ӨМІРДЕ – ИКЕМСІЗ, САХНАДА – КЕМЕЛ
Халықтың сүйіктісіне айналған талантты актер, «Тамашаның» тарланы Мейірман Нұрекеевтің дүниеден өткеніне де он сегіз жыл болыпты. Осыдан 5-6 жыл бұрын «Қазақстан» телеарнасынан арнайы хабарласқанда «мен естелік айтпай-ақ қояйын» деп, Мейірман екеуміздің қызымыз Ләззаттың телефонын бергем. Өткен жылы 70 жылдығына арнап, Мейірман туралы кітап шыққанда да араласпадым. Себебі, менің бүкіл өмірімді, тағдырымды өзгерткен Мәскеудегі алғашқы кездесуден басталған ойлы-шұқырлы тағдырым жайлы ойламауға, ұмытуға тырысатынмын. Енді байқасам, Мейірман туралы, оның Москвадағы студенттік жастық шағы, ортасы жайлы, өмірінің соңғы кезіндегі жай-күйін біреу біліп, біреу білмейді екен. Осының бәрін ойлай келе, арамызда болған жағдайларды, өкпе-реніштерді ұмытып, мен көрген, мен таныған Мейірман жайлы естелік жазғалы бел шештім. Себебі, өнер – менен, менің көңіл-күйімнен жоғары дүние. Мен алдымен оның талантының табынушысымын. Ал Мейірман, сөз жоқ, нағыз талант еді, халықтың ықыласына, құрметіне бөленген актер еді.
Арада 40 жылдан астам уақыт өтті…
Мен 1970 жылы Арал қаласында қазақ мектебін алтын медальмен бітіріп, Москвадағы Г.В.Плеханов атындағы халық шаруашылығы институтына оқуға түстім. Стромынка деген атақты студенттер қалашығында тұрдым. Сол жерде соңғы курста оқитын, студенттер қоғамының төрағасы, кейін Қызылордада ректор, қала әкімі, сенатор Бақберген Досмамбетов деген жерлес ағаммен таныстым. Мені өз қамқорлығына алды. Орысша білмеймін, оқу өте қиын болды. Әкем, мен 8-сыныпта оқып жүргенде, соғыста алған жарақаты сыр беріп, 51 жасында қайтыс болған, анам алты баламен жесір қалған. Соған қарамастан: «Менің бала кездегі арманым Москвада оқу еді, мен жетпегенге сен жет», – деп, үлкен үміт артып, оқуға жіберді. Елді, анам, әжем, бауырларымды сағынып, оңашада жылап алатынмын. Соны сезген Бақберген ағам: ″Мен ұлды болдым, 7-қараша мейрамына елге барып қайтайық», – деді. Сол кезде ″Домодедово″ аэропортында алғашқы рет Мейірманды кездестірдім. Таныстық. Бірден баурап алды. Бала кезімнен өнерді, поэзияны жақсы көргенмен, өте тұйық едім. Қанша баурап алды дегенмен, алғашында онша көңіл бөлмеуге тырыстым.
Кейін жатақханаға бірнеше рет іздеп келді. 18-ге толған туған күнімде Бақберген ағаның ұйымдастыруымен сол кездегі жоғарғы курстың, аспирантурадағы қыз-жігіттерді, орыс, украин, осетия, тува ұлтының қыздарын шақырып, кішігірім отырыс жасадық. Отырыстың ортасында қасында МГИМО-да оқитын Жақсыбек, цирк училищесінде оқитын Құдайберген (Коля) Қасымжанов сияқты жігіттермен Мейірман кіріп келді. Өздері қызулау. «Мені неге шақырмайсыңдар, бәрібір Гүлбаршынды мен аламын», – деп шу шығарды. Қазір ойласаң күлкілі, ал ол кезде қатты ренжіп едім. Арада екі ай өткенде Энергетика институтында қазақтардың жерлестік кеші (землячество) өтті. Қазақша сөйлесетін ешкім жоқ ортада елді сағынғам, қазақтарды көріп қайтайыншы деп, сонда бардым.
Сол кешке Мейірман да барыпты. Биге шақырды. Соңынан шығарып салды. Содан күнде сабақтан келсем, жатақханада дәліздегі терезенің алдында күтіп отырады. Менің театрды, поэзияны жақсы көретінімді біліп актер, режиссер Райымбек Сейтметов ағамен, Мұрат Әуезов, Олжас Сүлейменовпен таныстырды. Жалпы, Мейірман ол кезде әкесінің арқасында баршылықта, думандатып жүретін. Өзі талантты актер, әнді қалай айтады! Лезгинканы кавказдықтардан кем билемейді. Айдарынан жел ескен, ақкөңіл, мырза жігіт. Не керек, басым айналды да қалды. Қазір бәрі көрген түстей…
Сөйтіп жүргенде Шиеліден әкесі келді, таныстым. Өте зиялы кісі екен. Ол кісі жай келмеген, Мейірман екеуміз үйленбек болып шешкенбіз.
Күндер өтіп жатты. ЗАГС-ке тіркеліп, Москвада екі бөлмелі әскери адамдар тұратын үйде пәтер жалдап тұрып жаттық. Біздің сол жалдамалы пәтерімізде қазақтың белгілі азаматтарының болмағаны жоқ шығар. Мейірман қонақжай, кең жүректі азамат еді. Бір міні – өмірге жеңіл қарайтын. Тым сауықшыл болды. Жас болсамда соны көріп, ойлана бастадым. Қате басқанымды білдім. Серілігі де аз болмайтын. Қыз-қырқын, қыдырыс дегендей… Іштей енді бірге тұру қиындау болады-ау деп жүргенде, бір жағдай болды… Аяғым ауыр, бірнеше күн ауруханада жатып, үйге келсем, орыс қыздар, тағы да танымайтын біраз жігіттер бар, сайранды салып жатыр екен. Бұрылдым да, шығып кеттім. Жатақханаға қайта көшіп келдім. Сөйтіп жүргенде Мейірман институт бітіріп, олардың тобын жаңа ашылған Арқалық театрына жіберді. Мен Мәскеуде қалдым.
1972 жылы қараша айында Мейірман Мәскеуге келіпті. Қасында Әбдісалан Нұрмаханов аға бар, мені іздеп келді. Жатақханамдағы қонақтар бөлмесінде тағы думан басталды. Осы күндердің бірінде «Земля Санникова» фильмінде басты рөлдердің бірін ойнап, киноға түсіп, ақшасын, суреттерін алып Мейірманның бірге оқыған досы, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Тұрсын Құралиев келді. Бүкіл жатақханадағы әр ұлттың қыздары бөлмені басып қалды. Ән айтылып, би биленді. Тойды жалғастырамыз деп, Мейірман, Тұрсын бастаған біраз жігіттер мейрамханаға кетті. Мен аяғым ауыр болған соң бармай қалдым. Таңға жуық, үстінде сырт киімі жоқ Мейірман келді. Екі күн бұрын алған шетелдік пальтосын қайда қалдырғанын білмейді. Шиеліге қоңырау шалды. Әкесі тағы ақша жіберді, дәл сондай пальтоны ГУМ-нан қайтадан алды. Мұндайда әкесі ұрысқанмен, анасы үнемі Мейірманның сөзін сөйлейтін. Жалғыз баласы болған соң ба, көзсіз жақсы көруші еді. Бәрін кешіріп, қандай жағдайда да ақтап алып отыратын.
1972 жылдың желтоқсанында Әбдісалан аға Нигериядан (бокс кездесуі) келе жатып, маған соғып: «Сен Алматыда босан, Мейірман сонда, Москвада жалғыз өзің, жағдайың қалай болады», – деп өзімен бірге Алматыға алып келді. «Алматы» қонақ үйіне орналастырды. Ертеңіне Мейірманды тауып әкелді. Мейірман Алматыға ауысу үшін Арқалыққа кетті. «Келген соң, пәтер жалдап бірге тұрамыз», – деген. Ұзақ жолды көтере алмадым ба, сол күні түнде аяқасты толғақ басталды. Сөйтіп, қызымыз Ләззат мезгілінен бұрын дүниеге келді. Алматыда бір өзім, не істерімді білмей, Москвада бір жыл бірге оқыған, алматылық Роза құрбыма, Әбдісалан ағаның үйіне хабарластым. Баламен шығатын күні Мейірман да келді. Баратын жер жоқ, Розаның әке-шешесінің үйіне бардық. Мейірман 2-3 күн жоқ болып кетті де, анасымен келді. Пәтер жалдап, бірге тұру туралы мүлде сөз болған жоқ. Бар айтқаны: «Баланы алып, Шиеліге барасың», – деді. Мейірманның бұрын біраз уақыт бірге тұрған (ЗАГС-ке тіркелмеген) әйелі болғанын, одан туған екі ұлын шешесін келістіріп, өздеріне жаздырып, алып қалғанын осы кезде ғана енемнен естідім. Не істеймін? Болған іс болған, шыдауға, көнуге тырыстым. Шиеліге бардық. Әкесі өте жақсы қарсы алды. Уайымнан болуы керек, мойнымдағы ота жасалған жер қайта ісіп, ауырып қалдым. Мәскеудегі дәрігерім: «тез жетіңіз, әйтпесе жарылып кетеді», – деген соң баланы Мейірманның әке-шешесіне қалдырып, Мәскеуге кеттім.
Не керек, өстіп жүріп заңды түрде ажырастық. Қызымды алуға Шиеліге бардым. Әкесі анам екеумізге: «Мейірман жалғыз ұл ғой, оның ұрпақтарын өзім жеткізейін,қыз біздің қолда қалсын. Бауыр басып қалдық, бізді жылатпаңыздар. Гүлбаршын әлі жас қой, 20-ға енді келді, өмірі алда… Гүләмді жақсы көремін, бірақ, жағдай осылай болды, қайтейін», – деді. Мені Гүләм дейтін. Мейірманның әкесімен 70-80 жылдарға дейін қатынасымызды, сыйластығымызды үзген жоқпыз. Алматыға келсе, мені арнайы іздеп келетін, театрға, мейрамханаға бірге барып, әңгімелесетінбіз. Жалпы, ол кісі мені өле-өлгенше өз қызындай жақсы көрді. Осындай кісінің сөзін жерге тастау қиын ғой, апам: «жазу солай шығар, азаматты жерге қаратпайық», – деді де, қызымызды ата-әжесінде қалдырып, оқуымды жалғастыруға Москваға кеттім. Мейірман диктор Айман Ақшаловаға үйленіп, тағы ұлды болды. Мен де тұрмысқа шықтым.
Алғаш рет Мейірман «Тамашаға» 1983 жылы сәуірде шықты. Сырттай тілекші болып жүрдім. Себебі, ол жалғыз ғой, тілеуін тілейтін жанашыр адам оған керек-ақ еді. 80-ші жылдардың аяғынан бастап қайта араласа бастадық. Мейірман экраннан түспейді, ал, бұл менің жаңа отбасыма ұнамайды. Осындай нәрселер себеп болып, мен екінші күйеуімнен ажырасқан соң, қайта қосылсақ деп те өтінді. Келіспедім. Өмірінің соңына дейін 20 жылдай жақсы қарым-қатынаста болдық. Ол өзінің өмірге өкпесін, өкініштерін айтып, мұңын, сырын бөлісетін. Соншама уақытқа созылған берекесіз жүріс бұл кезде оны әбден шаршатқан. Өнерден басқа түгі қалмаған. Әпкесі сияқты болдым десем, артық емес. Басы ауырса жазып, мұңы болса жұбатып, жігерлендіруге тырыстым. Бір күні қасында актер Төлеубек Аралбаев бар, үйге келді. Дастархан жайып қарсы алдым. Сонда менің Гүлсайран сіңліме «әпкеңді Мәскеуде метроға мінгізбей тек таксимен алып жүрдім, асханадан емес, тек мейрамханадан тамақтандырдым», – деп мақтанды. Қалжыңы ғой. Сонда сіңлім де: «сіз мінгізген сол таксиден әпкем әлі түскен жоқ», – деп еді әзілдеп. Екеуінікі де рас болатын. Мейірман қолында тұрғанда дүниені шайқады, алаңсыз өмір сүрді. Дүние жию, мансап қуу туралы ойлаған жоқ. Ал, менің кейінгі жағдайым… Тағдыр шығар, өкінген жерім жоқ. Мейірман алғаш «Тамашаға» шыққанда біз де барып едік. Бірақ Мейірманның шығатынын білмейміз. Сонда концертке мені ертіп барған жиен аға-жеңгем ыңғайсызданып: «Әдейі әкелгендей болдық-ау», – дей берді. Мен: «Жоқ, керісінше, мен қуаныштымын. Елге ұнаса екен, жақсы ойнаса екен деп тілеп отырмын. Себебі, мен қателессем де талантты жігітпен қателестім», – дедім. Менің Мейірманмен арамыздағы тағдырға қатысты негізгі айтарым да осы. Жай біреу емес, талантты адаммен тағдыр қосыппын. Талантты адаммен ажырасыппын…
Өмірінің соңғы кезінде жұмысы да, отбасы да болмай, дағдарыста жүрді. Маған жұмысқа жиі келетін. Қайтыс боларынан бір апта бұрын телефон шалып: «тек хәліңді біліп, даусыңды естиін деп едім», – деді. Бірдеңе айтқысы келді ме екен?..
Мейірман қайтқан кезде мен іссапарда болып шығарып сала алмадым. Қызымыз Ләззат батыл, қайратты қыз болып өсті. Қазір күйеуі, бес баласы бар, Шымкентте тұрады. Шүкірлік етемін. Мейірман халықтың еркесі, сүйіктісі болды. Тек жеке өмірі берекесіздеу өтті. Отбасы үшін жаралмаған адамдар болады. Мейірман сондай болатын. Ол тек сахнаның адамы еді. Сахнаға шыққанда ғана өзін еркін көрсете алатын. Өзін сахнада ғана бақытты сезіне алатын.Былайғы өмірде соншама икемсіз, қорғансыз болғанмен, өзгеден озық таланты өнер көшінде қадірін арттырды, бағасын асырды. Өнер адамы үшін бәрінен маңыздысы осы болуға тиіс.
Гүлбаршын ЖАРЫЛҚАСЫНОВА.
Алматы қаласы.