Қайран, Кеңаға! (Кеңшілік Мырзабеков рухына)
27.03.2023
303
0

Оқысам сені, алады тосын хал билеп,
Құнарлы тілің санамда сансыз салды ирек.
Жұпар жырыңды оқыған сайын тұрғандай,
Тірі табиғатты жұмақтың төрі әлдилеп.
Сен сөзден кесте тіккенде бір сәт тесіліп,
Алдыңнан шығар жайлаудың көркі көсіліп.
Ойнатып ойды, әрі мен нәрін келтіріп,
Сен жазған Торғай жатады ағып, есіліп.
Қазақ өлеңі жауһар жырлардан кенде еді,
Осындай ойлар кей кезде мені меңдеді.
Қазақы болмыс, қазақы рухқа жарыған,
Айшықты өлең лапылдап тұрған сенде еді.
Оқыған сайын сезімдер билеп алып ұш,
Бір ерекше уілге толып, жылыйды іш.
Інің болған соң соңыңа ерген азды-кем,
Басылмай жүр ғой өзіңе деген сағыныш.
Сөзбен сурет салу ғой сенің мұратың,
Оныңды халқың қапысыз танып ұғатын.
Сен жазған жырдың кез келген жалқы жолынан,
Дилы даланың жусаны аңқып тұратын.
Жазған соң ойды оюлап сөзбен шілтерлеп,
Айта алмас ешкім «жырларың солғын,
бір кем» деп.
Жұмырлап жазған әрбір жолыңды сан оқып,
Таба алмай жүрміз өлеңдеріңнен бір кемдік.
Біз жазған жырдан шыға береді кем-кетік,
Қазақы өлеңнің сәні болмай тұр сен кетіп.
Жұпар жырыңмен туған жеріңде жатсың сен,
Тосын құмының талшық сәулесін тербетіп.
Бозбала шақтан серік болған соң өлеңмен,
Өндірте жаздың өлмес туынды өреңнен.
Жырыңның жәудір бояуы қанық, соны өрнек,
Тұнығы ойдың шымырлап шыққан тереңнен.
Өлеңің сенің сахара самал бір ескен,
Жандармыз біздер сәт сапар ғана тілескен.
Тіліңмен бұлбұл ортасын ойған дүлдүл ең,
Қазақ жырының керуен көшіне ілескен.
Есімің әйгі, шығармаң көпке тарайды,
Жоқтығың бірақ ішімді өрт боп жалайды.
Тұңғыш кітабың «Іңкәр дүние» шыққанда,
Өлеңің «Анар» тамсантты талай-талайды.
Бақытты жансың осындай өлең сыйлаған,
Бір-ақ өлеңмен еліңе болдың сыйлы адам.
Әттең, не керек, қинала жүріп жаздың-ау,
Кеңестік кезде басыңа ноқта сыймаған.
Жазғаның өлең — қайыстан таспа тілгенің,
Салмақты басы тиетін саған жүлденің.
Кетер ме естен Жарасқандармен жарасып,
Қолтықтасып ап Жұмекендермен жүргенің?!
Ақшығанақтың жағалап жүріп жағасын,
Сөздердің сиқыр сан алуан түрін табасың.
Сезімді баурап, тербеген жанды жырдан соң,
Оқылады өлең дегенге сеніп нанасың.
Орының айқын қазақ жырының көшінде,
Тыныстап жатсың Тосын құмының төсінде.
Жырларың аман, әз елің сау боп тұрғанда,
Жүресің мәңгі халқыңның туған есінде.

Қанеш ҚАНАФИН
Арқалық қаласы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір