Таулардың жүрегі И.Гутгашенскийдің рухына
18.09.2023
2005
0

Дүниеге келгеніне биыл 115 жыл толып отырған Мір Жәлел Әлиоғлы Пашаев (1908-1978) – әзербайжан әдебиетінің классик жазушысы, әдебиет сыншысы, филология ғылымдарының докторы, профессор. Бірнеше романның, көптеген әңгімелердің авторы.
1930 жылы Қазан қаласындағы Шығыс педагогикалық институтының әдебиет бөлімін бітіріп, Бакудегі Әзербайжан мемлекеттік ғылыми-зерттеу институтының аспирантурасына түседі. 1933 жылдан бастап өмірінің соңына дейін Әзербайжан мемлекеттік университетінің кафедра меңгерушісі, профессоры болған.
Жазушының «Қайта тірілген адам», «Жас жігіттің манифесі», «Ашық қалған кітап» сияқты романдары мен бірнеше әңгіме жинағы ХХ ғасырдағы әзербайжан прозасының озық үлгілеріне жатады.
22 қыркүйекте Бакудегі Әзербайжан ұлт­тық кітапханасында қазақтың қабырғалы қаламгері Кемел Тоқаевтың 100 жылдығы мен әзербайжан халқының біртуар перзенті Мір Жәлел Пашаевтың 115 жылдығына арналған конференция өтеді. Екі елдің мәдени-рухани ынтымақтастығы үшін аса маңызды іс-шара қарсаңында әзербайжан әдебиетінің классигі Мір Жәлел Пашаевтың «Таулардың жүрегі» атты әңгімесін белгілі қаламгер Нұрғали Ораздың тәржімасымен оқырман назарына ұсынып отырмыз.

Нуханың ар жағынан Үлкен Кавказ тауларының оңтүстіктегі сілемдері көрініп тұрады. Биікке көтерілген сайын алуан түрлі өсімдіктер байлығын көресіз. Көкорай шалғынды жайылымдар қалың бұталы алқапқа ұласып, ар жағы орман болып созыла береді. Күн шуағына шомылған берік қамал іспетті алып шыршалардың хош иісі сіңіп қалған таудың саф таза ауасы сарайыңды ашады.
Осы аймақтағы бұталар мен ағаштардың арасындағы тар соқпақпен жүріп келе жатқанда құлағыңа бір таныс әуен жетеді. Еріксіз басыңды көтеріп, қалың бұтақтардың ішінде жасырынып отырған әнші құсты іздей бастайсың. Жо-жоқ, ол құс емес! Жақсылап құлақ салсаң, бұта-бұтаның арасымен сылдырап ағып жатқан бұлақтың әуені екенін аңдайсың. О-о, мұндай бұлақтардың суы қандай таза, тұп-тұнық, мөп-мөлдір! Бұл жақта өзінің бұлақтарымен атағы шыққан ауылдар көп-ақ. Жергілікті шаруалар күнұзаққа созылған жұмыстан кейін отбасымен осы бұлақтардың жанына барып, қоңырсалқын жерде демалып, өздерінің сүйікті кәуаптарын отқа қақтап жеп, рақаттанып қайтқанды жақсы көреді.
Тау баурайында Гутгашен деп аталатын үлкен ауыл бар. Айналасы ұзын-шұбақ орман; онда үйеңкі тоғайлары мен жаңғақ ағаштары көп кездеседі. Күн сәулесін ұнататын жүзім бұталары ағаштардың діңіне оратылып, ұшар басына дейін биіктеп барады да, тәп-тәтті жемісін күн шуа­ғына тосады. Сөйтіп, балдай шырын жүзім шақтары жолаушылардың көзін қызықтырып, «ал, кел», «тойғаныңша же» деп тұрғандай болады. Бірақ оларға жету қайда-а! Тау бөктерінде өскен нағыз епті, жүзімге құмар жігіттер болмаса, екінің бірі он-он бес метр биіктегі жүзім шақтарына өрмелеп бара алмайды. Сондықтан да уылжып піскен жүзім күздің соңына дейін тұрады да, суық сорып, солып қалады, иә болмаса құстар шоқып тауысады.
Сіздерге бүгін осы жердің байырғы тұрғыны, ара бағып, бал жинайтын омарташы танысымнан естіген бір әңгімені баяндап бергім келіп отыр.
Бұл оқиға аталмыш өңірде, өткен ғасырдың орта тұсында болып өткен екен. Ол кезде ер жүрек имам Шәмілдің жасақтары орыс әскерімен қиян-кескі ұрыс жүргізіп жатқан-тұғын. Таудағы ауылдар жиі-жиі шайқас алаңына айналып, біресе таулықтардың, біресе орыстардың қолына өтіп тұрды. Әрине, бұл соғыстың зардабын бәрінен де бұрын жергілікті тұрғындар көп тартты.
Бірде, күзгі таңның елең-алаңында осындағы бір әйел әдеттегі атыс- шабыстардан бас сауғалап, бірте- бірте алыстап бара жатқан ат дүбіріне құлағын тігіп отырғанда кенет, өз үйінің шатырынан бөтен бір дыбысты естіді… деуге де келіңкіремейді, анығырақ айтқанда сезді десек болатын шығар.
Содан оның үрейі ұшты. Алғашында айғай салып, айналасындағы кісілерді көмекке шақырмақ болды да, артынша өзін-өзі қолға алып, не де болса, әуелі өзім байқап көрейі­н­ші, шынымен-ақ шатырда біреу жүр ме екен, әлде менің көзіме бірдеңе елестеді ме деп, тәуекелге бел буды.
Сөйтті де, аулаға шығып, ақырындап ағаш сатымен жоғары көтерілді. Жұқа кіреміт кірпішпен жабылған шатырдың ішіне үңіліп қарағаны сол екен, екі көзі бақыра­йып кетті. Өйткені шатырда бір орыс сарбазы жасырынып жатыр екен. Ол оның солдат екенін, не офицер екенін ажырата алмады. Бірақ әлі жап-жас, ақ сары өңді, жақсы қаруланған азамат екенін білді. Әлгі орыс сұқ саусағын ерніне апарып, шу шығарма, үндеме дегендей белгі жасады… Сөйтті де, қолын кеудесіне апарып, бір шоқынып алды.
Үй иесі енді не істерін білмей, төменге түсті. Ауылдастарын тезірек хабарландырып, еркек кіндіктілердің жау сарбазын ұстап, байлап-матап әкеткенін қалады. Бірақ неге екені, өз-өзінен кідіріп, сатының жанында ойланып тұрып қалды. Тұла бойын қорқыныш билеп алған. Әлгі кәпір бұны кез келген уақытта атып тастауы да мүмкін ғой.
Уақыт өте берді. Шатырдағы орыс тым-тырыс. Қыбыр етпейді. «Е-е, бұл жаңағы атыс кезінде өз тобынан бөлініп қалып, енді лезгиндерден жасырынып жатқан байғұс екен ғой» деп ойлады әйел.
Жағдай шынында да солай еді: орыстар атысып, ауылдан қашып бара жатқанда ол үлгере алмай, шатырға жасырынып, түн қараңғылығы түсуін күтіп жатқан-ды.
Енді көзге түсіп қалғандықтан, беліндегі пистолетін суырып алып, бетпе-бет ұрысқа дайындала бастады. Жаңағы әйел сөз жоқ таулықтарға хабарлайды. Содан кейін тірі қалуы неғайбыл. Ендеше, нағыз ерлерше шайқасып, бұл да жауларын жер жастандырып кетпек…
Бірақ әйел әзірге ешқандай бөтен әрекет жасаған жоқ. Орыс та істің артын бағуда. Осылайша жарты сағат, бәлкім, одан да көп уақыт өткен болар.
Ақыры әйел шыдай алмай шатырға тағы бір үңіліп көруді ұйғарды. Орыс оған қолымен белгі беріп, шөлдедім, су әкеліп беріңізші дегенді ыммен көрсетті. «Байғұс-ай, – деп ойлады әйел. –Таңдайы кеуіп-ақ қалған екен ғой…» Оның көңіліндегі қорқынышты енді мейірім жеңді. Сөйтті де, үйден бір құмыра су әкеліп берді. Орыс болса суды қылқылдатып ұзақ ішіп, құмыраны бір-ақ босатты. Содан соң терең демалып, әйелге басын изеп, рақмет айтты. Әйел енді оған үйінен бір жапырақ нан әкеліп ұсынды. Ол жымиып нанды қолына алды да, жей бастады. Сосын қолымен ымдап, бірнәрсе айтқандай болды. Әйел оның тілін түсінген жоқ, бірақ мына жерден қалай шығып кетуге болатынын сұрап тұрғанын білді. Сөйтті де, бұл да қолымен ымдап жауап қатып, «Жақсы, жақсы…» деді.
Түн ортасынан ауып, ауылдағылар қалың ұйқыға кіріскен шақта шақырусыз келген «қонақ» кездейсоқ біреу-міреудің көзіне түсіп қалмауы үшін күйеуінің ескі тонын беріп, ауыл шетіне дейін ертіп барып, төмендегі жазыққа апаратын тар соқпақты нұсқап:
– Міне, осы жолмен орман арқылы барасың, – деді өз тілінде.
Ал орыс жігіті:
– Спасибо, мамаша! –деп басын шұлғыды.
Сонан соң лезде қара түнекке сіңіп көрінбей кетті.
Ауыл әйелдерінің көпшілігі сөз­шең болады емес пе. Бірақ ол аузына өте берік еді. Сондықтан да бұл оқиға туралы ешкімге тіс жарып айтқан жоқ.
Арада алты жыл, бәлкім, он жыл өткен болар – нақтысы есімде жоқ. Таудағы соғыс аяқталды. Имам Шәміл қолға түсіп, соңынан ерген жасақтары жан-жаққа тарап кетті.
Күндердің бір күні әлгі үйдің алдына бір салт атты генерал келіп тоқтады. Үйден басына папаха киген кісі шықты да, генералмен сәлемдесіп:
– Иә, не бұйырасыз? – деді.
– Мына үйдің қожайынымен кездессем деп ем.
– Мен – қожайынмын. Есімім Мұрсал Намбоген. Мәрхамат, үйге кіріңіз, қонақ боласыз.
– Тоқтай тұр, – деді генерал. –Бұл үйде бұрын бір егде жастағы әйел кісі тұрушы еді ғой.
– Егде жастағы дейсіз бе?
– Иә. Осыдан он жыл бұрын.
– Ол менің анам болатын.
– Онда сол кісіні шақыра қойшы.
Қой жүнінен жасалған папаха киген үй қожайыны басын шайқады.
– Ол кісі қайтыс болған, мырза… Сіз оны қайдан танисыз?
Генерал атынан қарғып түсті. Басындағы фуражкасын шешіп, біраз уақыт есік алдында үнсіз тұрды.
– Мұрсал, – деді содан соң. – Сен апаңның маған үлкен жақсылық жасағанын білесің бе?
– Жоқ, мырза, білмеймін.
– Ол кісі өте жақсы адам еді, топырағы торқа болсын… Сен үлкен баласысың ба?
– Жоқ, кенжесімін.
– Сенің анаң мені ажалдан аман алып қалған. Мүмкін болса, мені сол кісінің қабіріне апаршы.
Мұрсал арбаға ат жекті. Генерал өзінің жорғасын бастырмаға байлап, жаңа орылған хош иісті шөп төселген арбаға отырды. Тау бөктеріндегі зиратқа келген соң Мұрсал оған кішірек құлпытас қойылған қабірді көрсетті. Генерал тағы да бас киімін шешіп, қолын кеудесіне апарып шоқынды да, біраз үнсіз тұрды.
Бұл кезде ауылға генерал келді деген хабар үй-үйді аралап, ауыл тұрғындары зиратқа қарай ағылып жатқан еді. Енді міне, бәрі Мұрсал мен оның қонағының жанына жиналып, қызықтап қарап тұр.
Генерал оларды көзімен бір шолып өтіп:
– Мен Мұрсалдың анасына өмір бақи қарыздармын. Ол кісі мені өз үйінің шатырына жасырып, ажалдан арашалап қалды. Мен енді, қолымнан келгенінше жақсылыққа жақсылық жасамақпын. Сіздер мені түсініп тұрсыздар ма, тау перзенттері? – деді.
– Иә, Алла жар болсын са­ған, – деп жауап қатты олар.
– Түсінбейтін несі бар?!
– Ауылдың басшысы кім? – деп сұрады генерал. Жиналған кісілердің арасынан үстіне ұзын шапан киген бір қарт кісі шықты. Генерал оған қолын созып амандасып:
– Қария, сіздің маған айтатын өтінішіңіз бар ма? – деді.
Ауыл басшысы бір қадам кейін шегініп, қолымен ауыл тұрғындарын көрсетіп:
– Құрметті мейман, – деді. – Бұл жұрт ауылымызға су тартылса екен дейді. Өйткені бізге келіп жатқан су жоқ. Оны сонау таудағы қайнардан құмырамен тасимыз.
Генералдың есіне баяғы өзі ішкен салқын су оралды.
– Мен өлім сағатын күтіп жатқанымда ол кісі су әкеліп беріп еді, – деді генерал. – Оны ешқашан да ұмытпаймын…
Сөйтті де, қалтасынан кішкентай кітапшасын шығарып, бұл мәселені қағазға түртіп алды.
– Тағы да қандай өтініштеріңіз бар? Айтыңыз, қария.
– Болды, осы ғана. Егер ауылға су тартқызып берсеңіз, біз сізді өмір бақи дұғамызға қосып, тілеуіңізді тілеп жүретін боламыз.
– Жақсы, – деді генерал. – Енді менің сіздерге бір өтінішім бар.
– Айтыңыз!
– Сіздердің ауылдарыңызда балаларды оқытатын мектеп бар ма?
– Мектеп дейсіз бе? Оның қажеті қанша? Біздің балаларымыз мал бағады, аңға шығады, орманнан ағаш кесуге барады. Ешқайсысы оқымайды.
– Ендеше, былай, – деді генерал. –Маған бір баланы беріңіздер. Мен оны қалаға апарып оқытамын. Сонсоң ол осында қайтып келіп, сіздердің тілектеріңізге сай қызмет жасайтын болады. Бұған не айтасыз, қария?
Қарт біраз ойланып, үнсіз тұрып қалды. Содан кейін ауылдастарына қарап:
– Біз бұл қонаққа не деп жауап береміз? – деді. – Жақсы ниетпен айтып тұр ғой. Біздің бір баламызды қалада оқытып, ғалым етіп шығармақ. Кімді берсек екен?
Топтанып тұрған кісілердің үстінен толқын жүгіріп өткендей болды.
– Ешкім де баласын бермейді! – деген айқай естілді.
– Оған айт, біз өз баламызды бөтен жаққа жібермейміз!
– Ауылға су тартқызып берсе болды, сонысына мың да бір рақмет!
– Балаларымызға оқудың түкке керегі жоқ. Орыстың оқуын оқығанша, Құран жаттасын!
– Ей, не болса соны айта бермесеңші! – деді біреу оны жақтырмай.
Ауыл басшысы генералға бұл өтінішіңізді орындау қиын екен деп айтуға оқтала берді де, басына тағы да бір ой келіп:
– Мені тыңдаңыздар! – деді ауыл тұрғындарына қарап. – Мүмкін өз баламызды жіберу міндетті емес шығар. Жетім балалардың біреуін қосып жіберейік. Бұ кісі, қаласа, соған жақсылық жасап, бағып-қағып, оқыта берсін!
– Марқұм Ғамзаттың немересі бар! – деп айқайлады біреу топ ішінен.
– Ол бармайды, – деп жауап қатты бір кісі.
– Ал Сәлімнің баласы ше? Әкесі баяғыда өліп қалды ғой.
– Шешесі жібермейді оны.
– Біздің ауылдан табылмаса, мына көрші отырған Баралыда бір бала бар. Ешкімі жоқ тұлдыр жетім! Басында ойығы бар.
– А-а, Ысмайыл тазды айтасың ба?
– Е-е, ол таз баланы қайтуші еді?! Алмайды.
– Иә, сол… доқтырдан доқтырға тасқылап жүреді дейсің! Оған дені сау бала керек.
– Ештеңе етпейді! Моншаға апарып жуындырса болды; сап-сау, тап-таза бала болып шыға келеді.
– Дұрыс айтасың! Таз баланы жіберіңдер. Өзімен бірге алып барып, солдат етіп тәрбиелесін.
Айтыса, тартыса келе бәрі осыған тоқтады. Көрші ауылдан басы таз баланы зәр-иманын ұшырып алып келді. Ертеңіне генерал оны атының артына мінгестіріп қалаға әкетті.
Мұрсал бастаған бір топ кісі біразға шейін олардың соңынан қарап тұрды. Олар үсті-басы кірқожалақ жетім баланың генералға не қажеті бар екенін түсіне алмай дал болды.
Арада тағы да он жыл сырғып өте шықты. Құдай бір сәтін салған күні сол баяғы ауылдағы үйдің алдына әскери киім киген салт атты бір жігіт келіп тоқтады. Атынан секіріп түсіп, үй иесін дауыстап шақырды.
Сыртқа Мұрсал шықты. Бұл кезде ол қартайып, иығынан ақ буркасын тастамайтын болған.
– Амансыз ба, Мұрсал аға! Мені танымай тұрсыз ба?
Өзінің ана тілінде сөйлеп тұрған жас жігітке Мұрсал көзін тігіп, таңдана қарады. «Шамасы, орыс емес-ау, – деп ойлады. – Бірақ мынандай киім киген лезгин жігітін көрген емеспін…»
– Айып етпе, балам, түрің таныс сияқты, бірақ кім екеніңді біле алмай тұрмын. Көзім де бұл күнде нашар көреді. Сонымен, кім болдың?..
– Е-е, Мұрсал аға, баяғы таз бала Ысмайылды қалайша танымадыңыз?
Мұны естігенде Мұрсал тұрған орнында сілейіп қатты да қалды.
– Пай, пай, Алланың атымен ант етейін, – деп ернін әрең жыбырлатты. – Сен шынымен-ақ сол Ысмайылсың ба?
– Енді кім деп едіңіз? – деді ол езу тартып. – Сонда маған мынау жүйрік ат пен әскери киім жараспай тұр дегеніңіз бе? Заман өзгерді ғой, Мұрсал аға! Баяғы ауылға келген қонақ есіңізде ме? Ол маған әке орнына әке болды емес пе?
– Ол кісі қазір қайда?
– Варшавадағы әскери мектепті басқарады. Маған бір айға демалыс беріп, туған жеріңе барып, туысқандарыңды көріп қайт деп жіберді.
– Олай болса, қош келдің, балам! Атыңды ішке кіргізіп байла. Қонақ боласың…
– Иә, айтпақшы, тағы да қандай шаруамен келгенімді айтайын. Баяғыдағы өзім сияқты үйсіз-күйсіз жүрген жетім балаларды алып кетпекпін. Оларды қалаға оқуға апарамын. Ондай балалар бар ма бұл ауылда?
– Оқуға ма? – деп қайталап сұрады Мұрсал. – Әттең қартайып қалдым, әйтпесе мені де ала кет дейтін едім. Оқу дегенің жаман нәрсе болмады-ау, сірә…
«Ысмайыл таз генерал болыпты!» деген хабар ауылға тез тарады. Бұл жаңалыққа сенер-сенбесін білмеген жұртшылық тайлы-таяғымен қалмай шұбырып, мұсылман үмбетінен шыққан генералды көру үшін Мұрсалдың үйіне қарай асықты. Ысмайыл­ды жақсы танитындар өз көздеріне өздері сенбеді. Үстіндегі мундирін қолымен сипап көріп, бастарын шайқап таңғалып:
– Мұндай дәрежеге қалай жеттің, Ысмайыл? Сені генералдың өзі оқытты ма, әлде басқа біреулер ме? – деп сұрап жатты.
– Ол кісі мені әскери мектепке берді, – деді Ысмайыл күлімсіреп. – Онда көп балалар оқиды. Мен де солармен бірге оқыдым.
– Ал біздің балаларымызды ол мектепке ала ма?
– Неге алмасын, алады.
– Оларға шошқа етін жеңдер, арақ-шарап ішіңдер деп қыстамай ма?
– О не дегеніңіз? Жегісі келсе, жесін, жегісі келмесе, қойсын. Оларды ешкім қыстамайды. Ең бастысы, әскери оқуды игеріп, лайықты қызмет етсе болды. Басқасы маңызды емес.
Ауылдастар баяғы таз баланы сөйтіп «генерал Ысмайыл» деп атап кетті. Алайда ондай дәрежеге жету үшін оған әлі біраз жыл бар еді. Кейі­нірек Ысмайыл өзінің туып-өскен ауылы, өз басынан кешкен тағдыры, бай мен кедей арасындағы теңсіздік туралы кітап жазыпты, күндердің бір күнінде ол кітап өз тілімізде жарық көреді екен деген хабар тарап кетті.
– О-о, біздің Ысмайылдың кітабы өте қызық болатын шығар, – деп тамсанды ауылдастары.
– Еһ, хат танитындай сауатым болса, сол кітапты рақаттанып отырып оқыр едім-ау!
– Ондай бақ кез келген адамға бұйырмайды емес пе!

Мір Жәлел Пашаев
1961 жыл.
Қазақ тіліне тәржімалаған –
Нұрғали Ораз

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір