Әдебиет жауһары сахнада қайта түледі
21.03.2024
220
0

Махаббат – жер бетінде тіршілік басталғаннан бері талқыланып келе жатқан мәңгілік тақырып. Өз шығармашылығында бұған қалам тартпаған шығармашылық адамы жоқ шығар… Ә.Нұршайықовтың қуат­ты қаламынан туған «Махаббат қызық мол жылдар» романы – жазушының ұлы сезім – махаббатқа тұрғызған мызғымас ескерткіші десе болғандай. Өткен ғасырдың 70-жылдары жарық көрген шығарма әрбір оқырманның жастана жатып оқитын кітабына айналды. Оқиға желісіне сұрапыл соғыс аяқталып, он екі мүшесі сау елге оралған Ербол есімді солдат­тың махаббаты мен өмірі негіз болған. Сол сұрапыл жылдарды бастан кешкен жұртшылыққа соғыс туралы осындай шығарма керек те болған шығар…

Бүгінгі күні клиптің уақытындай қысқа ойлауға дағдыланған жастарымыздың арасында бұл шығарманы оқығандары аз. Қазақ әдебиетінің мұндай жауһарлары уақыт өткен са­йын жаңа тыныс тауып, құлпыра беруі керек-ақ. Махамбет атындағы Атырау облыстық академиялық қазақ драма театрының репертуары аталмыш шығарма желісі бойынша сахналанған спектекльмен толығып отыр. Өнер ұжымы өңір жұртшылығына романтикалық желімен өрілген, таза махаббат­ты жырлайтын фильм-спектакльді өмірге әкеліпті. Қойылым режиссері Г.Қамысбаева телефон мен теледидарға қарап қалыптасқан жас жеткіншектерге қызық қойылым ұсынуды мақсат еткені көрініп тұр. Спектакль желісін дамытып, түрлендіріп, әсерін күшейту үшін видеороликтерді орынымен пайдаланған. Сахна кинотеатр залы іспет­тес декорациялық тұрғыда безендірілген. Мультимедиалық сценографияның элемент­терін пайдалана отырып суретші Т.Коесов көрерменнің фильм көріп отырған әсерден бірден спектакльге ауысып кетуіне үлкен мән беруімен ұтымды шешім жасай білген.
Театр ұжымы мәңгілік махаббат тақырыбын арқау еткен қойылымның кассалық болуына үлкен мән бергені байқалады. Бүгінгі театр менеджментінде жиі кез­десетін тәсілдердің бірі – сырт­тан орындаушы шақырып, жарнама жасау. Атыраулық театрда осы тәсілді пайдаланып, актриса Ж.Абдукаримова­ны шақырған екен. Ж.Абдукаримова спектакльде Меңтай ролін ойнады. Бұл арқылы өнер ордасына келетін көрермендер санын арт­тыруды басты мақсат еткені сөзсіз. Бұған де­йін театрға келіп көрмеген көрерменнің саф өнердің осы түріне деген махаббатын оятып, тұрақты жанкүйеріне айналуына себеп болуы әбден мүмкін.
Үлкен романды бір жарым сағат­тық спектакльге сыйдыру оңай емес. Ол үшін кәсіби тұрғыда оқиға желісін бір тізбекке өрілген күйде көруге сәт­ті инсценировканың тигізер әсері орасан. Спектакль негізі драматургиялық шығарма болғандықтан, тартыс пен әрекет­тің анық болуы шарт. Аталмыш қойылым үшін романның сахналық нұсқасын Г.Қамысбаева өзі жасаған екен. Әрине, режиссер өзінің шешімдері мен идеясына негіздей отырып, шағын, түсінікті оқиға желісін түзуге мән берген. Дегенмен қойылым барысында кей тұстардың романмен таныс емес, кітапты оқымаған көрерменге түсініксіздеу болатыны бар. Мысалы, «Қызыл көрпе» өлеңінің жазылу тарихы айтылмай, сахнада оқылды. Сонымен қатар, Тана мен Заманның өмірін спектакль соңында айту орынсыз. Себебі біз қойылым барысында олар жайлы мәлімет алмадық. Сондықтан олар туралы айту қажет пе еді?! Бұл мүмкін қалың көрермен үшін маңызды емес шығар… Дегенмен драматургия мен спектакль заңдылығын арнайы оқыған кәсіби мамандар үшін жіберуге болмайтын олқылық екені сөзсіз.
Қойылымға театр ұжымының жастар жағы жұмылдырылған екен. Режиссерлік шешім бойынша сахнада қыз бен жігіт­ теңдей жүреді. Әрбір қызға бір жігіт жұп болып жүр. Сол заманда соғыстан ке­йін он екі мүшесі сау жасты кез­дестіру қиын еді. Ал сахнадағы бірінен-бірі асқан сұлу жігіт­тер құлпырған бойжеткендердің қиялындағы азамат­тар кейпінде жандарынан бір елі қалмайды. Бұл – режиссер тарапыннан табылған орынды шешім. Соғыс болмағанда тең-теңімен бейбіт өмір сүрсе, тура осылай болары сөзсіз еді.
Ербол роліндегі Б.Зинуллин өз кейіп­керін жуас, көнбіс, қыздардың жанында өзін қалай ұстап, не деп сөйлеу­ді біле бермейтін қиялшыл жігіт ретінде кейіптеген. Автор романда осылай бейнелеген жас жігіт­тің басқаша болуы мүмкін де емес сияқты. Орындаушы жай басып, қысыла сахнаға шыққан Ерболды қойылым соңына де­йін сол кейіппен өзгертпей ойнап шықты. Алғашында аудитория толы қыздардың бәрі сұлу көрінген Ерболға Меңтай несімен ерекше болғаны актер ойынында анық көрінбеді. Бұл тұста романда бір жақты сурет­теу тапқан бейне болуы да мүмкін. Дегенмен, режиссер мен актер бірлесе отырып рольдің драмалық өсу жолын түзу жағы жетіспейді. Актерге Меңтай роліндегі актриса Ж.Абдукаримова тарапынан аңғарылмай жатқан серіктестік қарым-қатынастың болмауы да себеп. Сахнадан махаббат­ты көксеген жұпты емес, оқиға желісін сырт­тай ойнап жүрген орындаушыларды ғана көрдік.
Әдемі актерлік дуэт­ті Жомартбек пен Зайкүлді сомдаған Ә.Серікбаев пен Т.Аманғалиева ойынынан көрдік. Театр сахнасында роль ойнап пісіп-жетілген, бір-бірінің актерлік мүмкіндігін білетін орындаушыларға мұндай тандемде жұмыс істеу өз жемісін берген. Ә.Серкебаев жеке пайдасын ойлаған Жомартбекті ақылды әрі келер күннің жарқын жас жігіті ретінде кейіптеуімен ұтқан. Жылпос, пысық жігіт өзіне не керек екенін біледі. Бүгінгі күнде біз айналамыздан мұндай адамды көріп жүрміз. Жомартбек пен Зайкүл – әр заманда да кез­десетін бейнелер. Т.Аманғалиева Зайкүлді өзіне не керек екенін білетін қыз ретінде көрсетумен кейіпкерді бүгінгі күнмен байланыстыра түскен. Өмірде Зайкүл сияқты қыздар дегеніне көп жағдайда жеңіл жолмен жететінін бірден түсінуге болады.
Автор өз шығармасында адам бойын­дағы арсыздық деген дүниенің қандай кезеңде де болатыннын және ол айықпас дерт екенін ашып көрсеткен. Өмір жолымызда неше түрлі адамдармен тағдыр тоғыстырып жатады. Бірі – сізге жақсы жағынан әсер етіп, керемет естеліктер сыйласа, екіншісі – ар-ұят­тан безген, ата-анасының еңбегін еш етіп, бабаларымыздан келе жатқан мұрат­ты тәрк еткендер. Мұндай адамдар қоғамның алға жылжуына мұрша бермесі анық. Біз тілге тиек етіп отырған теріс пиғылы бойында басым кейіпкердің бірі – Тұмажан. А.Орынбаев Тұмажанды тірі келгенін олжа көріп, қалауынша өмірдің рахатын көруді көздеген адам ретінде кейіптейді. Дегенмен сахнада бұл бейненің ашылмай қалғаны өкінішті. Бар өткен оқиғаны бос сөзбен баяндап тұрған актерге сахналық әрекет жетпеді. Меңтайды үш күн, үш түн босатпай, гүлдің бар шырынын сорған арадай масат­танған жігіт­ті кейіптеу үшін актерге әлі де іздене түсуі керек. Осы Тұмажан арқылы Ә.Нұршайықов романда қызқұмарлық мәселесін де көтере кетеді. Ол нәпсіқұмар адамды аңшыға теңеп, метафоралық тұрғыда көркем жеткізеді. Осындай қызқұмар, нәпсісіне ерген Тұмажан бір сәт­тік қызықты ғана аңсайды. Көрсеқызарлыққа бой алдырып, тән құмарлығымен өмір сүріп келеді. Құшырлана шегіп тұрған темекіден алған ләззат – оған Меңтайдан көрген рахатымен теңдей. Қыз үшін үлкен трагедия орын алып тұрған жағдай Тұмажанға шегіп тастаған бір темекімен теңесу идеясы сахнада оқылып тұрды. Осы желіні актер әлі де дамыта түссе, кейіпкер бейнесі толығар еді. Біз Ербол мен Тұмажан образдарыннан шынайы махаббат­тың қандай болатынын және жай тән құмарлығының айырмашылығын көрдік.
Ойымызды қорытындылай келе айтарымыз, театр өзінің кассалық қойы­лым әзірлеу мақсатына жеткен. Режиссерлік шешімдер мен актерлік ойында әлі де дамыта түсетін тұстар спектакль ойналған сайын қайнауына жетер деп ойлаймыз. Дегенмен қойылым соңындағы қорытынды монолог ұзақ оқылды. Led-экрандағы видеоролик тоқтап қалғаннан ке­йін мәтін жалғасып жат­ты. Бұл тұстағы видеоны әлі де ұзағырақ көрсетіп, мәтінді сахнадан актерге айт­қызу жайлы ұсыныс айт­қымыз келеді.
Театр репертуарына келіп қосылған жаңа қойылымның ғұмырлы болуына ұжымның бірлесе отырып жұмыс істеуі маңызды. Болашақта спектакль сахналанған сайын көркемдік тұтастыққа жете беретініне сенімдіміз. Спектакльдің басты ойы – махаббат, екі жастың жұп болып қосылғаннан ке­йін лапылдаған отын сөндіріп алмау өте маңызды екенін ұқтыру. Ол үшін жанып тұрған отқа кезек-кезек «ағаш» салып отыру керек. Демек, сіздің сезіміңіз қараусыз қалған гүл сияқты солып қалмауына көңіл бөлген жөн. Сүйіктісін мәпелеу, сәт сайын қуантуға тырысу мен көңілін қалдырмау – махаббат­тың тура алғашқыдай өз күшінде сақталып қалуының кепілі. Махаббат­тарыңыз мәңгі лауласын!

Айжан АХМЕТ,
театртанушы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір