ТӨЛЕГЕННІҢ АЛМАТЫҒА КЕЛУІ
22.05.2024
119
0

Тал бойында табиғат берген ақындық дарыны бар, сол дарыны бүршік ата көктеп, жапырақ жайып, мәуелегелі жүрген жас таланттың жан қалауы, тәтті мұңға батыратын өзіне ғана аян асыл арманы – қазақтың астанасына барып, ақын-жазушылармен танысу, сұхбаттасу екенін байқап, сезіп жүреміз. Құлағы астана жаққа түрулі. Сонда шығатын газет-журнал қолына түссе, оқып бітісімен «мә», – деп, жолдас-жораларына береді. «Пәленше жақсы жігіт, жора (осы сөзді жиі қолданатын) болайық», – деп әлдекімдерді таныстырып, табыстырып жіберуге бейіл.

Он жеті жастағы қағылез, орта бойлы Төлеген Айбергенов Ташкенттің Низами атындағы педагогикалық институтының Қазақ тілі мен әдебиеті факультетінің бірінші курсына түсіп оқи бастаған 1954 жылдың қыркүйек айында (түгел бір айды айтып отырмыз) осындай болатын. Кісіге жанасқыш, сөздері мірдің оғындай, біреуге сипаттама берудегі дәлдігі, дөп түскіштігі әлдекімдердің пікірі емес, өз басы аңғарған, түйсінгендері бойынша сөйлейтін туралығы, әділдігі өзгеше. Сол бір айдың төңірегінде Черняевка дейтін ауылдағы шеберге домбыра жасатып алды. Домбыраны әжептәуір тартады, қосылып ән салады екен. Тым шебер тартпаса да, тым құйқылжытып ән салмаса да, өзін-өзі өнер құшағында әлдилеген шақтарда әсерленіп, жан дүниесі ашық аспандай жарқырайды екен. Қою бұйра шашы, күлімдеген қос жанары, қалқан құлағы, бүкіл бітім-тұлғасы көз алдыңда қалып қояды.
– Маған бүгін оқытушылардың бірі ақын болатын ойың бар ма деп айтты, – деп миығынан күліп келді бір күні.
– Онда тұрған не бар?
– Адам ақын болатын ойы болса ғана ақын бола ма? Ақындық дарын болмаса қайтпек?
– Несіне ренжисің?
– Мені ойналдыратын – ұстаз түсінігі. Ойы жақсы шығар, түсінікті айтсайшы, – деп түңілгендей болады.
(Арадан он шақты жыл өткенде астанадағы ақын-жазушылар ауылдық жерлерге барып тұрсын, өмірді зерттесін, сонда таланттарының көзі ашылып, тереңдігі теңіздей шығарма туады деген «ұран» тасталған. Соған орай, ауыл-селоға кетушілер де болған. Сонда Төлегеннің: «Апыр-ау, прозашыны бірсәрі дейік, ақын фермаға барып жаңа туған қозыны көргенде елден ерек өлең жазыла ма екен?» – деп күлгені бар-тын).
Уақыт өтіп жатыр. Астанадан шығатын газет-журналдар ол кезде Ташкенттегі шәкірттерге жете бермейді. Қолға түскенін қалт жібермейміз. Ара-тұра астанаға жолдап жататын Төлегеннің өлеңі жарқ ете қалмас па екен деп дәмеленеміз. Өз өлеңдерін жазған бойда жаттап алуға шебер Төлеген:
Қызық қой, шіркін, сенде өмір,
Сүйікті қалам Алматым.
Алыста жүрген мен де бір,
Жасөспірім солдатың.

Көз тіккен көктен еңкейіп,
Бәйтерек болса Алатау,
Саясында сәулетті,
Тігілген сен бір ақ отау, –
дейді жұртты аузына қаратып,
Төлеген онша масаттанбайды, мақтауға қарсылық көрсетпейді. Сен ол білмейтін шығар деп қайталап, тәптіштеп айтатын нәрселеріңнің кейбірі оның балауса жырлар толқынының арасынан жылт ете қалғанда зердесіне тәнті боласың.
Астанаға оның төрт жылдан кейін жолы түсті. Бұл – 1958 жыл. Қазан айының орта шені. Сол жылдың жазында Төлегеннің «Пейзаж» деген тақырыппен бір шумақ өлеңі «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланған-ды. Ташкентке құттықтау жолдадым. Республикалық баспасөзде бірінші рет басылған өлеңін сол замат жаттап ала салғанбыз:
«Көк шықты таудың тарғыл тасын жарып,
Арықта сулар жатыр тасып ағып.
Аямай алтын нұрын жерге төгіп,
Күн өзі күлімдейді қасын қағып».
Бар болғаны – осы. Өлең соңындағы аты-жөні «Төлеген Алдабергенов» деп көрсетіліпті. Бірақ ол көп ұзамай белгілі болғалы тұрған Төлеген Айбергенов екенін басқа болмаса да, мен білдім.
Сонымен, қазан айының орта шенінде (1958 ж.) Төлеген тұңғыш рет Алматыға келді. Мен тұратын жалдамалы пәтерге жайғасты. Қолтығында «бір қоржын» өлең. Астананың сол шақтағы көрікті деп саналатын жерлерін көріп болған соң, сырттарынан білетін, өлеңдерін сүйіп оқитын ақындармен танысқысы келетінін айтты. Сол бір жексенбі күні оған тек «Қазақстан пионері» газетінде поэзия бөлімінің меңгерушісі болып істейтін белгілі ақын Қосжан Мүсіреповпен ғана дидарласудың сәті түсті. Сол кездерде екі-үш жыр жинағы шығып, жұртқа танылып қалған Қосжан ташкенттік студенттің өлеңдерін ықыласпен тыңдап, ілтипат білдіргені есте. Төлеген Горький атындағы паркте тор көз дәптер беттеріне жазылған өлеңдерін жатқа оқып шыққан. Соған таңданған Қосжан:
– Мынау ғажап. Бұл көп жайдан хабар береді, – деді.
Одан кейін Қасым, Тайыр, Әбділда ақындардың өлеңдерін оқыды, Ізтай Мәмбетовке ғашық болып жүргенін айтып, оның да «Қапы қалдым» деген өлеңін оқып шықты.
Жаныңа жас шағымда-ақ жақын бардым,
Бірақ та бақыт бол деп шақырмадым.
Ержеттім, сені іздедім, таба алмадым,
Қайтейін қапы қалдым, қапы қалдым!
Иә, Төлеген өз өлеңдерін былай қойғанда, басқа ақындардың өлеңдерін де жатқа оқитын. Қосжанмен танысқан күннің ертеңіне бүкіл редакция атау­лыны аралап, кешкілікте Қосжан, Тұманбай, Шәміл ақындарды екінші Алматы вокзалының ресторанына шақырды. Дәм үстінде небір дәмді сөздер сөйленіп, әрі Төлегеннің үздік-үздік өлең оқып тастап отырғаны жастары шамалас үш ақынның назарын аударды. Әсіресе сол кездерде есімдері ерекше атала бастаған Тұманбай мен Шәмілдің ризалығы көрініп отырды. Тұманбай сол жылы «Жұлдыз» журналында басылған жаңа поэмасының Төлеген оқыған бірнеше шумағын зейінмен тыңдай келіп, ең соңындағы эпилог ретінде түйінделген шумақты естіп болысымен, оны арқасынан қағып, әрі жігерлі, жанашыр оқушы, әрі өлең жазуға талпынып жүрген жігітті кезіктіргені үшін тост көтерді. Ал Тұманбайдың ерекше шығармаларының бірі – «Ажар» поэмасының эпилогы былай еді:
Оқиға көңілімді толғады да,
Түсірдім өлеңімнің жолдарына.
Білмедім, махаббаттың қызыл гүлі,
Достарым, солды ма, әлде,
солмады ма?
Төлеген тұңғыш рет дәмдес-тұздас болған үш танымал ақын оны алақанда аялап, жібек қанатты құстай қалықтап тысқа шықтық. Коммунист проспектісінің бойымен жоғары көтеріле келіп, Амангелді ескерткішінің айналасында әңгіме-дүкен қайта қызсын деңіз. Атақтары дардай болғанымен, уыздай жас ақындармен сырласып, таныс-біліс болып, бойы үйреніп алған соң ба, қашанда әзіл-қалжыңсыз жүрмейтін Төлеген нәзік тұлғасына қарамай, саңқылдап естілетін көтеріңкі үнімен сол өнерінің де шет жағасын көрсете бастады.
– Қалай дегенде де, сені дәл мынадай, біздің иығымыздағыдай плащ киетін шығар деп ойлаған емес едім, – деді Тұманбайдың үстіндегі көнетоздау сұрғылт плащы мен басындағы жәпірейген кепкасын нұқып қойып.
– Менің өзімді де сен бір сақалы сапсиған біреу деп ойлаған боларсың, бәлкім? – деп әзілдеді Тұманбай.
– «Қыз Жібек» операсын тыңдағым келеді, – деді Төлеген.
Үш күннен соң операға барғанда көзіне жас алып, әсерленіп отырды.
Ол кезде жаңадан көріне бастаған ақындарға жасы үлкен қаламгерлердің жол болсын айтып, тұсаукесер жасайтын дәстүр болатын. Соған орай, кейбір газет беттерінде Төлегеннің топтама өлеңдері суретімен бірге жарияланатыны белгілі болды. Төлегеннің көңілі биікте, аяғы-аяғына тимей зыр қағады. Әсіресе Әбділда Тәжібаев, Сырбай Мәуленовке барып, ол кісілердің кішіпейіл сөйлесіп, әңгіме-дүкен құрғанын айтарға тілі жетпей, түні бойы ән салып, әңгіме соғып, көз ілмей шығады.
– Ертең кешкі сағат алтыға Әбділда Тәжібаев үйіне шақырды, – деп келді бір жолы.
Әбекең онда «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы. Жұмыс аяқталуға жақындағанда, сағат алтыға таяу келерсің десе керек. Ертеңіне сағат бесте мен оны шығарып салдым. «Қараңғыға қалмай, оралғын», – дедім. Түнгі сағат он бірде келді. Екі езуі құлағында, көрген-білгенін баяндаумен әлек.
– Әбекең бір өзімді үлкен залдың төріне отырғызып қонақ етті. «Бірінші тостты жер жүзіндегі барша қазақтың денсаулығы үшін көтерейік», – деді. Газеттің келесі санында үш жүз жол өлеңім суретіммен басылатын болды, – деп өлеңдерін көшіріп, таң атқанша ұйқы көрмеді…
Біз, әрине, өмірден ерте кеткен Төлегеннің поэзия табалдырығын енді-енді аттағалы тұрған темір қанат шағындағы творчестволық бағдарына қатысты азын-аулақ жайларды айттық. Қажет санаған, бояуы өзгермеген, бәз қалпындағы көріністерді алға тостық. Астанаға аңсап келген сол алғашқы сапарында ол басқа да ақын-жазушылармен танысып, көтергенше кітап арқалап қайтқан-ды. Ташкент пойызына сол кітаптарымен бірге шығарып салдық…
Мейлінше қарапайым, жүрегі кең, бүкіл болмысынан азаматтық леп есіп тұратын Төлеген ол кезде бесінші курстың студенті болатын. Келесі жылы жазда диплом алып, үйленіп, туған еліне кетті. Одан екі жылдан соң Сарыағаш ауданына әйелі, анасы, тұңғыш қызы Салтанат төртеуі көшіп келіп, мектеп директоры болып қызмет атқарды. «Арман сапары» атты тұңғыш жинағы сол кезде жарыққа шықты. Кітаптың сүйінші даналарын алғандағы қуанышын көрсеңіз. Содан бастап меруерттей жыр жолдары лек-легімен туындай түсті…

Зәкір АСАБАЕВ,
Халықаралық «Алаш»
әдеби сыйлығының лауреаты,
Айбергенов медалінің иегері

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір