МҰСТАФА ШОҚАЙ РУХЫНА АРНАЛДЫ
28.11.2023
164
0

17 қараша күні Қызылорда қаласында «Мұстафа Шоқайдың мемлекетшілдік мұраты: тарихи тағылым мен сабақтастық» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті.

 

Қызылорда облысының әкімдігі мен Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті, «Мұстафа Шоқай» ғылыми орталығы ұйымдастырған халықаралық конференцияға жоғары оқу орындарының оқытушы-профессор ғалымдары, ғылыми қызметкерлер, студенттер, мектеп мұғалімдері мен оқушылар қатысты.
Қызылорда облыстық мәслихатының төрағасы Наурызбай Байқадамов конференцияны ашып, қатысушыларды құттықтап, сәттілік тіледі.
Конференция төрт бағытта қамтылды:
1. Мұстафа Шоқай феномені және Түркі халықтарының бірлігі идеясының өміршеңдігі;
2. Мұстафа Шоқайдың мемлекетшілдік мұраты және идеялық сабақтастық;
3. Мұстафа Шоқай мұралары отандық және шетелдік зерттеулерде;
4. Мұстафа Шоқай мұралары – ұлт руханиятының қайнар көздері;
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма төрағасының орынбасары, ақын Қасымхан Бегманов «Наршоқы – тарихи мекен, Мұстафа Шоқай жолының бастауы немесе «Шерлі Түркі­стан» дастанының тууы» тақырыбында баяндама жасап, соңынан «Мұстафа Шоқайдың кіндік қаны тамған Наршоқыға екінші рет келген сапарымда көңілім толқып, жаңа жыр жаздым», – деген ақын жаңа шыққан өлеңі мен «Шерлі Түркістан» дастанынан үзінді оқыды.
Конференцияда ҚР ҰҒА академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мәмбет Қойгелдиев, сая­си ғылымдар докторы, профессор Әбдіжәлел Бәкір, Стамбулдағы Мимар Синан университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Әбдіуахап Қара, Түркия елінен келген профессор-ғалымдар Веджихи Сефа Фуат Хелимоғлы мен Хулия Касапоғлы Ченгел және Өзбекстан Республикасы Ғылым академиясының бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы, профессор Раджабов Қаһромон Мұстафа Шоқайдың еңбегі мен болашақ ұрпаққа аманаты, бүгінгі түркі халықтарының бірлігі туралы мағынасы терең, мәнді баяндамалар жасады.


Конференция соңында шоқайтанушы-ғалым Әбдіуахап Қараның «Кеңес одағының түркі әлемі саясаты. Мұстафа Шоқай» атты кітабының тұсауы кесілді. Осы жиында Қ.Бегманов, М.Қойгелді, Ә.Бәкір, Ә.Қара, Г.Заирова секілді шоқайтанушылар «Қорқыт Ата» атындағы алтын медальмен марапатталды.

Өз тілшіміз

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір