ӨҢІРДЕ ДЕ, ӨМІРДЕ ДЕ САҚЫЛДАЙДЫ САРЫ АЯЗ
25.01.2023
521
0

Аяз – біреу үшін таңсыз, біреу үшін – қаңсық. Яғни үйреншікті құбылыс. Ал биылғы қаңтар Алматы үшін ерекше болып тұр. Жаңа жылды жылы ауа райымен қарсы алдық. Рас, тұмау қызып тұрды.

Екі жылға созылған пандемия карантинінен запы болған басымыз, биылғы жаппай тұмаудан да қауіп күткен жайымыз бар. Әзірге аяздың да, тұмаудың да беті қайтар түрі байқалмайды.
«Жұт – жеті ағайынды», көрші елдің соғысы да елдегі саяси-әлеуметтік һәм тұрмыстық-экономикалық ахуалға әсер етіп отыр. Жылдық инфляция көлемі 23 пайызға жетіп, азық- түлік 21 пайызға қымбаттады. «Енді қымбаттамаса, арзандауы екіталай» дегенді де естиміз.
Қысқасы, биылғы қаңтардың да жайсыздау басталған жайы бар, ағайын. Өңірде де, өмірде де сақылдаған сары аяз. Оны жасыру – демократия талаптарына қайшы.
Екі аптадан бері оңтүстік астана аспаны қар бүркіп, аяз қысуда. Әдетте қаңтардағы термометр сызығы он градустан аспайтын. Ал жақында мегаполистің Алатау жағындағы бөлігінде аяз 25 градустан асқанын да көрдік.
Оңтүстік-шығыс аймақ жағдайындағы 25 градусыңыз табиғаты құрғақ өңірдегі 40 градусқа тең. Біз оны Астанаға барғанда-ақ сезінеміз.
Біршама сынғанымен аяздың беті қайтар түрі әзірге байқалмайды. Түнгі аяз 15-17 градус шамасында. Қала қызметі күні-түні көше тазалаумен әлек. Аспаны бір жауса, Алматының жасыл терегі екі жауып, шаһардағы жол қатынасын да қиындатып тұрған жайы бар.
Биыл ауа райына байланысты тағы да бір ерекшелік байқалады. Өткен аптада республиканың солтүстігіндегі аяз 7-8 градус болса, ең қиыр оңтүстіктегі көрсеткіш 20 градусқа жетіп жығылды.
Әлбетте, мұндай аяз Шымкент қазағы үшін Антрактида суығымен бірдей.
Жалпы, биылғы қыс ерекше. Арқадан қысқан аязды айтпағанда қар қалың түсті. Оның қиындығын адаммен алдымен қоса даладағы аң-құс та бірге көруде.
Жақында теледидар Петропавл көшесінде жабайы елік қаптап кеткенін көрсетті. Негізі көрші Ресей ормандарының тағылары дейді мамандар. Арасында өз орман-тоғайымыздың еліктері де бар, әрине. Алайда бір кереметі, қалаға кіргендері негізінен ауып келгендері екен.
«Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар». Бар себеп – орман арасындағы қардың қалыңдығында. Қардың қалыңдығынан жабайы тағы шөпті теуіп жей алмайды. Сондықтан аш. Амалсыз тамағын адамдар арасынан іздеуге мәжбүр. Оған қоса, биыл қасқыр да көп көрінеді. Ұшқыр елік қуғыншы қасқырдан қалың қардың кесірінен қашып құтыла алмайды. Сондықтан да орманнан безеді.
Бала кезімізде өзіміз көзбен көрген бір кереметті айта кетейік. Үйіміз қалың қарағайлы орманның шетінде болатын. Түнде бір мая шөптің түбіне елік түнеп кететін. Оны ертесіне қиынан білеміз.
Үлкендердің айтуынша, бұл – аш еліктің әрекеті. Ал оны қуу, одан да бетер аулау күнә саналады.
Тапа-тал түсте ауылдың бір шетінен кіріп, екінші қиыры арқылы жұлдыздай ағып өткен елікті де көрдік. Үсті-басы малмандай тер болатын. Үлкендер оған да тигізбейтін. Себебі ол – қасқырдан қашқан еліктің әрекеті екен.
Толассыз қуғыннан қашқан байғұс жаны қысылғаннан адамға, ауылға тығылатын көрінеді. Әлбетте, қуғыншы қасқыр ауылға кіре алмай қаңтарылып қалады. Көшені қақ жарып, жұлдыздай аққан ерке елік ауылдың келесі жағынан шығып, құтылып кетеді.
Міне, аязды қыстың қазақ даласындағы кереметтерінің бірі осы.
Енді, орыс ормандарының Қызылжар көшелеріне еніп кеткен «оккупант еліктеріне» келейік. Аяқ астынан ешкімге қажеті жоқ соғыс ашып, бейбіт халық қырылып жатқан аймақтан аң екеш аң да қаша бастады ма деген ой келеді кейде…
Біздің білетініміз – әр орыстың үйінде қосауыз мылтық болады. Қолы қалт етсе, орман аралап, аң аулайды. Тамақ тауып жеуіне кедергі қалың қардан басқа ол жақтан қашқан «дезертир еліктерге» сол да әсер етуі мүмкін дейді білетіндер.
Дезертир дегеннен шығады Мәскеу ішінара мобилизация жариялаған қоңыр күзде қазақ даласына ағылғандар легінің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайды айтпағанда елдің саяси-экономикалық ахуалына да кері әсер еткенін ұмыта қойған жоқпыз.
Кейбір ақпарат көздері соғыстан қашқандарды ашықтан ашық «дезертир» деп те жазды. Олардың қайсысының қалып, қайсысының кері оралғаны әлі де болса бұлыңғыр. Біразы қалған да сияқты ма-ау…
Оккупант дейсіз бе, дезертир дейміз бе, ол – өзіңіздің патша пиғылыңыз бен көңіліңізге байланысты. Демократиялық қоғам жағдайында оған сіз де, біз де толық қақылымыз.
Босқын елікке келсек, түз тағысында, әлбетте, этноанықтама болмайды. Елік – Арқада да елік, Африкада да елік. Обал-сауап деген тағы бар. Сондықтан зияны жоқ жануар қорғалады, қамқорлық жасалады.
Алдыңғы жылдың ақпан-қаңтарындағы бір оқиға еске оралады. Онда тіпті орыс орманынан бізге ауған елік саны 180 деп көрсетілгені бар. Сол жылы қызылжарлық егерьлер орман арасына ат-шанамен шөп тасып, босқын еліктерді аштан өлуден, қатері басым адамдар ортасына амалсыз енуден аман сақтап қалған.
Бұл процесс биыл да жалғасуда. Қаһарлы қыстың әсерінен түз тағысының қорадағы малдың жем-шөбіне ортақтасуы біздің жағдайда жылдағы көрініс.
Әманда, бейкүнә мен қорғансыздың жауы көп, көзі жәудіреген ерке еліктің басты жауы – қасқыр. Әрі ол – айлалы жыртқыш. Қарлы орманда сирағы ұзын, ұшқыр елік оған жеткізбейді. Көбіне қашып құтылады. Өлкеге белгілі саяткер аңшы Көкі ағамыздың бір әңгімесі еске түседі.
Аңқау елік пен қорқақ түз қоянының әлімсақтан қалыптасқан дағдысы бар көрінеді. Елік те, қоян да қалың қарлы аймақта бір ізбен ғана жүреді. «Қоянның жымы» деген тіркес те содан қалған.
Айлакер екі қасқырдың бірі алдымен екіншісін еліксоқпақтың жиегіне қармен көмеді екен. Ал өзі қашқан елікті сол тұсқа қумалайды. Қашқан еліктің қасынан өте бергенде қар астында жасырынып жатқан қасқыр атып шығып бассалады. Арғы жағы – қанқасап.
Әрине, табиғаттың осыншалықты драматизмге толы көрінісінің біздің көзімізге шалынуы екіталай. Бірақ өмір ақиқаттарында болған, әлі де бар керемет.
Биыл қысы қатал, аязы ақырған қарағайлы, орманды туған жерге барған жоқпыз. Ал былтыр ауылдағы ініміздің «ауыл іргесінде бір үйір қабан жүр» деп үйге мұрнын басып кіргені бар.
Әрине, тегі шошқа болғандықтан қорсылдаған қабан – қазақ үшін жиіркенішті. Оны харам санайды. Ал орыс деревнясы үшін көшеге кірген қабан – дәмі тіл үйірген тәтті қуырдақ. Өлке тұрғындары тегіс білетін, өмірдің өзі көрсеткен бір ақиқат та – осы.
Баянөлгейден келген бір ағайынның «суыр маңғұлды иісінен танып, қашады…» деген сөзі амалсыз еске түседі. Қазақ даласының орманды өңірінің жабайы шошқасы да солай. Аш бәледен қаш бәле, деревнялардың маңына жоламайды… Негізінен қазақ ауылының төңірегінде жайылады.
Биыл мал қолға қараған қыста ауылдағы жем-шөп мәселесі де күрделі болып тұр. Күзде 15-18 мың теңге болған бір орам шөптің қазіргі бағасы 20-25 мың шамасында. Оған ауып келгені бар, елдегісі бар қорадағы малдың азығына ортақтасып отырған түз тағысының шығынын қоссақ, көктемге дейін қолдағы мал азығының жайы не болмақ деген қауіптің де шеті шығып қалды. Оның үстіне азық-түлік қымбатшылығының да тоқтар түрі байқалмайды.
Міне, бүгінгі қазақ қысының ел біліп, көріп отырған ақиқаттары осындай, ағайын. Арқаны қысқан бұл «аязды» қыстан да аман шығармыз, деген үміт, әлбетте, бар. Ылайым соған жазсын!
Ал біздің міндет – бар нәрсені бар қалпында жазу ғана…

Өмірзақ МҰҚАЙ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір