Шипажайдың бір күні
19.10.2024
74
0

Былтыр пайғамбар жасына жеткен Мадияр зейнеткер, үш күннен бері шипажайдың жеке, оңаша бөлмесінде жалғыз өзі демалуда. Ұлы сәскеде шипажайдың орталық кіреберісінде бейтаныс кемпір қарсы жолықты. Қолында екі балмұздақ. Бір замандағы көрікті әйелді сынын бермеген сымбаты әйгілеп тұр.
– Балмұздақтың біреуін маған әкеле жатырсың ба? – деді Мадияр.
– Ілгеріде тұрмыс құрған кенже қызым­мен, немерелеріммен бірге бәріміз шипажайдамыз. Сол кішкентай тентектеріме апара жатырмын. Саған келесі жолы алайын.
– Келесі жолы қашан?
– Ендігі кез­дескен уақыт­та.
Екеуі бір-бірінің аты-жөндерін сұрап білісті, есімі Таңшолпан екен. Тұрып жатқан қоныстары да қоңсылас, шипажайдың екінші қабатында.
Мадиярдың жанына батып жүрген ауру-сырқауы жоқ, бәрібір кез келген демалушыдай емдеуші дәрігері жазған түрлі ем-домды қабылдауы керек. Оның ішінде, минералды су ваннасына түсу, от­тегімен демалу, түрлі өсімдіктерден даярланған шай ішу және т.б. Бәрі де денсаулыққа себепші амалдар. Кейбіреуі күнде, кейбіреуі күнара. Тұз шахтасы алдында кісі көп, әйелі-еркегі, жасы-кәрісі аралас.
– Түстен ке­йін адам сирек, сағат бесте келсеңізші, – деді кезекші мейірбике. Айтылған уақыт­та барғанында мейірбике қыз ізет-иба таныт­ты.
– Жаңа ғана басталды, кіре беріңіз.
Қалыптасқан тәртіп бойынша аяқкиімі­нің сыртынан жаңа, жұқа қаптама кигені. Ішке кірсе, бүгін танысқан Таңшолпан бір өзі отыр. Жақсы адаммен сәлемдесудің көптігі жоқ, амандасқасын әзілін айтуда.
– Балмұздағың қайда?
– Сыртқа шыққасын алып бере­йін, – деді кемпір көздері күлімсіреп.
Назар салып қараса, тұз шахтасының төбесі құс жолына ұқсас жұлдыздармен көмкерілген. Төрінде төсеніштер мен шағын жастықтар жатқан сәкі, бес-алты адам сәкіде шалқасынан түсіп жататынын күнде көретін. Сәкі мен қос қапталдағы қаптаған орындықтар арасын бөліп тұрған перде бір шетіне ысырылыпты.
Қабырғалардағы мыс шамдалдардың жарығы солғын. Еденіне төселгені мол тұз, етек-жеңі кең бөлменің әр тұсында үлкенді-кішілі құмыралар тұр. Әрбір сеанс басталғанында кезекші мейірбике жай ішіне тұзды ауа айдайтыны бесенеден белгілі.
Төрге озған Мадияр ақсақал сәкіде шалқа­лап жатқан бойында Таңшолпан әңгімеге тарт­ты. Екеуінен басқа жан жоқ.
– Төсегі жұмсақ па? Қат­ты ма?
– Жұмсақ, жанға жайлы. Жағдайың қалай сұлу, қайырымды бәйбіше?
– Шүкір, жақсы. Замандасым сендей шал болмаса, мендей жесір кемпірді кім түсінеді? Кім жақсы сөзін айтады?
– Қарағым, келсейші, қатарласып жатсайшы.
– Күндіз қан қысымым тікейіп отырғанды хош көретіндей.
– Екі аяғыңды екі аяғымның үстіне қойып жатсаң, қан айналымың жақсарар. Құлыншақтай ойнап шыға келерсің.
– Қой, біздің жасымызда ұят­ты.
– Кімнен ұят? Қымсынатын не бар? Азды-көпті уақыт құшақтасып жатсақ, нағыз ем-дом сол болады. Тартынба, кел!
– Ақырын сөйле, біреу-міреу естіп қалар. Ертең бе? Бір реті келгенде қасыңа жатармын.
–Уәдеңе берік кемпірсің бе, өзі? – деп жатыр Мадияр.
–Уәде – Құдай аты, – деді Таңшолпан.
Тұз шахтасына келушілер үшін міндет­ті түрде музыка қояды. Дауысы бәсең. Бағанадан бері Батыстың классикалық шығармасы шалқып-тасып тұрған. Ұлтымыздың музыкасына кезек тигенінде сүйкімі бір бөлек көрінгені. Сөзі жоқ, пианино мен саксафон алма-кезек суырылып ойнаса, ара-тұра оркестр демеуде. Хакім Абайдан жеткен жәдігерді іші сезгенімен Мадиярдың сұрағы осы төңіректе.
– Бұл қандай әуен?
– Абайдың «Қараңғы түнде тау қалғып…» деген әні ғой. Биыл зейнетке шыққанша мектепте қазақ әдебиетінен сабақ бердім, – деді Таңшолпан.
Шал мен кемпірдің үн-түнсіз қалғаны музыка иірімдерінің жан дүниеңді қозғайтынынан. Осы өлеңнің соңғы шумағы Мадиярдың есінде.
Шаң шығармас жол-дағы,
Сілкіне алмас жапырақ.
Тыншығарсың сен-дағы,
Сабыр қылсаң азырақ.
Әуеннің меңзейтіні алда не күтіп тұрғаны туралы. Музыка жұбатып жатыр ма, әлде қосылып қайғыра ма? Аражігін ажыратып айту қиын.
Иә, адам өмірінің көбі кетіп, азы қалғанында, арман мен үміт бұрынғысынша еліктірмейтін сияқты. Көбінесе, уайым екен жасы үлкеннің серігі. Сеанс біткесін орнынан тұрғанында Таңшолпан көрінбеді, ауызда отыратын кезекші мейірбикенің жауабы қысқа.
– Шешей осы жаңа шықты, көзіне жас алып кет­ті.
– Бәріне кінәлі ғажайып саз ғой, – деді өзі де қамкөңіл ақсақал. Табиғат емші, сондықтан біршама уақыт шипажайдың қарағайы мен самырсыны, шыршасы көп үлкен саябағында ұсақ құстардың сайрағанын тыңдамақшы. Әлгі сиқырлы әуен тал бесікте тербеткендей әлдилегенімен, ақырында тағдыр құз басынан терең шыңырауға лақтыратыны шындық болғасын, ойы – сынық көңіліне жұбаныш іздеу.

 

 

Азат Әкім

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір