«…ҚАЗАҚТАР ЖАЛҒЫЗ АБАЙДЫ ДА ҚҰРТЫП ТЫНБАСА НЕҒЫЛСЫН…»
27.05.2016
1677
0

Герольд Бельгер 02немесе ГЕРОЛЬД БЕЛЬГЕРДІҢ НАЛАСЫ

Ұлы Абайды әлемдік әдебиет алыптарымен қатар атап, 20 өлеңін қазақ, орыс, неміс – үш тілге аударып, кітап етіп шығарған Герольд Бельгер көзі тірі­сін­де қазақтың сол ұлы перзентін өз қандастарының ғайбат, жала, өсек-аяң, ыбыр-жыбырынан қорғаштап баққаны, сол үшін үнемі налитыны соңында қалған күнделік жазбаларында сайрап жатыр. («Өтеді өмір осылай» атты жинағында да бар). Солардың ішінен (күнделікте) екі күнде не жазғанына назар аударсақ та біраз жайға көз жетердей. Бельгер айтады:


– Мынадай бір ойлардан қашсам да құтылар түрім жоқ. Соңғы мезгілдерде Абайдың аруағына бағышталған екі асқа қатыстым. Екеуінде де адам көп болды (қазақтың мұндайда ақ жүрек бола қалатыны қандай керемет). Құл-Мұхаммед берген бірінші ас берекелі, салдарлы өтті. Бірақ екі аста да зиялыларға жараспайтын уақ-түйек, нәрсіз-дәмсіз көбік сөздер көңіл қажады. Өз басыма бірінші сөз алған абыз ақсақалдар, қаһармандар, жоғары мансап иелері Абайдың кім екенін білер ме екен деген ой келе берді. Өйткені, екі аста да бір айтқанын сан рет қайталап, малтасын езген бір қария, тіпті, Абайды өзі сияқты жаужүрек етіп жіберді, құрдасы не құдасы секілді Әбеке деп те күпінді. Одан басқалар да қалысқан жоқ. Нәтижеде, екі дастархан басында да айтылғанның көбі тағылымды ой-пікір, ғибратты лебіз емес, сүт бетіндегі қаймақтарға сыйымсыз, кісілікке жат, кінәмшіл, өркөкірек кәрі-құртаңдардың көкімесі болды да шықты. Кербез әнші Роза Бағланова не айта қоюы мүмкін еді? Тек бірінші аста Абайды қаншалық түсінетінін Аллам білсін, Бибігүл Төлегенова оның бір-екі әнін тамылжыта шырқап, тәуір ырым жасады демесе!

Екінші аста бір жазушы қағазға жазған мәтінін мұрнынан міңгірлеп әрең оқыса, екінші қасқа жұрттың тыңдаған-тыңдамағанына қарамастан, ұзақ-сонар «лекция» оқыды, келесі мықты – осы құрметтің бәрі бейне соған арнап жасалып жатқандай – өзі жөнінде мылжыңдап тұрып алды.

Әлбетте, қазақтардың жасы үлкенді сыйлайтыны әйбат-ақ. Алайда, сол жасы үлкендер осындай жиындарда ұшы-қиырсыз бәдікнама, жарапазан орнына, парасатты, өнегелі сөз сөйлесе іштері кебе ме? Әйтпесе, қадірлерін кетірмей, тыныш отырса қайтеді? Жастың ұлғаюы даналық нышаны емес. Қазақ айтпайтын ба еді «жақсы адам қартайса қазына, жаман адам қартайса қазымыр» деп. Екі аста да қысқа да нұсқа сөйлеп, жұртты ауыздарына қарата алатын зиялылар аз болған жоқ. Бірақ «игі жақсылар», «көпті көрген көнелер», абыройы асқан ақсақал, көксақал, қаһарман, лауреаттардан кезек артылмаған соң, олар үнсіз қалмай қайтуші еді?! Тоқетерін айтсақ, осындай ізгі ниет, игі мақсат үшін жасалатын толып жатқан бас қосуды интеллектуалдық деңгейі төмен, тәлім-тәрбиелік мәннен жұрдай, сиықсыз, сырдаң, ештеңенің парқын білмейтін пенделер үшін жасалатын ырду-дырду, ысырапшылдық, төгіліп-шашылу, босқа кеткен қайран уақыт демеске әдді жоқ. Сондықтан да Абайдың рухы, бәлкім, екі астың үстінде де қалықтай ұшып келіп айтқан шығар: «Өңшең қырт, бас қаңғырт», – деп.

Сонымен, шарт былай: айтарың болса, жөндеп айт, басың бос қабақ болса, текке сандалма. Қос қолды оңды-солды сермеп, ауа қармап шақшаңдау білгірлік емес. Қыбын тауып өзіңді дәріптеуге үздікпе.

Жалпы, бүгінгі қоғамның интеллектуалдық деңгейі құздан құлдилаған құрдымға ұқсайды. Бізде түнекті жарып шыққандай рухани тұлға жоқ. Мысалы, бір замандардағы Әуезовке ұқсайтын (27.07.04 ж.).

Осынау ойларға саралау жасаудан алдын екінші күнделік жазбамен танысайық. Герекең онда былай дейді:

– «Қазақ әдебиеті» газетінен (№40/06) Лира Қоныстың «Дала мен қала» газетінде (№34/06) «Қарлы­ғашым келдің бе?» деген жазбасы хақында оқыдым («Қ.Ә»-не бәрекелде!). Мұнда автор (Лира Қоныс) шыбын жаны шырқырап: «Мойындайықшы осы, Абайды Абай еткен кім?» – деп безектейді екен. Сөйтеді де: «Өлеңі дейсің бе? Келіспейтін шығармын» деп кергиді екен. (Оның келіскен-келіспегені кімге дәрі). Көкейін тескен қыжыл: «Абайды Абай еткен Құнанбайдың байлығы ғой!» (Пәлі! Бұл Лираның «бай болсам, Абайдан асқан ақын болар ем» дегені ме?).

О, тоба! Енді Абайды осылай тәлкек ету қалып па еді?! Жарайды, (менің түсінігімде) әдебиет босағасынан енді-енді сығалап жүрген, әлі аты да, заты да беймәлім ақылгөйдің Әуезов, Мұқанов, Мүсіреповті қалай «бағалайтынына» көз жұма қарайық, бірақ Абай ше? Бұл не? Абайдың өзі айтпақшы, «атың шықпаса, жер өртенің» кері ме? Ал мен баяғыдан бері қақсап айтып та, жазып та келемін: «Ай, осы қазақтар түптің түбінде жалғыз Абайды да құртып тынбаса неғылсын», – деп.

Мен үш апта ішіде (құрастырып, алғысөзі мен соңғы сөзін жазып, кең-мол түсінік беріп) «Абай» атты шағын кітап дайындадым. Аты: «Абай. Үш тілдегі 20 өлең». Қазір шығар-шықпасы қаржыға тіреліп тұр. Ертісбаевқа хат жаздым. Ақша берер ме екен, әлде, «Құнанбай берсін!» – дер ме екен?!

Апырай! Әдебиетшілеріміз қалай-қалай төменшіктеп, бейшара халге жеткен десейші?! Кәріпжанов дейтін біреу айына 365 мың доллар жалақы алады екен, ал мен, әлдебір неміс, Абайдың өзім әзірлеген кітабын бастыруға 5 мың доллар таппай, пүшәйман хал кешудемін. Осы ма, әділдік?! Қайран, Абай! (10.10.06).

Қош, Бельгер неге налиды? «Ай, осы қазақтар түптің түбінде жалғыз Абайды да құртып тынбаса неғылсын» деуіне не себеп? Ол жағын өзің зерделей бер. Өйткені, Абайдың кітабын күндіз-түні оқып, цитата алатын өзің емес пе? Цитатшыл күзембайлар (Бельгердің сөзі) біреуден естігенін жаза салмай, әуелі кітапқа қарап, дұрыс-бұрысына көз жеткізсе қайтеді? Өйтпейді! Қайта Абай солай деген деп шапылдауға дайын. Оларды «жеңу» мүмкін емес. Өмірбақи жазған (он төрт жыл бұрын қолға алған «Плетенье чепухи» – «Шалдыр-шатпақ» емес) күнделіктерін жиырма жылдан астам уақыт «Парасат» журналында жариялаған шақтардағы әңгіме-сұхбат кезінде Бельгер солай дейтін. Орысша-қазақша мақалаларында да жазды. Маған да «жазбайсыз ба?» дейтін». Содан ба, басқадан ба, бұдан біраз бұрын өзімше тыртаңдап, «Тарт қолыңды, Абайдан!» деген мақала жазып, «қазір тираж аз, біздің оқырмандарымыз бөлек, солар да оқысын» деп уәж айтатын редакторлардың қолдауымен төрт-бес басылымда жарияланды. Бірі – «Жұлдыз». Оқыған әзірде телефон соққан Бельгер «тақырыбы ұрып тұр екен» деп саңқ етті. «Бір өзім қашанғы зарлаймын, маған да серік керек» деп те қойды. «Гереке, басқалар да бар ғой, назарыңызға түспеген шығар» дедім (Ғаббас Қабышев пен Үмбетбай Уайдинді меңзеп). Бірақ…

Одан бері де қаншама айлар, жылдар, қыс пен жаз артта қалып, қаншама су ақса да, селт ету жоқ, қайта, Абайшыл цитатшылар қатары геометриялық прогреспен өсіп, көбейген үстіне көбеюде. Мені қойшы, Бельгердің жанайқайына құлақ асқан пенде болмауы қалай? Жалған десең, дәл қазір (кеше не бүгін шыққан) қазақша кез келген басылымның бірін ал да, қарап жібер. Қандай-қандай ғажаптарды көрер екенсің. Көзің бірден «Өлді деуге бола ма, айтыңдаршыға» түспесе, көк базарға кел. Абай солай деп пе еді? Бәлкім, ұлы ақынның «Өлді деуге сия ма, ойлаңдаршы» дейтінімен шатастырып отырған болар. Тирақсыну тыйылар емес, тыйылмас та. Тым болмаса, бір тармақты дұрыс айтып, дұрыс жазбайтындардан не үміт, не қайыр! Біз де бір тармақтың құйрығынан ұстап, қатып қалған ештеңеміз жоқ. Тек осындай көзжұмбайлық жылдар бойы тоқтамай келе жатқан соң ауызға алып отырмыз. Түк өнбесін білсек те. Бұл бер жағы. Қуырдақтың көкелері толып жатыр. Белгілі тұлғаның белгілі басылымда жарияланған жазбасында Абай «Қарны (?) тоқтық, жұмысы жоқтық» дейді-мыс. Тағы біреуінде «Өлеңмен қара жерге (?) кірер денең», «Сенбе жұртқа тұрса да сені (?) мақтап», тағы біреуінде «Қалың жұртым (?) қазағым, қайран елім (?)» боп кете береді… Себебі, «біледі». Айтарын Абаймен әрлеу мәртебе! Оны да біледі.Тіпті, бір ағайынның осы күні кеше ғана Абайдың «Шыдайды риза болып, жар ісіне, қорлық пен мазағына жан тойса да» дейтін екі жолының соңғысын «қорлық пен мазағына таңылса да» деп жібергені де өте білгендік! Пах!

Бұл жолы («Жұлдызда» жазылғандай) «Тарт қолыңды Абайдан!» демей-ақ қояйық. Абайдан аулақ жүр (дей салайық).

«Өлді деуге бола ма (?), айтыңдаршы (?)…».

Зәкір АСАБАЕВ.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір