Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚР Президенті: Біздің бәрімізді шетелдіктер қазақтар дейді
Кеше Астанада Қазақстан халқы Ассамблеясының «Әділетті Қазақстан: бірлік, тұрақтылық, даму» атты ХХХІІ сессиясы өтті. Оған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып, арнайы сөз сөйледі.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXI сессиясынан бері елімізде түбегейлі өзгерістер болғанын атап өтті. Атап айтқанда, саяси жүйе жүйелі түрде трансформацияланды, мемлекеттік құрылымның жаңа әрі анағұрлым демократиялық үлгісі қалыптасты.
Мемлекет басшысы Тәуелсіздік жылдары елімізде жаңа жалпыұлттық бірегейлік қалыптасқанын айтты. Президенттің пікірінше, біздің көк паспортымыз бен көк байрағымыз – тарихымызбен астасқан және миллиондаған адамның жүрегінен орын алған бірегейлігіміздің нағыз символы.
«Қазақстан паспорты – біздің бірлігіміз бен татулығымызға негіз болған прогрессивті құндылықтардың көрінісі. Өз кезегінде көк байрағымыз – қасиетті тәуелсіздігіміз бен көпғасырлық мемлекеттілігіміздің жарқын белгісі. Туымыз ірі халықаралық спорт жарыстарында және басқа да сондай шараларда жоғары көтерілген сайын біздің бойымызды елімізге деген мақтаныш сезімі кернейді.
Даңқты отандастарымызды – спортшыларымызды, мәдениет қайраткерлерімізді, ғалымдарымыз бен студенттерімізді, кәсіпкерлерімізді шыққан тегіне қарамастан, шетелде үнемі қазақтар деп атайды. Бұл – табиғи құбылыс. Солай болуға тиіс.
Біздің қоғам – ортақ идеалдар мен құндылықтар біріктірген еркін әрі жауапкершілігі мол азаматтардың одағы. Бұл – жалпыұлттық бірегейлігіміздің тағы бір жарқын көрінісі. Сондықтан бүгінде азаматтарымыздың барлығы өздерін үлкен әрі біртұтас қазақ отбасының, шын мәнінде, қазақ ұлтының мүшесі сезінеді», – деді Президент өз сөзінде.
Президент этносаралық татулық пен келісім туралы айта келіп, ұлтаралық қатынас деген қолданыстың қате екенін тұспалдағандай болды. Қазақстанда бір ұлт және өзге этнос өкілдері тұратынын әлеуметтанушылар талай жылдан бері айтып келеді. Көпұлтты деп атаудың саяси тұрғыдан қате екенін, бұл ұғым отанымызды біріктіруге емес, бөлшектеуге негіз болатынын да мамандар жиі көтеріп жүр. «Қазақстандық ұлт» деген жасанды терминді бұрынғы жүйе қанша тықпаласа да, өткізе алмаған еді. Өйткені, қоғам оны қабылдамады. Президент шетелге шыққан кезде отандастарымызды «қазақстандықтар» деп емес, «қазақтар» деп атайтынын айта отырып, ұлттық бірегейлікке мән беру қажеттігін жалпы көпшіліктің назарына салды.
Сонымен қатар, «көпмәдениетті ортаны дамытып, барлық азаматтың мемлекеттік тілді меңгеруі үшін жүйелі қадамдар жасау қажет» дей келіп, Мемлекеттік тілді білу жауапкершілігін әрбір азамат жете сезінуге тиіс екенін баса айтты.