КИЕЛІ ӨЛЕҢ, ҚАДІРІҢЕ ЖЕТТІМ БЕ?..

Орынкүл ТЫНЫМБАЙҚЫЗЫ
Не жазып жүрмін?..
Жасымнан қиял кешіп ем,
Өлең – кие деп өсіп ем.
Киеге күйе жаққан кім,
Не жазып жүрмін осы мен?!
Айтарын әзер пайымдап,
Мақтауға ойсыз тойынбақ.
Мінімді көрмей жүрмін бе,
Ақын емесімді мойындап.
Атса да таңың арайлап,
Шомылып нұрға бар аймақ…
Ойланып қара әр іске,
Артыңа бір сәт қарайлап.
Қиялды кеткен шарықтап,
Қырағы көзбен шолып бақ.
«Жорғалауға жаралған,
Самғай алмайды қалықтап».
Білімнің аз боп құнары,
Жанбаса шабыт шырағы…
Ұйқастан ақсап тұрса да,
Ұша алмайды өлең пырағы.
Жүрегім мейірім жүр іздеп…
Кімдердің көңілін қалдырдым,
Кімдерге кінә арттым кінәсіз?!
Өзекті өрттейін жандырдым,
Өкініш биледі шүбәсіз.
Бағымның барына сендім бе,
Қиялдың қиясын мекендеп.
Ел-жұртты ақымақ көрдім бе,
Ақылды мен ғана екен деп.
Күлдім бе біреудің мініне,
Тырнақтың астынан кір іздеп.
Сауға айтып Тәңірге күніге,
Жүрегім мейірім жүр іздеп.
Арамдық, сараңдық – бәрі мін,
Көтеріп обалын, сауабын,
Қорған қып қауызын тарының,
Бересің бәрінің жауабын.
Пендеге өкініш жүдеткен,
Анадай өбетін бетінен…
Шуақтай төгілген жүректен,
Мейірім сыйлаңдар… өтінем!
Ақиқатты ұнатам
Өтіріктің жолы неге жеңілдеу,
Алаяқтың сөзі неге өтімді?!
…Арға парыз аяқ асты төгілмеу,
Әз ұятым қарымасқа бетімді.
Пенделігім аз нәрсеге алданып,
Жоғалтқанда ардың алтын тозаңын…
Адаммын деп жүргеніме малданып,
Күйе жеген күпідейін тозамын.
Өз-өзімді жегідей жеп тозамын,
Бұл жанымды қайтіп енді жұбатам?
Өтіріктің тартпасам да азабын,
Ақиқатты мұнша неге ұнатам?!
Қиялымның көк құсы
Сен қайдасың, қиялымның көк құсы?
Сыймай кеткен мына мендік әлемге…
Өзің жаққан өшер болса от күші,
Өкінішпен өлді дей бер өлең де…
Тентек ойды тежемей тіл кез келген,
Кеш күнімді пенделікпен ауырған.
Өз-өзімді таппай жүрмін өзгерген
Кірген із бар, шыққан із жоқ ауылдан.
Көп толғансам, үзеді көз моншағын,
Сергек сезім сәл нәрсеге селт еткен.
Көңіл алаң оралар деп сол шағын,
Жаным жырдан айнымасқа серт еткен.
Үнсіздік мекенінде
…Таптаурын тар соқпақпен тағы келем,
Көргендер сынды демес сағы неден.
Әлгінде жалт-жұлт еткен дүниенің
Бұл маңда өзгергендей мәні неден?!
Сұп-суық күмбездердің сұсы басып,
Көңілсіз келген жанның түсі қашып…
Алланы ажалдылар еске ала ма,
Өзгермес ақиқаттың мысы басып?..
…Аласа бір төмпешік өңі ескірген,
Жанында сәнді күмбез елес кірген.
Таңдамай жастанғаны бір топырақ,
Аллаға кім не дейді теңестірген.
Бұл жағдай болар дейсің кімге сабақ,
Бай өтер кедейлікті мінге санап.
Есуас еркек өтер өз әйелін
Базардан сатып алған күңге санап.
Жұмбақ ақын
Есіміңді ессіз қиял тұмшалап,
Есіл сезім еркіңді алған күн санап.
Ғашық жырың ғасырлардан озып кеп,
Бізге жетті, жеткеніндей құмсағат.
Қара орманның қалыңына жасырын,
Алыстардан талып жетсін хас үнің.
Жақұт жырлар жарты
әлемге танытқан,
Сезімдердің азбас-тозбас асылын.
Ғашықтықтың аяғы – дерт,
басы – мұң,
Тақсіреті талынан көп шашының.
Тылсым сыры бірге түскен түнекке,
Жырларына қол қойылған жасырын.
Махфи ақын, меніменен дертің бір,
Өзегіңде өшпей өткен өртің бір.
Тым қараңғы тұмшаланған
тағдырың,
Айдың нұры айшықтаған көркің – гүл.
Жер бетінен желмен ұшып кетіп-ақ,
Жұлдыз мініп тұрсың бізге жетіп ап.
Жалғанда әлі жыр сүйетін жан барда,
Сен тұрасың биігіңде жеті қат!
Мұңлық
Ел-жұрттан бет-жүзін қалқалап,
Бақыттың құсынан дерексіз…
Барады азабын арқалап,
Бір мұңлық ешкімге керексіз.
Бас ұрмай жайларға пенделік,
Оралу өткенге мүмкін боп…
Ой мен бой тұрса ғой тең болып,
Ешкім де сөкпес еді «шіркін!» деп.
Еріксіз қарайлап соңынан,
Жас іркем жанымның көзіне.
…Қыла көр қадамын оңынан,
Ей, Аллам, жалынам өзіңе!
Ақындық жайлы ойлар
Шығардың деме шетін бір ақылдың,
Жүйрік деп бұлдағанмен жыр атын мың…
Шыққандай маржан теріп тереңдерден,
Бөлек қой сөз саптауы шын ақынның.
Ақ гүлі ақиқаттың – шындық деген,
Арылмай өтсе деймін бұл құт менен.
Ақын емес, әуейі біреу болсам,
Өлең, неге байландың кіндікпенен?!
Ұқпай жүріп жағдайын жақынның кеп,
Шабытымның ақ құсын шақырдым көп.
Қиырында қиялдың адастым-ау,
Алданумен жүрдім бе ақынмын деп.
Ақиқатқа етене жақындығым,
Ардың отын өшірмес хақың бүгін.
…Сұлу сырлы сезімнің базарында,
Бәсі төмен болмасын ақындықтың!
Тілек
Жайлаған бектер күліп төрімді,
Ішімнен тынған ұғып шерімді…
Солдыра көрме, тоңдыра көрме
Бүршігін жарған үміттерімді!
Арман-шыңдардан құлата көрме,
Жанымды шыққа шылата көрме.
Ақсұңқар болсаң қанатын жайған,
Әлсізді бүріп жылата көрме!
Таспенен басып шайтан безбенін,
Талайдың көрдік ардан безгенін.
Жаныма маза беретін емес,
Шарасыз күйде қалған кездерім.
Жылата көрме қорғансыздарды,
Қайырсыз қыстан қалған сыз бар-ды…
…Дүркіреп өссін жауқазындарым,
Қаһарлы қыста жарған мұз-қарды!
Мөп-мөлдір болсын айдының арың,
Жетіліп өссін тай-құлындарым.
Тектілік тұнған тұғырдан көрін,
Ұмыттыр елге қайғы-мұң барын!
Қайда сол бала көңіл?..
Қамыққанда жаманға кетіп ақым,
Шерім бе екен жіберген етіп ақын.
Қамсыз, мұңсыз күндері-ай балалықтың,
Тәтті елесің жаныма неге жақын?!
Сағыныштың ұққанда билегенін,
Ғажайып бір мөп-мөлдір күйге енемін.
Алтын күннің аяулы куәгері,
Көз алдымда сол бала бейнелерің.
Аңқылдаған қайда сол бала көңіл,
Әз басыңа әр сынын салады өмір.
Біреулердің көңілі – мәуелі бақ,
Біреудікі – қайырсыз қара кебір…
Қызғалдақтар
Сән болған салтанатты сарайларға,
Шомылып алтын нұрға арай таңда…
Қызғалдақтар жаз бойы қуантпайды,
Мұрсаты жоқ тым ұзақ қарайлауға.
Көктем-көштің ілесіп ағынына,
Қауыз ашып құлпырған шағы мына.
Шаттық сыйлап адамға ұшады олар,
Сары даланың сіңеді сағымына.
Бақыт сыйлап жаныма нәзіктігі,
Тал бойыма етемін азық мұны.
Еріп сала береді тас бауырым,
Кеше салам пенде деп жазықтыны.
Сұлулығы кеңітіп пейілімді,
Жүрегімді жаулайды, зейінімді.
Қызғалдақты қырымды көзбен өбіп,
Соза бергім келеді сейілімді.
Кешкендеймін ғашық күй бір адамға,
Жауһар гүлге көңілім құлағанда.
Қызғалдақтай қып-қысқа ғұмырымда
Бақыт сыйлап өтсем ғой жылағанға…
* * *
Табиғаттың көңіл күйі бүлінген,
Қайтқан күннің қабағынан білінген.
Қызғалдақтар көз шырымын алады,
Үр қауызын жауып алып іңірден.
Ертеңіне, шайдай ашық ақ таңда,
Ел ұйқыдан жаңа тұрып жатқанда…
Құлпырады қырда күліп оянып,
Қалғып кетер күн қызарып батқанда.
Жауһар гүлім, дауасындай дертімнің,
Алып ұшар саған күші еркімнің.
Көрген сайын көңілге нұр құясың,
Тамсандырып тамылжыған көркің мың.
Қызғалдақтар – сәні сайын даламның,
Туған жердің топырағынан нәр алдың,
Көктем сайын жайқала бер, жайнай бер,
Жан сарайын нұрландырып адамның!