«Жасанды интеллект және әдебиет»

Қазақстан Жазушылар одағы мен Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы бірлесе отырып, «Жасанды интеллект және әдебиет» атты ғылыми конференция өткізді.
Бұл шара қазіргі заманның ең өзекті тақырыптарының бірі – жасанды интеллектің әдебиет пен мәдениет кеңістігіне ену үдерісін ғылыми тұрғыдан зерделеуге бағытталды.
Конференция барысында белгілі әдебиеттанушылар, жазушылар, ғалымдар мен сала мамандарының баяндамалары тыңдалып, ашық пікір алмасу ұйымдастырылды. Жазушы, Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма төрағасының орынбасары Бейбіт Сарыбай, белгілі қаламгер, «Қазақ әдебиеті» газеті бас редакторының орынбасары Қали Сәрсенбай жасанды интеллектің әдебиетке әкелетін жаңа мүмкіндіктері мен сын-қатерлері, сондай-ақ шығармашылық еркіндік пен этикалық жауапкершілік мәселелерін сөз етті.
Конференцияда ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті Мемлекет тарихы институты ғылыми-ақпарат бөлімінің басшысы Еркебұлан Аманғосов «Жасанды интеллект туралы», М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты бас директорының орынбасары, ф.ғ.к., доцент Әлмира Қалиева «Әдебиеттанудың ЖИ дамуы жағдайындағы өзекті мәселелері», жазушы, аудармашы Айнагүл Садықова «ЖИ және адам: таным мен тілдің жаңа шектері» тақырыбында баяндама жасады.
Сонымен қатар ҚР Ұлттық кітапханасы Ғылыми-әдістемелік қызметінің маманы Айбала Бекмұхамед жасанды интеллект жазған кітаптар жайлы, жас жазушы Мейіржан Жылқыбай «ЖИ-дегі әдебиет және әдебиеттегі ЖИ» жайлы, ақын Ержан Жұмабек ЖИ-дің әдебиетке әсері жөнінде ой-пікірлерін ортаға салды.