1916 ЖЫЛҒЫ ҚАРҚАРА КӨТЕРІЛІСІ және «ҚИЛЫ ЗАМАН» ПОВЕСІ
Кемеңгер Мұхаңның – Мұхтар Әуезовтың әйгілі «Қилы заман» повесі тұңғыш рет сонау 1928 жылы, сол кездегі астанамыз Қызылорда қаласында араб жазуымен басылып шыққаны мәлім. 3000 дана таралыммен жарық көрген 176 беттік сол кітапты осы мақаланы жазу мақсатымен қайта бір қарап шықтым.
Кітаптың беташар бетіне ірі әріптермен «Қилы заман» деген шығарма аты, оның астына кішілеу әріптермен «Тарихи повесть (ұзын әңгіме)» деген шығарма жанры, ал оның астына «1916 жылғы Албан көтерілісінен» деген түсініктеме жазылыпты.

* * *
Қазақ тарихында орны бөлек 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің, оның ішінде Қарқара-Албан көтерілісінің де 1917 жылғы патшаны тақтан құлатқан Ақпан төңкерісіне барып ұласқаны белгілі. Сонда «1916 жылғы Албан көтерілісінің» «Қилы заманнан» кейін, Мұхаңның қаламы тимеген 6 айдан астам уақыты жатыр.
Жетісу облысының губернаторы тамыздың 16-сы күні Ташкенттегі өлке генерал-губернаторына «Қазақтардың тірі жаны қалмай көтеріліске шықты. Охотничьеге (Нарынқолға) дейінгі кенттер түгел тас-талқан болды» деген үрейлі хабар жіберді. Расында Қарақол түрмесі мен Қайқының жолындағы қырғынды естіп, ашынған қазақ жасақтары Қарқара жәрмеңкесіндегі Кравченконың «жазалаушы» отрядына қолшоқпар болған казак-орыс кенттерін тас-талқан етіп, Қытаймен шекарада тұрған Нарынқол кенті ғана пристав Достополовтың қолында қалған еді.
Тамыздың 20-сы күні сол Достополов Жаркент уезінің бастығы мен Жетісу облысының губернаторына: «Көтерілісшілердің бір тобы әскерге даярлаған 50 мың қойды тартып алып, Қытай шекарасынан өтіп кетті» деп жеделхат жолдады.
Шу өзенінен Түргенге дейінгі 17-18 болыстың қазақтары да майданның қара жұмысына «бала бермейміз» деп патша үкіметіне бағынбай кетті.
Көп жерде биліктен айырылып, хәлі мүшкіл болған Жетісу облысының губернаторы Фольбаум тамыздың 26-сы күні: «Балқаш өңіріне 2000-дай көтерілісші топтасып алды» деп; тамыздың 30-ы күні: «Шамалғанның Алатау өңіріне 5000-дай атты жасақ жиналып, қауіп төндіріп тұр» деп; ал қыркүйектің 9-ында: «Сыртта көтерілісшілер саны 60 мың адамға жетті. …Текес өңіріне 20 болыстың көтерілісшілері жиналды» деп, жоғарыға үрейлене хабар жеткізіп, көмек сұрап жатты.
Міне, осылайша Қарқара жәрмеңкесіне шабуыл басталған 11 тамыздан бастап қыркүйектің орта шеніне шейін Ыстықкөл алқабы, Шу өзенінен Қытай шекарасына дейінгі Іле дариясының оңтүстік жағы негізінен алғанда патша үкіметінің шеңгелінен шығып қалды. Облыс губернаторы бұл өңірде облыс орталығы Алматы мен уезд орталығы Жаркентке және басқа бірнеше кентке ғана ие болып отырды.
Міне, осы жағдайлар және одан да бұрынғы патша жарлығына қарсы оқиғалар сатылай жылжып отырып, Петербургтегі орталық үкіметке, патшаның өзіне де жетіп жатқан. Патша үкіметі Жетісу, Сырдария, Ферғана (Тәжікстан кіреді), Самарқан, Закаспий (Түрікменстан кіреді) облыстары қарайтын Түркістан өлкесіне, оның ішінде әсіресе Аягөз, Қапал, Лепсі, Жаркент, Пржевальск (Қарақол), Верный (Алматы), Пішпек уездері қарайтын, Қытаймен шекарада жатқан Жетісу облысына айрықша көңіл бөлді.
Орталық үкімет Түркістан өлкесіндегі жағдайды талдай келіп, көтерілістің аса қауіпті өңірі Жетісу облысы деп тауып, ондағы көтерілісті тез арада қанға бояп басудың стратегиялық жоспарын жасады. Ол жоспарда облысты барлық жағынан қоршап алып, көтерілісті тез тұншықтыру; ол үшін күшті қаруланған ерекше «жазалау» отрядтарын жіберу; көтерілісшілердің Қытайға өтіп, құтылып кетуіне жол бермеу; казак-орыстар мен қоныстанушы мұжықтарды мобилизациялап, қаруландырып, оларды көтерілісші бұратаналарды қырып-жою мен талап-тонауға барынша пайдалану; бұратаналардың болыс-би, бай, молда және басқа беделді адамдарын майданның қара жұмысына алудан босатып, өз іштерінен бір-бірімен қырқыстыру; көтерілісті жаншып басқаннан кейін Жетісудың байлығы мол, көрікті жерлерін бұратаналардан тазартып, тек қана орыстар тұратын мекенге айналдыру және басқалар көрсетілді.
Түркістан өлкесінде көтерілісті аяусыз қанға бояп басып, осы стратегиялық жоспарды жүзеге асыру ісі 1916 жылдың шілде айынан Түркістан өлкесінің генерал-губернаторы әрі Түркістан әскери округінің қолбасшысы болып тағайындалған, «Қилы заманда» «кәрі жандарал» аталған 68 жастағы А.Н. Куропаткинге жүктелді. Ал бұл қанды жоспарды Жетісу облысында жүзеге асыру Жетісу казак-орыс әскерінің атаманы, Жетісу облысының генерал-губернаторы И.А.Фольбаумға тапсырылды.
Орталықтың басшылығымен өлке, облыс, уездердегі патша билігі стратегиялық жоспарды жүзеге асыруға жандарын сала жан-жақты дайындалды. Тамыздың 14-інде Жетісу облысында, 24-інде бүкіл Түркістан өлкесінде төтенше әскери жағдай жарияланды. Тамыздың 17-сі күні Ресей Ішкі істер министрлігі өлке басшыларына көтеріліске қатысқандарды қатаң жазалау шараларын алдын ала ұйымдастыру туралы: «Ерекше құқылы әскери сот ұйымдастырылсын… Жауапты адамдар дереу сотқа берілсін… Ерекше сот тек қана саптағы офицерлерден жасақталатын болсын» деген нұсқау жіберді.
Бұл нұсқауды Жетісу облысының губернаторы Фольбаум дереу іліп әкетіп, тамыздың 20-сы күні қарауындағы әскер басшыларына барлық уездерде, жазалаушы отрядтарда дала сотын құру туралы, олардың шешімі бойынша үкімді дереу орындау турасында тапсырма берді. Ол дала сотының шешімі қайта қаралмауы, ол туралы арыз-шағым қабылданбауы керек деді. Қысқасы олардың ақ дегені – алғыс, қара дегені – қарғыс болатын болды.
Түркістан өлкелік әскери штаб бастығы генерал Ерофеев барлық облыс губернаторларына жеделхат жолдап: «…Үкіметтің жарлығына қарсы шыққан бұратана халықтардың санасына үрей тудыру үшін «әскери серуендер» жасалсын!» деді.
Ал Жетісу облысының губернаторы Фольбаум ол «әскери серуеннің» қызметін нақтылап: «бүлікшілікті жылдам басып, тәубесіне келтіру тек бір ғана жолмен іске асады. Ол үшін тәжірибе ретінде ең бүлікшіл болыстың тас-талқанын шығарып, бірнеше жүз адамын қырып салу арқылы өзгелерге үлгі сабақ беру керек» деді.
Міне осындай-осындай дайындықтармен қатар өлке орталығы Ташкентте, облыс орталығы Алматыда, уезд орталығы Жаркентте және Әулиеата, Самарқан, тағы басқа жерлерде пулемет, зеңбірекпен қаруланған «жазалаушы» сары әскер жасақталып жатты. Батыс майданға жіберуге дайындаған әскерден де көтеріліске қарсы едәуір күш бөлінді. Тіпті Қытайдың Құлжа қаласында тұрған жүздіктердің де біреуі шақырылды. Осылардың бәрін 2010 жылы шыққан «Қазақстан тарихының» мәліметі бойынша жинақтап айтсақ: «Көтерілісті басып-жаншу үшін патша үкімет орындары Жетісуға 8750 найзалы мылтығы бар 95 рота, 3900 қылышы бар 24 жүздік, 16 зеңбірек, 47 пулемет жіберді» (3-том, 648-бет). Бұған және Жетісудың өзінде мобилизацияланған 14190 казак-орыс пен мұжықтарды қосыңыз. Кей деректерде Жетісудағы ұлт-азаттық көтерілісті басуға адам саны 30 мыңдай қарулы күш жұмылдырылды деп те айтылады.
Өлкенің генерал-губернаторы әрі әскери қолбасшысы Куропаткин осы қарулы күшке: «Бұзақыларға қарсы шешуші және ешқандай жас, жыныс ерекшелігіне қарамай аяусыз жазалау жүргізілсін!» деген қанды бұйрық берді. Мұнысы – көтеріліске шыққан бұратаналарды еңбектеген баласынан еңкейген кәрісіне дейін ештеңесін қалдырмай қырып-жой деген геноцидтік бұйрық еді.
Аса ауқымды болмаса да Қарқара көтерілісін «жазалау» ісі бұдан едәуір бұрын басталған болатын. Яғни, Қарқараға алғашқы жіберілген «жазалаушы» күш «дәрменсіз» деген Подпороковтың (Ақжелке) орнына Пржевальскіден (Қарақол) арнайы жіберілген Кравченконың отряды болды. Оның 14(15) тамызда жәрмеңкені тастап, Қарақолға қашып кеткенге дейінгі «жазалау» іс-әрекеті Мұхаңның «Қилы заман» повесінде егжей-тегжейлі бейнеленген.
Одан кейінгі және бір «жазалаушы» күш Алматыдан жасақталып шығып, Асыдан ауа көшкен Қызылбөрік болысының ізіне түскен Волков пен Чадовтың отрядтары болды. Олар Жалаңашқа келген соң біріктіріліп, «Жалаңаш отряды» деген атпен Волковқа бағындырылды. Ол 23 тамыз күні Қызылбөрік ауылдары отыр деген Кеңсу-Меркеге шабуыл жасады. Бұл кезде ол ауылдар киіз үй, мал-мүліктерін тастап, Қытай шекарасына қарай кетіп қалған еді. Волковтың отряды 600-дей иесіз қалған киіз үйді өртеп, мал-мүлікті тонап, қарақшылық жасаудан басқа түк бітіре алған жоқ. Қарқара Жәрмеңкесінен Кравченконы қуып, Қарақолды қоршап алған көтерілісшілердің айбынынан қорқып, олар еркін өрістеп, «серуен» де жасай алмады. Қоршауда қалған Қарақолға көмекке баруға бұйрық алып, солай бара жатқан жолында Талдыбұлақтағы 500-дей қазақ жасағына тап болып, бірталай шығынға ұшырап, әупірімдеп Қарақолға жетті.
Қыркүйектің 6-сы күні Пржевальскіге құрамында бірнеше пулемет тобы, зеңбірек дивизионы бар Гейцигтің дружинасы келіп жетті. Ол қаланы қоршаудан босатып, ішке де енді. Міне, осы кезден бастап, саны болғанымен жөнді қаруы, әскери дайындығы, басқаратын орталығы жоқ көтерілісшілер шегінуге мәжбүр болды. Ол өңірдегі қазақ, қырғыз, дүнгендер Қытайға қарай үрікті, қалғандары тау-тауды паналап кетті.
Гейциг Пржевальскіге бұрын көмекке келген әскерлерден 1500 адамы бар ерекше құрама отряд құрды, оны Кравченкоға бағындырып, қыркүйектің 9-ы күні Қарқара-Нарынқол-Шәлкөде бағытына аттандырды. Оған осы өңірлердегі қазақтарды аяусыз «жазалау» шарасы тапсырылды. Сөйтіп, Кравченкоға Қарқара жәрмеңкесінде кеткен кегін қайтарудың орайы келді.
Гейцигтің негізгі күші Кравченко аттанып кеткеннен кейін Пржевальск жақта бір аптадай «жазалау» шараларымен айналысып, одан кейін өзі де Кравченконың соңынан Қарқара-Нарынқол бағытына жорыққа шықты. Ол өңірдегі казак-орыстар мен мұжықтардың кенттерін босатып, оларға қару-жарақ, оқ-дәрі үлестірді.
Кетпен тауының солтүстікке қараған екінші жағында Іледен өтіп келіп, Қалжат бағытына жорыққа аттанған полковник Ветлициннің полкі бар еді. Енді сол Подгорное-Қалжат бағытына Алматыда жасақталған Бычковтың отряды жіберілді. 1500 адамы бар бұл отряд қыркүйектің орта шенінде Сарытоғай, Қоңырбөрік, Бөдеті, тағы басқа болыстарға қарайтын қазақтарға қарсы «жазалауға» шықты. Бұл өңірде Жаркенттен жіберілген басқа да «жазалаушы» отрядтар әрекет етті.
Осылайша қыркүйектің ортасынан былай қарай не жөнді қаруы, не әскери даярлығы жоқ бытыраңқы көтерілісшілер шегінуге мәжбүр болды да, көп пулемет көтеріп, көк зеңбірек сүйреткен патша әскер олардан әлдеқайда басым түсті. Көтерілісшілер шағын топтарға бөлініп, тау-тасты қалқан етіп, шегіне жүріп ұрысу тәсіліне көшті. Үріккен елді қорғап, шекарадан өткізді. Ал «жазалаушы» әскерлер болса, көбінесе қарапайым бейбіт халыққа, тау ішін паналаған бала-шағаға шабуыл жасап, соларды Куропаткин айтқандай, «ешқандай жас, жыныс ерекшелігіне қарамай аяусыз жазалап» қырып-жойды, мал-мүлкін тонап қарақшылықпен айналысты.
Ерекше жасақталған осыншама қарулы күштің сол уақыттағы осы өңірге жасаған жорықтары мен соғыстары туралы мұрағат мәліметтері тым аз екен. Оның басты бір себебі бұл жерлердегі жоғарымен жалғастыратын почта-телеграф станцияларының көтеріліс кезінде істен шығып қалғаны болу керек.
Осы арада дерек ретінде бұрынғы Кеген ауданы, Жаңа Тоған колхозының мүшесі Жазылбек Серібайұлының 1936 жылы жазған «1916 жылғы көтеріліс туралы» деген естелігінен үзінді келтіре кетейік: «…Тау Шелектен бері қарай Албан руы Қытай шегіне қарай үрікті. Нарынқол, Сүмбе шектеріне барғанда шек баққан Қытай әскері үріккен елді Қытайға өткізбей тоқтатты… Нарынқол шегінде Албанның үстіне Қарақол уезінен қырғыздың Бұғы руы үркіп келіп қосылды… Үріккен ел екі ай шамасында Нарынқол, Сүмбе шектерінде қамалып отырды… Бір күні «үш-төрт жүз әскерімен, бірнеше әскер бастығымен Кравченко келіпті» деген сөз шықты… Қақпақтың ауызы мен Текес суының жағасында аздап атыс болды… Күн кешкіріп, түн болған соң, Кравченко әскері Қақпаққа келіп қонды… Таң атқан соң Кравченко Қақпақтан шығып, зеңбіректі гүрілдетіп Нарынқолға келді… Қырғыздан көп адам шығын болды… Зеңбіректің жалындаған оғын көрген соң, Қытайдың шек әскерлерін тыңдамай, құмырсқаша басып, Албан, Бұғы Қытай шегінен өте шықты…».
Бұл естелікті Қытай деректері де растайды. 1916 жылдың 22 қазаны күні Текес өзені бойындағы Қытай заставасының бастығы Го Ибао Іле қорғаныс комиссары Яң Фишаға мына жағдайды мәлімдепті: «19 қазан күні таң азанда Ресейдің 500-ден астам әскері Ресей қазақтарына зеңбіректен оқ жаудырды, көп ер-әйел, үлкен-кіші, ұл-қыздар қырылды… Ресей қазақтары еліміздің ішкі жағына тым-тырақай жанталаса қашты. Біздің әскерлер оқ атып тоқтатпақ болып еді, олар өлген-тірілгеніне қарамай, шекараның ішкі жағына өтіп кетті…».
Міне, осылайша Қарқара көтерілісін басуға аттандырған қарулы күштер бейбіт халықты қырып, қалың қазақты Қытайға өтіп кетуге мәжбүр етті. Олар қазан-қараша айларындағы жоғарыға жіберген баяндамаларында Қарақол, Қарқара өңірлерінде қарсылық көрсететін жау қалмай, «жазалаушы» отрядтар «әскери серуен» жасады дегенді айтыпты.
Қысқа қарай алыстан келген Гейцигтің жасағы сияқтылар кейін қайтты. Облыстық үкімет өз қарауындағы казак-орыстар мен солдаттардан жер-жерде тұрақты «жазалаушы» отрядтар құрды. Олар Қытайға өтпей немесе өте алмай қалған бейбіт халықты қырып, мал-мүлкін тонап қарақшылықпен айналысты. Сәйдәлім Тәнекеев ағамыздың жоғарыда аталған кітабында көрсетілген қазіргі Ұйғыр ауданының Жондан жайлауындағы 43 адамның, Райымбек ауданының Ақтас деген жеріндегі 50 шақты адамның бейіті, Тұзкөлдің маңында өлтіріп, көмбей тастап кеткен 26 адам және басқалар – солардың сайрап жатқан қанды іздері.
Осыған тағы бір мысал келтіре кетелік. «Егемен Қазақстан» газетінің 2010 жылғы 8 қазандағы санында заңгер, тарихшы Сайлау Ағыбаевтың 1916 жылғы ұлт-азаттық көтіріліске қатысты бір мақаласы жарияланды. Сонда Коробин дегеннің мынадай сөзі беріліпті: «…Өткен айдың аяғында Шәлкөде постысында Иван Пшеничныйдың бұйрығымен Ылайлы қыстауына бардық. Онда 42 ер адам, 62 әйел, 56 бала болды. Оларда 45 жылқы, 43 сиыр, 50 шақты қой бар екен. 29 желтоқсан күні еркектерді Охотничийға (Нарынқол) айдадық. …Қараңғы түсе Савенков, Черкашин үшеуіміз олардың бәрін қырып тастадық. Қазақтарға 200 оқ жұмсадық. Тірі қалғандарды қылышпен шаптық».
Бұл Ресейдің қазаққа жасаған сансыз қырғынының 1916 жылдың 29 желтоқсанында болған уақиғаның біреуі ғана. Мұндай қолына түскен қазақты қырып кету 1917 жылғы царизмді құлатқан Ақпан төңкерісіне дейін жалғасты. Ол төңкеріс болмағанда одан да әрі жалғаса беруі мүмкін еді.
1916 жылдың 10-11 шілдесінде Қабанқарағай мен Айтөбеде (Ереуілтөбеде) болған тарихи жиындарда туған жерде тұруға мүмкіндік болмаған жағдайда Қытайға ауып кету мәселесі де меңзелген болатын. Ерекше жасақталған қарулы күштер жаппай «жазалауға» шығып, көтерілісшілер шегініп, халық басына сондай қауіп төнгенде, олар іргелес жатқан Қытай жерінен пана іздеуге мәжбүр болды.
Жетісудан үріккен халықтың басым көпшілігі Іле аймағына, бір бөлімі (негізінен қырғыз, дүнгендер) Тянь-Шаньнның Бедел асуын асып, Ақсу, Қашқар, Үштұрпан өңірлеріне барды. Ол кезде Іле аймағының орталығы Құлжа қаласы мен Оңтүстік Шинжаңдағы Қашқар қаласында Ресей елшілігі болыпты. Солардың мәліметі бойынша, Іле аймағына өткендер саны 300 мыңнан, Қашқар, Ақсу, Үштұрпан өңіріне барғандар саны 120 мыңнан асыпты. Сөйтіп, Жетісу облысының 420 мыңдай тұрғылықты халқы Қытайға ауып кетуге мәжбүр болыпты.
* * *
Сонымен Қытайға елдің қалай өткені мен бастан кешкен ауыр жағдайларын аз да болса елестету үшін Қарақол түрмесіндегі қырғыннан тірі қалып, соның бәрін өз басынан өткерген Әубәкір Сұлтанбекұлының естелігінен үзінді келтірейік: «…Түнде Сарықырдағы үйіме келдім. Ел бөлініп, қазақ та, қырғыз да қалмай үркіп кетіпті. Қатын, баламды жиып алып, мал-мүлік, үйді тастап, елдің артынан Құмбелде қуып жеттім. Жұрт қалмаққа тарту тартқанда, 2000 сом ақша (10 аттың құны) беріп, ары өттім. Қас деген өзеннің бойына бардым. Дәрібай деген Қызай ақалақшысының (болыс) қасына қыстадым… Ол жақта көрмегенді көрдік. Қалмақ еріксіз тонады. Оның үстіне қолдағы көлік пен мал жұтады. Малдың көбі жұртта қалған. Албан алды болмасам да тәуір дәулетім бар еді. 17 жылдың жазында 2 сиыр, 16 ат, 2 жылқымен қонысқа келдім. 17 жыл бостандық болды деп қонысқа келгенде шеке қызған жоқ. Бостандық казак-орыстікі болған екен. Келген соң бар малымды және сыпырып алды. Екі жыл атысып жүріп, тақыр кедей болдым…».
Бұл естелік иесі – болыс болған, көзі ашық, көкірегі ояу, дәулетті адам. Ал үріккен елдің көбінің көрген күні бұдан әлдеқайда ауыр еді. Әсіресе Бедел асуын асып Үштұрпан, Ақсу өңіріне барған босқындардың тағдыры тіпті мүшкіл болыпты. Бұл туралы Ресейдің Қашқар консулдығының қызметкерлері былай деп баяндапты: «Үштұрпанға қашқандар негізінен Пржевальск мен Пішпек уездерінің көтеріліске қатысқан болыстарының адамдары еді… Оларға жан бағып отырған малын тастай қашуға тура келген. Ал айдап шыққан малдары болса, жол бойында қырылған. Бедел асуында он мыңнан астам малынан айырылып, Қытай жеріне аш-жалаңаш келді».
Бұл өңірге үркіп барған босқындардың өз ұл-қыздарын сатуға мәжбүр болғандары да, 1917 жылы елге қайтарда оларды қайта сатып алғандары да болыпты. Оны біз Қытай деректерінен көреміз. 1917 жылы мамырдың 22-сі күні Ақсу аймағының әкіміне жоғарғы құзырлы орыннан мынадай бір жеделхат келіпті: «Қытай азаматтарының Ресей азаматтарының ұл-қыздарын сатып алуы екі мемлекеттің келісімінсіз істелген. Сондықтан бұл бүтіндей жеке адамдардың сауда ісі болып табылады… Қазір балаларын қайта сатып алуға барынша кеңшілік жасалады… Бірақ қандай болғанда да әуелгі сатылған бағаны қайтарып алу көзделсін!..»
Ресейдің патша үкіметінің мына қанқұмар жауыздығына бір қараңыз: Олар Қытайға ауған қазақ, қырғыздардың сол жақта-ақ түбіне жетіп, оларды қайта оралмастай етуге тырысқан. Сондықтан Қытайдың шекарадағы әскери күшінің аздығын пайдаланып, үріккен елді «жазалау» мақсатымен Бычковтың пулемет көтеріп, зеңбірек сүйреткен бір мыңдай әскері Қалжат шекарасынан Қытай жеріне басып кірген. Сөйтіп, Іле дариясын өрлей «жазалау» жорығын жасаған.
Патша үкіметінің Қытайға өтіп кеткен босқындар жөніндегі пиғылын Түркістан өлкелік губернатор кеңсесінің инспекторы Г.И.Бройдоның сөзінен де көреміз. Ол: «Ресей үкіметі қазақтарды Қытай жерінде әбден титықтатып, қайта оралмайтын етіп, олар мекендеген кең өңірді «жаңа жерге» айналдырғысы келді» деп жазды.
Патша үкіметінің «жаңа жер» туралы бұл мақсаты Жетісудағы көтерілісті тез басу жөніндегі стратегиялық жоспарында да бар болатын. Көтеріліс аяқталуға таяған кезден-ақ бұл жоспарды жүзеге асыру шаралары қолға алына бастады. «Қарақол, Қарқара өңірінде қарсылық көрсететін жау қалған жоқ» деген хабарды естісімен өлке губернаторы Куропаткин Алматыға келді. 16 қазан күні тікелей өзі басқарып, облыс губернаторы мен жер, көші-қон, жерге орналастыру және басқа жөніндегі басшыларды қатыстыра отырып жиын өткізді. Онда Ыстықкөл жағалауы, Кеген жазығы, Қарқара өңірі, Текес, Шәлкөде су өзендерінің аңғарын қазақтардан және басқа да бұратаналардан тазарту, бұл жерлерді тек қана орыстар мекеніне айналдыру мәселесі қаралды. Осылайша Қытайға ауған елді қайта өткізбей, мұнда қалғандарын басқа жаққа қуып, кең өңірді «жаңа жерге» айналдырып, онда тек орыстар ғана тұратын жаңа Пржевальск уезін құру жөнінде қаулы қабылдады.
Патша үкіметі осындай есек дәмемен жүргенде қаһарлы да қасіретті 1916 жыл өтіп, төңкеріске толы 1917 жыл келді. Ресейде Ақпан төңкерісі болып, сәтсіз соғыстармен елді ауыр күйзеліске, аш-жалаңаштыққа ұшыратқан, бодан халықтарды қырғынға, шетке босып кетуге душар еткен царизмді аударып тастады. Патша үкіметі құлады. Николай ІІ де, оның қолшоқпарлары да өздері қазған көрге өздері түсіп тынды.
* * *
Қытайға өтіп кетуге мәжбүр болған халық мұны естіп, елге қайтуға ұмтылды. Қытай үкіметі де Ресейден босып келген халқын қайтарып әкетуді талап етті. Уақытша үкімет Албандар мен қырғыздарды елге қайтару мәселесін 1917 жылдың мамыр айында шешіп, Жетісу облысының босқындары сол уақыттан бастап елге қайта бастады. Ол көш сол жылдың қыркүйек айына дейін созылды, бірақ кеткен ел түгел келе алмады. Әртүрлі себептермен ол жақта қалып қойғандары да аз болған жоқ. Қытайдағы Ресей елшілігінің мәліметі бойынша, Үштұрпан жақта 8 мыңдай қырғыз, қазақ, дүнген, Құлжа округінде (Іле аймағы) 50 мыңдай қазақ қалып қойыпты, яғни 1916 жылы Жетісу облысынан Қытайға үркіп кеткен 420 мың адамның 15 пайыздайы қайта оралмапты.
«…1917 жылы бостандық болды деп қонысқа келгенде шеке қызған жоқ. Бостандық казак-орыстікі болған екен. Келген соң бар малымды және сыпырып алды…» деп Әубәкір Сұлтанбекұлы айтқандай, елге келгендер тағы да теперіш көрді. Уақытша үкіметтің жергілікті билігіне кіріп алған бұрынғы казак-орыстар енді Уақытша үкімет атын жамылып, бұрынғы жаулығын қайта істей бастапты. Оны мұрағат құжаттары мен естеліктерден анық көреміз.
1936 жылы жазған «Албан көтерілісі» деген естелігінде Сабырбек Қосжанұлы өз көзімен көрген мына сұмдықты айтыпты: «Орыс атамандары жиында: «Біздің мал-мүлкімізді алып, Қытай жеріне өтіп едіңдер… Қытай сендерді айдап өткізіп берді. Енді сендердің барар жерлерің жоқ. Сондықтан түтінімізге 100 қой, 15 қарадан бересің, егерде бермейтін болсаң, қара шаруа, кедей бұқараңды қырып, өндіріп алуға шамамыз келеді» деді. Қазақ бұқарасын билеп отырған би-болыстар оған «жарайды» деп, кедей-кембағалдардың сауындық сиырын, міністік аттарын тартып алып берді… Кедейлер 1917 жылдың күз айында жабайы өскен астықтың масағын тере бастады. Қаны қас бұзықтар әр жерде масақ теріп жүрген адамдарды атып кете беретін болды. Мысалы, Өзбек деген кісіні Қақпақта масақ теріп жүрген жерінде атып өлтіріп кетті». Тағы да осы естелікте «мал алатын саудагерлер едік» деп 10 адам келіп, Құрысай деген жерде отырған 3 үйдің 23 адамын (үшеуі қонақ) өлтіріп, мүліктерін тонап, үйлерін өртеп кеткені де айтылған. Одан Оразай деген 14 жасар бала ғана тірі қалыпты.
Мұндай жағдайды мемлекет қайраткері Тұрар Рысқұловтың жазбаларынан да кезіктіреміз. Тұрар 1917 жылы көктемде Меркіге қайта оралады. Сондағы бір естелігінде былай деп жазыпты: «…Уақытша үкіметтің комитеттеріне қарсы әрекет ете бастадым. Мұның себебі – бұрынғы чиновниктер мен орыс кулактары орнығып алып, комитет атынан 1916 жылдың бүлігі үшін әр қазақ болыстарына 400–500 мың сомнан (2500-дей аттың құны – Т. Ж.) контрибуция сала бастады. Уақытша үкімет атынан қырғыздарды қанға бөктіру жалғасып жатты…»
* * *
Сонымен, Қарқара көтерілісінің, Мұхаңның өз сөзімен айтқанда «1916 жылғы Албан көтерілісінің» «Қилы заманнан» кейінгі тағдыры осындай болды. Ол Ресейде царизмді жойған 1917 жылғы Ақпан төңкерісіне ұласа барып аяқталды. Осы арада «Бұл көтерілістің бастапқы жеңісті кезеңін жазған Мұхаң оның кейінгі жағын білген бе, білсе неге жазбаған?» деген сұрақ болуы мүмкін. Енді соған өз ойымызды айтайық.
Ленинград университетінің соңғы курсына көшкен студент Мұхтар 1927 жылдың жазында «1916 жылғы Албан көтерілісін» зерттеу, жазуға дайындалу мақсатымен Алматыға келді. Ең алдымен сол көтеріліс туралы Ілияс Жансүгіров жинап, Фатима Ғабитқызының қолында сақталған материалдармен танысты. Одан кейін көтерілістің ошағы болған Қарқара жайлауына барды. Онда жүрген Ілияс Жансүгіровтің өзімен де кездесті, әңгімелесті. Қарқара жәрмеңкесінде болып, жиында мұнда келген мақсатын айтып, сөз де сөйледі. Көтеріліс басшылары Жәмеңке қария мен Ұзақ батырдың ауылдарына барды, жайлау-жайлауды аралады. Соңында Бөлексазда отырған көтеріліс басшыларының бірі – Серікбай Қанайұлының ауылына келіп түсті. Серікбайдың әйелі Қаныкей (Көкшегір) апамыз құрметті қонағын үлкен баласының үйіне жайғастырып, бар жағдайды жасады. Мұхтар осында жатып, көтеріліске қатысқан, оны көзімен көрген көп адамдармен әңгімелесті, керекті деректерді жазып алды. Одан кейін Қызылордаға соғып, онда біраз аялдады да, оқу басталарға жақын Ленинградқа келді. Алдымен «Қараш-Қараш оқиғасын», одан кейін әйгілі «Қилы заман» повесін жазды.
«1916 жылғы Албан көтерілісін» осылайша егжей-тегжейлі зерттеген Мұхаң ол көтерілістің тағдырын соңына дейін білмеуі мүмкін емес деп ойлаймыз. «Ендеше оны неге жазбаған, жазу ойы болмаған ба?» деген сұраққа жауапты жазушы өзі айтып кетіпті. Енді соған қысқаша тоқтала кетейік.
«Қилы заман» повесі 1928 жылы «Қазақстан» баспасынан басылып шыққанда ол бастырушының: «…Мұны жазып отырған Мұхтар бізге түгелімен берілген, бізге тән адам емес… Ол әлі күнге дейін ескіліктің жырын жырлап, жоғын жоқтап жүр… Мұндай аты басқа, заты бөлек, беті теріс адамнан тарихи оқиғаны түп-түгел Маркс жолымен, еңбекшілер жолымен жазылуын күте қою мүмкін нәрсе емес…» деген алғы сөзімен құйрығына шала байлап жібергендей болып шықты. Одан кейін «Қилы заман» «зиянды шығарма» деген жаламен «қамауға» алынды да, 44 жыл бойы қайта қағаз бетін көрмеді, ауызға да алынбады. Ол кездегі әдебиет оқулықтарынан, тіпті «ғылым-білім жинағы» дейтін энциклопедиядан да «Қилы заманның» атын таппайсыз. Мысалы, тұңғыш «Қазақ совет энциклопедиясы» (ҚСЭ) «Әуезов» деген көлемді мақаласында Мұхаңның барлық шығармаларын кезең-кезеңімен тізіп келіп, «Ленинградта оқыған соңғы жылында Әуезов екі тамаша повесть жазды. Олар – «Қараш-Қараш оқиғасы» (1927) мен «Көксерек» (1928)» деп өте шығады (ҚСЭ. 2-т., 55-б., 1973). Ал шындығын айтсақ, бұл екі шығарманың ортасында «Қилы заман» повесі жазылған болатын. Повестің 1928 жылы Қызылордадан шыққан тұңғыш басылымында: «Ленинград, декабрь-январь 1927-28-інші жылдарда» деген арабша жазу бар.
Мұхаң «Қилы заманын» ерекше жақсы көріпті, оны орыс оқырмандарына, орыс достарына, орыс тілі арқылы дүние жүзіне жеткізуді арман етіпті. Сондықтан 1960 жылы, яғни өзі қайтыс болардан бір жыл бұрын орыс жазушысы, аудармашы Алексей Пантиелевті Ыстықкөлдегі саяжайына шақырып, «Қилы заманды» орыс тіліне аудартады. Сол орыс досы кейінірек Мұхаң туралы «Жайсаң жазира жыршысы» деген көлемді естелік жазады. Осы естеліктің бір жерінде А. Пантиелев Мұхаңның өзіне айтқан мына бір сөзін келтіреді: «Әуезов: «Қилы заман» – ойға алған трилогияның бірінші бөлімі, екінші бөлімінің геройы – Серікбайдың Азамат соғысына қатысқан баласы, ал үшіншіде Серікбайдың Отан соғысына қатысқан немересі болуға керек…» – дейтін еді». («Біздің Мұхтар», Алматы, 1976, 104-б.).
Осында екі рет аты аталған Серікбай басқа емес, жоғарыда айтылған Қарқара көтерілісі басшыларының бірі – Серікбай Қанайұлы еді. Ал оның «Азамат соғысына қатысқан баласы» – Мырқасым деген үлкен ұлы болатын. Ол 1897 жылы дүниеге келген. 1910-16 жылдары Пржевальскіде мектепте және училищеде оқыған. 1916 жылғы көтеріліс кезінде патша жарлығы бойынша майданның қара жұмысына алынатын жаста екен. Үй іші, ел-жұртымен бірге үкіметтің аяусыз «жазалауын», көтерілістің трагедияға толы тағдырын бастан-аяқ өз басынан өткерген жігіт. Мұхаң өзі айтқандай, «трилогияның екінші бөлімінің геройы» етіп Серікбайдың осы баласын жазса, 1916 жылғы Қарқара–Албан көтерілісін аяғына дейін бейнелеуі мүмкін еді.
Тұрдақын ЖЕКСЕНБАЙ,
жазушы, публицист, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты
ПІКІРЛЕР1