«Қостанайдан Алматыға сағынышпен..»
05.05.2025
55
0

Алматыдағы Ұлттық кітапханада елімізге белгілі ақын, жазушы, филолог-ғалым, Халық­аралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Қостанай облысының Құрметті азаматы Серікбай Оспановтың 80 жасқа толған мерейтойына орай, «Сағындым Алматымды» атты әдеби-танымдық кездесу кеші өтті.

Кеште Қазақстан Жазу­шылар одағы Басқармасының төрағасы Мереке Құлкеновтың құттықтау хатын Басқарма төрағасының орынбасары Қасымхан Бегманов оқып беріп, шын жүректен құттықтау лебізін білдірді. Сондай-ақ танымал ақын Одақтың ұйғарымымен «Қазақстанның құрметті жазушысы» төсбелгісімен марапатталды. Мазмұнды жүздесуде Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Алтынбек Қоразбаев әріптес ағасын мерейжасымен құттықтай отырып, әсерлі естелігімен бөлісті. Қос автор Алматы әнұранына айналған «Сағындым Алматымды» әнін сахна төрінде шырқады.
Көрнекті ақынның шығармашылық салтанатында ҚР Мемлекеттік сыйлығы­ның иегері Ұлықбек Есдәулет, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Бауыржан Жақып, филология ғылымдарының докторы Кенжехан Матыжанов, Қазақстан Жазушылар одағының Қостанай облысындағы өкілі Жан­ұзақ Аязбекұлы, сазгер Жеңіс Сейдоллаұлы, белгілі әнші Айжан Нұрмағамбетова, Қостанай облыстық мәдениет басқармасының басшысы Құралбек Атамұратов және басқа да есімі танымал өнер қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдері сахна төрінен ыстық ықыластарын білдіріп, кеш ән-күймен көмкеріліп әсерлі өтті.
Сонау теріскейден арнайы ат терлетіп келіп ақынды құрметтеп, абыройын асқақтатқан ұйымдастырушы, Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов­қа көрермен алғысын жаудырды. Мұндай кездесулердің төл әдебиетімізге деген ел ықыласын арттыра түсуге ықпалы зор екені анық.

(Өз тілшімізден)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір