Сәрсенбек БЕКМҰРАТҰЛЫ. ЖҮРЕГIМНЕН ТӨГIЛТЕМ СӘУЛЕЛI ӨЛЕҢ

Сұлу сырдың ұлымын
Сырда тудым, сұлу Сырдың ұлымын,
Бұлқан-талқан мінезім бар, қылығым…
Ойнақ салған толқынымен алысып,
Сезіп өстім құшағының жылуын.
Әлдиледі сұлу Сырдың әлемі,
Дәстүрімен сүлейлердің әдемі.
Көз алдымда асау ақбас толқыны,
Құлағымда ақын Нартай әуені.
Тектіліктің сенен ұқтым жол-сырын,
Сенде бастым жүрегімнің солқылын.
Ернеуіңе симай ақсаң елім тоқ,
Олқы түссең ел де, мен де… олқымын.
Сылаң қаққан Сырдария аруым,
Құлағымнан кеткен емес сарының.
Жұтаң тартқан тұрпатыңды көргенде
Жанға айналам дәрмені аз, жаны мұң.
Есімде әлі шежірелі сол күнім,
Әрбір сәті балдай тәтті мол шырын.
Әбділданың адуынды жырындай
Жағаны ұрып жатушы еді толқының.
Сендей тентек, текті суды көрмедім,
Жырымдасың, жадымдасың сен менің.
Сен сыйлаған шуақ, пейіл, мейірді,
Жеті өзенді Жетісудан сезбедім…
Сырдың бойы мейірімді мекенім,
Өсіп-өндім, артты мерей, меселім.
Сенсің менің жер бетінде жәннатым,
Сенсің менің – теңдесі жоқ көшелім!
Жыр көгінде тұрсың жанып
Қасымға
Өлеңін әлдилеген, қайран Қасым,
Өмірің өлең-жырға айналғасын,
Дамылдап, жаның тынып жатырмысың,
Күпті болған көңілің жайланғасын.
Жан едің өн бойыңда өнерің көп,
Халқыңа бергеніңнен берерің көп.
Ғұмырың жеткенінше терің төктің,
«Өзіммен бірге өлмесін Өлеңім!» деп.
Өлеңге басын тіккен, кемеңгерім,
Өлермендік мінезді сенен көрдім.
«Серінің семсеріндей сертке таққан»
Өрге сүйреп келеді өлеңдерің!
Талайды табындырған арман Қасым,
Сан мәрте жар соқтырды аңғал басың.
Жыр көгінде жұлдыз боп тұрсың жанып,
Өлді деп әлдекімдер сандалмасын!
Қыран ұшып келеді
Көк жүзiнде келедi қыран құлап,
Оны көрген жон-жонас тұр абдырап.
Үдерiсiп құз-қия,
Шыңырау шың,
Күрсiнуде күзгi орман, бұраң бұлақ.
Қыран құлап келедi,
Қыран құлап!
Бес қаруы бойында жарақтанған,
Ақша бұлттан кезiнде әрi аттанған.
Қыран ағып келедi төмен қарай,
Көз алмастан бар аймақ қарап қалған.
Қалбалақтап келедi қыран ұшып,
Қалардай боп төбешiк, жыра құшып.
«Құс патшасы –
Қыран да құлай ма екен?!» –
Әр көңiлден үрейлi сұрақ ұшып,
Бүкiл ауыл дүрлiктi құрақ ұшып:
– Бағытынан ауытқып, ал адасты!
– Құласа егер, қыранды қара басты…
Осы кезде манадан үнсiз тұрған
Қарт бүркiтшi сөзге кеп араласты:
– Ей, халайық,
Бос сөзге сене берме,
Құламайды қырандар төбелерге!
Құласа да құлайды ол қияларға,
Дәрмен-демi таусылып тек өлерде.
Ұйық басқан жылқыдай шарбаяқтап,
Игере алмай екпiнiн қаңғалақтап,
Жасы келiп шау тартқан қыран ғой бұл,
Әзер ұшып жүр, әне, далбалақтап.
Бiрақ,
Бiрақ бұл қыран құламайды,
Қыран өзiн төменде сынамайды,
Қоштасып жүр өзi өскен өлкеменен
Құс та болса мекенiн қия алмайды, –
Деп бүркiтшi сол жерде үмiттi еттi…
Алыппыз-ау шынында күдiк текке:
Ата қыран жиып ап ақтық күшiн,
Аспан асып жөнелдi сiңiп көкке!
Абылай атойлаған…
Сарыарқа – жер сүлейі, алтын дала,
Астана – саумал самал, салқын қала.
Арқаның ең төрінен орын берген
Ежелден елім милы, халқым дана.
Сен бүгін жиырмадағы бозбаласың,
Сыланып арудайын назданасың.
Көркіңді көрсетесің жылда жинап
Әлемнің ең әдемі бар қаласын.
Жол нұсқап, көсемге де, данаға да,
Білдің сен саясатта даралана.
Бар әлемді қараттың ауызыңа,
Отызға толсаң да жаңа ғана.
Асыл Арқа, қашаннан үкілі едің,
Көк шалғының ырысы, құты белдің.
Алатау Жетісуға пана болса,
Сарыарқама тұр сиып бүкіл елім!
Бойынан буырқанған асқақ арын,
Астана алға қойған бастама мың.
Абылай атойлаған Арқа ғой бұл,
Мерейі арта берсін Астананың!
Түсімде көрем сені
«Түсiмде ылғи да мен көрем сенi,
Ешбiр күш ажыратпас сенен тегi»
Деушi едiм, менi ерiксiз өз төсiңнен
Жыраққа алып кеттi өлең селi.
Жазғырма ердi деп жыр жетегiне,
(Сол жолдан шегiнбеспiн екi елi де).
Жүрсем де байтақ елдiң қай жерiнде,
Ұмытпан борышымды мекенiме.
Кетпедiм қызық қуып, жаным бағып,
(Белгiсiз кетерi де бағым жанып).
Жанар тау секiлденген жыр-майданның
Келемiн бiр шетiнде дабыл қағып!
Жүргем жоқ сая таңдап көлеңкелi,
Ажырап кете алмаспын сенен, тегi…
Әр басқан қадамыма алаңсың-ау,
Туған жер, түсімде мен көрем сенi
Шар
Бүгiн мейрам күлкi де көп, гүл де көп,
Алтын нұрға тұр алаңды күн бөлеп.
Шаттанып жүр шар ұшырып заңғарға,
Жауқазындай желкiлдеген кiл бөбек.
Қызыл-жасыл шарлар ұшты қалықтап.
Ал балалар әсем әнге салып шат.
Көк жүзiнен көзiн алмай қарайды,
Шармен бiрге қиял-құсы шарықтап.
Бiр қызыл шар өзгелерден бөлiнiп,
Әуеледi күн нұрына көмiлiп.
Жүз құбылып сан аунады
Бейне бiр
Жас қырандай көкте құрған серiлiк.
Жаулап алған, баурап алған жанарды,
Мыңдаған көз тек өзiне қадалды.
Жалт-жұлт етiп Күнекей қыз секiлдi,
Қылығымен таң қалдырды адамды.
Арай таңда аспан толып ұранға,
Дейдi халық:
– Шар ма, әлде қыран ба?
Мұзбалақтай басылмаған құмары,
Қалай-қалай шарқ ұрады шығанға?!
Көп қадалған,
Дөп қадалған көзден бе,
Бәлкiм, әлде әлгi асылық сөзден бе:
Қенет сол шар жарылды да ауада,
Жанарымнан ғайып болды тез, демде..
Ей, адамдар!
Бұзылмасын ел сәнi,
Естiлмесiн ендi мұңның шер сазы.
Жарылса сол шар жарылсын, бiрақ та
Жарылмасын, жарылмасын Жер шары!!!
Төгiлтем сәулелi өлең
«Ақын деген адам ғой елден ерек,
Арқа керек, алдымен кеуде керек.
Аласарып қайтесiң пендеге көп,
Болғаның жөн, ендеше, сен де бөлек!» –
Дейдi маған қайсыбiр «жақындарым»
(Сездi ме екен жүректе лапыл барын?)
Қайдан бiлсiн:
Елiм деп емiренiп,
Мың толғанар күнiге ақын жанын!
Күн кешпекпiн қалай құр кеудеменен,
Жүрегiмнен төгiлтем сәулелi өлең.
Абайды да кемеңгер ақын еткен
Махаббат қой перзенттiк, елге деген!
Тек адалдық жүректiң көксегенi,
Ел қамына теңгермен ештеңенi.
Өрнектеп бiр жыр шоғын төксем деймiн,
Гүл шоғындай әдемi кестедегi.
Ақын боп жаралғандықтан
Тарыққан шақта, ей, Адам,
Берсем деп саған қол ұшын,
Ақпанда ақ қар бораған
Гүл көктем iздеп сен үшiн,
Көк дауылға да ұрынып,
Көзiмнiң жасын бұласам,
Сүрiнбес жерде сүрiнiп,
Құламас жерде құласам,
Омбы қар кешiп малтықсам –
Ақын боп жаралғандықтан!
Ей, Адам!
Саған бақ тiлеп,
Тағдырдың тәлкек тезiнен
Теперiш көрсе пәк жүрек,
Өз мұңым сынды сезiнем.
Ағытып сонда жыр селiн,
Мың жығылып та мың тұрып,
Бақытың үшiн бiр сенiң,
Iлгерi жүрсем ұмтылып,
Сен үшiн мұңға шалдықсам –
Ақын боп жаралғандықтан!
Алаулап тұрса қыр гүлi,
Жайнаса балғын жапырақ,
Төгiлiп көктен күн нұры,
Жайқалса шалғын атырап,
Теңiздей тасып толармын,
Жаным бiр жазға кенелер.
Шаттығын жырлап солардың,
Шалқып та жүрсем мен егер,
Өмiрден нәзiк әндi ұққам –
Ақын боп жаралғандықтан!
Дүниеде теңдесі жоқ
Сұлу Сырдың мекендеген жиегін,
Дүниеде теңдесі жоқ киелім.
Ән мен дәннің ордасына айналған,
Күннен күнге көркеюде Шиелім.
Ерлерімен елдің даңқын асырған,
Есіміңді өстім жаттап жасымнан.
Артық сілтеп, асыра айтып қайтейін,
Талай мықты құдіретіңе бас ұрған.
Ұнатпайсың жалқау, енжар, жасықты,
Құрақ ұшып қастерледің уақытты.
Әр минутын игілікке жұмсаған
Шиеліде туған жандар – бақытты!
Бағалайсың барын салып машықты,
Қаламайсың салақ, селқос, пасықты.
Тазалыққа тәңіріндей табынған
Шиеліде туған жандар – бақытты!
Өрендерің ел байлығын тасытты,
Елемедің алтын, күміс, ақықты.
Иман нұры тамып тұрған өңінен
Шиеліде туған жандар – бақытты!