Әдеби мұра артқан керуен алматыға жетті
17.06.2025
58
0

Алатау баурайындағы әсем шаһарға Түркістан төрінен жеткен «Мархабат Байғұт тағылымы: Арайлы Алматыға шырайлы Шымқаладан» атты әдеби керуен елге танымал қаламгерлердің, ғалымдар мен зиялы қауым өкілдерінің, оқырман қауымның басын қосты.

Сәрсенбі күні Ұлттық кітапханада Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма төрағасының орынбасары, ақын Қасымхан Бегмановтың жетекшілігімен өткен әдеби керуен қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, Құрмет, Парасат, Барыс ордендерінің, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, классик жазушы Мархабат Байғұттың 80 жылдығына арналды.
Қазақстан Жазушылар одағының, Ұлттық кітапхана мен әл-Фараби атындағы Шымкент қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасының ұйымдастыруымен өткен тағылымды шараның ашылуында сөз алған Шымшаһардың Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы Бауыржан Орынтаев қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің сәлемін жеткізді, Ұлттық кітапхананың директоры Ғазиза Құдайберген өзіндік жазу машығы бар сыршыл қаламгердің тұрақты оқырмандары уақыт өткен сайын көбейе беретініне сенім білдірді.
Жиын барысында Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстанның Халық жазушысы Бексұлтан Нұржеке-ұлы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ТҮРКСОЙ Жазушылар одағының төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, филология ғылымдарының докторы, академик Қансейіт Әбдезұлы, белгілі ғалым Дандай Ысқақұлы, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, академик Бауыржан Жақып, ақиық ақын, баспагер Темірғали Көпбай, Қазақстанның Құрметті жазушысы, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы Жүсіпбек Қорғасбек, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты, журналист Ғалымжан Елшібай, журналист-жазушы Нұрлытай Үркімбаева, ақын, филология ғылымдарының кандидаты, әл-Фараби атындағы Шымкент қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасының директоры Анар Жаппарқұловалар аймақта жүріп-ақ халықаралық деңгейде танылған бірден-бір жазушы Мархабат Байғұт мұрасының әдеби кеңістіктегі орны, кісілік келбеті жайлы ойларын ортаға салып, көрнекті қаламгер шығармашылығы ғылыми айналымға ене бастағанын атап өтті. Биыл еліміздің ақпарат айдынына шыққан «Мархабат» журналы жазушы мұрасын насихаттау жолындағы үлкен істің бірі болғаны айтылды. Жазушының жары Қыздаркүл апа мен қызы Ақлима Мархабат өз естеліктерімен бөлісті.
Шара аясында жазушының шығармашылық жолына арналған бейнебаян көрсетіліп, оқырман назарына кең көлемді кітап көрмесі ұсынылды. Ө.Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті жанындағы «Алқа» әдеби бірлестігі мүшелерінің әдеби композициясы орындалды.
Айта кетейік, жазушының 80 жылдығы аясында Түркістан өңірінде өткен «Әдебиет әлемі әдемі», «Таупістелі тағылымы» атты халықаралық конференциялар мен іс-шаралардың барлығында айтылып, бірауыздан қолдау тапқан «Оңтүстікте Мархабат Байғұт атындағы әдебиетшілер үйін ашу» идеясы Алматыдағы жиынға қатысқан елге танымал тұлғалар тарапынан да оң бағаланды. Бұл дегеніміз – көрнекті қаламгер атындағы іргелі шығармашылық орталықтың дүниеге келуімен жазушының әдеби мұрасын зерттеп, зерделеу, насихаттау ісі мерейтойлық шаралармен шектелмей, тұрақты түрде жалғасын табатын болады. Сөз өнерінің құдіретін танытып, руханият пен рухтың алтын арқауын ардақтаған қаламгерлерге арналған шара тағылымы осындай.

Рымтай КӨКЕНАЙҚЫЗЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір