«Дәуір дарабозы – 90» жобасы бастау алды
Жуырда Орал қаласында орналасқан Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығында ауқымды жоба бастау алды. Бұл – Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстанның халық жазушысы, ақын Қадыр Мырза Әлидің 90 жылдық мерейтойына, сонымен қатар аталған орталықтың 10 жылдығына арналған «Дәуір дарабозы – 90» жобасы. Бұл – әдебиет тойы, қазақ өлеңінің айтулы мерекесі.
«Қазанаты қазақтың…» атты әдеби-сазды кеш өтіп, осы бір іргелі бастама аясында Қадыр шығармашылығы кең көлемде насихатталып, жыл бойы біраз іс-шараның өткізілетіні айтылды.
Іс-шара меймандары ең әуелі ақын ескерткішіне тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды. Ескерткіш маңында өнерлі оқушылар қаламгердің өлең-жырларын оқыды. БҚО мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Қуанышбек Мұқанғалиев сөз алып, көпшілікті Қадыр орталығында ұйымдастырылатын іс-шаралардың басы-қасынан табылуға шақырды.
– Қадыр сарайында осындай мәнді-мағыналы іс-шаралар көптеп өткізіледі. Алда атқарар жұмыс көп. Торқалы той қарсаңында игі істің басы-қасынан табылып, тойдың жоғары деңгейде өтуіне бір кісідей атсалысуымыз қажет. Қадыр мұрасы – рухани азық. Сол мұраны кейінгі ұрпаққа жеткізу жолында аянбай тер төгуге тиіспіз. Қадыр орталығының 10 жылдығы Қадыр ақынның 90 жылдық мерейтойына тұспа-тұс келіп отыр. Осы уақыт аралығында орталықта біраз жұмыс атқарылды. Оған бәріміз куәміз. Бұған дейін осы мекемені басқарған Донеділ Қажымов та, Бауыржан Халиолла да тынымсыз еңбек етіп, нақты нәтижеге қол жеткізе білді. Бүгінде Серік Тоқмамбетов бастаған ұжым ауқымды жобаларды жүзеге асырмақ ниетте. Сәттілік тілейміз! – деді Қуанышбек Жанболатұлы.
Мерейтой қарсаңында Қадыр орталығының тапсырысымен Алматы қаласындағы «Qazaq Kitaby» баспасында статуэтка жасалған екен. Бұл статуэтканың сыртында QR-код бар. Смартфоныңызбен сол QR-код арқылы сілтемеге өтсеңіз, Қадыр ақынның бай мұрасына тап боласыз. Сол жерден қазақтың қадау тұлғасына қатысты біраз ақпаратты кездестіресіз. Бейнебаян да, деректі фильм де, ән де, өлең де сонда…
Осы бір статуэтканы іс-шара барысында Қуанышбек Мұқанғалиев қабырғалы қаламгердің туған қарындасы Күләш Мырза Әлиге табыстады.
Сырым ауданының әкімі Жұмагелді Батырниязов та ортақ жұмысқа қашанда оң иығын тосатынын тілге тиек етіп, Қадыр ақынның туған жер тақырыбындағы бір шумақ өлеңін оқып берді. Оған қоса Сырым ауданында Қадыр ақынның 90 жылдық мерейтойына байланысты біраз іс-шараның өтетінін мәлімдеді. Жер аяғы кеңігесін, дала қызықтары ұйымдастырылатынын жеткізді.
Республикалық «Қадыр Мырза Әли» қоғамдық қорының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі әнші-композитор Донеділ Қажымов Күләш Мырза Әлиді, ардагер ұстаз Маржан Бектемісованы, орталық директоры Серік Тоқмамбетовті қоғамдық қордың төсбелгісімен марапаттады.
«Қадыр сарай» әні шырқалды. Асан мектеп-бөбекжай-балабақша кешені (Бәйтерек ауданы) мен Ж. Досмұхамедов атындағы мектеп-бөбекжай-балабақша кешенінің оқушылары, Орал қаласында орналасқан Қадыр Мырза Әли атындағы №47 жалпы орта білім беретін мектебінің мектепалды даярлық тобының бүлдіршіндері өлең оқып, ән шырқады. Қадыр орталығы жанынан құрылған, тек қана Қадыр ақынның сөзіне жазылған әндерді орындайтын «Кездер-ай» ансамблі де сахна төрінен табылды. Серік Әнуарұлының айтуынша, «Дәуір дарабозы – 90» жобасы аясында жыл бойы мәнді-мағыналы іс-шаралар өткізілетін болады.
Мәрлен ҒИЛЫМХАН