«ӘДЕБИЕТ. ҚОҒАМ. РУХ»
7-9 қазан аралығында Ақтөбе қаласында «Әдебиет. Рух. Қоғам» дәстүрлі республикалық әдеби форум өтті.
Форум төртінші жыл қатарынан еліміздің түкпір-түкпірінен танымал сөз шеберлері мен жаңадан шығып келе жатқан ақын-жазушылардың басын қосып келеді. Биыл форумға Ілия Жақанов, Асанәлі Әшімов, Өмірзақ Озғанбаев, Жүрсін Ерман, Алтынбек Қоразбаев, Тынымбай Қарин, Бауыржан Жақып, Ақұштап Бақтыгереева және басқа да мәдениет қайраткерлері қатысты. Форум қазақтың ұлы ойшылы Абай Құнанбаевтың ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан басталып, әрі қарай негізгі жиынға ұласты.
«Мәдениет пен әдебиет – ұлт айнасы. Биыл облыста бұл бағытта көптеген маңызды істер атқарылды. Форум-мәдениет пен қазақ әдебиетін дамытуға бағытталған жұмыстың бір парасы ғана. Барлық қатысушыларға қолдау білдіріп, форумға қатысқандары үшін алғыс айтамын. Бұл азаматтарымыздың ұлттық болмысының қалыптасуына оң ықпал ететіні сөзсіз», – деді форумды ашқан Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов.
ҚР Жазушылар одағы Басқарма төрағасының орынбасары Бауыржан Жақып Сауд Арабиясында шет елдік іссапармен жүрген ҚЖО-ның Басқарма төрағасы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Ұлықбек Есдәулеттің сәлемін жеткізе келе: «Ақтөбе облысында әдебиетке ерекше көңіл бөлінеді. Бұл – руханият пен болашаққа бастар жол. Киелі Ақтөбе топырағы Тахауи Ахтанов бастаған қазақ әдебиетінің танымал классиктерін өсіріп шығарды. Шығармашылық зиялы қауым өкілдерінің әлі де бір емес, бірнеше буыны тәрбиеленеді. Облыс әкімі Ералы Тоғжановтың қолдауымен облыс әдебиеттің алтын бесігіне айналады деуге толық негіз бар», – деді.
Бұдан кейін Қазақстанның Еңбек Ері, жазушы, композитор Ілия Жақанов, ақын, «Отан» орденінің иегері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ақұштап Бақтыгереева әдебиеттің маңызы, қазіргі қазақ поэзиясының көркемдік көкжиегі, дәстүр сабақтастығы туралы сөз қозғады.
Форум барысында Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов ақтөбелік бес қаламгер мен Қазақстанның басқа өңірлерінен келген бес ақын-жазушыға Ақтөбе облысы әкімдігі мен ҚЖО-ның бірлескен жобасы негізінде әрқайсысына 1 миллион теңгеден атаулы сыйлықтарды, төсбелгілер мен дипломдарын салтанатты түрде тапсырды.
Атап айтар болсақ, Тахауи Ахтанов атындағы сыйлық – жазушы, драматург Сұлтанәлі Балғабаевқа;
Тобық Жармағамбетов атындағы сыйлық – Төлеміс Меңдіғалиевке;
Қуандық Шаңғытбаев атындағы сыйлық – Жұмаш Кенебайға;
Үмбетбай Уайдин атындағы сыйлық – сатирик Көпен Әмірбекке;
Сағи Жиенбаев атындағы сыйлық – Сәтжан Дәрібайға;
Өтежан Нұрғалиев атындағы сыйлық – ақын Алмас Ахметбекұлына;
Ізтай Мәмбетов атындағы сыйлық – ақын Бауыржан Бабажанұлына;
Төлеген Айбергенов атындағы сыйлық – жас ақын Динара Мәліковаға;
Бәкір Тәжібаев атындағы сыйлық – жас ақын Әлихан Жақсылыққа;
Қажығали Мұханбетқалиев атындағы сыйлық – жас жазушы Нұрдәулет Қабасовқа берілді.
Сонымен қатар жас қаламгерлер З.Телеуоваға, Н.Қалауовқа, И.Керееваға, Е.Жұмағалиевке, Д.Тілеухандарға ҚЖО-ның мүшелік билеті табыс етілді.
Екі күн ішінде Ақтөбеде бірқатар іс-шаралар өткізіліп, қатысушылар қоғамның рухани-адамгершілік дамуындағы әдебиеттің рөлін, көркем әдебиетті насихаттаудың өзекті мәселелерін, жас жазушылар мен ақындардың көтерген ұсыныстарын талқылады.
Форум аясында ғылыми-тәжірибелік конференция, республикалық ақындар айтысы, Есет батыр Көкіұлының 355 жылдығына арналған іс-шаралар өтті. Сондай-ақ ұлт-азаттық қозғалысының көрнекті көсемі Сырым Датұлының 280 жылдығына арналған «Тар кезең» тарихи қойылымының премьерасы көрсетілді.