«Роза Мұқанова шығармашылығы: Әдебиет. Театр. Кино»
30-31 қазан күндері Астана қаласындағы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында белгілі жазушы, драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасының Абай атындағы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Франц Кафка медалінің иегері, профессор Роза Мұқанованың 60 жас мерейтойына арналған «Роза Мұқанова шығармашылығы: Әдебиет. Театр. Кино» халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Конференция барысында Қазақстан Жазушылар одағының Астана қаласындағы өкілі, белгілі ақын Дәулеткерей Кәпұлы Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасы Мереке Әбдешұлының құттықтау хатын жеткізді.
«Осындай шараның барысында қаншама жандар, қандай керемет ойлар, шын жүректен шыққан құттықтауларды тыңдай (сөз бере) отырып шынымен марқайдым. Халқымның, елімнің өзінің ісіне адал, сөз ұстаған, руханиятын жасайтын Розадай шығармашыл тұлғасына көрсеткен құрметіне риза болдым. Өзгелерге үлгі болатындай жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан барша Өнер университеті мен кітапхана ұжымына риза болдым.
Өз тарапымыздан өзіміздің қара шаңырақ – М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ұжымы мен бас директоры ҚР ҰҒА академигі Кенжехан Матыжановтың атынан құттықтауды белгілі әуезовтанушы ғалым Ермек Ханкеймен бірге мерейтой иесіне табыстап қаламгерге шығармашылық табыс тіледік», – дейді М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Театр және кино бөлімінің меңгерушісі Аманкелді Мұқан ауқымды жиын турасында.
Сондай-ақ мерейтой қарсаңында Роза Мұқанованың шығармасының желісімен түсірілген С.Нарымбетовтің «Қызжылаған» фильмінің көрсетілімі мен талқылауы, «Роза Мұқанова оқулары», «Қазақстан және шетелдік ғалымдардың шеберлік дәрістері» ұйымдастырылды.
Сонымен қатар жазушының драматургиясына арналған «Театр all» III халықаралық театр фестивалының шымылдығы ашылды. Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен 3 қарашаға дейін жалғасатын өнер мерекесіне ел театрларымен қатар Әзербайжан, Қырғызстан ұжымдары қатысуда.