын ұстап, ауылда екі жыл қой­шы болдым. Қой бағып жүріп, өлең жазуым­ды жалғастыра бердім. Содан жайлаудан қыстауға келіп орналасқан соң бір күні біраз өлеңдерімді алып, Қызылорда қаласындағы Жазушылар одағының облыстық бөлімшесінің бас­тығы, атақты ақын Асқар Тоқма­ған­бе­тов­ты іздеп бардым. Асекең «Ленин жо­лы» газетінің редакциясында отырады екен, бірден кіруге батылым жетпей, кабинетінің алдынан арлы-берлі өтіп, біраз жүрдім. Сосын тәуекел деп есігін қақ­тым. Атақты ақын мені жылы қабыл­да­ды, қарсы алдына отырғызып қойып, өлеңдерімді оқытты. Сосын риза болған кейіппен күлімсіреп, телефон соғып, бір кісіні шақырып алды. «Мына баладан бірдеңе шығады екен. Өлеңдерін жариялап, қолдау көрсетіп тұр», – деді. Сөйт­сем, бұл кісі – осы газеттің мәдениет бө­лімінің меңгерушісі, белгілі ақын Қом­шабай Сүйенішов екен. Қомшекең мені арқамнан қағып, қолымнан жетелеп кабинетіне  апарып, біраз  әңгімелес­ті. Қолымдағы өлеңдерімнің бәрін алып қал­ды. Содан көп ұзамай, «Ленин жолы» га­зетінде «Балауса жырлар» атты тақы­рып­пен бір топ өлеңдерім, суретім, қыс­қаша өмірбаяным жарық көрді.Бұ­дан кейін аудандық «Сырдария» газеті де «Сәт сапар, Сұлтанәлі!» деген тақы­рып­пен мен туралы дәл осындай материал жариялады. Қазақ радиосының сол кездегі Қызылорда облысындағы тілшісі Зұлқарнай Сахиев мені жас шопан-ақын деп бүкіл республикаға таныстырды.Сөйтіп, мен ақын ретінде кәдімгідей та­ныла бастадым. Әсіресе, менің бұл жыл­ғы шығармашылықтағы ең үлкен та­бысым – жас ақындардың республика­лық фестиваліне қатысуым болды. Шы­нымды айтсам, мен мұндай фестивальге қа­тыспақ түгілі, оның болатынынан да ха­ба­рым жоқ еді. Кейін білсем, менің бас­­­па­сөзге шыққан өлеңдерімді жинап, кон­курсқа жіберген аудандық  комсомол ко­митетіндегі азаматтар екен. Ал мен ойым­да ештеңе жоқ, көктем шыққан соң, Сарысуға қарай көшіп, әкеммен бір­ге қой айдап бара жатқанмын. Жапан даланың Дайралықтың тақыры деген жеріне жете бергенде артымыздан ау­дан­дық комсомол комитетінің хатшысы ма­шинамен қуып келді. Мен өзімнің жас ақындардың республикалық фес­ти­­валіне қатысып, Төлеген Айбергенов, Ғұс­ман Жандыбаев, Надежда Чернова­лар­дың қатарына ілігіп, үшінші орын алып, жүлдегер атанғанымды сол кісі­ден естідім. Енді тез арада Алматыға баруым керек екен. Сөйтіп, Сарысу жайы­на қалып, өмірі көрмеген, бірақ ба­­ла кезден армандап жүрген Алматыға қа­рай жол тарттым. 1966 жылдың сәуір айында Алматыға келіп фестиваль конкурсының төрағасы Мұзафар Әлім­баев және сол кезде атағы дүркіреп шы­ғып тұрған Төлеген Айбергеновпен бірге кө­гілдір экраннан тікелей эфирге шы­ғып, өлең оқыдым.

– Екі жыл еңбек өтіліңіз бар, әрі ақын ре­тінде танылдыңыз, енді оқу жайын ой­лаған шығарсыз?

– Иә, теледидардан өлең оқығаннан кейін арада үш-төрт ай өткен соң Ал­матыға қайта келіп, бала күннен армандап жүрген КазГУ-дың журналистика факультетіне түстім. Бұл оқуға келуімнің өзі де қызық. Сол жылы біздің ауылдың қойшылары жайлауға бұрынғыдан да ұзап көшіп, Сарысудың бір қиырындағы Түл­кібай нұрасы деген жерге барып отыр­­ды. Мен әке-шешемді де, алдым­дағы қойымды да мектепті енді бітір­ген інім Есенәліге тапсырып, Алматыға, оқуға жүруге жиналдым. Бірақ ауылға дейін кемінде екі жүз шақырым, көлік жоқ. Не істеуім керек? Осылай отыр­ған­да жайлауға совхоз директоры, Социа­лис­тік Еңбек Ері Орынбасар Бәйімбетов ке­ле қалды. Орекең менің оқуға баратынымды естігенде өзімен бірге ала кетуге қуана келісті. Біздің елге баратын жолымыз Сарысу бойындағы атақты Ахмет ишан күмбезінің жанынан өтетін, жылда әрлі-берлі көшкенде әкеміз осы жерге ерулеп, мал сойып, құран оқытатын. Күмбез тұсынан өтіп бара жатып соның бәрі есіме түсті; жолым оңға­ры­лып, оқуға түссем екен деп ишаннан іш­тей бата сұрап, тілек тіледім. Ишан­ның сол тілегімді қабыл алғанына мен әлі күнге кәміл сенемін; өйткені Алма­ты­ға келгенде оқуға түсу үшін сол Ахмет ишан­ның немере келіні Флора Оразаева­ға емтихан тапсырдым. Егер Социа­лис­тік Еңбек Ерінің өзі оқуға шығарып сал­са, жолай келе жатып атақты ишаннан бата алса, сосын сол ишанның ке­лініне емтихан тапсырса, кімнің жолы оң­ғарылмайды?! Менің де жолым болып, бірден университетке қабыл­дан­дым.

Университетте Баққожа Мұқаи, Сма­ғұл Елубай, Жақау Дәуренбеков, Шө­мішбай Сариев, Жоламан Бошалақ, Дәулет Сейсенұлы, Гүлжаухар Сейтжанова сияқты қазіргі белгілі қаламгерлер­мен бірге оқыдық.

Филология факультетінде бізден  бір курс жоғары оқыған Сағат Әшімбаев, Нұрлан Оразалин, Алдан Смайыл, Алма Қыраубаевалармен жақын араласып тұрдық.

– Кіл мықтылармен бірге өткерген студенттік өмір қалай өтті? Оқуды қалай оқыдыңыз?

– Соншалықты керемет, өте жақсы оқып бітірдім деп айта алмаймын. Әйтсе де, бо­лашақ қаламгер ретінде осы уни­вер­си­тет­тің қабырғасында қалыптас­қаным анық. Ол кезде университетте өте мық­ты әдебиет үйірмесі болды. Атақ­ты ақын-жазушылармен түрлі кездесулер жиі өтіп тұратын. Өзіміз сияқты жас ақын­дар да өлең оқып, жарысқа түсетін. Түрлі қызу диспуттар, пікір алмасулар да  ұйымдастырылатын. Өнерге арналған «Жеті муза» клубы тұрақты жұмыс істе­ді. Мұның бәрі әде­биет пен өнер жөнін­де­гі ұғым-түсінігі­міздің, талғам-таны­мы­мыздың жетілуі­не, шынайы көркем шеберлікке қарай ұмтылуымызға себепкер болғаны анық. Сондықтан да біздің Тауман Амандосов бастаған сол кездегі ұстаздарымызға алғысымыз шексіз.

Университет 2014 жылы өзінің таң­дау­лы түлектері туралы «Біздің элита» ат­ты көлемді кітап шығарды. Онда ме­нің  де суретім мен өмірбаяным бар. Сол кітапты қараған сайын баяғы студенттік күндерім жарқ етіп көз алдыма келеді, осындай атақты оқу орнын бітіргенім үшін көңілімді мақтаныш пен ризашы­лық сезімі билейді.

– Университетті бітірген соң Алматыда қалып, бірден шығармашылықпен ай­налыстыңыз ба?

– Солай десем де болады. Бірақ мұ­ның да біраз қызықты жағдайлары болды. Бесінші курста жүргенде Баққожа Мұ­қаи досым «Білім және еңбек» журна­лына қызметке орналасты. Ол кезде Нұр­жамал дейтін қызға үйленіп алған, біз­ден бөлек, пәтер жалдап тұрады. Лекцияға анда-санда келеді. Сондай кел­ген күндердің бірінде менің құлағы­ма сыбырлады: «Сен ертеңнен бастап «Бі­лім және еңбек» журналында жұмыс істейсің, бас редактор Қалдарбак Най­ман­­баев күтіп отыр», – дейді. Мен ол жур­налдың қайда екенін, Қалдарбек Най­манбаев деген кісінің кім екенін он­ша білмейтін едім. Оның үстіне, Бақ­қожа неше түрлі әзіл-қалжыңды жақсы көретін – сондықтан бұл әңгімеге онша на­зар аударған жоқпын. Содан сабақ біт­кен соң Баққожа мені сүйрегендей етіп «Білім және еңбекке» алып барды. Бас  редактор Қалдарбек Найманбаевтың қарсы алдына отырғызып қойып, мені мақ­тап берсін. Айтуына қарағанда, мен ма­қаланы да керемет жазамын, өлеңде­рім  де  шетінен тамаша, жалпы қолым­нан келмейтін нәрсе жоқ. Журналға ме­нен ар­тық қызметкер табу мүмкін емес. Мен не айтарымды білмей, аңтары­лып отырып қалыппын. Қалекең соны сезді бі­лем, ақырын жымиып күлді. Сосын:

«Жарайды, жұмысқа қабылдандың, ер­теңнен бастап келе бер», – деді.

Мен аңтарылған қалпыммен Бақ­қо­жаға еріп, орнымнан көтерілдім. Сырт­қа шыққан соң Баққожа: «Әп, бә­лем, сені қатырдым ба?!» дегендей мәз бо­лып күледі. Сөйтіп, оқу бітірмей жатып жұ­мысқа орналастым.

– Осылайша шығармашылыққа жо­лыңыз ашылды ғой?

– «Білім және еңбек» журналында бес жыл қызмет істедім. Бұл бес жыл – ме­нің тұрмыстық жағдайымның, шы­ғар­машылық жолымның қалыптасу ке­зеңі болды. Осы жылдарда үйлендім, ба­лалы-шағалы болдым, Алматының ор­тасынан үй алдым; ең бастысы, шы­ғар­машылық мүмкіндіктерімді, бағыт-бағдарымды нақтылап, жазушылыққа бет бұрдым. «Жұлдызың жансын!» атты жоғарыда айтқан кітабым осы «Білім және еңбек» журналында жарияланған шы­ғармаларымның негізінде дайын­далған еді.

– Прозашы ретінде қалыптасқан кезіңізді де еске ала отырсаңыз.

– Жетпісінші жылдардың ортасында Алматыда жастарға арналған «Жалын» атты баспа ашылды. Жаңа бас­па­ның  директоры болып қазақтың белгілі ақыны Қабдікәрім Ыдырысов, бас редакторы болып Қалдарбек Найманбаев бекітілді. Сөйтіп, екі асыл азамат бірле­сіп, жаңа баспада қызмет істеуге жан-жақтан әдебиеттің танымал өкілдері мен қабілетті жастарды жинай бастады. Бір күні кезек маған да келді, Қалекең ша­қырып алып, баспаға ауысу туралы ұсы­ныс жасады. Шынымды айтсам, бұл менің ойымда да жоқ еді; журналдағы жұмысым тыныш, табысым да жақсы, айына екі рет айлық, бір рет қаламақы ала­мын – кеткім келмеді. Бірақ Қале­кең­нің көңілін қимадым. Сөйтіп, ұзамай «Жалын» баспасына ауыстым. Бұл жерде әуелі қатардағы редактор, кейін проза бөлімінің меңгерушісі болдым. Сөй­тіп, Бексұлтан Нұржекеев, Дулат Иса­беков, Қастек Баянбаев, Қуанышбай Құр­ман­ғалиев, Еркінбай Әкімқұлов, Молдахмет Қаназ, Құр­ман­ға­зы Мұста­фин, Ермек Өте­тілеуов сияқ­ты белгілі ақын-жазушы­лармен бірге жұ­мыс істедім. Өкінішке қарай, көп ұзамай Қабдікәрім Ыдырысов кенеттен дү­ниеден озды, сондай қиын кезде Қал­дар­бек Найманбаев жаңа баспаның жұмысын кідіртпей, одан әрі жалғас­ты­рып, жаңа деңгейге көтеріп әкетті.

Баспада істеген осы жылдарда мен жазу­шы ретінде біржолата қалыптастым. Оның өзіндік себептері де бар еді. Бірін­шіден, баспада жұмыс істегенде әр­бір қолжазбаны мұқият зерттеп, зерделеп оқисың. Соған орай, әр шығарманың жетістігін де, кемшілігін де ой сарабынан өткізіп талдап отырасың. Егер осы шы­ғарманы өзім жазсам мына жерін же­тілдірер едім, ана тұсын қысқартып, алып тастар едім деген тұжырым да жасап қоясың. Оның үстіне, баспада өн­діріске кететін қолжазбаны талқылау жиі болады. Мұндайда әр шығарманың жетістік-кемшілігі қызу сөз болады. Әркім әр түрлі пікір айтады. Осының бәрін көріп, естіп, өзінің де соған араласып отыруы – кез-келген қаламгердің шеберлігінің ұшталуына әсер етеді. Мі­не, осындай жолдан өткен мен, көп ұза­май повесть, әңгіме жазуға бір­жо­лата кірістім. Бұған Қалекең де ай­рықша қол­дау жасап отырды; менің жазып біт­пеген, тіпті бас-
та­л­­маған да шығар­ма­ла­рым­ды баспаның жоспарына кіргізіп қоя­­­тын. Содан шы­ғар­маларымды тезі­рек бітіріп,  дер кезін­де баспаға тапсыру үшін жанталаса жұ­мыс іс­те­ген кездерім аз бол­ған жоқ.

– Қазіргі кезде сіз қа­зақтың алдыңғы қа­тарлы драматург­те­рі­нің бірісіз. Оның үс­тіне, ұзақ жыл театрда қызмет істедіңіз. Ен­дігі әңгімені драматургиялық шығар­ма­лар жазуыңызға түйткіл болған жағ­дай­ларға бұрсақ…

– Пьеса жазып, драматург атану отыз­дың ортасынан асқанша менің қа­пе­ріме де кірмеген еді. Анда-санда барып тұрғаным болмаса, театрға да онша қы­зықпайтынмын. Сондықтан менің пьеса жазуыма себепкер болған – қазақ­тың қазіргі атақты қаламгерлерінің бірі Тө­лен Әбдіков. Төкең де кезінде менің про­за жанрына келуіме қолдау көрсетіп, «Қы­зыл сырнай» деген тұңғыш повесімді «Жалын» журналына жариялаған еді. Сексенінші жылдардың басында сол кісінің жастар мен балалар театрында «Біз үшеу едік» деген жаңа пьесасы қойылды. Маған ол қойылым сондай керемет ұнады. Содан бастап мен де неге осындай пьеса жазбаймын деген ойға келдім. Сөйтіп, Орталық кітапханаға ба­рып біраз уақыт қолға түскен қазақша, орысша пьесалардың бәрін оқыдым. Сосын күндердің күні «Қыз жиырмаға толғанда» деген пьеса жазып, оны Мә­дениет министрлігінің репертуарлық-редакциялық коллегиясына өткізіп қой­дым. Бірақ бұл шығармамды біреу алып, кәдеге жаратады деген үмітім ша­малы еді. Сөйтіп жүргенде министрлік­тен сені Жастар мен балалар театрының бас режиссері Райымбек Сейтметов іздеп жатыр деген хабар келді. Мен ол кісіні сахнадан көргенім болмаса, жүзбе-жүз танымайтын едім, жүрегім лүпілдеп, қор­қыңқырап бардым. Рекең мені жылы қа­б­ылдады. «Сіз» деп сөйлейтін әдеті бір­ден байқалды.

– Сұлтеке, жазған пьесаңыз бізге ұна­­ды, құдай қаласа, репертуарға қо­сып, сах­­наға шығарамыз. Хабарласып тұ­ры­ңыз, – деді.

Мен сенер-сенбесімді білмей, мәз болып, қуанып үйге қайттым.

– Сонымен, алғашқы  пьесаңыз театрға қабылданды ғой?

– Иә, солай десе де болады. Бірақ нақ­тырақ айтқанда, ол театрға жазған пье­самнан бұрын өзім қабылдандым. Мен ол кезде «Жалын» баспасынан шы­ғар­машылық  демалыс алып, үйде ке­зек­ті  жаңа кітабымды жазып жатқан­мын. Пье­саның  шаруасы  бірыңғайланған соң, кітабымды бітіруге қызу кірісіп кет­тім. Содан біраз жұмыс істеген соң, де­­­­­­ма­лып қайтайын деп Ессентуки
шипажайына жолдама алдым. Ол кезде әуе­жайға орталықтағы аэровокзалдан да ба­ра беретінбіз, сумкамды көтеріп сол жер­ге барсам, алдымнан Райымбек Сейт­­метов тағы да кездесе кетті. Мені ана­­дайдан көріп:

– Ау, Сұлтеке, хабарласпай қайдан жүр­сіз? Мен сізді қызметке алайын деп жа­тырмын ғой, – дейді бұрынғысынша сы­пайы, сызыла сөйлеп.

– Қандай жұмыс? – дедім мен, түкке тү­сін­бей.

– Кәдімгі!.. Әдебиет бөлімінің мең­геру­шісі… Бізде сондай жұмыстың орыны босаған. Соған адам іздеп, біраз жұрт­­пен сөйлесіп көрдім… Қазір қо­лыңыз бос екен, енді сіз бізге келесіз, – деді.

– Реке, мен кетіп барамын ғой!.. Ессентукийге… курортқа бара жатырмын, – дедім мен, сумкамды көрсетіп.

– Ештеңе етпейді, – деді Рекең. – Келісімен дереу жұмысқа шығасыз. – Соны айтты да сыпайы қоштасып жүре берді. Мен аэровокзалдың алдында аңтарылған күйі қала бердім…

Содан не керек, курорттан келісімен бірден театрға орналастым.

– Бұл қадам сіздің шығармашылық жолыңызға, жалпы өміріңізге қандай өз­герістер, жаңалықтар әкелді?

– Бұл да ұзақ әңгіме. Мен тек басты-басты дегендеріне ғана тоқталайын.Біріншіден, театрда қызмет істеу өнердің бұл саласының қыр-сырын жан-жақты зерттеп, зерделеуді, түсінуді үйретті. Әсі­­ресе, драматург ретінда сахнаға қойы­­латын шығарма шымылдық  ашыл­ғаннан бастап қашан жабылғанша жа­лықтырмай, қызықтырып ұстап отыру керек екенін анық  аңғардым және оның алғышарттары мен тәсілдерін де түсініп, бойыма сіңіре бастадым.

Мен жұмысқа орналасқан соң көп ұза­май жоғарыда айтылған «Қыз жиыр­маға толғанда» пьесамды ол кезде жас ре­жиссер, қазір Қазақстанның еңбек сіңір­ген қайраткері Нұрқанат Жақып­баев сахнаға шығарды. Және оны әдетте­гідей емес, біраз жаңалықтар қосып, спек­такль-диспут етіп қойды. Осындай жаңалықтардың арқасында бұл спектакль театрдың өзінде де, ауыл-ауданға гастрольдерге шыққанда да көрермен­дер­дің ерекше ықыласына бөленді. Кейін көп театрларда сахналанды.

Жалпы, егер бұл пьесам жарыққа шық­­­пағанда, не қойылымы сәтсіз бол­ғанда, мен одан қайтып драматургияға жоламай кетуім әбден мүмкін еді. Сон­дық­тан да өзімнің драматургия жан­рын­дағы тырнақалды туындымның Райымбек Сейтметов пен Нұрқанат Жа­қып­баев сынды дарынды азаматтардың назарына іліккеніне шын көңілден тәу­ба деймін.

Сондай-ақ, мен Қазақстанның еңбек сіңір­ген қайраткері Әубәкір Рахимовпен көп жылдан бері шығармашылық салада тығыз байланыс жасап келемін. Қы­зы­лордалық белгілі режиссер Хусейін Әмір-Темір де менің драматург ретінде қа­лыптасуыма айтарлықтай ықпал ет­ті.

Осының нәтижесінде мен «Қыз жиыр­маға толғанда» пьесасынан кейін «Қа­зақша күрес», «Ең әдемі келіншек», «Біз де ғашық болғанбыз», «Әйелдер әле­мі немесе ең жақсы еркек», «Тойдан қайт­қан қазақтар», «Ғашықсыз ғасыр», «Са­ғыныш пен елес», «Өтірік айтпайтын адам»,«Мико, Жымбала және қас­қыр», «Менің әжем – сиқыршы» атты пьесалар жаздым. Бұл шығармаларым Қазақ­стан­дағы қазақ театрларының бә­рінде дерлік қойылды. Сондай-ақ, өзбек, ұйғыр, қыр­ғыз, қарақалпақ театрларында да сахналанды. «Мәңгілік махаббат әні» атты пье­сам 2015 ж. Қазақ хандығы­ның 550  жылдығына арналған бәйгеде екінші жүлдеге ие болды.

Бұлардан да басқа жазылып біткен, бі­рақ әр түрлі себептен әзірше жарық көр­меген пьесаларым да бар.

Менің бұл пьесаларым 2006 жылы «Ана тілі» баспасынан «Ең әдемі келін­шек»,  2008 жылы «Ақ арман» баспасынан «Біз де ғашық болғанбыз» деген ат­пен екі жеке кітап болып шықты.

– Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлт­тық Өнер академиясында ұстаздық етесіз. Бұл қызметіңіздің де әдебиет пен театрға тікелей қатысы бар. Енді осы ұстаздық қыз­метіңіз туралы айта отырсаңыз.

– Иә, мен біраз жылдан бері осында ки­нотеледраматургия мамандығы бойынша курс жетекшісі болып қызмет істеймін. Бұрын бұл орында атақты жазушы Әкім Тарази ұстаздық еткен, қазір ол кісі  Астанадағы  Өнер  универ­сите­тінде. Кейінірек баяғы курстас досым Баққожа Мұқай жұмыс істеген, ол дү­ние­ден өткен соң, орнына мен келдім. Өмір деген сол! Қазақтың белгілі қалам­герлері Дулат Исабеков, Смағұл Елубай, Шахимардан Құсайынов төртеуміз жыл сайын бір курс­тан алып, төрт жыл оқы­тамыз.

Бұдан тура елу жыл бұрын, яғни 1966 жылы осы жерге, осы аудиторияларға талапкер болып келіп, студент атанып едім. Ол кезде бұл КазГУ-дың бас корпусы болатын, біз түскен журналистика факультеті де осында еді. Қазір бұл ғи­маратта Өнер академиясы орналасқан. Сөйтіп, баяғы өзім оқы­ған аудиторияларда өзім басқа­ларды оқы­тып жүр­мін. Жалпы, ұстаз боламын деген ой ме­нің ешқашан қа­пері­ме де кір­меген. Құ­дайберген Болатбаев деген жақсы азамат болды, театр өне­рін зерттеумен ай­на­лыс­ты, осы академияда жұмыс істеді. Мені қоярда-қоймай  ұстаз болуға үгіттеп, қыз­­­метке шақырып алған – сол Құдай­берген еді. Оған атақты Әшірбек Сығай да қосылған. Сөй­тіп, Академияға қа­лай кел­генімді өзім де білмей қал­ғанмын. Қа­зір Құдай­берген де, Әшір­бек те жоқ, ал мен шамам жеткенше өз тарапымнан олар­дың орнын жоқтат­пауға тырысып, жұмыс істеп жүрмін.

– Демек, сіз бұл қызметке келгеніңізге ри­засыз ғой?

– Әрине, ризамын. Рас, алғашқы кез­де студенттерге не айтамын, қайтіп дәріс беремін деп кәдімгідей алаңдап, уайымдап жүрдім. Ал қазір үйреніп кеттім. Атам заманнан бері ұстаз болып келе жатқан сияқтымын. Академияның табалдырығынан аттасам болды жаным жадырап, рахаттанып, жасарып кеткендей сезінемін. Бұл, ең алдымен, Ака­де­мия­ның ішкі жағдайының тыныш­ты­ғы­нан, ауызбіршілігінің күштілігінен шы­ғар. Мен алғаш келгенде ректор Ті­леу­ғали Қышқашбаев еді. Мені қызметке сол кісі қабылдап, сәт сапар тілеген. Одан кейінгі ректор Арыстанбек Мұха­медиұлы болды. Мен «профессор» деген атақты сол кісінің қолынан алдым. Қа­зір ол – министр. Ендігі ректорымыз – Бибігүл Нүсіпжанова. Міне, басшылар осылай қаншама орын ауыстырса да, Ака­демияның ішкі жағдайы ешқашан өз­герген емес. Бәрі тып-тыныш. Әркім өз жұмысын біледі. Біреуді біреу түрткі­леп, біреумен біреудің жүз шайысып, артық сөз айтып жатқанын ешқашан көрген емеспін. Бір басшы ауысса, оның бүкіл командасы ауысады дейтін әңгі­ме­ні де жиі естисің. Академияда ол да бай­қалмайды. Мен алғаш келгенде Ба­қыт Нұрпейіс декан еді – сол қызметін әлі атқарып отыр. Гүлжан Наурызбекова кафедра басқаратын, қанша басшы ауысса да сол жұмысын тып-тыныш іс­теп жүр. Академияға жақындай берсем осын­да баяғыдан қызмет атқаратын Аман Бекенұлы кездесе кетеді. Бір тұс­тан ертеден таныс Байеділ Наурызовтың төбесі көрінеді. Кафедра жақтан белгілі кинорежиссер Дәріжан Өмірбаев шы­ғады. Солармен сәлемдесіп, рахаттана әң­гімелесіп, сосын өзім лекция оқитын 87 аудиторияға қарай беттеймін.

– Лекцияны қандай тақырыпта о­қи­сыз?

– Менің лекцияларым, негізінен, әде­биет пен театр жөнінде. Нақты та­қы­рыптары «Мамандыққа кіріспе», «Кинотеледраматургия шеберлігі» деп аталады. Бірақ сонымен қатар қабылдаған әр студентімнің болашақта не істейтінін, қызметті қай саладан таңдап, жұмысқа қалай орналасатынын алғашқы күннен, яғни бірінші курстан бастап ойластырып, анықтай бастаймын. Мен үшін ең бастысы – төрт жыл оқытқан шәкірт­терім­нің кейін жұмысқа орналаса алмай, босқа қалмауы. Міне, осы тұрғыдан келгенде шүкір етерлік жағдайым бар. Менің курсымды 2012 жылы бітірген­дер­дің бәрі Астана мен Алматыда өз ма­мандықтары бойынша қызмет істеп жүр. Биылғы бітіретін шәкірттерімнің де қайда барып, не қызмет істейтіндерін то­лық анықтап қойдым. Ал жақында осы Академияның ұстазы Дінмұхаммед Ізтілеуовтың өтініші бойынша театр бө­­лімінің студенттеріне арнап «Жұл­ды­зың жансын, жаным!» атты пьеса жазып бердім. Студенттер болашақта ол пьесаны сахнаға шығармақшы.

– Биыл да студенттер қабылдайсыз ба?

– Иә, құдай қаласа, қабылдаймын деп отырмын. Соған орай, әдебиетке бейі­мі бар, киносценарий, пьеса жазуға ынталы жастардың біздің Академияға келіп бақтарын сынауларына болады. Жал­пы, кинотеледраматургия бүгінгі таң­да өте керек мамандық. Бұл маман­дық ие­лері тек киносценарист, не драматург бо­лып қана қоймайды, сонымен қатар, әде­биет пен өнердің барлық саласында, бұ­қаралық ақпарат құрал­дарында, мем­лекеттік мәдени мекемелерде еркін жұ­мыс істей алады.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбатты жүргізген
Қарагөз СІМӘДІЛ.

 

ПІКІР ҚОСУ