5,5 мыңға жуық этникалық қазақ қандас мәртебесін алды

Биыл жыл басынан бері 5 496 этникалық қазақ қандас мәртебесін алды. Жалпы, 1991 жылдан бері 1 млн 153 мың этникалық қазақ тарихи отанына оралды.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарлауынша, биыл жыл басынан бері Қазақстанға келген қандастардың 45,8% – Қытайдан, 41,2% – Өзбекстаннан, 5,5% – Түрікменстаннан, 2,6% – Моңғолиядан 2,4% – Ресейден және 2,5% – басқа елдерден.
Өткен маусым айындағы жағдай бойынша еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылар саны 60,1%-ды, одан кіші жастағылар 31%-ды және зейнеткерлер 8,9%-ды құрады.
Білім деңгейіне қатысты айтар болсақ, еңбекке қабілетті жастағы қандастардың ішінде 17%-ы жоғары білімді, 27,4%-ы орта кәсіби білімді болса, 53,2%-ының жалпы орта білімі бар, ал 2,4%-ы білім алмаған.
Қандастар еліміздің түрлі өңірлеріне қоныстанды. Сонымен қатар қандастар республикамыздағы еңбек күші тапшы өңірлер – Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Атырау, Батыс, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстарына қоныстандырылатын болады.
Министрліктің ақпаратына сәйкес, қоныстандыру өңірлерінде 2025 жылға арналған қандастарды қабылдау квотасы 2 309 адамды құрайды. 2025 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша жоғарыда аталған қоныстандыру өңірлеріне 917 қандас қоныс аударған. Осы өңірлерге қоныстанған қандастарға көшуге субсидия түрінде мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылады. Атап айтқанда, бір мезгілде отағасына және отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК (275,2 мың теңге) мөлшерінде; тұрғын үй жалдауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге – бір жыл ішінде 15-тен 30 АЕК (59-дан 118 мың теңгеге дейін) мөлшерінде.
Хабарламада атап көрсетілгендей, биыл жыл басынан бері 340 қандасқа түрлі қолдау шаралары көрсетіліп, соның ішінде 163 адам тұрақты жұмысқа орналастырылған.
Айта кетейік, ерікті қоныс аударудың тиімділігін арттыру мақсатында азаматтарды солтүстік өңірлерге қоныс аударуға қатысатын жұмыс берушілерді қолдау мақсатында институционалдық шаралар қабылданды. Тұрғын үй сатып алу немесе салу үшін, сондай-ақ ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін тұрғын үй құнының 50 пайызы немесе бір отбасына 4,56 млн теңгеге дейінгі мөлшерінде біржолғы өтеусіз және қайтарымсыз негізде экономикалық ұтқырлық сертификаты енгізілді.
Дәрия БЕКЕТҚЫЗЫ