АЛПЫСЫНШЫ ЖЫЛҒЫ ӘДЕБИЕТ…
27.05.2016
7519
0

knigi-na-stole-ruchka

Бүгін – жыл қорытындысы!

Уақыт деген сызылған қыздың өткен жо­лын бағамдап, істеген ісіне баға беру, «жү­гін жинау»  міндет… Әр адам бүйтіп ой­ласа… ал сол Уақыт-ханшайымның әде­­­биетке де өзіндік көзқарасы, өзіндік пі­кірі бар екені сөзсіз!..

XX  ғасыр сантүрлі  оқиғаға бай болды. Алай­да, адамзат жадысы оның ең мәндісін ғана жаттап қалды. Ғылыми техникалық революция, мәдени төңкеріс, Дүние­жүзі­лік соғыс, қырғын, геноцид, репрессия, тәуелсіздік пен ірі-ірі қақты­ғыс­тар фонында  Әдебиет құндылық деңгейіне дейін көтеріліп, аталмыш сөз сөйлем арасында кезіккенде а-дан кейін тұрса да Ә деген әріп – бас әріппен жазылатындай дәрежеге жетті. Бұл Сөз өнері­нің өз функциясын толықтай атқара келе, жаны жа­ралыға – ем-бальзам, шөл далада жү­ріп, қат­ты қаталағанға – су, түнектен жол тап­пағанға – шамшырақ, тірексізге – тірек бол­ды. XX ғасыр – әдебиет ғасырына ай­нал­ды. Өткенге көз жүгірт­кенде қазақ әде­биеті, оның ішінде, алпысыншы жыл­ғы әдебиет те homo sapiens ой-санасының дамуына өзіндік үлесін қосқанын түсі­не­сіз. 60-шы жылғы әдебиет турасында тео­риялық кітаптардың ішін­дегі мақала, рецензия болмаса, «шести­десятник»-терді құбылыс ретінде бағалап, олардың шығармашылық эволюция­сының даму динамикасын тұтастықта қарастырған то­лымды дүниенің жоқ екенін бағам­да­дық. «Бұ тақырып объект ретінде әлі әде­биеттанушылардың на­зарына әлі ілікпей жүр ме, әлде оны жазып, көрсетіп, талдауды әзірге аса қажет деп таппадық па?» деген сұ­рақ туындайды екен. Ә.Нұрпейісов, Т.Ахтанов, Т.Әлім­құл­ов, Т.Бердияров, Ә.Ке­кілбаев, А.Сү­лей­менов, Ә.Тарази, Ш.Мұр­­таза, М.Мақатаев, Ж.Молдағалиев, М.Маға­уин, Қ.Мырза-Әлі, С.Жүнісов, Ә.Сараев, С.Мұратбеков, Т.Нұрмағам­бе­тов, Қ.Жұма­ділов, О.Бөкеев, Т.Әбдік, Д.Иса­бек­ов, Ө.Нұрғалиев, Ж.Нәжі­ме­де­нов, Б.Соқпақбаев, С.Берді­құлов, С.Бақ­бер­генов, Ә.Әлімжанов, Т.Молдағалиев, О.Сәр­сенбаев, Б.Нұржеке-ұлы, М.Қана­зов, Қ.Найманбаев, Д.Досжан, М.Қа­бан­баев­тар төл әдебиетімізге құйыл­ған бө­лек-бөлек бұлақтар еді ғой. Ұзақ қа­­шық­­тыққа жүгіретін марафоншыша Біз­дің «екін­ші ты­нысымыз» ашылған-ды. Ең не­гіз­гі сұрақ со кезеңдегі әдебиет бізге не берді?

Қасаң қағиданы бұзамыз, әдебиетке өз «Сенімін» алып келеміз, жаңа бағыт-ба­ғдар түземіз деп құлшынғандардың қатарында да біршама қаламгерлер бар-тын. Олардың жазған шығармалары өз уақытында өз оқырманын тапқан. Қай үйге барсаң да кітапханасында тұруға тиісті авторлар болған… Көп оқылды, мақталды, айтылды, жазылды. Солардың бірі – Мағзом Сүндетов. Дегенмен, аталмыш автор «алпысыншы жылғылардың» тізіміне енбей, кей тұста ұмыт қалғаны Біздіңше жан-жақты зерттеуді қажет етеді деп ойлаймыз. Оның көркемдік әлемін зерттеп, қазаққа ұсынған жаңалығы мен жасығының арасын айырып, өзіндік ба­ғасын берсе деген ой ғой, біздікі.

Марал Ысқақбай: «Кеңес өкіметінің ал­ғашқы жылдарында әдебиетіміз тап тар­тысы, әлеуметтік теңсіздік, әйел теңдігі сияқ­ты дәуір қайшылығын көбірек суреттесе, 30-шы жылдары колхоздастыру, оты­рықшылық, кәмпеске жайы басты та­қы­рып­қа айналды; 40 жылдары екінші дү­ние­жүзілік соғыс және халық шаруа­шы­лығын қайта қалпына келтіру мәселелері алға шықты; 50-60 жылдары әдебиетімізге өн­діріс тақырыбы кірді» деген өзінің бес том­дық шығармалар жинағының бесінші то­мында (74 бет). Бүгінгі күнмен са­лыс­тыр­ғанда 50-60-70 жылдары роман өте көп жазылған-ды. Роман қоғамдық шын­дық­ты жеткізетін жанр ғана емес, белгілі бір инструментке айналғанын аңғардық. Мә­селен, М.Әуезовтің «Абай жолы», Сә­бит Мұқановтың «Өмір мектебі», Ғабиден Мұстафиннің «Дауылдан кейін», «Көз көр­ген», Зейін Шашкиннің «Доктор Дар­ха­нов», Рамазан Тоқтаровтың «Ғасыр на­ны», Хамза Есенжановтың «Ақ Жайық», І.Есенберлиннің «Көшпенділер», «Алтын орда», Сәкен Жүнісов «Жапандағы жалғыз үй», тағы басқа шығармалар дүниеге келді. Қазақ әдебиетінің литфонды біршама дү­ние­лермен толығып, ұлттың тарихи санасы қалыптаса бастады. Дегенмен, эпизмды тек қана романмен, оның ішінде дилогия, трилогия, тетралогиямен ғана беруге болады деген біржақты түсінік бар. Біздіңше, эпи­калық тыныс көлемде, ішекше шұбал­ған парақтар санында емес, ішкі мазмұ­нын­да, нәрінде, сөлінде, көп нәрсені, көп ойды сығымдап, қысып, аз сөзбен беруде деген ойдамыз. Сондай бір жазушылардың бірі – Сайын Мұратбеков. Оның алғашқы дебюті – «Менің қарындасымнан» бастап «Кү­­сен-Күсекесі», «Үскірігі», «Отау үй», «Ба­­сында Үшқараның» туындыларында ли­ризм, адам эмоциясының контрастылы-по­лифониялық сипаты, аристотельдік «к­а­тарсис», поэтикалық  леп, ең маңыздысы өз оқырманын тартатын бір қарапайым­ды­лық бар. Қарапайым жазу оңай, ал оңай жазу өте қиын екенін ескерсек, 60-шы жыл­ғы әдебиеттің басты жемісі – олар жаз­­ба әдебиетті белгілі бір деңгейге көте­ріп, сапалық жағынан күшейте түсті. Яғ­ни оқырман іздеп оқитын, оның эсте­ти­ка­­лық сұранысын қанағаттандыра алатын бел­гілі бір ареал, орта қалыптастырды. Бұ­ны­мен қатар жанр, стиль, техника, сю­жет­ті-маз­мұнды, интеллектуалды, фило­со­фиялық тұрғысынан байи түсті. «Өз уа­қы­­тында қазақ сахнасынан түспеген Әл­­жаппар Әбішевтің пьесалары Уақыт биі­гінен қара­ғанда сынға шыдай алды ма?» деген сұрақ туады екен. 50-60 жылдары жазылған дра­малық шығармаларды бү­гінгі көрерменге ұсына аламыз ба? Ұсы­на алатын жағдайда болсақ, қайсысын таңдар ек? Бұл да сұрақ қой. Со жылдардағы драматургтарға Шекс­пирдің әсері өте қат­ты болғанын байқау қиын емес. Бақ­талас, тақталас, жанталасқа құрылған «ост­росюжетный» пьесалар билік, адам мінезінің жаман жағы, мемлекетке қауіп төн­діретін факторларды өзек етіп, жа­зылу­дағы өзіндік мақсат-мүддесі, кей тұста жоспары бол­ға­нын байқау қиын емес-ті. Кірпіштей-кір­піштей монологтар, әрекетке, іс-қимылға емес, «сөз әрекетіне» не­гізделген ұзақ сонар, көрерменін жалық­тырып алатын диалогтар, одан бұрын ны­са­наға алған объектісі, көтерген мәселесі, таңдаған тақырыбы әлсіздеу, солғындау. Бәріне бірдей топырақ шашуға болмас, бірақ санға емес, сапаға жұмыс істеген са­наулы драматургтардың бірі Ғабит Мүсі­ре­повтің «Ақан сері – Ақтоқтысында» тұ­тас­тық, тыныс, интрига, ең қажеттісі – «театральность» бар (өз қатарластары айтпақшы). Бейресми идеялық орталық – «Қаламгерде» бас қосып, кітабы шығып, қуанышын атап өткен, шулы топтың арасынан табылған немесе жыл қорытындысы, пленум, бас­қосу, жиын-шараларда үл­кендердің аузына ілігіп, баяндамаларда «оның әдебиетке келгені баянды болды…» деген марапат-сөзге ие болған көп қа­лам­герлерден бүгін естелік қана қалды. Алпысыншы жылдың басында: «Қоп-қою түн келді ме, үн келді ме, Бір хабар күле шық­қан күн келді ме? Бәріне қарай-қарай ме­нің сәулем, Бір жылап, бір күлімдеп үл­гер­ді ме?» деп жыр­лаған Сәбит Баймолдинді бү­гіндері біреу білсе, біреу білмес. Белі қайыс­қан сөре­лердің, бірін-бірі итере ор­ны­ққан кітаптар арасынан ақын жыр жи­нақ­тарын табуыңыз қиын емес. Алайда, со ақындарды оқи аламыз ба?

Сүзгіден, уақыт сүзгісінен өткендер қал­ды, қалғандары матростардың тілімен айт­қанда «борт сыртында» қалды. Ақи­қат­ты айту бір, оған көркемдік-эсте­ти­ка­лық көйлек кигізе білу екінші мәселе еке­нін уағында, дер шағында ескергендер бол­ды. Том-том шығарып, бәріне «таң­да­ма­лы» деп таңба басқандардың ішінен таң­даулы жазбасы қалмаған жазушыларды көргеніміз, әрине, өкінішті жайт. Се­бебі, сондай күй Біздің де басымыздан өт­­­песіне кім кепіл?! «Атың шықпаса жер өр­тенің» керін келтірген герост­рат­шы­лық­қа салынудың әсте қажеті шамалы. Жо­лайрықта тұрған ел «у ішсең руыңмен» деп ұрандатып оңға кеткенде, сәл ойланып барып, сол жақты таңдағандар жазушылар да болды. Солардың ішінен де іріктеліп, сұ­рыпталып шыққандар бүгінгі қазақ ру­хани кеңістігінде өзіндік орын алып, ай­налымға еніп кеткендері – жазуға адал бол­ғандар, үлкен дайындықпен келгендер, өзін сөз өнеріне арнағандар.

Сағат Әшімбаев: «Абай жолы» мен «Көш­пенділер» мезгіл мен мекен тұр­ғы­сынан дер кезінде туғандығымен құнды дүниелер. Алғашқы тетралогия 70-80 жылдары жазылса басқаша бағаланып, басқа жағынан қабылдануы әбден мүмкін еді. Өйткені, бұл кездегі рухани сұраныс пен қажеттілік те, уақыт проблемасы да мүлде басқаша екендігін ұмытпаған жөн» деген ой айтып қалған еді. Алпысыншы жылдары лирико-романтикалық, психология­лық, символикалық прозаның тенденцияға айналғаны Т.Ахтановтың «Махаббат мұңы», «Дала сыры», Ғ.Мүсіреповтың «Кез­­­деспей кеткен бір бейне», «Қыран жы­ры», «Өмір жорығы» әңгімелері, Т.Әлім­құловтың әңгіме, повестері, С.Мұратбеков шығармалары мен Қ.Ысқақтың «Қоңыр күз едісімен» байланыстыруға болады. Ал жетпісінші жылдардың ар жақ-бер жағын­да жазылған Асқардың «Бесатары», Мұх­тар­д­ың «Тазының өлімі», Әбіштің «Шыңы­рауы», Оралханның «Қар қызы», Ду­латтың «Сүйекшісі» әдебиетімізге фор­малық ерекшелігі, жазу мәнері, әдіс-тәсілі жағы­нан келгенде жаңа леп алып келді дегенеді көп айттық. Алайда, со жылдардағы әдеби-теориялық кітаптардағы сын­шы­лар­дың айтқан ойын көп жағдайда ес­керусіз, елеусіз қалдырған жайымыз бар екен. Себебі, ол уақытта әдебиетіміздегі жаңа авторлар турасында көп дүние жазылды, айтылды. Алайда, арадағы сабақ­тастық үзіліп – вакус пайда болғандай әсердеміз. Одан бұрын бір жаман мінез – біз бұрынғыны аса бір менсінің­кіре­мей­тіні­міз де шындық қой. Дегенмен, бұрын­ғылар да өте бір орынды, ұстынды ой айт­қанын ескергіміз жоқ.

Бір темппен жазу да өте қауіпті нәрсе екен (өрлеу де, құл­дырау да болуға тиісті). Себебі, осы қа­ламгерлердің ішінен де бір бүйірі олқы тү­сіп жатқан осалдау шы­ғар­малары да бол­ды. Мотивировка әлсіздігі, кей кезде экс­позицияның ұзақтығы, кей тұста фи­налдың солғындығы, тіпті шеші­мін тап­паған туындыларды да оқып: «Қап!» – деген кезіміз болғанын жасырмай­мыз. Де­­ген­­менде әр шығарма өз уақытында жа­­зыл­­са, замана үнін бере алса өз құн­ды­лы­ғын жоймайды деген ұстанымдамыз.

Сол кездері әдебиет өте қуатты күшке ай­нал­ғандықтан, оған баға беру, оны тал­дап-са­ралау, міндеттен гөрі парыз секілді нәр­сеге айналғандықтан, сөз өнерін на­зар­да ұстап, оның беталысын, бағыт-бағ­дарын, өрісін, концептуалды айтар ойын, сыншылар, әдебиеттанушылар бәрін-бәрін бақылап отырғандықтан белгілі бір деңгейде 60-70 жылдар туралы көз алдымызда картина қалыптасып үлгерді. Жазу­шылар жазды, сыншылар талдап отырды. Сөз өнері культқа айналғандығы, қатты дәріптелгені бекер емес. Ол өзін мойында­тып, өнім, оның ішінде рухани өмір бере алатын үлкен рухани Орталық ретінде та­ныта алды. Бұл әдебиеттің ең үлкен жеңісі еді. Қаламгерлердің «шаң басқан архивтер­мен» жұмыс істеуі ұлттың моральді-рухани сер­пілуіне молынан мүмкіндік тудырды. Ішкі ояну – ұйқыда жатқан сана ояна бас­тады. Соған қозғау салған тарихи романдар еді. «Жат қолында», «Ұстаздың оралуы», «Аласапыран», «Елім-ай», «Жібек жо­лы», «Еділ-Жайық», т.б. шығармалар… Мір­жақыптың «Бақытсыз Жамал», Спан­дия­р­дың «Қалың мал», Торай­ғыров­тың «Қа­мар сұлу», Аймауытовтың «Ақбілек», «Қарт­қожалар» бастаған эстафета таяғын қағып алған қазақ жазушылары елімізге шынында да жақсы еңбек еткенін мойындауымыз керек. Еңсені езген, адамның Каф­каның «жәндігіне» айналдырған, ба­қырбастыны капитал – құндылық  ретінде құны түсуі жазарман қауым үшін үлкен тақырып болды. Келешекте «Соғыстан кейінгі кезең» деген әдебиетке арнайы бір пункт енгізіліп, толыққанды әрі жан-жақты зерттеледі  деп білеміз. Сұра­пыл жылдардың сұмдығын беру туындыгерлер үшін оңай жұмыс болмады. Бір дү­ниені қай­та оқығанда не қуанасың, жаңа бір нәр­се ашасың, не мұңаясың. Осы тұрғыда, Шерағаң – Шерхан Мұртазаның «41-ші жыл­ғы келіншек» жинағының орны ерек­ше-тін. Бір қарағанда екі түрлі тақырып, бірақ қазақ тағдырында, қазақ өмірінде ерек­ше орын алған – «ауыл прозасы» мен «со­ғыс жылдары» жымдасып, бірігіп, тұта­сып кеткен. Ауыл не, соғыстан кейінгі ахуал не, қазақ не, даму не, бәрі бір нысана ре­тінде бағаланып, бір нысана ретінде қа­ламға ілікті. Тұрмыс, тіршілік, эгоизм, ин­дивидуализм, жанбағыс, әлеуметтік-эко­номикалық жағдай, оқу-білім, сауат­сыздық, рухани мешелдік, өндіріс, техника, жұмысшының өсу бас­пал­дағы, өмір дайындаған сынақты заң­дылық деп қа­былдап, сол арқылы шың­далу, сыналу… Қара сия ақ қағазға осыны түсіруді көз­де­ген. 30-40-50 жылдары ке­йіп­кер биог­рафия­сында «асылып өліпті», «атылып  өліпті», «өзін-өзі тастап жіберіп­ті» деген лейт­мотив кезікпейтіні, керісінше оқыр­манды біріктіретін, оған «үлгі» болатын бір штамп барын бәрі білетін-ді. «Қызыл цензура» қылышы кесе-көлденең тұрған, табуға айналған жабық тақырыптар болды. Біздіңше алпысыншы жылғы әдебиет Партия ығына жығылмай, өзіндік ойын айта алды. Себебі, Бердібек Қожа­берген – Қожасының сынға ілігуі бекер емес. Бұ­зық, содыр, ешкімді тыңдамайтын, елдің айтқан ақылына құлақ аспайтын орталық образ не жаман, не жақсы деп бөлуге кел­мейтін мүлде басқа бір кате­го­рияға өтті. «Прокруст төсегіне» баланатын цен­зор­­лар я қолын, я аяғын шабуға, жан шыңырауын­да көркемдіктен гөрі көр­соқыр­лығы басым түсетін олар үшін қа­лыптан шыққанның бәрі «дұрыс емеске» баланды. Адам психо­ло­гиясындағы ауыт­қушылықты, формация алып келген фор­малық өзгешелік пен оның тірі тіршілік иесі ретіндегі адами еркіндігін, рух бостан­ды­ғын, жан жарасын өз шығарма­сында қа­рымды қаламгер  ескермесе, Билікке  жұрт жүрек көзінің ашыл­ғаны қажет емес-тін. Одан бұрын «ғы­лыми коммунизм» әдебиетті басқару аппаратының бір теті­гіне, қажет десеңіз ғылымға айнал­дырғысы кел­генін тарихи деректерде жазылып  жүр. Бірақ жүз жерден қинасаң да  әдебиет  ғы­лым емес, өнер бо­лып қалатыны, жаратылыс заңына қар­сы шықпайтыны даусыз шындық еді. Бұ­нымен қатар алпысыншы жылдың соңы, жетпісінші жылдың басын­дағы жазушылар мораль – ар-ұят, ождан тақыры­бына ерекше ден қойып, дидак­тика­лық си­паттан арылды. Оның қата­рында Әзіл­хан­ның «Ма­хаббат қызық мол жылдар», Әнестің «Жұл­дызды жон», Мұхтар­дың «Көк­мұна­рын» атап өтуге болады. «Туынды сапасы қаншалықты және бүгіндері оны оқырман оқиды ма?» деген мүлде басқа мәселе.

«Барымен базар», «барға қанағат ету» деген кінәмшіл сөз кісіге жаман әсер етеді екен. «Алдыңғы буын ағалар» бастаған игі бас­­таманы іліп алып кеттік пе? Сер­гел­дең­ге салған сексен, тоқырауға тап болған – тоқсан да меже ғой. Бірақ әдеби жағынан қан­шалықты мазмұнды бола алды? Одан кейінгі аталарымыз түсінде көретін Тәуел­сіздік турасында не жаздық? Белгілі бір есім­дер тұтас әдебиеттің үні деуге келмей­тін шығар. Бірақ жазған туындылары бар, танылған, еленген жазушылар бар. Алайда, санада төңкеріс тудырып, оның кейіп­кері белгілі бір кезеңнің синонимына ай­налған айрықша қалам иелері туралы ауыз толтырып айтқың келеді. Бүгіндері журналистикадан публицистикаға, прозадан драматургияға, бір жанрдан екінші жанрға оп-оңай секіріп, әр шөптің басын бір шал­ған шалағайлықты үлкен бір сеніммен: «Мы­нау әдебиет!» деп айта алатын жағ­дайдамыз ба? Өздері толық түсініп бол­маған әр ағымға бір жабысып, сөз өнерінің құ­нын арзандатып алдық. Мағжанның «Та­балдырығындай» да манифест дайын­дауға шамамыз жетпеді. Әдебиет белгілі бір құжаттан тұрмайды, дегенмен өзіндік ұстанымды белгілеп, ортақ ойды жеткізу үшін бірігетін кез болады. Бүгіндері әде­биет десе форма мен «изм» шеңберіндегі бір дүбәра секілді елестейтіні өкінішті-ақ. Дәуір доңғалағы алға домалаған сайын арты­нан із, көлеңке қалады. Із – жазушы, көлең­ке – оның туындысы. Атакама шө­лін­де, міне, төрт ғасыр бойы бір рет жаң­быр жаумапты. Жаратушы құпиясына бойлап, шырылдап шындық іздеуге бейім­біз. Бірақ Алланың басты құпиясы адам ғой. Адамды ашқаның, өзіңді аш­қа­ның, өзіңді ашқаның оны өнерге айнал­дыр­ға­ның, өмір хақи­қа­тын өнер тіліне көшір­генің. Әдебиеттің де біз сүйетін қы­ры осы емес пе?! Құм арасын­да ирелең-ирелең етіп қашқан сұржыланша көз арбайтын кезең­нің қалдық-қалбырын «өл­шем­нің өлшемі» деп түсінгендердің өз­дері де қазір оқырман қажетіне жарамай қал­ды. «Түйенің таны­ғаны жапырақ» дей­тін шолақ пайым парасатты ортаға ар­нал­ма­са керек. Және Сөз өнері – асыл сөз өзі­­нің Өнер екенін ұмыт­паса дейсің, шір­кін!..

Әлібек БАЙБОЛ.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір