«Гауһартас» сахнада салтанат құрды
26.03.2023
1338
0

Жуырда Астана қаласының тұрғындары Музыкалық жас көрермендер театрында ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, режиссер Асхат Маемировтің сахналауымен ұсынылған әйгілі «Гауһартас» қойылымының куәгері болдым. Әлдеқашан халықтық шығармаға айналып кеткен жазушы- драматург Дулат Исабековтің «Гауһартас» повесі мен Шәріп Бейсембаевтің фильмінен кейін туындының алғаш рет сахнадағы үшінші өмірі басталды десек те болады.   

«Гауһартас» дегенде, есімізге сұлулық пен нәзіктіктің символына айналған ән түседі. «Гауһартас» десе, қазақ келіндерінің жиынтық бейнесін елестетін Салтанат түседі. Жалпы бір әннің лейт­мотивімен көркем проза, прозадан көркем фильм туып, сахналық қойылымның да дүниеге келуіне себепкер болуы – ән құдіретінен болса керек.
«Гауһартасты» повесть ретінде түпнұсқадан оқып және фильм ретінде көріп үйреніп қалғандықтан, оны спектакль ретінде сахнада елестетудің өзі қиынырақ болғаны рас. Өйткені прозада автор шығарма мазмұнын әдемі көркем тілмен баяндап жеткізсе, фильмнің де өзіндік бейнелі баяндау стилі бар. Ал театр, сахна әрекет пен диалог қатар өрілетін өз алдына шоқтығы биік өнер түрі. Сондықтан да «Бұл қалай болар екен? Неге «Гауһартас?» деген сұрақтардың көкейге бірден келгені анық. Спектакльдің сахналық нұсқасын жасаған әрі қойған режиссер Асхат Маемиров бұл турасында:
– «Гауһартас» қойылымы арқылы біз қазақ қоғамындағы отбасылық рухани құндылықтарды арқау ет­тік. Сөйтіп, қазақтың қарапайым ғана шаңырағындағы отбасылық өмірі арқылы адамдардың жан дүниесін көрсетейік дедік. Бұл спектакльдің басты идеясы – шаңырақтың бақытын, махаббатын қызғыштай қорғау.
Спектакльді Нұрғайша апамыздың рухына арнадық. Себебі қойылымда Дулат ағамыздың аяулы жарына деген мөлдір махаббаты жатыр, – дей келіп, жас өнер ұжымы автордың алдында шығармашылық емтихан тапсырғандай болғанын айтады.
Ән-биге құрылған музыкалық лирикалық спектакль түпнұсқадан ауытқымай, барынша авторлық мәтінді сақтауға тырысқан. Көрермен сахна шымылдығы ашылған сәт­тен бастап-ақ, бас кейіпкер Қайыркеннің авторлық баяндауымен драмалық қойылымға ене түседі. Актер Асылхан Төлепов те құдды бір Қайыркеннің келбетімен дүниеге келгендей, өз кейіпкерінің бейнесіне еніп кеткені соншалық, қойылымның соңына шейін жан дүниесі мың құбылып, арпалыс сезімдерді бастан кешеді. Көрермен де осы бір жаны таза кейіпкері арқылы мейірім мен қаталдықты, сұлулық пен суықтықты, нәзіктік пен дөрекілікті сезініп, онымен бірге сан алуан күйде болады.
Спектакльдегі әрбір басты бейнеге актерлер құрамын таңдауда режиссердің қателеспегенін байқадық. Отбасының темірқазығы саналатын отағасы Тұрымбет­тің рөліндегі Қазбек Есқара, ана бейнесіндегі Қалима Наушабаева, қара күш пен қаталдық бір бойынан табылатын Тастан бейнесіндегі Оразалы Игілік және ауыл клубының меңгерушісі, қыңыр мінезді Әскербектің сыртқы келбетінен бастап, ішкі болмысына шейін нанымды шығара білген Ернар Мұхамбет – әрқайсысы өз кейіпкерлерінің әлемін сүріп жүрген жандар.
Спектакльдегі көрерменнің ең бір құмарта күткен сахнасы мен бейнесі Салтанат болды. Қатал тәртіп пен қоңырқай тіршілікті кешіп жатқан шаңыраққа Салтанат­тың келін болып түсуі – қара бұлт қаптап тұрған аспанның табан астында шайдай ашылып, күннің жарқ ете қалғанындай әсерін режиссер көңілді ән-биге бөленген колхоз тойымен ұштастыра білген. Дәл осы сахнадан ыңғай жастардан жиналған труппаның жастық жігері мен музыкалық, пластикалық қарым-қабілетін көре алдық. «Ләйлім шырақ», «Құдаша», «Көктем келер», «Сағындым ғой», «Жеңеше-ай», «Келші, айым», «Құстар қайтып барады» ат­ты біраз халық әндері мен халық билерін Тастан мен Салтанат – Инабат Ризабековалардың үйлену тойларының сахнасында қолданып, спектакльдің динамикасын арт­тыра түскен сахна болды.
Салтанат­тың бейнесіне лайықты деп танылған актриса Инабат Ризабекова қазақ келінінің бар жақсы қасиетін бойына жиған жиынтық бейне ретінде көрсете алды деп айта аламыз. Оның жанды дауыста шырқаған «Гауһартасы» залда отырған әрбір көрерменнің жүрегіне жетіп, фильмдегі Салтанат­тың сахнадағы жанды бейнесімен тұтасып жатқандай көрінді. Қайыркен – Асылхан мен Салтанат – Инабат­тың ансамбльдік ойындарынан жеңге мен қайны арасындағы жарасымды әзілдері мен жан иірімдерінде болып жатқан өзгерістерді қас-қабақтан ұғатын үйлесімді тандемді байқадық. Осы бір жандары нәзік, табиғат­тың әрбір көрінісінен сұлулықты көріп, тілдесіп кете салатын лирик жандарды ашуланғанда қуырып алатын, қара күш пен қаталдықтың, суықтықтың иесі – Тастанның бейнесіндегі Оразалы Игіліктен тау қопарар еңгезердей кейіпкердің сыртқы сұлбасын көрмесек те, актердің ойынынан сөзге сараң, бірбеткей, дөрекі, көкпар мен күрең қасқасынан басқа жанды көзге ілмейтін суық тұлғасын көре алдық.
Тұрымбет әке бейнесіндегі Қазбек Есқарадан сырт­тай шарт­ты түрдегі қария бейнесін көргенімізбен, толықтай қабылдай алмай қалатын сәт­тері де болып қалды. Ол олқылықты уақыт өте келе жөнделеді деп ойлаймыз. Ал ана бейнесіндегі жап-жас актриса Қалима Наушабаева жүріс-тұрысынан бастап екі баласының ортасына шып-пыр болып түсетін аналық мейіріміне шейін шебер жеткізе алды.
Қойылымда түпнұсқадағы сюжет­тік тұтастық толықтай сақталған десе де болады. Кейде повестің өзін оқып отырғандай сезінесің. Өйткені шығармадағы әр кейіпкердің өз болмысына сай айтылатын диалогтарды алсақ та, Қайыркеннің атынан баяндалатын авторлық баяндау формасын алсақ та қаз-қалпында сақталған. Сондықтан да болар қойылымда үлкен бір драмалық тартыстар жоқ, тек сезім шарпысулары мен ешбір зияны жоқ жақын адамдар арасында болатын мінез қақтығыстарын көруге болады.
Театрдың өзі музыкалық жас көрермендер театры болғандықтан да қойы­лым ән мен биге құрылған. Мұндағы хор сахналары мен ұлт­тық аспаптардан төгілген жанды музыкалардың өзі әр сахнада түрлі мақсат­та ойнатылып, кейіпкерлердің жан дүниесінде болып жатқан сезім арпалыстарын тереңдете түсуде, өлім сахнасын беру кезінде де үлкен бір драмалық мазмұн үстеп жатқанын байқауға, сезінуге болады. Қойылым лейтмотивін жазған Бауыржан Ақтаев музыкалық композицияларды шебер қолданғаны көрініп жат­ты.
Жалпы спектакльдің соңындағы түйін көрерменнің ойында өзіндік пікір, ой қалыптастыруға мүмкіндік бере білді. Салтанат­тың толғақты көтере алмай өмірмен қоштасуын режиссер Қайыркен – Асылханның аузымен айтқызып қана қоймай, жоқтау салған топтың арасына адастырып жіберіп, жақынын жоғалтқан, қайғыдан жапа шеккен жанның жан күйзелісін мұңды хор арқылы жеткізеді. Шаштарын жайып алған хор айтушы топ Салтанат­ты көтеріп алып кетеді. Жеңгесінің қайнысымен қоштасар сахнасындағы жоғарыдан түсірілген үлкен бойтұмар мен хордың сүйемелдеуімен биікке көтеріліп, жоғарыдан ақ елес ретінде көрінген Салтанат­тың күлімдеп қарап тұрған бейнесі эстетикалық тұрғыдан әсерлі де көркем шыққан. Ал Тастан – Оразалының Салтанат­тың қайғысын есту сахнасы – сұлулық пен нәзіктіктің тас жүректі де жібіте алар күші барын, қолындағы жауһарының қадірін барында бағалай алмаған іштегі өкінішін сездіре білді. Дәл осы сахнада Тастан бұрынғысынан өзгерген, бәрінен баз кешкен, сұлулық кетсе, махаббат кетсе, өмірден мән кетерін түсінген жан ретінде көрерменнің көз алдында өзгергенін көрдік.
Көрермен де қойылым соңында Салтанатпен қимай жылап қоштасты, Тастанға жаны ашып мұңайды, ал Қайыркенмен бірге егілді десек те болады. Қойылымдағы жанды музыка мен актерлердің жанды ойынының ұштасып, ішкі сезім арпалыстарымен бірге қабысып, бір күйді кешкен хордың өзі көрерменнің жүрегінен орын тауып жат­ты.
Спектакльде ойын көрсеткен өзге де артистерді: Раушан – Дана Қабылова, Балакүл (жеңге) – Мөлдір Әбілтаева, Райхан(жеңге) – Майра Марғұланқызы, Дәрігер – Нұрай Рысбекова, ауыл ақсақалдары – А.Арапов, Т.Кеңес, Н.Тыныбектер мен қоюшы-хормейстер Бауыржан Ақтаев, сахнадағы сценография мен костюм үлгісін де сол заманға сай жасай білген Алма Сырбаева мен жарық қою суретшісі Айдын Досаев, дыбыс режиссері Сабина Ильясова сынды спектакльге ат салысқан жалпы ұжымды жаңа қойылымдарымен құт­тықтаймыз. Қойылымның сахналық ғұмыры ұзақ болсын деп тілейміз.

Қанат
Айтбаев,
Қазақ­станның еңбек сіңірген артисі:
– Спектакльдің қоюшы-режиссері ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров өз ісінің кәнігі шебері екендігін тағы көрсет­ті – тігісі жатық, жұп-жұмыр, жүйелі дүние жасалыпты.
Салтанат­тың рөліндегі Инабат, Тастанның рөліндегі – Оразалы, Қайыркеннің рөліндегі Асылхан, әке мен ана рөльдерін сомдаған Қазыбек пен Қалима, Әскербекті ойнаған Ернар секілді жастарымыздың сахналық іс-әрекет­тері өте нанымды шықты.
Спектакль екі сағат­тан астам уақыт бойына Бауыржан Ақтаевтың жетекшілігіндегі фольклорлық және Болат Жолдасов басқаратын эстрадалық ансамбльдердің жанды сүйемелімен көркемделді. Лейтмотиві өте әдемі болды.
Алған әсеріміз керемет! Қойы­лымның осы нұсқасын көру үшін театрға тағы бірнеше мәрте баратын секілдіміз. Жарайсыңдар, жастар!

Роза Мұқанова,
ҚР мемлекет­тік және халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты:

«Астана музыка­лық жас көрермендер театрынан ғажап спектакль көрдім. Көптен бері мұндай спектакль қазақ сахнасынан төбе көрсетпегелі қашан. Дулат Исабековтің шығармасының желісімен ҚР еңбек сіңірген қайраткері, режиссер Асхат Маемиров «Гауһартас» спектакліне барынша тың тәсілмен қадам басқан екен. Шығарма сахнаға лайықталған кезде түпнұсқаның жапа шегетін сәт­тері жиі ұшырасады. Оны кейбір режиссерлердің эксперимент­ті жалаулатып, ұрынып қалып жүргеніне де куә болып келеміз. «Гауһартас» спектаклі – сөзден қашпайды, сөзден қорықпайды. Сөзді тірілтіп, әрекетке айналдырған. Қайыркен – Асылхан Төлепов, Салтанат – Инабат Ризабекова, Тастан – Оразәлі Игілік, Тұрымбет – Қазбек Есқара, т.б. актерлердің жан тебірентерлік образ жасауы көрерменді бейжай қалдырмады. Спектакльде жан тазалығы, жан сұлулығы салтанат құрды. Сөз жоқ, «Гауһартас» – классикалық шығарма! Ал классиканы бүлдіріп алмай, САХНА көкжиегіне көтеріп, көрермен көңілінен шығу – режиссердің кәсіби талабы мен талантының көрінісі болмақ. Қазақ қызы… қазақтың келіні… қазақтың заңы мен отбасылық ережесі… «Гау­һартас» тылсым бір құпияға жаңа бағытпен жол ашқан екен. Әдебиет бар болғанда ғана театр болады, әдебиет болғанда ғана кино болады. «Гауһартас» спектаклінен ӘДЕБИЕТ­ТІҢ театрдағы жұлдызды сәтін көрдім, ерекше қуандым. Актерлер мен режиссерді құшағыма алдым! Театр ұжымына сәт­тілік тілейміз!

Дулат
Исабековтің
«Гауһартас» спектаклі жайлы пікірі:
Астананың музыкалық жас көрермендер театр­ының жетекшісі, белгілі режиссер Асхат Маемиров: «Гау­һартас» повесін сахнаға шығарғым келеді», – деп тілек білдіргенде мен не деп жауап берерімді білмей дағдарып қалып едім. Біріншіден, ол прозалық шығарма, екіншіден, ол жөнінде Шәріп Бейсембаев 1975 жылы көркем фильм түсірген болатын.
Енді… сахналық нұсқа…
Мен сахналық нұсқаның сценариін де оқып шықтым. Оқу басқа да, көру басқа ғой.
Астанаға үлкен күдікпен бардым. «Гауһартас» болған соң қызығып, балаларым мен немерелерім, келіндерім бар оншақты адам бардық.
Көптен күткен сахна да ашылды. Тар сахнаға әрең сыйып тұрған хор. Театрдың ең үлкен «ақсақалдарының» жасы 35-те екен.
Сұлулық, әдемілік, жарасымдылық, гармония, жоғары профессионализм. Жалындап тұрған жастар. Селқос жүрген, немқұрайлы жүрген бірде-бір актер жоқ. Көп ұзамай негізгі оқиға да басталып кет­ті. Салтанат, Қайыркен, Тастан, Әскербек. Салтанат – қатал тәртіп орнаған қасаң үйге ән келді, Аршабай алқабына сән кірді, әсемдік пен сұлулық кең далаға тарады. Қаталдық пен нәзіктіктің шарпыс­уы.
Оқиға барысын айтып отыратын Қайыркен болмысы ерекше есте қалды. Повестегі негізгі ойлар мен сөздерді режиссер ат­тап өтпепті. Ән, хор, бимен араласқан соң оқиға шашырап кетер ме екен деп қауіптеніп отыр едім. Бірте-бірте ол күдігім сейіле бастады. Режиссер спектакльдің эстетикалық композициясын, тұтастығын сақтай біліпті.
Қысқасы, мен бұл спектакльден ерекше сезіммен шықтым. Екі сағат­тың қалай өтіп кеткенін байқамай қалдым.
Спектакль соңында көзіне жас алып отырған көршілерімді көріп, өзім де толқып кет­тім.
Режиссер Асхатқа, театр ұжымына мың да бір рақмет!
Сіздерге бұдан былай да зор шығармашылық табыстар тілеймін.

Ақмоншақ АХМЕТ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір