Ақтау – 2025 жылғы Түркі әлемінің мәдени астанасы

2025 жылға Ақтау қаласына «Түркі әлемінің мәдени астанасы» атағын беру жөніндегі тарихи шешім аясында 5 сәуір күні Каспий теңізінің жағалауында ауқымды халықаралық мәдени іс-шараның салтанатты ашылуы өтті.
Бұл Маңғыстаудың ғана емес, күллі түркі дүниесінің мәдени кеңістігін біріктірген ерекше күн болды. Ақтауда бұрын-соңды болмаған көлемдегі мәдени думан өтіп, осы күні Каспийдің көгілдір жағасында руханият пен өнердің көкжиегі кеңейді.
Шараның шымылдығын Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева ашып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ақтау қаласының Түркі әлемінің мәдени астанасы атануына орай жолдаған арнайы құттықтау хатын оқып берді. Президент өз құттықтауында бұл шешімнің бүкіл түркі әлемі үшін тарихи маңызға ие екенін ерекше атап өтті:
«Шежірелі Маңғыстау, қазыналы Үстірт аймағы – тұтас түркі өркениетінің ажырамас бөлігі. Киелі өлкеде ұлтымыздың, жалпы түркі дүниесінің сан ғасырлық рухани мұрасы сақталған. Тарихы тамырлас, дәстүрі сабақтас халықтардың ынтымақтастығын одан әрі нығайту – баршамыздың ортақ міндетіміз», – делінген Президенттің құттықтау хатында.
Сонымен қатар халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының Бас хатшысы Сұлтан Раев құттықтау сөз сөйлеп, 2025 жылғы Түркі әлемінің мәдени астанасы ретінде Ақтау қаласының таңдалу себебін айтып өтті:
«ТҮРКСОЙ Ақтауды 2025 жылдың мәдени астанасы етіп тектен-тек жариялаған жоқ. Ең бастысы, Ақтауда Маңғыстау өңірінің бүкіл өзіндік тарихы мен сан қырлы өнері басын қосқан, қазақтың осы өңірге ғана тән ұлттық салт-дәстүрлері айрықша сақталып, өркендеген. Мұнда қазақ қана емес, күллі түрік әдебиетіне ортақ, әлем әдебиетінің қазынасына қосылатын әдебиет тарихының ұлы бастаулары бар», – деді Сұлтан Раев.
Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма төрағасы Мереке Құлкенов шара басталғаннан-ақ халықаралық жиынның бел ортасынан табылды. Ол «Дархан дала» этноқалашығында түрлі әдеби-мәдени кездесулерге қатысып, өзге елдерден келген зиялы қауым өкілдерімен пікір алмасып, сондағы музей көрмелерінің жәдігерлерімен танысып, рухани ықпалдастықтың жаңа жолдарын ортаға салды. Әдебиет пен мәдениет арқылы халықтар арасындағы байланысты нығайтудың маңыздылығын айрықша атап өтті.
Қазақстан Жазушылар одағының
баспасөз қызметі