ІІІ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ «ALMATY PUPPET FESTIVAL – 2025» ӨЗ МӘРЕСІНЕ ЖЕТТІ
Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен Мемлекеттік қуыршақ театрының 90 жылдық мерейтойы аясында және Республика күні қарсаңында ІІІ Халықаралық «Almaty puppet festival – 2025» 10–14 қазан аралығында өткізілді. Фестивальде Түркия, Италия, Испания, Болгария, Иран, Үндістан, Ресей, Өзбекстан, Әзербайжан, Қырғыстан және Қазақстаннан келген қуыршақ театрлары бақ сынасты.
Биыл үшінші жыл өткізіліп жатқан аталмыш фестиваль географиялық ауқымының кеңдігімен, яғни алыс-жақын шетелдік театрлар санының басым болуымен ерекшеленді. Бұл өнер жарысына 150-ге жуық қуыршақ шеберлері қатысты. Көрермендер өзге елдердің мәдениетімен және қуыршақ өнерінің заманауи бағыттарымен танысты.
Фестивальдың ашылу салтанатында Мемлекеттік қуыршақ театрының актерлері 90 жылдық театр тарихынан қысқаша сыр шертетін жарқын бояулы театрландырылған көріністермен қуыршақтар әлеміне саяхат жасап, мерекелік көңіл күй тудырды.
Кеште Алматы қаласы әкімінің орынбасары Азамат Қалдыбеков пен КСРО халық артисі Асанәлі Әшімов құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Фестиваль шымылдығын Рязань Мемлекеттік облыстық қуыршақ театры (Ресей) Павел Бажовтың «Күміс тұяқ» ертегісі бойынша қойылған спектаклімен ашты. Режиссер Григорий Лайко спектакльдің сыртқы формасын қызықты ойластырған. Шағын үстел үстіне орналастырылған кітап беттері ашылған сайын оқиғаның өтетін орны да өзгеріп отырады. Марионеткалы қуыршақтар кішкентай болғанына қарамастан аса пластикалы, тез қозғалатын икемділігімен есте қалды. Қуыршақтарды жүргізіп тұрған екі орындаушы бірнеше кейіпкерлерді қатар ойнап, қызу қарқындылықпен, әртүрлі ырғақтылықта қызық ойын көрсетті. Бірақ қойылым жетім қыз Даренка мен оны асырап алған қарт Кокованя арасындағы әңгімеге құрылып кеткендіктен де, күміс тұяққа қатысты ғажайып ашылмай қалды.
Келесі күні фестиваль жұмысы Шахмет Құсайынов атындағы Қазақ-музыкалық драма театрының қуыршақ труппасы (Қазақстан. Көкшетау қаласы) көрсеткен «Ортеке туралы аңыз» (сахналық нұсқасын жасаған режиссер С.Ақжол) қойылымымен жалғастырылды. Спектакльде аңшы Құламергеннің басынан өткен қызықты оқиғалары (үйленуі, балалы болуы, аңшылықпен айналысуы) баяндалады.
Қойылым оқиғасы тұтасымен Құламерген туралы болып кеткен. Ортекенің ерекшелегін ашатындай оқиғалар желісі тым аз болды. Сонымен қоса қуыршақтардың сахна алаңындағы қимыл-қозғалыстары тым баяу көрінді. Әсіресе Ортеке қуыршағының буындары секіру, қарғу кездерінде көп қозғалмады. Алдағы уақытта рөлдің ұсынылған жағдайына байланысты сахнадағы екпін мен ырғақтың өзгеруіне сай қуыршақтар жүрісін түрлендіру жағына назар аудару қажет.
Фестиваль көрігін қыздырған спектакльдің бірі – «Жаратылыстар» (Италия. Флоренция қаласы). Қойылым режиссері әрі суретшісі Ольга Мельник. Режиссер спектакль прологінде И.С.Бах музыкасының әсерлі әуенімен материяның дүниеге келуін көрсетеді. Ол материя – қағаз. Сахна төрінде өнер көрсеткен үш актер көрермендердің көз алдында қағаздан неше түрлі қуыршақ бейнелер жасап, орындаушылық шеберліктерін танытты. Олардың қолында тірілген қағаз қалықтап жүрген жаратылыстарға айналады. Осы ғажайып түрленудің шыңында адамдар пайда болып, алғашқы эмоциялар мен сезімдер туындайды. Қуанышы мен қайшылығы мол адамзат қоғамындағы түрлі қайшылықтар қағаздан жасалған қуыршақтар арқылы бейнеленіп, көрерменді ерекше сезімге бөледі. Бұл спектакль қиялдың ғажайып күші мен өнердің мәңгілі туралы ойларға жетеледі.
Бұдан кейін Гах Мемлекеттік қуыршақ театры (Әзербайжан. Гах қаласы) «Хейир Ве Шер» атты спектаклін көрсетті. Қойылымның режиссері әрі композиторы Юсиф Абдуллаев әзербайжанның ұлы ақыны Низами Гянджавидің «Жақсылық пен Жамандық» поэмасының желісі бойынша пантомималық қойылым жасапты. Мұнда жақсылық пен жамандықтық арпалысы актерлердің пластикалық әрекеттері арқылы көрсетілген. Бірақ Жақсылық пен Жамандықты ойнаған орындаушылардың қимыл-қозғалыстарында қайталаулар көп болды. Бұл қойылым екпін-ырғағының тым бәсеңдеуіне алып келді. Керісінше, осы кейіпкерлер қуыршақпен ойналған сәттен бастап оқиға динамикалы түрде өрбіп, жақсылықтың мейірімі мен қадір-қасиеті нақты анықталды. Жамандықтың айлакерлігі мен зұлымдығы да қуыршақ әрекеттері арқылы шынайы ашылды.
Өзбек ұлттық қуыршақ театры (Өзбекстан, Ташкент қаласы) «Ой, мына Қожанасыр-ай!» (сахналық жүйесін жасаған әрі режиссері Д.Юлдашева) деп аталатын қойылымымен көрермендерді күлкіге кенелтті. Спектакльде Қожанасыр әзілкеш, айлакер адам болып бейнеленді. Жанды планда өнер көрсеткен төрт актердің қимыл-қозғалысынан, айтқан әзіл сөздерінен өзбек халқына тән жеңіл қалжың, ұлттық калорит байқалып тұрды. Орындаушылар қуыршақ кейіпкерлерді ойнату жағынан да өз шеберліктерінің бабында екендігін көрсетті. Дегенмен режиссерлік оқылымда бүгінгі ізденістер байқалмады.
Түркия мемлекетінің Ыстанбұл қаласынан келген Дженгиз Өзек Гельге театрының «Қоқыс құбыжық» (авторы, режиссері Сенгиз Өзек) спектаклі терең тарихи тамыры бар және түрік мәдени бірегейлігінің маңызды бөлігі болып саналатын «Қарагөз» түрік көлеңкелер театрының бүгінгі биігін көрсетті. Драманың, музыканың, кескіндеменің және халық фольклорының элементтері өзара үйлескен бұл қойылымда теңізге тасталған қоқыстарды жеп, құбыжыққа айналған балықтың оқиғасы көрсетілді. Басты кейіпкер Қарагөз тапқырлығымен, ақылдылығымен көрермендердің сүйіктісіне айналды. Оның күлкілі оқиғалары мен басқа да кейіпкерлермен өзара әрекеттестігі көптеген қызық жағдайларды тудырды. Ұзын сырықтарға бекітілген қуыршақтарға жан бітірген актерлердің суда жүзген балықтай ептілігі мен қуыршақтарды ойнату техникасы жоғары деңгейден көрінді.
Надирбек Шамурзаев атындағы Ош облыстық театрының (Қырғызстан. Ош қаласы) «Телефонға тәуелді бала» спектаклі бүгінгі балалардың телефонға шамадан тыс әуестену мәселесін көтерген. Қойылым авторы, режиссері, суретшісі М.Абдуллаев бала мінезінің өзгеруіне телефонның қалай әсер еткенін көрсетуді мақсат еткен. Заттық театр бағытында қойылған спектакльде актерлер өз кейіпкерлеріне жан бітіріп, даралықтарын айқын көрсетті. Бірақ қойылымда шынайы өмір көріністері, баланың ата-анасынан бөлек жүру себебі, өң мен түс арасында өтетін оқиғалар толыққанды ашылмады. Дегенмен де, театрдың қуыршақ өнері арқылы әлеуметтік мәселелерге көңіл аудартудағы ізденістері құптарлық қадам демекпіз.
Болгарияның София қаласынан келген «Senju» театры аталмыш фестивальға былтыр да қатысқан болатын. Ол биылғы жылы «Иссън Боши» деген жапон ертегісі желісімен сахналанған қойылымын көрсетті. Спектакльдің басты кейіпкері Иссън Боши күріш дәніндей өте кішкентай. Соған қарамастан ол оқуды, жазуды біледі. Сонымен бірге самурай болуды үйреніп жүреді. Мақсатына жету үшін Киота қаласына аттанып, жұмыс табады. Ол сұлу қыз Ханакоға сабақ береді. Соңында бойжеткенді ұрламақшы болған құбыжықты жеңіп, анасы тарту еткен сиқырлы иненің көмегімен көрікті жігітке айналады.
Режиссер Любомира Костова қойылымда «Такэда» қуыршақтары мен алып марионеткаларды және көлеңке театрын оңтайлы қолданған. Орындаушылар марионетка қуыршақтарын шеберлікпен жүргізді. Бірақ қуыршақ кейіпкерлер жанды пландағы драмалық ойынға қарағанда, тасада қалып қойғандай әсер етті. Сол сияқты қойылымнан жапон мәдениетінен гөрі болгарлықтардың ұлттық ерекшелігі басым түсіп тұрды. Біздіңше, баяндалған оқиғаның көркемдік стилистикасы әлі де режиссерден нақтылауды қажет етеді.
Қарағанды облыстық Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ драма театрының жанынан құрылған қуыршақ труппасы Гримм ағайындылардың «Қаршақыз және жеті ергежейлі» (сахналық нұсқасын жасаған Е.Ионов) спектаклімен қатысты. Қойылымда ханшайымның сұлулығына, табиғи болмысына қызғанышпен қараған, іші тар өгей шешесі патшайымның зұлымдығы көрсетілген. Алайда оқиға орны тез алмасқан сайын, актерлер қойылымның ырғақ екпініне ілесе алмай, тым бір бояумен ойнады.
Спектакль суретшісі Ю.Чернованың сценографиялық шешімі көз тартқанымен де, Антон Зайцев актерлермен жұмыс жасау жағына мән бермеген. Ең бастысы, Қаршақыздың жеті ергежейлімен кездесіп, солардың үйінде өмір сүретін сахналары тым солғын шықты. Жеті ергежейліні сомдаған актерлердің дауыстары бір-бірінен аумайды. Кейіпкерлердің үндік ерекшелігін табу жолында жұмыс жасалмаған. Қуыршақтарды жүргізу жағынан да орындаушылардың тәжірибелері аз екендігі байқалды. Қойылымда ертегілік атмосфера болмады. Алдағы уақытта актерлердің өз беттерінше көп іздене түскендері жөн.
Фестивальдың ажарын кіргізіп, көрігін қыздырған «Minusmal» театрының (Испания. Гранада қаласы) «Нил» қойылымы алғашқы сахнадан бастап-ақ көрермендердің назарын бірден баурап алды. Қойылымның авторы әрі режиссері Реймон Руиз әрбір адамның өз-өзімен бетпе-бет келуі жайлы метафоралық спектакль тудырған.
Спектакльде қуыршақ пен қуыршақшы бір адамдай бірігіп кеткен. Сахнада үстіне қызыл костюм киіп, әдемі шаш үлгісін қойған қуыршақ кейіпкер алдына қойған мақсатына жетпей тынбайтын бірбеткей мінезді адам болып бейнеленді. Қуыршақтарды қозғалтуға арналған бірнеше айқұш-ұйқыш жіптерді шатастырмай, көз ілеспес жылдамдықпен қимылдатқан Р.Руиз өз кейіпкерімен бітеқайнасып, қуыршақ жүргізудің озық үлгісін паш етті. Сахнада әртүрлі қимыл-іс үстінде көрінетін қуыршақ кейіпкердің ептілігі, әсіресе велосипед тебетін сәтте биік нүктесіне жетті. Орындаушы қуыршақтың басын, екі қолын және аяқтарын бір сәтте жіптермен қозғалта отырып соңына дейін дәлдік пен әсемдікті сақтауы оның шеберлік палитрасының кеңдігін байқатады. Орындаушының қол қимылдарындағы шапшаңдық, асқан ептілік испандық қуыршақ өнері мектебінің мықтылығын танытты.
Үнді халқының ежелгі дәстүрлерінен нәр алған «Кхатпутли» (Үндістан. Джодхпур қаласы) қойылымында режиссер, автор Амит Танвар қуыршақтарды өзі жүргізіп, аса көңілді оқиғаны баяндап берді (Пьеса оқиғасы Раджастан аймағында кең тараған ертегі желісі бойынша жазылған. Мұнда би өнерін жақсы көретін сұлу қыз күнде ел-жұрттан жасырынып билеп үйренеді. Бір күні сол ауылға жылан үйрететін жігіт келеді. Онымен танысқан қыз сол жігітпен қашып кетеді). Қойылымда қуыршақ қыздың киімі көздің жауын алатындай қызыл матадан тігіліп, неше түрлі ою-өрнектермен көмкерілген. Жіппен жүретін қуыршақты асқан шеберлікпен қозғалтып, музыка ырғағымен үнді биін билеткен А.Танвар шеберлігі көрермендер көңілінен шықты. Театр сахнасынан гөрі көшедегі ойын-сауықтарда көрсетуге ыңғайлы қуыршақ шоуы ешкімді бей-жай қалдырмады. Бұл спектакль дәстүрлі мәдениетті заманауи сахна тілімен қайта жаңғыртудың үлгісі болды.
Қарағанды музыкалық комедия академиялық театрының «Буратино» қуыршақ театры студиясы Владимир Синакевичтің «Ұсқынсыз үйрек» деп аталатын қойылымын ұсынды (Спектакль бағдарламасында бұл шығарманың Х.К.Андерсон ертегісінің желісі бойынша жазылғаны көрсетілмеген).
Бұл қойылымда режиссер Елена Пак өзінің көркемдік қиял көкжиегін көрсете алмады. Ол ертегідегі негізгі оқиғаларды анықтай алмағандықтан, қойылымның басты тартысы ашылмай қалды. Оқиға орны да суретші Роксана Петрова тарапынан тым қарабайыр шешілген. Айталық, жыл мезгілдерінің ауысып, жаз өтіп, күз келетін тұстары анықталмаған. Театр заманауи компьютерлік техника жетістіктерін пайдалана алмаған. Сол сияқты қуыршақтардың сыртқы түрі де көз тартпайды. Әсіресе үйрек-ананың түрі алыстан қарағанда көлбақаға ұқсап кеткен.
Режиссер актерлерге дұрыс бағыт бере алмағандықтан, олар қатты айқайға басып сөйледі. Аулада жүрген құстардың дауыстары бір-бірінен айнымайды. Дауыс арқылы кейіпкер мінезінің ерекшелігі ашылатынын орындаушылар мүлде ескермеген. Біз алдағы уақытта театр ұжымынан сапалы қойылымдар күтеміз.
Фестиваль аясында Алматы Мемлекеттік қуыршақ театры мен «Алақай» қуыршақ театр ұжымдары өз қойылымдарын байқаудан тыс көрсетті. Г.Лайко режиссурасымен жарыққа шыққан «Ортеке» спектаклі көрермен қауымның ыстық ықыласына бөленді. Қойылым жанрын сторителлинг деп анықтаған режиссер, шын мәнінде, осыған жауап беретіндей қызық оқиғаға құрылған спектакль тудырған. Театрдың кіші залында көрсетілген қойылым аңызға айналған сал-серілердің өзара айтысынан басталып, қызу өрбиді. Үстілеріне ұлттық киім киіп, домбырамен шырқаған Б.Қаюов, А.Мансұрова, Ш.Құлназаров, А.Нұрәділ, М.Батырханов актерлік суырыпсалмалықтың озық үлгісін көрсетті. Олар халық аңызына құрылған «Ақсақ құлан» күйінің тууын жеңіл әзілмен, актерлік ойнақылықпен баяндап берді. Одан кейін қазақ халқының ежелгі дәуірден жеткен асыл мұрасы әрі қайталанбас қуыршақ өнерінің бастауы саналатын Ортеке туралы аңызды қуыршақ кейіпкерлерінің әрекеттері арқылы көрсетті. Мұнда жанды дауыспен ән айтылып, домбыра, қобыз, сыбызғы т.б. ұлттық музыкалық аспаптармен күйлер орындалады. Кішкентай көрермендер әрбір аспаппен танысып, тіпті бірер күйді актерлермен бірге орындайды. Қойылым соңында ағаштан ойылған теке мен ақ арғымақ домбыра күйінің ырғағымен буындары былқылдап билей жөнеледі.
«Ортеке» спектаклі – ұлттық құндылықтарды кеңінен дәріптеп, салт-дәстүріміздің өміршеңдігін көрсетуімен барша көрерменге айрықша көңіл күй сыйлады.
Ақтөбе облыстық «Алақай» қуыршақ театры «Жыл мезгілдері» деп аталатын мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған иммерсивті спектаклімен көпшілікті елең еткізді. Сахна мен көрермен арасындағы шекараны алып тастаған бұл қойылымда актерлер көктем, жаз, күз, қыс мезгілдерін балалармен бірге тірілтіп, оларды қойылым қатысушыларына айналдырады.
Режиссер М.Кузнецованың басты мақсаты инклюзивті балалардың иіс сезу, сипап білу, есту мен көру және түйсікпен қабылдау сынды сезімдердің белсенділігін арттыру. Орындаушылар балалардың қиял әлемін кеңейтуге көп жұмыс жасап, оларға жыл мезгілінің ерекшеліктерін ұғындыруға күштерін салды. Айталық, күзде сарғайған жапырақтарды балалармен бірге жинап, жаңбыр тамшыларын сезіндіру үшін отырғандарға су шашады. Тура осылай әрбір жыл мезгілінің ерекшелігін түсіндіріп, нақты заттар арқылы балалардың қабылдауына айрықша ықпал етті.
Театрдың бұл қойылымы есту және көру қабілетінен айырылған жарымжан, инклюзивті балаларға осындай спектакльдердің аса қажет екенін көрсетіп берді. Сонымен қоса театрда жаңа ізденістердің жалғасып жатқандығынан хабардар етті.
Фестиваль күндері қуыршақ театрының теориясы мен тәжірибесіне арналған шеберлік сағаттар мен дәрістер ұйымдастырылды. Атап айтқанда, ҚР еңбек сіңірген артисі, режиссер, профессор Құралай Ешмұратова «Қуыршақ театрының өнер тарихындағы орны», Ресей театр өнері институтының оқытушысы, театртанушы, драматург Александр Вислов «Күрес алаңының кеңеюі: ХХІ ғасырдағы қуыршақ театрының жаңа кеңістіктері», Тегеран (Иран) өнер университетінің актерлік және режиссерлік шеберлік мамандығы бойынша оқытушы, театр сыншысы Эсмаил Шафии мен актриса, режиссер, драматург Мина Эмами «Қуыршақ шеберлерінің қол энергиясы» және Италия Халықаралық театр орталығы ұжымының «Халықаралық театр орталығының актерлік мектебі» тақырыптарында қатысушылар пікір алмасты.
Фестиваль қорытындысы бойынша «Гран-при» «Үздік спектакль» жүлдесін «Minusmal» театрының – «Нил»; «Үздік актерлік ансабльді» Халықаралық театр орталығының – «Жаратылыс»; «Үздік режиссерді» Рязань қуыршақ театрының – «Күміс тұяқ»; «Үздік қуыршақ жүргізушісі» Дженгиз Озек Гельге театрының – «Қоқыс құбыжық»; «Үздік суретшіні» Қарағанды облыстық Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ драма театрының қуыршақ труппасының – «Қаршақыз және жеті ергежейлі»; «Жаңа сахналық ізденісі үшін» Шахмет Құсайынов атындағы Қазақ-музыкалық драма театрының қуыршақ труппасы – «Ортеке туралы аңыз»; «Ұлт рухын ұлықтағаны үшін»; Өзбек ұлттық қуыршақ театры – «Ой, мына Қожанасыр-ай!» қойылымы үшін иеленді.
Халықаралық деңгейде үшінші мәрте өткізілген «Almaty puppet festival – 2025» еліміздегі маңызды театр фестивальдарының біріне айналғандығын көрсетіп берді. Әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған өнер ұжымдары өз бағыт-бағдарын бағамдап, қуыршақ театрларының қандай жолда дамып бара жатқандығымен танысып тарқасты. Аталған фестивальды ұйымдастырған Алматы қаласының әкімдігі мен Мемлекеттік қуыршақ театрының ұжымына зор алғыс білдіреміз!
Бақыт НҰРПЕЙІС,
өнертану докторы, Темірбек Жүргенов атындағы
Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры,
театртанушы