«MECENAT.KZ» әдеби сыйлығының 2023 жылғы жеңімпазы анықталды
25.08.2023
325
0

24 тамыз күні «Mecenat.kz» әдеби байқауының екінші маусымы қорытындыланып, жеңімпаз анықталды. Шығармалар аламанына қатысуға өткен жылдың қыркүйек айынан биылғы мамыр айына дейін 103 адам тіркеліп, 58 роман жүктеліпті. Оның ішінде қазақ тілінде жазылған ҚХР елінен қатысқан бір роман бар екен.
«Биыл байқағанымыздай, байқау­ға ұсынылған туындылардың сапасы біршама жақсарған, техникалық талаптарға қатысты тәртіп бұзушылық айтарлықтай азайған. Кәсіби филолог – ридерлер әр шығарманы толықтай оқып шығып, 5 балдық жүйемен баға берді. Бұл – алғашқы іріктеу. Екінші іріктеуге танымал жазушылар Әлішер Рахат пен Илья Одегов суперридер ретінде қатысып, қазақ тіліндегі 8 роман мен орыс тіліндегі 5 романды оқып, сараптап шықты. Нәтижесінде, үш қазақ тіліндегі, үш орыс тіліндегі роман іріктеліп алынды. Ридерлер мен суперридерлердің іріктеу жұмысына ешкім араласқан жоқ, ұйымдастырушылар толықтай анонимділік сақтап, қағазға шығарылған туындыларды оқуға дайын­дап берді», – дейді жоба ұйымдастырушылары.
2023 жылдың мамыр айының 29-нан маусым айының 31-іне дейін көпшілік ең үздік деп таныған шығармаға дауыс берді. Оқырмандардың дауыс беру нәтижесінде Тұрысбек Сәукетаевтың «Өлгендер қайтып келеді» романы жеңіске жетті. Жазушы «Mecenat.kz» әдеби байқауының ІІ маусымының жеңімпазы ретінде өмір бойы ай сайын 500 доллар сыйақы алып отырады. Жобаның меценаты – белгілі қазақстандық қаржыгер және филантроп Тимур Турлов.
«Біз барлық қатысушыларды зор жауапкершілікпен әдеби байқауға қатысқаны үшін алғыс білдіреміз. Сіздердің еңбектеріңізге оқырман тарапынан зор қызығушылық туатынына сеніміміз мол және осы шығармаларыңыз арқылы отандық әдебиеттің дамуына айтарлықтай үлес қосып отырғандарыңыз сөзсіз», – деген ұйымдастырушылар ұлттық әдебиетті дамытуға арналған жобаға атсалысқан министрліктерге, барлық мемлекеттік БАҚ және Amanat партиясына ақпараттық қолдау көрсеткені үшін алғыс білдірді.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір