ҚОҒАМ ӨМІРІНІҢ АЙНАСЫ САХНАДА
17.06.2025
109
0

Бүгінгі қазақ­стандық театр үдерісінде әлеумет­тік тақырыпқа арналған қойылымдар саны артып келеді. Атап айт­қанда, ата-ана мен баланың, мұғалім мен оқушылардың қарым-қатынасы, жетімдер үйі мен қамқорлықсыз қалған балалардың оқиғалары, әлімжет­тік, қорқыту-қорлау сынды әлеумет­тік мәселелерді арқау еткен алуан-алуан спектакльдер қойылып жатыр. Мұндағы мақсат біреу: осындай келеңсіздіктерге жол бермеу немесе мәселенің алдын алу. Осындай мүддені көздеген «Тастамашы, ана!» ат­ты драма Жұмат Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театр­ында сахналанды.

Белгілі башқұрт жазушысы, Башқұртстан Жазушылар одағының төрағасы Айгиз Баймұхаметовтің «Тасмашы, ана!» кітабы – елімізде оқырманы өте көп шетелдік шығарма. Аталмыш туынды татар, әзербайжан, шуваш, моңғол тілдеріне аударылған екен. Елімізде кітап бойынша бірқатар челлендждер жасалып, мектеп оқушылары арасында танымалдыққа ие болған. Бұл рет­те, шығарманы төл тілімізге тәржімалап, қазақша сөйлеткен ақын, аудармашы Саят Қамшыгердің зор еңбегін де атап айт­қан жөн. Премьераға құрмет­ті қонақ ретінде арнайы шақырылған қос қаламгер қойылымнан соң «Тастамашы, ана!», «Ертегісіз өткен балалық», «Көше балалары» кітаптарына қолтаңба тарату рәсімін өткізді. Рәсімге қатысушылар үлкен әсерге бөленіп, ойларымен бөлісті, ерекше шығармашылық атмосфера орнап, премьера рухани-мәдени серпіліс берді. Өз кезегінде бұл жағдай автордың халыққа танылуына ғана емес, сонымен қатар жастардың театр өнеріне тартылуына да мол ықпалдасқаны сөзсіз. Сондай-ақ халықаралық байланыстарды күшейтуге, шығармашылық тәжірибе алмасуға да септігін тигізеді деген ойдамыз.
Қойылым «Тастамашы, ана!» және «Ертегісіз өткен балалық» хикаят­тарының негізінде жасалыпты. Шығармадағы ең маңызды, мұңлы оқиғаларды топтастырған инсценриовка авторы әрі қоюшы режиссері – Әли Бидахмет. Қазақ режиссурасына енді ғана аяқ басқан жас режиссер Әли Бидахмет­тің әлеумет­тік өзекті тақырыпқа баруы құптарлық.
Балалар үйінің сүреңсіз өмірін бейнелейтін сахналық жасақтауды жүзеге асырған қойылым суретшісі Ербол Кантураевтың еңбегі режиссер ойын дамытуға үлкен ықпал етері анық. Әр деталь актерлердің сахнада тіршілік етуіне қолайлы, шығарманың бейнелік шешімін дөп басады. Қойылымдағы кейіпкерлердің бейнесін ашуға әсер еткен келесі жетістік – киім суретшісі Арман Теміртастың қолынан шыққан сахналық костюмдер. Кейіпкерлердің киімдері арзан әрі жылтырақ матадан емес, түрі мен түстік гаммасы келісті, қатаң фактуралы материалдан тігілгені қуантады. Мемлекет­тік сатылым, яғни тендермен жұмыс жасайтын қазыналық ұйымдар үшін ең арзан материалдан костюм тігіп, шығармашылыққа нұқсан келіп жатқанын көптен байқап жүргенімізде сахналық костюмге жауапкершілікпен қараған ұжымға риза болғанымыз рас.
Жас режиссер спектакльдің музыкалық сүйемелденуіне жіті назар аударғанын баса айтуымыз керек. Жанды дауыста орындалатын әндер мен саздың көрерменге берер әсерінің молдығы талас тудырмайды. Бұл рет­те, спектакльге арнайы жасақталған BAND ансамбльдің (құрамында: А.Шымалиев, Н.Холметов, Ә.Исанбекова, Т.Лес, А.Ерназар) орындауындағы музыкалық композициялар діт­теген нысанасына дөп тиіп отырды. Сахнада ойналып жатқан оқиғаның шешуші сәт­терінде кейіпкерлердің ішкі жан дүниесіндегі қопарылыстарды ашып жеткізуге ғана емес, сондай-ақ жалпы қойылымның атмосферасын түзіп, оның ырғағы мен өлшемінің түспеуіне музыка елеулі еңбек ет­ті. Көрнекті қазақ композиторы Ескендір Хасанғалиевтің Бәкір Тәжібаевтың сөзіне жазған «Бозторғай» әні қойылымның көркемдік мәнін ашуға тыңғылықты қолданылған. Бозторғай құсы қазақы түсінігімізде қорғансыздықтың, дәрменсіздіктің, қала берді, сарқылмас сағыныш пен орны толмас өкінішті де жеткізіп жататыны белгілі. Бұл ән қойылымның лейтмотиві бола отырып, жетімдіктің кермек дәмін татқан жаралы жандардың тағдырын сурет­теуде тиімді қолданыс тапқан.
Жұмат Шанин атындағы Академиялық қазақ драма театры ұжымының репертуарында әлеумет­тік тақырыптағы қойы­лымдар баршылық. Алайда «Тастамашы, ана!» драмасында театрдың белді сахнагерлерімен қатар Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлт­тық өнер академиясын «Актерлік өнер» мамандығы бойынша аяқтағалы отырған түлектердің (курстың көркемдік жетекшісі – Қазақ­станның халық артисі, режиссер-педагог Рахилям Машурова) қатар өнер көрсетуі ұжымның жаңа тынысын байқатады. Үлкен буын актерлердің өнері сахнаға енді қадам басқан жастарға шеберлік мектебі болғаны сөзсіз.
Әрбір актермен шама-шарқы келгенше жұмыс жасаған режиссердің сахналық детальдарды ойнатуға көп мән бергені көрініп тұр. Балалар үйінің ішкі тәртібін, онда болып жатқан әлімжет­тік, қорқыту-үркіту әрекет­терін, директор мен тәрбиешілердің қызмет­тік бабын асыра сілтеп, тәрбиеленушілерді жәбірлеу көріністері мейлінше сенімді шыққан. Өнер көрсеткен екі құрамның да ойындары көрерменнің ыстық ықыласына бөленгені рас. Ілияс рөліндегі Бақытжан Абдухалықов пен Ернұр Жеңсікбаев, Фарит рөліндегі Сағындық Төлегенұлы мен Төлес Төлегенов, Мавлида рөліндегі ҚР Мәдениет саласының үздіктері Нұржамал Қаламбаева мен Бақытгүл Қожамұратова, Флюра рөліндегі ҚР Мәдениет саласының үздіктері Ұлжалғас Сафаралиева мен Сәуле Жарасбаева, Райфаны кескіндеген ҚР Мәдениет саласының үздігі Жамилә Бекмұрзаева мен актриса Ақерке Дәуренбекова, Даянды ойнаған Ерсінбек Аманғалиев пен Мақсат Тауасар т.б. актерлік құрам орындаушылық ансамбльді берік сақтап, бір-бірінің ойынын байытып отырды. Екі құрамның ойын мәнері бірін-бірі қайталаған жоқ, актерлер өз бейнелерін өзгесіне ұқсатпай бедерлей білген.
Спектакльдегі Ілияс, Амилия, Фарит үшеуінің кілт ұрлау сахнасы, Даянның магнитафон касетасын күштеп тартып алып, балаларға психологиялық қысым көрсететін сахналары көркемдік жағынан өте сәт­ті шыққан. Қойылымның соңына сахнада жаңбырдың жауып тұру тағдыры сынған панасыздардың, қорғансыздардың көз жасы ретінде қабылданады.
Осындай қоғамдық мәселені арқау еткен «Тастамашы, ана!» қойылымының соңында еліміздегі жетім балалар туралы шынайы статистиканың берілуі де режиссер тарапынан қолданылған дұрыс шешім. Көркем туынды арқылы берілген ақпарат әрдайым адамның есінде қалатынын ескерсек, қойылымды тамашалаған көрермен де өзіне керектісін алды деп сенеміз.
Премьераның аздаған кем-кетігін есепке алмағанда күрделі мәселені өнердің көркем тілімен жеткізе білген Жұмат Шанин атындағы Академиялық қазақ драма театрының бұл шығармашылық ізденісі қалың көрерменді толғантып, ойлантқанына күмән жоқ. Сондықтан халықтың сұранысына ғана емес, сүйіспеншілігіне ие болатын өміршең қойылым дүниеге келді деп есептейміз.

Меруерт ЖАҚСЫЛЫҚОВА,
театртанушы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір