Армансыз адам – атсыз арба
Ол төрт қабатты, қырық пәтерлі үйдің 40-ыншысында тұрады, мен 30-ыншысындамын. Әлгі «подъезд» дейтініміз көрші орналасқан, яғни ол екеуіміз де – көршіміз. Ол зейнетке шыққанына 20 жыл толарын алдағы сәрсенбі күні атап өтетінін айтып жүр.
– Шығайын деп шықтым ба, понимаешь, шығарды ғой! Докторлығымды қорғауыма үлгертпеді, кандидат күйімде кете бардым. Алды-артында тірегі жоқтардың көретіні – сол! Осыдан бірер жыл бұрын әлгі жаңаша Білім ордамыз, ескіше Ғылым академиямыз, как-то, жетпіске жуық әлгі таңдаулыға академик атағын бір қаулысымен-ақ бере салды емес пе, надо же?! – деп кіжіне сөйледі.
– Болары болды, өтер – өтті, миыңа тыныштық бер. Екінші ескертерім, қазағыңның сөзін орыс сөздерімен шалаптамай сөйле, шікірейген шенеунік емессің, – дедім дауысымды көтеріңкіреп.
– Жарайды, ал ми ешқашан ештеңені ауырсынбайды, шаршамайды, сол үшін ми емес пе?!
– Олай болса, келмеске жұмсай бермей, алдағы шаруаларыңа, армандарыңа жұмса.
– Шынында, сол дұрыс, сен жақсы айттың, – деді ол, маған жып-жылы жымия қарап. Содан соң мені қолтықтап: – Жүр, анау орындыққа барып отырайық, сен, шынында, жақсы айттың, менің бір арманым бар, соны айтып берейін, – деді.
Екеуіміз аулада кездескен едік. Оның кездесе қалғанынан кемінде жарты сағат айырылмайтынын білемін:
– Жарайды, жүрсең – жүр, арманыңды ағылт, – дедім.
Арқалықты ұзын ағаш орындыққа емін-еркін жайғастық та, ол ағылтты.
–«Елбасы» деп ешкімнің, ештеңенің басын түгендемей-ақ қояйын, «президент» деп аспанға шапшымайын, кәдімгі адамша кәдімгі ауданнан бастайын. «Қарағайлыдан»… Сен ол ауданды білуге тиіссің. Атақты. Жерінің асты-үсті бай. Мен сол соған әкім болсам деймін…
– Шіркін-ай, ә?
– Сен сөзімді бөлмей тыңда, ойымды шатыстырма! – деп бұрқ етті.
– Әміріңе құлдық, – дедім, қалайда мырс етіп. Ол алдыңғы жаққа қараған қалпын өзгертпей, тіл мен жағын жұмысқа қосты:
– Мен жаңа әкімдер ең әуелі өзін танытуы керек деймін. Неше түрлі адамы, пендесі бар, көпшілікке танылудың ең төте жолы да, қарымды құралы да – газет. Мен оны жақсы білемін. Жоғарғы-төменгі ешбіреуден кем емеспін. Мен қауырт қызметімді мінсіз атқарумен анда-мында жүргенімнен газет тұрақты түрде хабардар болып, жорналшы тілшісіне жаздырып, фототілші дегеніне түсіртіп, әрбір нөмірінің бірінші бетіне менің екі-үш суретімді беріп тұруы керек! Обләкіммен телефон арқылы сөйлесіп отырған суретімді де. Одан жоғарыда министрлердің біреуімен сөйлесіп қалуым да мүмкін. Әне, газетті оқитындар, өзі оқымаса да, оқитындардан еститін көпшілік менің қаншама қат-қат қарбалас істерді тындырып жүргенімді біліп отыратын болады.
– Мәселен, қандай істеріңді?
– Өй, ол толып жатыр емес пе, санап айтып қайтемін? Олар газеттегі мақалардан, менің суреттерімнен, е, әлгі «сұхбат» дейтіндерінен, әрине, менің өзіммен сұхбаттарымнан біліне жатады.
– Сөйтіп, ең әуелі ауданды байытасың ғой? – Ол мен жақтағы қолын алға сілтей бере ауызын барынша оқыс аша есінеп, одан кейін сол ауызын екі алақанымен күркелеп жаба түшкіріп, жөткірініп те алды. – Вот черт! Надо же! – деп қалды да, маған күле қарап: – Көрдің ғой, привычка, ренжіме, енді қойдым оны, – деді. Орындықтың арқалығына екі қолын да арта шалқайыңқырап, кеудесін кере екі рет кең тыныстап алып, бастаған «баяндамасын» жалғады: – Байыту, баю – күрделі проблема. Аудан әкімі – маған да, облыс, қала, республика әкімдеріне де қатысы бар. Аудан, облыс, қала, республиканың бай болғаны – біздің де байығанымыз. Бай екенімізді көрші республикаларға ғана емес, шетелдерге де көрсетуіміз керек. Артық-ауыс ақамызға, айталық, Америка мен Анлияның, Франция мен Араб эмиратының, Италия мен Сингафурдың астаналарындағы сәулетті сарайларды, тіпті ұшақтары мен желкенді қайықтарын, кемелерін сатып алып, қалған ақшамызды банктеріне салып, бәлемдерге: «О, Қазақстан қандай бай, а?!» – дегізуіміз керек!
– Арманың керемет екен!
– А как же?! Адам екенсің, армандай біл! Армансыз адам – атсыз арба!
– Оу, мына мәтелді мен естімеген едім…
– Қайдан естисің?! – деп ол маған кіржие қарап қойып: – Сенен өзгелер де ешкімнен естімеген, ешқайдан оқымаған… Тап жаңа ғана мен осы жерде ойдан шығарған мәтел, менің мәтелім! – деді.
– Бәрекелді!
– Енді өзің ойла: ат арбасыз жүре алады, иә, ал жазда – арба, қыста шана атсыз жүре ала ма?
– Жо-ға.
– Мінеки, сен ұға алдың, но ұқпайтындар көп. Оны маған өмір көрсетті. Өмірді бағалай білу керек, өмірді сүйе білу керек, – деді де, көйлегінің сол жақ жеңін түре қолсағатына үңіліп: – Однако, баратын бір жерге баруым керек, енді кешікпей барайын. Сау бол. Әңгімемізді ертеңдері жалғармыз, – деп ол тез түрегеліп, аяғын жебей басып жөнелді.
Ол… Аты – Сызда… Кім қойды екен? Сірә, мұндай аты да, заты да жоқ қазекемдер аз емес, ә?..
Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ