Әдебиет – жұмсақ күш
18.09.2023
339
0

Даңқты бабамыз Әбу-Насыр Фараби айтыпты дейтін ғибрат­ты бір сөзді осы күні жиі қайталайтын болдық. «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» депті ұстаз. Ал сонда өзге тілде берілген білім ше? Ол – алдымен ұрпақтың соры, содан соң ұлттың өзегіне түскен бетте жамбастап жатып алатын жіңішке дерт болса керек. Біз сол сордан да, дерттен де арыла алмай келеміз.

Өткенде Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов орыс әдебиетін арнайы пән ретінде мектеп бағдарламасына енгізу қажет емес дегендей мінәйі пікір білдіріп еді, қаракөз қазақтың Қарагөз ханымнан бастап (Қарагөз ­Сүлейменова, әнші, тележүргізуші, PhD доктор, «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты, ҚР-ның Еңбек сіңірген қайраткері, жә, осымен тоқтайық…) орыс әдебиетін «обып» оқыған бір қауым ел шу ете қалдық. Әлеуметтік желіні шолып шыққам, қалада туып, қалада бойжеткен, орысшаға жетік Қарагөз Асқарқызының қасына арбасын сүйретіп қырдың бір-екі қазағы да ілесіп алыпты. Сонда олар не дейді дейсіз ғой?
«Қазақта Абайдан ұлы адам кем шығар. Абайдың өзі орыс әдебиетін жоғары бағалап, қазақ әдебиетінің дамуы­на сол арқылы үлкен жаңалықтар әкелген»;
«Жалпы, өнер тілге, ұлтқа бөлінбеуі керек. Ұлттық сана, ұлттық рух бір елдің әдебиетін жоғалтқанмен көтерілмейді»; «Пәлен-пәштүген»…
Кешіріңіздер, өнер бірінші кезекте тілге, ұлтқа бөлінеді. Ұлттық тіл, ұлт­тық діл тұтаса келіп адамзаттық өнер туындысын жасайды. Өнер – сан түрлі бояуымен өнер. Шығыс шұғыласын шашып, Батыс ажарын ашпаса, өнер өнер бола ма? Егер мұның бірі болмаса, адам баласы алып кесірткелерден қашып тығылатын бағзыдағы үңгірлердің аузында отырғандай кепте хал кешер еді.
Екіншіден, Абай кеше орыс әдебиетін бағаласа, бүгінгі біздерге әлем елдерінің әдебиетімен достасып, әлем әдебиетінің кәусарына қанудың, оны бағалаудың мүмкіндігі туды. Бұл – мүмкіндік. Бұл мүмкіндікті «немытая Россиядан» өзгені білмейтіндер ғана мойындамайды.
Осыдан шығады, мәселе Қарагөздің өзіндік (субъективный) пікірінде емес екен, мәселе біздің отаршылдықтан арылғысы келмейтін қоғамдық жүйемізде екен. Әдебиет деген жұмсақ күш. Бір елдің әдеби шығармаларының ықпалына бір елдің басы бүтін ­құлауы – әлгі жұмсақ күштің жемсауына жұтылумен тең. Әдебиеттің аржағында да жартастың қас бетін жапқан мүктен қалың мүдделер бар. Ойлану керек.
Иә, орыс әдебиеті – әлемдік әдебиеттен ойып тұрып орын алған ұлы әдебиет. Ал осы орыс тілінде жазылған шығармаларды, жалпы әдебиеттегі озық үлгілермен қазақ баласы қазақ тілінде танысып, қазақ тілінде оқыса қайтер еді. Озық ойлап, жұрттан озар еді. Оқығаны бойына сіңер еді, білімі артар еді. Бұрын да қазақ тіліне аударылған әдеби-көркем шығармалар аз емес-ті, қазір тіпті молайып келеді. Осыны білімнің тұтқасын ұстап отырған мырзалар неге ескермейді? Түсінбеймін.

Дәурен Қуат

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір