Хан Кан қалай Нобель алды?
18.10.2024
94
0

2024 жылғы әдебиет саласы бо­йынша Нобель сыйлығын Оңтүсік Кореялық жазушы Хан Кан алды. Ол – аталған елдегі алғашқы Нобель алған қаламгер. Хан Кан бұл жаңалықты естігенде, ұлымен Сеулдегі үйінде кешкі ас ішіп отырыпты. 2024 жылғы әдебиет бойынша Нобель сыйлығы «тарихи жарақаттарға қарсы тұратын һәм адам өмірінің нәзіктігін суреттейтін поэтикалық прозасы үшін» берілді», – дейді Швед академиясы. Ал Нобель комитетінің төрағасы Андерс Олссон Хан Канның «осал адамдарға, әсіресе әйел­дерге деген жанашырлығы айқын және оны метафоралық прозалық шығармаларымен бейнелегенін» айтты. Бізше айтқанда, ол тән мен жан, тірі мен өлі арасындағы байланыстарды ерекше түсінеді және поэтикалық, эксперименталды стильде қазіргі прозаның жаңалығына айналды. Міне, бұл оның аталған алпауыт сыйлықтың сахнасына көтерілгенінің себебі еді.
Швеция академиясынан телефон қабылдғанда, ол: «Мен бұл шешімге өте таңғалдым және қуандым. Мен, негізінен, корей әдебиетімен сусындап өстім. Сондықтан бұл жаңалық корей әдебиетінің оқырмандары, менің достарым мен қаламдастарым үшін өте маңызды деп есептеймін», – дегенді айтады. Бұл жаңалық бүкіл әлемнің назарын аударды. Корея президенті Юн Сук Ёл өз мәлімдемесінде Хан Канды құттықтап: «Сіз біздің қазіргі тарихымыздың кей қиын сәттерін әдеби шығармаға айналдырдыңыз. Мен сізге корей әдебиетінің құндылығын арттырғаныңыз үшін алғыс айтамын», – деді.
«Вегетариан әйел» (Оңтүстік Кореяда 2007 жылы жарық көрген) –
жазушының 2015 жылы ағылшын тіліне аударылған алғашқы әрі ең танымал романы болды. Аталған туынды 2016 жылы Халықаралық Букер сыйлығын жеңіп алды. Хан Канның осы уақытқа дейін алты шығармасы ағылшын тіліне тәржімаланған. Әдеби сыншылардың пайымдауынша, Хан Канның поэзиясы мен әңгімелері де –
оның романдары сияқты жаңашыл һәм оқырманды өзіне тартатын туындылар. Оның поэзиясы көбіне объектілерді (көше шамдары, шамдар, айналар) және адамның жекелеген дене мүшелерін (ұзартылған қол, саусақ ұштары, қатып қалған беттер, тілдер, қабақтар) зерттейді. Оқырмандарға оның сыйлық алған сәттегі сұхбатын Нобель комитетінің сайтынан аударып, ұсынып отырмыз.
– Сәлеметсіз бе!
– Хан Кансыз ба?
– Иә.
– Менің есімім Дженни Райден. Нобель академиясынан хабарласып тұрмын.
– Сізді тыңдап тұрмын.
– Сізбен сөйлескеніме қуаныштымын. Алдымен, сізді құттықтағым келеді.
– Көп рақмет!
– Көңіл күйіңіз қалай?
– Мен бұл шешімге таңғалдым.
– Сыйлық алғаныңыз туралы қайдан естідіңіз?
– Маған бір кісі қоңырау шалып, үлкен сыйлықты алғаным туралы хабарлады. Мен ұлыммен бірге кешкі ас ішіп отырған едім. Оңтүстік Кореяда кешкі сағат сегіз болды.
– Ал сіз Сеулдегі үйіңіздесіз бе?
– Иә, мен осындамын.
– Бүгінгі күніңіз қалай өтті?
– Бүгін мен жұмыс істемедім, аздап кітап оқып, сосын, далада серуендедім. Бұл күн мен үшін өте қарапайым өтті.
– Сонымен, сіз ұлыңызбен бірге тұратыныңызды айттыңыз. Аталған жаңалыққа оның реакциясы қандай болды?
– Менің ұлым да таңғалып отыр, бірақ бұл туралы сөйлесуге уақытымыз болмады.
– Әрине, солай болары анық. Әдебиет бойынша Нобель сыйлығын алу, сіз үшін қандай мәнге ие?
– Иә, мен үшін бұл – үлкен мақтаныш. Мені қолдағандарыңызды шынымен бағалаймын.
– Сіз – Оңтүстік Кореядан шыққан тұңғыш әдебиет лауреаты­сыз. Бұл жаңалық сізді қандай сезімге бөлейді?
– Иә. Білесіз бе, менің өмірім кітаптардың арасында өтті. Сондықтан бала кезімнен бері кәріс тіліндегі кітаптарды оқып, аудармашылықпен де айналыстым. Өзіме өте жақын сезілетін корей әдебиетімен терең сусындадым деп айта аламын.
– Швед жазушысы Астрид Линдгреннің сізге ерекше әсер еткенін бір жерден оқыдым-ау деймін.
– Иә. Мен бала кезімде оның «Ағайынды жаужүректер» кітабын жақсы көретінмін. Бірақ ол менің балалық шағымда шабыт берген жалғыз жазушы деп айта алмаймын. «Ағайынды жаужүректер» кітабын оқығанда, мен оны адамдар немесе өмір мен өлім туралы сұрақтарыммен байланыстыра алдым.
– Сіздің шығармашылығыңызбен енді танысатын оқырманға не айтар едіңіз?
– Менің ойымша, әрбір жазушы өзінің соңғы кітабын ұнатады. Сондықтан менің бертінде шыққан «Біз қоштаспаймыз» атты кітабымды оқуды ұсынамын. «Адамның іс-әрекеттері» атты шығармам да оы кітаппен үндес. Содан кейін «Ақ кітап» менің жеке өмір кешірмелерім іспетті. Ал «Вегетариан әйел» атты романым бар, алайда мен оның бастамасы «Біз қоштаспаймыз» атты шығармамда тұр деп ойлаймын.
– Халықаралық аудитория үшін ең танымал туындыңыз «Вегетариан әйел» шығар. Аталған роман жайлы айтып берсеңіз!
– Мен оны үш жыл жаздым, бұл үш жыл мен үшін қандай да бір себептермен қиын жылдар болды. Сол үш жылдың ішінде шығармадағы кейіпкердің, оны қоршап тұрған адамдардың бейнесін, ағаштар мен күн сәулесінің бейнесін қағазға түсірдім, бәрі ойдағыдай болды деп ойлаймын.
– Сізді телефонда көп ұстағым келмейді. Дегенмен Нобель сыйлығын қалай тойлайтыныңыз туралы айта аласыз ба?
– Осы телефон қоңырауынан кейін шай ішкім келеді, ұлыммен бірге шай ішемін. Солай… Қуанышымды кешкілік тыныш күйде тойлаймыз.
– Өте жақсы. Иә, тағы да құтты болсын айтамын.
– Рақмет!
– Жарайды. Сау болыңыз!

Дүйсенәлі ӘЛІМАҚЫН

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір