АУҒАНСТАНДАҒЫ ҚАЗАҚТАР ауған болып жүре бере ме?
04.08.2023
169
0

Күні кеше Астанаға Ауғанстанның өнеркәсіп және сауда министрі Нуриддин Азизи бастаған 210 адамнан тұратын бизнес-делегация келді. Делегацияны әуежайда ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин күтіп алды. Тәліп дегенге үрке қарайтын қазақстандықтар үшін бұл жаңалық біртүрлі оғаш көрінгені рас. Содан болар СІМ өкілі сөзін: «Тәліптер терроршы емес, санкция салынған адамдар», – деп бастады. Бұл сөзде Ауғанстанмен қарым-қатынаста Қазақстанның да ұтары бар дегенге саятын астар бар секілді.
Делегация құрамында Ауғанстанның Орталық банкінің басшылары, ірі жеке меншік банктердің, «Да Афганистан Брешна Шеркат» (DABS) энергетикалық компаниясының, «Афган телеком» (AfTel) телекомуникациялық компаниясының және тағы басқа да кәсіп өкілдері бар. 

Негізгі мақсат – бизнес форум мен ауған тауарларының көрмесі екен. Үкімет хабарламасында «2 тамызда Қазақстан және Ауғанстан компанияларының презентациялары, B2B келіссөздері өтеді. 3 тамызда бизнес-форум жұмысын бастайды, ал 4 тамызда елорда тұрғындары мен қонақтарына Ауғанстан тауарларының көрмесі (EXPO, Конгресс-орталық) ашылады. Көрмеде Ауғанстаннан түрлі азық-түлік, мыс ыдыстар, мәрмәр, кілемдер, зергерлік бұйымдар және басқа да көптеген тауарлар көрсетіледі», – деп жазылған.
Айта кету керек, қазір солтүстіктегі көршіміз санкцияның астында қалғанда сауда жолын іздеу, экономикамызды жақсартып алу да дұрыс шығар. Себебі екі ел арасында 2022 жылғы тауар айналымы 987,9 млн АҚШ долларына тең. Бұл дегеніміз – бұрынғы көрсеткіштен екі есе артық деген сөз. Былтырға дейін бұл сома 474,3 млн АҚШ долларын құраған. Бұл қаржының 90 пайызға жуығы қазақстандық экспортқа тиесілі екен. 2023 жылдың мамырына дейін Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы тауар айналымы 316,6 млн АҚШ доллары болды. Оның 310 млн доллары Қазақстандық экспортқа тиесілі болып отыр. Жалпы Қазақстанның Ауғанстанға азық-түлік, мұнай-химия, химия, металлургия, машина жасау саласында 500 млн АҚШ долларынан астам сомаға экспорт жасауға әлеуеті жетеді. Осыдан-ақ Қазақстанның не үшін Ауғанстан билігімен дипломатиялық қатынасын жақсартып, келіссөз жүргізуге тырысып жатқанын бағамдауға болады. Қазір Орталық Азияда Қазақстан Ауғанстанмен осылай ашық қатынасқа барған алғашқы ел. Бұл – біздің мемлекет үшін экспорт жасайтын және біздің экспортқа мұқтаж ел.
Экономикалық қарым-қатынас, елге ақша келгені, халықтың әлеуметтік жағдайы өскені жақсы, әрине. Дегенмен, бұл дипломатиялық, экономикалық қатынасты пайдалана отырып, Ауғанстандағы қазақтардың мәселесін де қарастырғанымыз жөн болар. Себебі, ауғандардың билігіне тәліптер келгелі ол елдегі экономикалық, әлеуметтік жағдайдың нашарлап, зайырлылық тайып бара жатқаны белгілі. Содан бері елге орала алмай қан жылап келген қандастарымыздың жүргенін әлеуметтік желідегі хабарлардан көріп жүрміз. Оларды елге алып келу, кем дегенде Ауғанстандағы диаспораның жағдайын жақсартуды ойластыру керек шығар.
Осыған дейін Қазақстан үкіметі Ауғанстанда 200-дей ғана қазақ бар, өтініш білдірсе, алып кетуге дайынбыз деген еді. Дегенмен, сол жақтан келген немесе Ауғанстанда тұратын қандастарымыздың айтуынша, ол жақтағы қазақтардың саны бұдан әлдеқайда көп. Көбі дерлік өңірлердегі қысымға шыдай алмай ел астанасына қашып барған деседі. «Азаттықтың» зерт­теуіне сүйенсек, Құндыз қаласында 15-ке тарта отбасы бар дейді. Бұның өзі 100-ге тарта адам екенін айтты Ауғанстан қазағы Құдіретолла Тұрап. Сондай-ақ қалаға жақын ауылдарда тағы 5 отбасы бар екенін де мәлімдеді.
Бұл бір ғана қала, ал Ауғанстан қазақтары бұдан бөлек Тахар, Мазари-Шариф, Бағлан өңірлері және ел астанасы Кабулде де бар. Тәліптер билікке келгенде Тахардан Кабулге 11 отбасы көшіп келді. Мазари-Шарифте және жақын маңдағы ауылдарда 15-тей отбасы бар екені де белгілі болды. «Азаттықтың» зерттеуіне сүйенсек, Ауғанстанда 40-қа жуық қазақ отбасы бар екен. Ол жақтағы қазақ отбасыларының дені көп балалы екенін ескерсек, әр қайсысында кемі 7 адамнан деп санауға болады.
Бұл Ауғанстандағы қазақтың бір бөлігі. Бүгінде санымыз 20 млн-ға енді жетті. Мемлекеттік тілді 30 жылда тұғырына қондыра алмай келеміз. Солтүстіктегі жағдай, әлемдік геосаяси ахуал да төніп тұр. Елді қазақыландыру үшін сондағы қазақтарды алып келу үшін де Ауғанстан билігімен келіссөз жүргізгеніміз абзал.
Олардың дені сауатсыз, елге сіңісе алмайды деген пікірге, бүгінде Данияда тұрып жатқан Акбар Аюбидің «Abai.kz» сайтына берген сұхбатында былай деп жауап береді:
«Мен өзім тарихшы емеспін, сондықтан Қазақстанның мықты тарихшылары осы мәселені қолға алса деген тілегім бар. Мемлекеттен көңіл бөлінсе, Ауғанстан қазақтарына қазақ тілін үйретіп, тарихын оқытатын мұғалімдер тағайындалса құба-құп болар еді. Көз алдымызда тарихи деректер тұр, соны зерттеп, Ауғанстандағы қандастарымыздың нақты саны айқындалуы керек деп ойлаймын. Қазақстан бұдан жапа шекпейді. Себебі, мұндағы қазақтар өзгеше бір құрылымы бар кішкентай мемлекет секілді күн кешіп жатыр. 30-40 шақты шоғырлана орналасқан қазақ ауылдарының  ішінде дәрігері де, мұғалімі де, инженері де бар, сауатты мамандар жетерлік. Өздері егіншілік аумақта қоныстанған. Егінмен айналысатын, жер жайын білетін жандар. Қазақстанның жері кең ғой. Бұл кісілерге техника мен жер берсең, бәрін істейді. Олар – қырық жыл соғыста күн кешкен, өмірдің ыстығы мен суығына әбден шыныққан, қандай жағдайда да өмір сүре алатын еңбекқор жандар. Олар «Тұлға дағдарысын (Identity crisis)» бастан кешіп жүрген адамдар. «Мен кіммін?» деген сұраққа жауап іздеп, түп-тамырын білгісі келеді. Сондықтан оларға көмектесу керек. Мемлекет ретінде Қазақстан қол созуы қажет деп ойлаймын».
Бізге қазір осы бір оңтайлы сәтті пайдаланып, қандастардың да жағдайын жақсартып қалу керек. Біздің көкейіміздегі мәселе осы ғана. Қандастарды елге шақыру, қоныстандыру – болашақта сепаратистердің алдын алудың ең оңтайлы әдісі деп ойлаймыз. Әйтпеген күнде Ауғанстандағы қазақтар ауған болып кетері анық.

А. ӘБИТҰЛЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір