Ақын рухына құрмет
25.02.2025
65
0

Қазақтың аяулы ақыны, жырдың жібектей есілген нәзік те сыршыл өкілі Тұманбай Молдағалиевтің туғанына 90 жыл толуына орай бірқатар игі шаралар қолға алынуда. Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма төрағасы Мереке Құлкенов ақынның жары Күлтай Молдағалие­ва мен ұлы Дәурен Молдағалиевті қабылдап, келелі кездесу өткізді. Басқосуда ақын мұрасын дәріптеу, оның шығармашылығын кеңінен насихаттау және есімін мәңгілікке қалдыру бағытында атқарылар жұмыстар талқыланды. 

– Тұманбай жыры – жүректерді әлдилеген сырлы әуен, мөлдір сағыныштың, шынайы сүйіспеншіліктің үні. Оның әр өлеңі — оқырманның ішкі сезім пернелерін дөп басатын сырлы саз. Ақынның сөзіне жазылған әндер ел жадында жат­талған рухани қазынаға айналды. Осы мұраны келер ұрпаққа жеткізу мақсатында мерейтой аясында ауқымды іс-шараларды ұйымдастыру біздің міндетіміз, – деді Мереке Құлкенов.
Мерейтой аясында ақын шығармашылығына арналған ән-жыр кештерін өткізу, республикалық деңгейдегі ғылыми конференция ұйымдастыру, газет-журналдар мен әлеуметтік желілерде Күлтай Молдағалиевамен сұхбат өткізу, ақынның «Студент дәптері» кітабын қайтадан басып шығару, Алматыда ескерткіш орнатуға ықпал ету туралы кеңінен әңгіме қозғалды. Сонымен Тұманбай Молдағалиевтің кешін Алматыдағы Республика сарайында өткізу туралы да ойлар айтылды. Кездесу соңында Күлтай апаға камзол кигізіп, иығына орамал жауып, құрмет көрсетілді.

Қазақстан Жазушылар одағының
баспасөз қызметі

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір