«Өмірде өлең ғана – бар асылым»
16.10.2023
223
0

Алматыдағы ҚР Ұлттық кітапханасында өткен Ынтызар Әбішевтің «Өмірде өлең ғана – бар асылым» кітабы мен ол туралы «Жоғалған жыр» фильмінің тұсаукесер рәсімінде толқымаған, көзіне жас алмаған жан кемде-кем.

Орда бұзар отызында бақиға аттанған, сүйегі сонау Қырымда қалған, «Қазалының Пушкині» атанған Ынтызар Әбішев – іздеусіз қалған ақын. Жырлары жоғалған, тоналған. Осы себептен де аз ғана ғұмырында өлеңге ғана мұң шағып, қаламы ғана шынайы жан жолдасы болған Ынтызар Әбішевтің белгілі, белгісіз, жоғалған, табылған туындыларының увертюрасындай осынау жинағы оны білетін көзкөргендерден бөлек, өзі туып-өскен тұтас бір ауылдың асыға күткен жаңалығы болғандығы даусыз.
– Бүгін аруаққа тағзым ретінде үлкен кеш өткізіп отырмыз. «Өлі риза болмай, тірі байымайды» деген халықпыз. Шын мәнінде, қазақтың көптеген мықты ақындары өмірден ерте озып кетті. Дауылпаз ақын Төлеген Айбергенов 30 жасында келмеске аттанды. Талантты досымыз Бауыржан Үсенов 31 жасында қош айтысып кете барды. Кешегі Шоқан Уәлиханов, Сұлтанмахмұт Торайғыровтар қыршын кетті. Біреулерінің өмірі заманына, екіншісінің ғұмыры өмір сүрген ортасына, үшіншісі дертіне байланысты қысқа болды. Осындай дүниеден ерте кеткен ақындар «Жыр елі» атанған Сыр өңірінде де көп болған. Сыр сүлейлері өмірге келген осынау топырақта қаншама талантты әдебиетшілер, ақын-жазушылар, сыншы-сатириктердің үлкен шоғыры қалыптасты. Солардың ішінде ақын Ынтызар Әбішевтің есімін ерекше атауға болады. Ол – ауыр дерттің кесірінен небәрі 30 жасында өмірден өтсе де, соңында қаншама жыр қалдырған ақын. Оның өлеңдері жазылған дәптерлері, қолжазбалары 52 жылдан кейін табылып, бүгін жыр жинағы жарық көріп отыр. Ақынның талан-таражға түскен жырларын тірнектеп жинап, жарыққа шығарған Нұрсұлтан мен немересі Нұршайық атты азаматтарға алғысымыз шексіз! Ынтызар ақынның шығармашылығы қазақ елімен мәңгі жасай берсін! – деді шараны ашқан Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма төрағасының орынбасары, ақын, профессор Бауыржан Жақып.
Әдеби кеште Бауыржан Өміржанұлы бастап, қадірменді меймандар – жазушы Мағира Қожахметова, танымал дәстүрлі әнші, белгілі композитор Сәуле Жанпейісова, халықаралық Еуразиялық Теле­радио академиясының академигі Мәншүк Мұқашева ақынның «Өмірде өлең ғана – бар асылым» кітабының тұсаукесер рәсімін жасап, лентасын қиды. Ақынның немере інісі Нұршайық Әбдуәли Ұлттық кітапхана қорына 10 дана кітапты сыйға тартты. Артынша жиналғандар Ынтызар Әбішев туралы «Жоғалған жыр» фильмін тамашалады. Идея және сценарий авторы – Нұрсұлтан Мықтыбай. 45 минуттік аталған фильмде ақынның өмірге келген күнінен бастап, ғұмырының соңына дейінгі тауқыметке толы тағдыры баяндалады. Оның жоғалған, қолды болған өлеңдерінің қалай табылғаны сөз болады. Көзін көргендер егіліп отырып, естелік айтады. Автор ақын туралы алыпқашпа әңгімелерге архив құжаттарына сүйене отырып, нүктесін қояды.
Бұл кеште ақын туралы фильм мен жыр жинағы ғана емес, оның азапты тағдырына арналған «Ынтызардың зары» атты әннің де тұсауы кесілді. Нұрсұлтан Мықтыбайдың сөзіне жазылған әннің авторы, дүлдүл әнші Сәуле Жанпейісова ақынның қасіретті тағдыры өзін бейжай қалдырмағанын жеткізді.
– Ынтызардың есімін естігенде, өлеңдерін оқығанда ылғи көзіме жас келеді. Толқып кетемін. Сондай аянышты, сондай қасіретті тағдырдың соңын тойға ұластырып, екінші рет өмірге әкелу үшін күн-түн демей қыруар еңбек еткен екі достың ерік-жігеріне таңғалмасқа шарамыз жоқ. Қазіргі құндылықтар өзгерген заманда аруаққа, руханиятқа еңбек ететін жастар өте аз. Жасыратыны жоқ, мен өлеңдерін оқып, қайран қалдым. Ең алдымен, оның поэзиясында керемет сурет бар, – деді кешті қорытындылаған жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мағира Қожахметова.
Қорыта айтқанда, бұл күн – өшкені жанып, өлгені қайта тірілген халықтың тойы, арманда өтіп, шерменде кеткен ақынның тойы, ғасыр тойы, жыр тойы, өлең тойы, арман тойы, әділдіктің салтанат құрған күні болып тарихта қалды.

Серік АҚМЫРЗА,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір